Шаяхмет Қалиұлы. ҚАЙДАСЫҢ, «ЖЕТІ ҚАҒАН»?
Суретте: манасшы Жүсіп Мамай. Фото azattyq.org сайтынан алынды.
Ауқымы атақты Илиададан он төрт есе үлкен алып Манас дастанын түгел жатқа айтатын әйгілі манасшы Жүсіп Мамай тоқсан алты жасқа қараған шағында дүниеден озды. Иманы жолдас, жатқан жері жайлы болсын!
Шын мәнінде құбылыс болып саналатын, таңды таңға ұрып он сегіз томды құрайтын бес жүз мың жолды жатқа айтатын бұл кісі қазақтың да біраз дастандарын хатқа түсіріп, көптеген фольклорлық мұраларын бүгінге жеткізген еді.
Төменде манасшы, жыршы Жүсіп Мамай туралы Шаяхмет Қалиұлының 2013 жылы abai.kz те жарық көрген мақаласын қайтара жариялап отырмыз.
Abai.kz
1990 жылдың қыркүйек айының бас шенінде, қасымда өзіммен бірге Іле педогогикалық институтының математика факультеті алгебра кафедрасында бірге жұмыс істейтін Мунира мұғалима бар, екеуміз Оңтүстік Қытай Сы Шуан өлкесінің орталығы Шың Ду қаласындағы Сы Шуан университетінің математика факультетіне бір жылдық білім толықтыруға жол тартқан болатынбыз. Жолшыбай Үрімжі қаласына барып, ары қарай пойызбен жүру үшін билет алдық та, билеттің мерзіміне қарай, қалада бір күн аялдап қалдық. Мунира мұғалима өзінің досының үйіне кетті. Мен Ардашиау деген жерде тұратын Қадыр атты туысқан ағамның үйінде қалдым. Сол араға өте жақын жерде “Шинхуа” деген кітап дүкені болушы еді. Өткен ғасырдың 80-жылдары Шыңжаң университетінде оқып жүрген кезімде әр жексенбі сайын осы кітап дүкенінін аралап, қандай жаңа кітаптардың жарық көргенін қалт жібермей көріп, өте қажеттілерін сатып алып жүретінмін. Сол баяғы таныс дүкенде тағы да қандай жаңалықтардың барлығын білгім келіп: «Бос жатқанша барып қайтайын»,-деп, ат басын солай қарай бұрғам. Біраз кітаптарды шола келіп бұрын-соңды көріп, естімеген «Жеті қаған» деген қалың кітапты көзім шалды. Қызығуым артып, қимылым тездеп, үшбу кітапты қолыма алып, аздап парақтап, шолып көрсем: қазақтың ерте замандағы біз толық біле бермеген, естімеген батырларын, тарихи уақиғаларын баяндайтын, жырмен баяндалған кітап екенін білдім. Сонда алғысөзіне біраз назар аударып тоқталған ем, қазір есімде қалуынша: «Бұл эпосты менің ағам(не әкем) Балбай ГоМинДаң түрмесінде бір қазақ оқымыстысымен бірге жатқан кезінде сол қазақтан жаттап алған екен. Менің бала кезімде сол кісі: «Бауырым, «Манас» эпосы өзіңнің дүниең, ол ешқайда қашпайды, сен мықты болам десең, әуелі өзгенікін, мына қазақтың «Жеті қаған» деген эпосын үйренгін»,- деп алдымен осы эпосты жадыма жаттатқан болатын, «ал мынау бірінші қағанды баяндайтын кітап. Алла жазса, қалған алты қағанды да жырлап беремін қазақ ағайындарға. Аты-жөнім Жүсіп Мамай, ұлтым қырғыз» дегендей еді. Мен ол кітапты Ішкі Қытайға ала кетуді жүк көріп, «қайтқан сапарымда аламын ғой» деп, өз орнына қайта қойып кетіп едім. Кейіннен мамандығым бойынша жұмыспен айналысып кеттім де, сол бойы ол кітапты күні бүгінге дейін көрмедім...
Біраз жылдан бері әдебиетке ойым ауып, тарихи кітаптарды көптеп оқуға ынтам арта бастады.Үстіміздегі жылдан бері сол «Жеті қаған» ойыма орала берген соң осындағы ұзынқұлақтан қалған «Алты қағанды» жырлаған кітап қашан жарық көргенін қузау салып сұрастырғанымда, қызығы, ешкім де оның бар-жоғын анық білмейтін болып шықты. Сөйтіп жүргенде жолым түсіп, наурыз айында Қытайдың Құлжа қаласына емделуге барғам. Ондағы ағайын-туыс, жолдас-жоралармен араласа жүріп, қазақтың кітапқұмар жігіттеріне осы кітап жайлы мағлұмат тауып беруін өтініп едім, өкініштісі, онда да көбі білмейтін болып шықты. Тек Нәбижан Орманұлы деген философия ғылымымен көп айналысқан, әкімшілік саласында ұзақ жыл қызмет атқарған ұлтжанды ағамыз ғана ары шауып, бері шауып, Үрімжідегі қазақтың белді-белді деген азаматтарына қайта-қайта қоңырау шалып, хабарласып, сондағы жеткен нәтижесі: «Біз іздестіріп, кейін хабарын берейік»,- дегенге сайыпты. Cонымен қойшы, «Ой, Алла, осындай ұлттық байлықты ешкімнің білмегені, ешкімнің іздемегені қалай?»- деп ойым он саққа жүгіріп дал болып жүргенімде, «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығардың» сәті келді. Бірде Байшыған досым екеуміз Үрімжідегі Шынжаң медицина университетінен қайтарда автобустың артын ала отырғанбыз, жол-жөнекей мінген төрт қыз қасымызға таяп келіп, отыратын орын болмаған соң, ортада тік тұрды. Байқасам, қазақша сөйлесіп келеді екен, өзімнің біреуді көрсем жатырқамай сөйлеп кететін әдетім бар, сол әдетіме салып:
- Қыздар, студентсіздер ме?-деп сұрадым..
- Иә, ағай, студентпіз,-деді. Ары қарай сөзімді сабақтап: «Жә, қай жақтан боласыздар?» –дедім. Екеуі:
- Біз Алтайданмыз,- дегенде қалған екеуі жарыса:
- Біз Қызылсудан келгенбіз,- деді.
- О, онда сендер қырғыз болдындар ғой?
- Иә, ағай , біз қырғыз қыздарымыз!
- Қазақшаны қайдан үйреніп алғансыздар?-дедім әзілдеп.
- Е, қазақ-қырғыз бір туған халық дейді ғой, осы Үрімжіге оқуға келгелі сабақтас қазақтың қыз-жігіттерімен күнде бірге жүріп, қалай үйреніп кеткенімізді өзіміз де аңғармай қалыппыз. Бізді Үрімжіде көрген басқа ұлт өкілдері ешқашан қырғыз демейді, қазақ деп есептейді, -деді.
- Жарайсыңдар, қарындастар, онда сендер Жүсіп Мамай деген қырғыздың атақты манасшысын білесіңдер ме?-дедім.
- Неге білмейміз, ол кісі біздің ауылдың адамы. Қазірде сол Ақшиде тұрады,- демесі бар ма!
- Ойбай-ау, қыздар-ау, ол кісі шынымен тірі ме өзі?- дедім. Қуаныштан даусым жарқын шықты. Бір жағынан ол кісінің тірі жүргеніне сәл сеніңкіремей тұрмын.
- Иә, тірі, бірақ, өте қартайып кетті.
- Сонда неше жастар шамасында?-дедім дегбірсізденіп.
- Біз де анық жасын білмейміз, үлкендердің әңгімесіне қарағанда тоқсанның жуан ішінде болуы керек, -дегенде, шыдамым таусылып :
- Айналайындар-ау, сол кісімен қалай тілдесуге болар екен?-дедім тағатсызданып. Сонда екі қыздың бірі:
- Қазір, аға, біз бір сабақтасымыздан сұрайық. Жүсіп Мамайдың бір қызы осы Үрімжіде қызмет істейді, бұйырса сол кісінің телефон нөмірін табамыз, -деді. Қуанышым қойныма сыймай, жерден алтын тапқандай боп, екі қызға алма-кезек қарап біраз отырдым. Айтқандарындай таныстарына телефон шалып, анадан-мынадан сұрастырып:
- Ағай, жазыңыз, мынау Жүсіп Мамайдың қызы Бақытгүлдың телефон нөмірі...-деп бір нөмірді тәптіштеп тұрып айтып берді. Мен де екі қызға зор рахметімді айтып үлгердім. Екеуі:
- Сау болыңыз, біздің түсетін жеріміз таяп қалды, -деп, асыға автобустан түсіп кетті.
Мен Құлжадан Үрімжіге ары қарай ем жалғастыруға келген болатынмын. Кешкісін досымның үйінде отырып әлгі нөмірге қол телефонымды жалғадым. Арғы жақтан “уәй!” деген сыңғырлаған биязы да жұмсақ әйел дауысы естілді:
- Сәлеметсіз бе, кеш жарық, қарындас?
- Сәлем, бұл кім екен, танымадық қой?-деп қазақша-қырғызша аралас амандаса кетті.
- Иә, қарындас, танымайтын жөніңіз бар. Сізді мазалап тұрған бұрын- соңды сізге кездеспеген алыстан келген жолаушы ағаңыз. Сіз Жүсіп Мамайдың қызы боласыз ғой? Солай ма?
- Иә, солай.
- Онда жақсы болды. Қазақша сөзді түсінесіз бе? Жоқ, қытайша не ұйғырша сөйлеуім керек пе?
- Қазақша сөйлей беріңіз. Түсінбеген жерім болса сұрармын. Негізі түсінуім керек. Біз араласатын қазақ достарымыз көп қой, -деді.
- Жә, онда шаруам былай: Сіздің әкеңіз Жүсіп Мамай сонау тоқсаныншы жылдары қазақтың әлі еш жерде мәлім болмаған «Жеті қаған» деген эпосының бірінші қағандығын жырлаған болатын. Қалған алты қағандықты «Құдай қаласа кейін жырлаймын» деген екен. Менің білуімше, сол күйі қалып қалған көрінеді, осы туралы анығын білейін деп едім, -дедім.
- Иә, ағасы, әкем «Бірінші қаған» деп жазған қолжазбасын осы Үрімжіде бір қазақ кісі «мен баспадан шығарып берем» деп алып, бір жыл өткенде, ол кісі қайтыс болып кетіп, сұрастырып жүріп сол кісінің үйінен қол жазбаны зорға тауып алғанбыз. Кейін басқа бір қазақ кісі қолына алып, әрең баспадан шығарған болатын. Одан кейін қазақтардың да қалған қағандықтарды жырлатып алуға құлықтары болмады. Сол бойынша атам да іштей ренжігендей болып біржола қалып қойды,-деп, сөзін ары қарай жалғай бергенде, шыдамым таусылып:
- Қалқам-ау, мен сіздің әкеңізден күллі қазақ атынан кешірім сұрауға бармын. Мүмкін әкеңіздің жазып қойған қолжазбасы бар шығар, әкеңізбен сөйлесіп көрсек қайтеді? -дедім.
- Ағасы, біріншіден, атам Үрімжіден шешем қайтыс болған соң өзіміздің ауылға қайтып кеткен. Қазір Қызылсудың Ақши ауданында тұрады. Екіншіден, жасы да үлкейіп кетті, биыл тоқсан жетіге келді. Үшіншіден, қан қысымы жоғары, құлағы да шабан естиді, сол себепті сіз сөйлесе алмайсыз ғой, -деді.
- Өте өкінішті, онда сізге өтініш, әкеңізбен байланысқа шығып: «Сізді Қазақ мемлекетінен бір қазақ азаматы іздеп келіпті, бұйымтайы: «Жеті қағанның» жалғасын тыңдап, білгісі келеді немесе жазып қойған қолжазбасы болса, соны берсе, күллі қазақ халқы атынан зор рахмет айтып, сыйлығын да ұсынбақ»,-деп сәлемімізді жеткізсеңіз.
- Әттеген-ай! Ертерек қамдансаңыздар жақсы болғандай екен, дегенмен, мен бұйырса бүгін кеште, ағаларым жұмыстан үйге келгенде, телефон шалып әкеммен сөйлестіріп көрейін, аманатыңызды жеткіземін, ертең түсте сізге хабарласып, анығын айтып берейін, жарай ма?, -деді
- Жарайды, қарындас, онда сізден жақсы хабар күтемін. Сіз менің жан айқайымды түсініп тұрған боларсыз. Алда-жалда... болып кетсе, ақсақалмен бірге бір халықтың таудай алтынға бергісіз дайын тарихы өшкелі тұр. Алла бұйыртса, қазақ тарихынан сүбелі орын алғалы отырған ақсақалға қуат тілеймін. Сау болыңыз!-деп, телефонды сөндірдім. Іштей кімге назаланатынымды, кімге өкпелейтінімді білмей терең ойдың тегеурінді тергеуінде «қалайда бір жақсы хабар болса игі»,- деп, ертеңгі түсті тағатсыздана күттім.
Түс те болды-ау, әйтеуір! Бірақ телефон тым-тырыс, ары-бері тыпыршып, тынышсызданып өз-өзім әуреге түстім. Біраз күттім. Телефон шалуға әдепсіздік болар деп ойлап, қоңырау шалуға батылым бармады. Әбден түс ауа Бақытгүл хабарласуға шықты, қуанышым қойныма сыймай:
- Иә, қарындас, жақсы жаңалығың бар шығар? Айта беріңіз, құлағым сізде, -деп өліп-өшіп барамын.
- Жақсы, өзіңіздің жағдайыңыз қалай? -деп cөзін қысқа қайырды да.-Көңіл-күйіңізді түсірсем кешіріңіз, арнайы сұраған соң шындығын айтпасам болмайды. Мен ағаларым арқылы әбден сөйлестім, әкем: «Мен қолжазба жазғаным жоқ, кезінде ешкім қозғамады, қазір жасым үлкейіп көп нәрсе есімде қалмады, қазір қазақша түгіл қырғызша ырларды да жырлай алмаймын. Ол азаматқа халқының жоғын жоқтағаны үшін ризамын, менен рахмет айтыңдар»,-депті. Сондықтан сізге көмектесе алмағаныма өкініштімін. Атамның жастау кезінде қазақ ағайындар түгілі қырғыз туғандар да толық ескермей, қырғыздың да талай ырлары жазылмай қалды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы. Енді сіз «Жеті қаған» эпосын жерден қазып іздеуіңізге тура келеді. Ащы да болса шыны осы. Ренжімеңіз, -деді.
Тәтті арманымның талқаны шығып, үкілі үмітім үзіліп, дел-сал күйде сілейіп тұрдым да қалдым.
-Құдай-ау,- деймін сонда, -Шығыс Түркістандағы күллі қазаққа жақсы басшы, халқына жанашыр атпал азамат, абырой-атағы елдің іші-сыртына бірдей асқақтаған ардагер ағамыз Жәнәбілді жасы үлкейіп көп іске араласудан қалған-ау шамасы десек, күні бүгінге дейін ат үстінен түспей аброй-атағы аспандап, сондағы қазақтың ең жоғарғы билік мінберінде отырған Асқат Керімбай ағамыз, жастайынан жарық жұлдыздай билік саласында жарқырап шыққан елге танымал, жұртқа жағымды, білімді де, білікті басшы Нұрлан Әбілмәжін бауырымыз, іске шебер, ойға шүлен, бар ісін баппен атқарып, ел көзіне ересен түскен, ақылына көркі сай көреген басшылардың бірі Қызайжан ағамыз, мінезі жайдары, білім білігі жоғары, ісіне шөгел, халқына жақын өнерсүйгіш, өнегелі ісмер ағамыз Тілебалдылар не бітірген? Енді не істемек керек?
Біраз жылдардан бері мемлекетіміз «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алып, біраз тындырымды жұмыстарды атқарып жатқаны белгілі. Жоғалғанымыз табылып, барымызды баянды етіп, болашақ ұрпаққа өнегелі үлгі, өнімді сый тартып жатса неге қуанбасқа? Меніңше, ендігі істейтін шаруа осы: «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ғылым мен білім және Мәдениет министрліктері жағынан жедел арнайы бір-екі адам шығарып, оларды шұғыл түрде танымалы манасшы Жүсіп Мамай ақсақалға аттандыру керек. Тірі көз шежірешіден, ең болмағанда, халық қазынасы «Жеті қаған» туралы, мүмкін болса есінде бар тамтығын, мүмкін болмаған жағдайда жырдың баяны туралы болса да сұхбат алып, бейнебаян түсіріп, елеулі естелік қалдырып, Алтын қорға алтын мұра ретінде сақтауымыз керек деп ойлаймын. Сіз не дейсіз?
Abai.kz