Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Тарих 17770 0 пікір 30 Мамыр, 2014 сағат 16:42

«ҚАРЛАГ: БОЛАШАҚ ҮШІН ЕСТЕ САҚТАУ»

 

Ұлттық тарихты өскелең ұрпақ жадында жаңғыртып, тарихи сана қалыптастыру – мемлекет маңызы бар іс. Міне, осындай елдік іс-шаралардың бірі – «ҚАРЛАГ: БОЛАШАҚ ҮШІН ЕСТЕ САҚТАУ» ғылыми зерттеу жобасы. Заң ғылымдарының докторы Нұрлан Дулатбеков мырзаның жетекшілігімен жасалған аталған жобаның аясында оқушылар арасында «ҚАРЛАГ: БОЛАШАҚ ҮШІН ЕСТЕ САҚТАУ» тақырыбында халықаралық сайыс өткен еді. Бәйгеге үш тілде - қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылған шығармалар қатысқан. Ал, бәйгеде жеңімпаз деп танылған шығармалар жеке кітап болып жарық көрді.

Төменде бәйге алған шығармалардың бірнешеуін жариялап отырмыз.

Abai.kz 

 

«ҚАРЛАГ: БОЛАШАҚ ҮШІН ЕСТЕ САҚТАУ»

 

 

Бас жүлде

 

ӨТКЕНГЕ-ТАҒЗЫМ, БОЛАШАҚҚА-ТАҒЫЛЫМ!

 

Найзабаев Ақжол

Жетекшісі: Бұхар Қалдыгүл

№ 15 орта мектебі

Сәтбаев қаласы, Қазақстан

 

Карлаг жайлы оқып біраз мәлімет,

Өлең жазу дарыған бір қабілет.

Жаратқаным, жазар жырды жатсынба,

Еліміздің болашағын жарық ет!

 

Карлаг жайын талдап дәйім ойлап ем,

Мың қыжылдан шомып кеттім ойға мен.

Өзегіме өрт тигендей ашындым,

Көмейімнен құйылғандай бойға өлең!

 

Өткенге де,келерге де тағылым,

Қара өлеңнің қамын жедім,қажылым.

Карлагтағы шарлап кеткен далаңды,

Көк бөрінің көзіндегі назымын.

 

Нәубет жылдың жазылмаған жарасы,

Атылмады қай қазақтың данасы?

Өлеңменен шәйттерді жоқтаған,

Мен қазақтың қамын ойлар баласы!

Азап кешіп, тозақ көрген ұлдары,

Қаза тапқан қайсар,рухты қыздары.

Мұздың бетін тіліп кеткен тікендей,

Ұмытылмас, лагерь-лаңкес жылдары.

Сүт бетіне шыққан халық қаймағы,

″Халық жауын″мазақ етіп байлады.

Орыстардың орашолақ бітпейтін,

Ойынына айналғандай қайдағы.

 

Қасіретті киелімнің үні еді,

Еңіреткен ерлерімнің жұрегін.

Қанмен атам,жаспен анам суарған,

Бостандығым боз даланың тірегі.

 

Адам қанын құйғандай боп каскаға,

Адамзаттың арын сатты ақшаға.

Төзе жүріп, темір қолдар тәубе етті,

Жанын тіліп жалған жылда жатса да.

 

Егер берсе бірер сәтке майдан дем,

Арылар ек қайдағы жоқ қайғы әннен.

Шанағыңды үзіп жатса қайтесің,

Шымырлатып жүрегіңді айғаймен.

 

Бетпақ жеңіп,бақытыңды әкетер,

Көңіліңді өкінішпен жас етер.

Белін буып,білегін де сыбанса,

Біздің қазақ бәрін елге паш етер.

 

Алашыңның арыстарын ардақта,

Қыздарыңды езгіге сап қорлаипа.

Саясатқа табынғанда солақай,

Жүрегіңді көндіре біл оң жаққа.

 

Сол заманнан қастықты да үйренер,

Қара халық қайғырғандай күйге енер.

Ойландырған күңірентіп ойымды,

Қабырғам да,қайғы-көңіл күйзелер.

 

Таным болған,тәлім болған тарихы,

Тұтқындардың тұрақты бұл саммиті.

Сараланбас сан тарихтың бөлшегі,

Талқыланбас тағдырыңның тарифі.

 

Бұл қасірет көз алдымнан кетпейді,

Жазған қлоым шаршамайды, төк, мейлі.

Шырайыңнан шықпаса егер шындық-жыр,

Жүрегіңнен жүрекке де детпейді.

Санамыздын жауапсыздықты өшіріп,

Жүрейікші мәртебемді өсіріп.

Жыр жазамын, Карлаг жайын қозғап бір,

Жүрегімнен ақ қағазға көшіріп.

 

 

I орын

 

СЕЗІМІМДІ СЕЛТ ЕТКІЗДІ...

Даукен Қайсар

Жетекшісі: Саттарова Ф.Ф.

КММ “№ 92 гимназия”

Қарағанды қаласы, Қазақстан

 

Жеке адамның ғана емес, тұтастай халықтар мен мәдениеттің, тіпті, жалпы адамзаттың тарихында, Карлаг заман қасіреті ретінде ел есінде қалып,өзекті өртеді. Бүгінгі ұрпақтың ертеңгі дамуы – өткеннің тарихи тағылымына тәуелді екені ақиқат. Кеңестік дәуірде отандық тарихымыз тоталитарлық қысымнан бауырын кеңге жазып, бар шындықты айта алмады. Бүгінгі тарихтың әділеттікті қалпына келтіруге ұмтылмас жасап жатқаны біздер, жастар үшін үлкен жауапкершілікті, табандылық пен патриоттықты серік етіп,өз үлесімізді қосуды қажет етеді. Карлаг шындығы мен үшін салқын күздің ызғары сияқты сезіледі. Осы сезімімді мен өлең жолдарына түсірдім...

 

Озбырлықтың бәрі болды, жамандығы қалмады,

Тоталитар жүйесін іске асыру арманы...

Миллиондар сорлады жалған, жала айыппен,

Франциямен тең келді лагерінің аумағы.

 

Ұлтымыздың бетке ұстар зиялысын қамады,

Дүркіретіп Карлагы кең даламды таптады.

“Жойсын” деген нұсқауға қолын қойған “ жалтақтар”

Әйелдерін күн ұылып, Алжирге әкеп жабады.

 

“58-бап” болды әлі күшінде,

“қара көлеңке” әр пақырдың түсінде.

“Әкесіздік ауруы” пайда болды біртіндеп,

“некесіз бала” туылды сұсты карлаг ішінде.

 

“Тамұқ” деген қасіретке ие болды Сарыарқа,

Кейбіреуге керегі кресло мен тақ қана.

Балалары шетінеп шетінен кетіп жатса да,

Көз алдында Сталин, айналасы қап-қара.

 

“Мамочкин домымен” лагерлері жалғасты,

“Кіп-кішкентай тағдырға” озбырлық қолы жармасты.

Қатарлары тез сиреп, біртін-біртін кеткен соң,

Өткен әрбір адамға “құтқаршы” деп жар салды.

 

Аналарға мал баққызды, кеш батқанша далада,

Қара беттік не деген, сыймайтын ой – санаға.

Атып қана тастады екі – үш малы жоғалса,

Құны төмен болғандай маңыраған малдан да.

 

Карлаг деген – қасіретті заманның,

Тағдырымен арпалысы адамның.

“Антропологиялық дағдарыстың ” залалы,

Есте қалсын! Болсын тарих сабағы!!!

 

II орын

 

«58» КҮЙІ ҮШІН АТЫЛДЫ

Омарова Толғанай

Жетекшісі: Алиманова С. Н.

Ж. С. Ақылбаевтың Балқаш маңызды білім беру колледжі

Балқаш қаласы, Қазақстан

 

ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы КСРО – да И.В.Сталиннің геноцид саясаты кезінде болған адам айтқысыз аса ауыр жағдайлар, халықты, ұлтты, этникалық немесе діни белгілеріне байланысты қуғынға ұшырату, саяси процестермен қуғын-сүргіндер халықтың тағдырына және қоғамдық санасына ауыр із қалдырды.

Қазақстан Республикасы Президентің 1996 жылдың 30 ақпанындағы жарлығымен 1997 жыл саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды. «Репрессия» деген сөз латын тілінде жазалау, езу, қуғын- сүргін деген мағынаны береді.Осы сөз бұрынғы КСРО мемлекеті көлемінде өмір сүрген халықтардың тарихында, есінде қаһарымен қара таңбадай сақталып қалды. Жайшылықта жүректің түбінде, халықтың есінде есінде жүрген сырлар ашыла бастады.

Карлаг, яғни, Қарағанды еңбекпен түзеу лагері – ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі азап аралы.Ол кезінде Қазақстанның орталығында солтүстігі мен оңтүстігі шейін 300 шақырым, шығысынан батысына шейін 200 шақырым ұлан- ғайыр жерді алып жатқан.Ал сыртқарғы Ақмола және Балқаш бөлімшелерін қосып есептегенде, Карлагтың ауқымы Францияның жер көлемімен тенеседі. Қарағанды лагері ауқымынан, құрылымдық жүйесінің күрделілігіне және Мәскеуге ғана тікелей бағынған әлеуетіне қарай «мемлекет ішіндегі мемлекет», ал азаптау құралының күштілігі жағынан «Даладағы тамұқ» деген атқа ие.

«Халық жауы», «бүлікшілер»,«әлеуметтік жат элементтер» деген желеумен айыпталғандардың тағы бір жазалау орын КАРЛАГ-тың 25 бөлімшесінің бірі Балқашта 1934 жылы «БалхашЛаг» деген атпен ұйымдастырылды. Карлагтан 650 км, ал Балқаш қаласының орталығының 13 км қашықтықта орналасқан БалқашЛаг өзінің өндірістік кәсібі жағынан басқа лагерден ерекшелену, құрылыс және мыс Балқыту зауытында мердігерлік жүмыстарды жүргізуге бағытталды. Бұл жерде 1940 жылдары – 650 адам болса, кейін тұтқындар саны 3-4 мыңға жоғарылады. БалхашЛагтың құрылу негізінен сонау 1930 жылдардан басталады, бұл оның алғашқы құрылған орны емес. Алғашқы орталығы Балқаш ТЭЦ маңында орналасқан екен.

Заманында ел билеп, беделді болған төрт Ахметжан қатар өмір сүріпті. Олардың бірі Балқаш қаласының ақын-журналисі Қуандық Саденов арнау жазған Талпақтың Ахметжаны. Ал, менің жазбам атақты күйші, арқаның көрнекті азаматы Сармантайдың Ахметжаны болмақ. Қалған екі Ахметжан жайында нақты деректер жоқ. Талпақтың Ахметжанның рухына арнап жазған Қуандық Сәденовтың өлең жолдарынан үзінді:

 

Көргені – азап, қиянат, өткені – мұң,

Ұрпағымын дейтұғын Көк бөрінің.

Тепкі көрді – ау сұрқия саясаттан,

Тектілері бек туған Көшпелінің.

Сот – қаруы «үштіктің» қолында ойнап,

Жоқтайыншы, көргейсің қош, тәңірім!

Жазықсыздың тағдырын тәлкек етіп,

Зұлмат заман ойнатты – ау «сот- қаруын».

Ұлықтаған текті деп бай,ұлығын,

Аруағы кем, Алаштың қай ұлының?

«Ахметжан» деп күңіреніп баяғыдай,

Тау – тасы Ақсу мен Аюлының.

 

Бұл күндері халқымыздың маңдайына біткен ұл-қыздардың ел үшін еткен еңбектері айқындалып, есімдері ескерткіш тақтаға жазылуда. Сондай ірі тұлғалы ерлердің бірі, аты аңызға айналған, алты Алашқа танылған айтулы өнер иесі, дарынды күйші, сазгер- Сармантайұлы Ахметжан. Сармантайұлы Ахметжан 1860-ыншы жылдар шамасында Семей губерниясының Қарқаралы уезіне қарасты Тоқырауын болысындағы Қусақ даласында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы) дүниеге келген. Атасы Байзақ батыр, әкесі Сармантай ел билеген болыс болған.

Арқаның ардақты перзенті Сармантайдың Ахметжаны жайлы Күләш Сардарбектің «58-статья зарзаман» атты кітабы жарыққа шықты.Сол кітабында: «Оның есімі халқымен қоса жасап келеді. Өйткені Ахметжан күйшінің тағдыры – халық тағдыры, дала сыры», - деп жазады.

Ахметжан өз жанынан бірнеше күй шығарып, халық күйлерімен қоса, Тәттімбет шығармаларын шебер орындаған. 1926 – 1928 жылы Ақтоғай – Балқаш атырабында байларды тәркілеу науқаны жүргізіліп, елбасына зобалан туғанда ел күйзелісіне күйімен үн қосып, «Қасірет», «58-ші статья» күйлерін шығарған. Халықты қайраттандырған күй Кеңес өкіметі үшін аса қауіпті, қаһарлы, ызғарлы болды. Байдың тұқымы ретінде бірнеше рет қамалып, күшпен ұжымдастырылуға қарсы ұйымдастарылған Балқаш бойындағы «бунтқа» қатысқан. Сармантайдың Ахметжанының рухани дүниесі мол, рухы мықты болғаны байқалады. Өйткені Алаштың арысы Әлихан Бөкейхан дала күйшісі Ахметжанның рухани пірі болған.

1928 жылдан бастап күшпен ұжымдастыру саясаты Тоқырауын бойында мал өсіріп, бейқам жатқан елдің берекесін кетірген еді. Халықты соңынан ертеді-ау, бас көтереді – ау деген ел ағаларын қысымға алды. Ахметжан күйші өз еліне, жеріне деген ыстық ықыласын зарлы – ашуын күйімен жеткізіп қана қоймай, халық көтерілісінің көш басында жүріп айбар шеккен азамат. Сондықтан да ауылдастары оның күйлерін жасырын тыңдап жылаған, бүркемелеп ұрпақтан ұрпаққа жеткізген.

Сармантайдың Ахметжанының «58» атты күйі Сібірде айдауда жүрген қазақтардың гимні болған. Домбыраны ағаштан өздері жасап алып, «58» -ді тартып, елің аңсаған, көңілдерін жұбатқан екен. Әлихан Бөкейхан ауылға келгенде алдымен Ахметжан күйшіге сәлем бергені мәлім, бұл кездесу әрине күйшінің көзқарасының кеңейіп, саясатты аңғаруына әсер еткені сөзсіз.(5,10)

Сармантайдың Ахметжанының табылған күйлерін тегіс нотаға түсірген Балқаштың балалар музыка мектебінің мұғалімі, домбырашысы, әуесқой сазгер Жақсылық Нәдірбеков. Ол Ахметжан күйші дүниеге келген өңірдің тумасы. 1944 жылы репрессия құрбаны болған Нәдірбектің немересі. Ахметжан күйшінің бейнесін салған Балқаштың белгілі суретшісі Мақсұт Исмағұлов. Оны көзкөргендері келісті шықты деп бағалаған.

Ақыры 1930 жылы 12 наурызында ұсталып, осы жылдың 22 қыркүйегінде үштіктің үкімімен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2,10 статьясы бойынша сотталып, ату жазасына кесілген. Қарқаралы түрмесінде Ахметжанмен бірге Бижанұлы Сүлеймен, Адамбайұлы Әбілқан дейтін азамат бір күнде атылып, тас байлаған денелері қара суға тасталады. А.Сармантайұлының күйлерін өз қолынан үйреніп, кейінгі ұрпаққа жұғысты еткен күйші домбырашылар: Хасенұлы Әбікен, Түсіпбекұлы Әзіхан, Тілеуханұлы Изат. Ахметжан 1992 жылы 26 мамырда Қазақстан Бас прокуратурасының шешімімен ақталды. 1997 жылы А.Сармантай атына көше берілген. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының орталығында қуғын – сүргінге ұшырап, құрбан болғандарға орнатылған мәрмәр тасқа 120 азаматтың аты – жөні қашалған.Соның ішінде Сармантайұлы Ахметжанның да аты – жөні тұр.

2013 жылдың мамыр айында Балқаш қаласында Әлихан Бөкейхан көшесінде репрессия құрбандарына арнап ескерткіш қойылып, саябақ ашылды.

Балқаш жеріндегі репрессия құрбандарының бірі Сібірде айдауда 10 жыл болған Айдаболов Молдақан және Мағрипа Қазбекова. К.Сардарбек өзінің естеліктерінде «Айдаболов Молдақанды, әкесі бай, әрі көтеріліске қатысқан бір күйшімен сыбайлас еді, жаудың тұқымы деп айдауға әкеткен. Ал Мағрипа Қазбекова 20 жыл жас өмірін түрмеде өткізген еді. Өз әңгімелерін айтқан кезде жыламайтын, тек әжім басқан беттері түнере кейіп, күйзелген күйге түсетін, жай сөйлеп, бөлмесінде әрлі – берлі жүретін. Ол кісінің қызымен өстім, ұлы Ерденді көрдім, медицина ғылымы кандидаты, хирург болатын»,-деп жазды.(3,5)

ХХ ғасырдағы саяси қуғын – сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік – жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ұлтымыздың небір жақсылары мен жайсандары қуғын – сүргінге ұшырап, халқымыз саяси нәубеттен зардап шекті.Бүгінгі күні жазықсыз атылып кеткен аталарымыздың бәрі ақталды. Осындай ел ағалары тірі жүріп, халқына қызмет ете бергенде, Қазақстан Тәуелсіздікті бұдан да бұрын алар ма еді. Сондай – ақ ашаршылық қолдан ұйымдастырылмағанда қазақтың саны бүгінгіден анағұрлым көп болар еді. Осыған сәйкес, экономикамыз да қазіргіден ертерек дами түсер еді.

Ата-бабаларымыз жете алмай қалған арман – мақсатқа біздер жетіп отырмыз. Ең бастысы тәуелсіз елміз.

Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.

 

ТАРИХТАН СЫР ШЕРТКЕН ӘЖЕ

Қыдырбаев Махамбет

Жетекшісі: Оспантаева Р.Қ.

«№ 9 балабақша – мектеп кешені» КММ

Южный кенті, Абай ауданы, Қарағанды облысы, Қазақстан.

 

Иә, өмір дейміз, тағдыр дейміз қалай айтсақ та біреуге тәтті, біреуге ащы екені аян. Өз басым бала болсам да, осы сөздердің мағынасына терең бойлап, ойға түсемін. Сан алуан сұрақтар да мазалап, ойымды сан-саққа жетелеп адастырады.

Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы»,- деген екен. Шынымен де,сол замандағы тұлғалардың өмірі – бізге үлкен тарих, үлгі-өнеге, сыры ащы шындыққа толы заман. Ата – бабалардың «тар жол тайғақ кешуі», өмір үшін арпалыс пен жанталас, қуғын-сүргін, жазықсыз құрбан болу, аяусыз қаналу, әйел аналардың тұншыға жұлқынған улы зары, балалардың өксігі Антонина әжейдің әңгімесінен анық сезіліп тұрды. Тыңдап отырып өзімнің сай-сүйегім сырқырап, жүрегім қарс айрыла қан жылап отырды десем артық айтпағаным болар. Мұнша ауыр, мұнша қасіретке толы тағдырын еске түсіріп айту әлі күнге дейін жазылмаған жарасының бетін жұлғандай болып көрінеді екен. Қарағанды облысы Абай ауданына қарасты Южный кентінің тұрғыны Марченкова Антонина Эдуардовнаны сұхбат беруге көндіру де қиын болды. Зұлмат заманның суық ызғары, сұм қаһары сол жылдары небәрі 10 жаста ғана болған бала Антонинаның жүрегіне мәңгі жазылмас жара салғаны белгілі.

Жасы жетпіс бесті алқымдап қалған әжейдің көзі түпсіз терең тұңғиықтай көрінеді. Қалай күлімдеп езу тартып тұрса да, көз жанарынан оның бірі де байқалмайды. Көз – адамның айнасы. Рас екен. Жан жарасын еш бүкпесіз айшықтап тұрған тек қос жанары ғана.

Үлкен екі қабатты үйдің кең ауласына қарап «осыншама тұрмысты бір өзі қалай алып жүр екен ?» дейсің. Олай дейтінім, әжей бірнеше жылдар бойы жалғыз тұрады. Өмірлік серігі осыдан сегіз жыл бұрын о дүниеге аттанып, бақилық болған. Балаларын өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өзі қара шаныраққа ие болып отырған түрі бар.

Үйге кірген соң, қонақ қарсы алатын кең, жарық бөлмеге жол бастап кірді. Бөлменің бір бұрышына көненің көзіндей, асылдың сынығындай қалған ескі екі жансыз бейнеге, суретке, көзің еріксіз түседі. Менің сол суреттерге қадалып қалған түрім көрді ме, әлде өзі де әңгімесін содан бастағысы келді ме, әйтеуір Антонина әжей суреттегі өзінің ата-анасы екенін айтты. Үйді біраз үнсіздік басты. Ол кісінің ішкі алай-дүлей сезімі маған да берілген секілді. Сол тұрған орнымда қаққан қазықтай қалшиып қатып қалыппын. Үнсіздікті телефон шырылы бұзды. Бір – екі минуттан кейін қайтып келген әжей енді өз басынан өткен қиын – қыстауды, өмірінің бүкпесі жазылмай жатқан соны жақтарын ақтара бастады.

«Мен 1939 жылдың наурыз айының 16- жұлдызы Латвия елінің Бренский ауданы Велека қаласында кедей шаруа отбасында дүниеге келген үшінші қыз едім. Әкем де, шешем де қарапайым өз тұрмысын күйттеп жүрген адамдар болатын. Менде балалық бақытты шақ деген болған жоқ. Ол қазір ғой бейбіт өмірдің арқасында балаларымыздың түні тыныш,күні ашық. Ләйім солай болғай, құдайым! Мына біздер көрген қиындықты ешбір жанның басына бермесін.

Иә, содан 1945 жылы соғыс аяқталды деген қуанышымыз көп ұзамай су сепкендей басылды да қалды. Әлі күнге дейін есімде, тура жана ғана болғандай, бәрі көз алдымды. Біздің үйдің артында үлкен көпір болатын. Бір күні сол көпірдің ар жағынан саңырауқұлақ теріп, үйге қайтып келе жатқан әкемді шинель киген әскери адамдар тоқтатып, қолындағысын жұлып алып лақтырып жіберді де, түк айтастан әкемді айыптап, алдарына салып алып кетті. Артында аңырап анам, боздап біздер қалдық. Сонда әкеме жапқан жалалары – көпірді күзетеді екенсін, сол арқылы отанын сатқан ұлтшылдармен кездесіп, жиындар өткізеді екенсіндер деген лақап еді. Сол кеткеннен әкем Сібірден бір-ақ шығыпты. Анам мен екі әпкем әкем түмеден шыққанға дейін комендатураға барып белгіленіп тұрды. Мен ол кезде бала болған соң, «малолетка» деп қатты тексере қоймады. Сөйтсем, әкемді сол кездегі атақты 58-бап, Отанын сатқан «халық жауы», бойынша айыптаған екен. Әкем 9 жыл бойы Сібірдің ешбір тірі жанды аямайтын ызғары мен суығында аш-жалаңаш жүріп, ағаш кесіп құр сүлдерін сүйретіп келгенін білемін. Әлі күнге дейін «не үшін?» деген сұрақ көкейімнен кеткен емес.

Әкемнің сібірге айдалып кеткенінен кейін 1949 жылы біздің де басымызды қара жамылды. Сол жылдың наурыз айында қақаған суықта қала тұрғындарының тайлы-тұяғын қалдырмастан, бәрімізді поезд басына жинап, суық, сасық, тақтайлармен қоршалған вагондарға жас деп, кәрі деп бөлмей-ақ қойша тоғытты. Ол вагонда қанша жүргенімізді білмеймін, әйтеуір ұзақ әрі көп жүрдік. Аштық, жоқшылық басталды. Вагонда тамақ сұрап жылаған балалар, ана төсін қанша сорса да, түк те шықпай аштықтан бұратыла шырылдап жылаған сәбилер даусы сау адамның өзін есеңгіретіп жіберуші еді. Аштыққа, суыққа төзбеген қаншама сәби мен кәрі – жас «азап вагонында» жан тәсілім болғанында көзім көрді. Тоқтаған жерде әскери киінген адамдар «өлгендер бар ма?» деп сұраушы еді. Оларды ешкім арулап жерлеп жатпайды, бәріне ортақ бір қабір қазып, тағы да қойша тоғытып, көме салатын. Вагонда азан-қазан болып, басына көтере жоқтап, өкіріп, лағынет айтып жылаған дауыстар құлағыңды тұндырады. Анам бізді Омбы облысына жеткенше бауырына басып, жұбатып, қарнымыз ашқанда, ойнатқан болып, нан қиқымын беріп алдатушы еді. Сол күнде өзінің де түрі үрпиіп,тоз-тозы шығып еді. Омбы облысының «Рекорд» деген колхозына әкеліп, бәрімізді сол жерге шашты. Үй-күйсіз бірін-бірі паналаған халықты казармаға орналастырды. Тамақ та, жылы, бүтін киім деген жоқтың қасы. Сол кезде күніне бір рет «затеруха» деп атайтын тамақ береді. Оны үлкен кателға ұн мен суды араластырып дайындайтын.Соны ішетін едік. Бір күні анам бір үйден басымызға баспана тапты. Анамызға көмектесіп, тамақ табу үшін колхоздың шөбін жинайтынбыз, қойын бағатынбыз. Латвияда қалған туыстарымыз бізге посылкамен киім-кешек жберетін, ал біз оны ұнға айырбастайтын едік. Киім бүтін болмаса да, тамақ болсын дейтін анам. Сол колхоздың балаларын жинап, мектепке бергенде менде бардым. Онда 4 сыныптық па, 5 сыныптық па нақты білмеймін, әйтеуір хат танитындай білім алдым. Жұмысқа ерте араластым. 16 жасымнан прицепщик болып жұмыс істедім. Тракторларға прицеп жалғайсың, одан соң мельник те болдым. Жұмысты жақсы, жаман деп талғамадық. Қандай жұмыс болса да, арланбай білек сыбана істедік. Бір күні жұмыста жүргенімде, жанымда бірге істейтін үлкен кісі болушы еді, сол маған жассын ғой, мұны қайтесің, одан да лаборантқа оқып ал деді. Содан алты ай оқып лаборант болып, азбест өндіретін карьерге қызметке орналасқан едім. 1953 жылы Сталин қайтыс болып, қуғын-сүргінге ұшырағандар ақтала бастады. Менің әкем 1957 жылы ақталып келген соң, отбасымызбен Қазақстанға, Қарағанды облысы карьер Валынка деген жерге көшіп келдік (сол жер естуімше Карлаг болған). 1962 жылы Свердловск облысынан Марченков Иван Александрович есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Ол-алғашқы тың игерушілердің бірі болатын. Қызмет бабымен біз Арқалықтың Қу ауданына ( қазіргі Егіндібұлақ ) көшіп келдік. Қазақтың қасиетті жерінде менің тұңғышым дүниеге келді. Ол жерде көп тұрмадық. Тағы да оның қызметіне байланысты өзіміздің Валынкаға қайта көшіп келдік. Валынкада екі қызым дүниеге келді. Южныйға 1977 жылдың 20 сәуірінде көшіп келген едік. Содан бері осы жерде тұрамын. Өмірде көрген тауқыметім қандай көп болса, одан кейінгі құдайымның берген қуанышы мен бақыты да сонша көп болды. Сол үшін тәңіріме ризамын. Егер де мен өмірдің ыстық-суығына күйіп, ширамасам, менен қазіргі Антонина шықпас еді. Ал, сендерге айтарым – өз тарихтарыңды ұмытпаңдар, қастерлендер бүгінгі бейбіт өмірді. Бір-бірлерінді сыйландар, ұлттарға бөлінбендер. Себебі, бәріміздің тартқан азабымыз бір, көргеніміз ортақ. Бүгінгі еліміз де,көк аспанымыз да бәрімізге ортақ.

Антонина әжейдің әңгімесінен кейін мені бір түрлі күй биледі...Адам – жұмбақ, сол сияқты олардың өмірлері де жұмбақ, сырға толы қазыналы тарих екен. Тарихымыз қандай ауыр, азапты. Мен үшін бейне бір көрген қорқынышты түстей. Иә,осы біздер қазір көгінде күні күлген заманымызды шын бағалап, қадір – қасиетін түсініп жүрміз бе?! «Семіздікті қой ғана көтереді» дегенді естен шығармағанымыз абзал сияқты. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мына заманның, адамдары, бір-біріңді күндемендер,жамандық ойламандар,оза шапқанды аяқтан шалмандар, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарыңдар! «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» данагөй Абай атам айтқандай, жүрегіміз жомарт, жанымыз ақ, ниетіміз пәк халық болайық.

 

III орын

 

КАРЛАГТА БОЛҒАН ОҚИҒА

Смакова Альгани

Жетекшісі: Базылова А.С.

«№ 137 негізгі орта мектеп» КММ

Қарағанды қаласы, Қазақстан

 

Өмір қызық, бір – екі ай бұрын мектептің табалдырығын алғаш аттап, қуанышы қойнына сыймай отырған кішкентай Аманның ендігі түрі жан түршігерлік. Бірақ барлығы да мынадан басталған еді.

Қазақтың арасында оқу оқып жоғары білім алған адамдар аз еді. Оқу бітіргендердің арасында Аманның әкесі Жәнібек Есмұхамедович бар еді. Ол алғашында шахтада есеп шот бухгалтериясында жұмыс істеп, жақсы жалақы алған кісі болатын. Бірақ, қара жұмыскерлердің ахапты еңбегін көріп, дем алмай, жалақы алмайтындарын да көрген соң, өз жартысын, олардың арасына бөліп те беретін. Кейін ол алаш партиясының сол кезде қалған өкілдерімен бірлесіп жұмыс істей бастайды. Ол шахтада болып жатқан барлық әділетсіздікті, зорлық пен зомбылықты, қағаз бетіне жазып, жіберіп отырады. Бірақ бұл әрекеті де көпке созылмады. Шахта бастығы бұл кісіні көбінесе шахтаны аралап жүретінің, әр айда он шақты хатты белгісіз бір жаққа жіберетіні байқалды. Бірде жіберген хатын ұстап қалып мазмұнын оқиды. Ол хаттың ішінде шахтаның қазақ жұмыскерлері орыстарға қарағанда екі есе көп жұмыс істейтіні, бірақ екі есе аз көлемде жалақы алатыны жазылды. Сол кезде шахтаның бастығы жоғары өкілдікке хат жазып, онда «КСРО-ға» қарсы бір зиялы қазақ революция жасамақшы, бұны дереу тоқтату керек, және дереу өлім жазасына кесу керек»-деп жазады. Бірақ жоғары өкілдіктер оны Карлаг еңбекпен түзеу лагеріне, «халық жауы» - деген айыппен алып кетеді. Шахта басшысына жылап зарлап келген Жәнібек Есмұхамедовичтің әйелі Сабира мен баласы Аманды да көп ойланбай лагерге «әкесінің жолын қуатын бала мен оны қолдайтын анасы»-деп жібереді. Осылайша өз елінің тәуелсіздігін тілеген адам отбасымен бірге қуғынға ұшырап лагерге түседі. Лагерге алғашында түскен кезде Жәнібек Есмұхамедович өз көзіне өзі сенген жоқ. Онда болған адамдардың ешбірін бұрын жақсы өмір сүрді деп айта алмайсың. Барлығы да ап-арық, киімдері жыртық, ал аяқ киімі мүлде жоқтары да бар. Көбісі күрс-күрс етіп жөтеліп, тұншыққаннан бозаратын. Бірақ лагерде болғандардың бәрі қазақ емес, арасында орыстар, поляк пен украиндар, еврей мен корейлер де толып жатты. Жәнібек Есмұхамедовичті ең бірінші тергеу бөлмесіне апарды. Онда олар «Сенің сыбайластарың бар ма? Сен кімге хат жібердің? Сен КСРО-ға қарсы шықпақшы болдың ба? Сен көтеріліс ұйымдастырмақшы болдың ба? Және де ең соңғы сұрағы сен өз кінәңді мойындайсын ба?» деп сұрап, барлық сұрағына «жоқ» деген жауап алды. Бұл жауап оларды қанағаттандырмағандықтан олар Жәнібекті қинап, қалаған жауабын күшпен шығармақшы болады.

Бұл кезде баласы мен сүйген жарының жағдайын ол білмеген. Сабира мен Аман бұл кезде Карлагтың басқа лагерінде болды. Бірақ бұл лагердің де жағдайы мәз болған жоқ. Суық әрі қараңғы жерде балалар мен әйелдер жалма-жұлма отырған еді. Сабира бір айдан кейін сондай боламын деп ойламаған еді. Түнде тағы екі әйел мен үш бала бар суық бөлмеде түнеді. Ал таң атпай лагерде барлық кісілерді далаға шығарып жұмысқа салып қояды. Сабира кірпіш тасып, өзіне белгісіз бір жерде үй салып жатты. Ал баласы су тасып жүрді. Бір жарым ай өткен соң, жұмыс істеп жүрген кезінде ол баласының айғайын естіп кірпішті лақтыра сала дауыс шыққан жаққа қарай жүгіреді. Ол лагерь бастығы балаларды күшпен бір жаққа алып кетіп бара жатқанын көреді. Жүгіріп келіп баласына жармасып әкетіп бара жатқан кісілерге «қайда әкетіп бара жатырсыңдар? неге? не үшін?» деп сұрақтар жаудыра береді. Лагерь бақылаушысы «жетіге толған балаларды балалар үйіне алып кетеді » деп қысқа жауап беріп Аман мен тағы сегіз баланы алып кетпекші болады, бірақ олардың жолына аналары тұрып жол бермейді. Оларды ұрса да, жол бермей, төбелесіп балаларын бермейді. Сосын олар жұмысқа керек болар деп көндіріп қалдырады. Бірақ бұл жайттан кейін балаларға мүлдем тамақ бермей, оларға тамақ бергендерді жазалап, саусақтарын балғамен ұрып қинаған. Көп ұзамай бірінен соң бірі балалар қатты ауырып, қарны ашқаннан өле бастайды. Бұл жайт Сабираның ұлы Аманға да жетті. Аман қарны аш, әрең дауысы шығып күзетшіден нан сұрады, бірақ ол күліп «оданда ажалынды күт» дейді. Сабираның өзі де өте әлсіз еді, өйткені оларға берілген тамақ ол қатып қалған түйір нан мен бір кесе ботқа болатын, ал суды күніне екі рет бір кесе ғана қып беретін. Оның өзін тәубе еткен кісілер, Сабираның тамақ ішіп отырған күйін көргенмен, Сабира негізі тамақты тығып түнде баласына беретін. Сондықтан да ең көп шыдап өмір сүріп келген бала Аман болды. Түнде күзетші тұтқындардың бөлмесін қарап шығып жүрген кезде Сабираның Аманға тамақ беріп жатқаның көріп, оны ұстап алып, қинау бөлмесіне апарып қолын балғамен түні бойы ұрады. Сабира көзін ашып қараса қасында Аман жатыр. Сабира орнынан әрен тұрып,қолын қозғалта алмай, Аманды оятпақшы болды. Бірақ Сабира қалай тырысса да көзін ашпайды. Сол кезде бір әйел келіп «кеше ол түні бойы жылап сені шақырды. Сенің қиналғанынды қалаған жоқ, бірақ бір кезде әлсізденіп жерге құлап есінен танып қалды.» Сол кезде Сабираның жүрегі тоқтап қалғандай болды. Жалғыз ұлы, Жәнібектен қалған жалғыз естелігі, лагерьдегі өмірінің тірегі бір мезетте жоқ болды. Енді жоқ. Бұған сенбеген Сабира қолының ауырып, қансырап жатқанына қарамастан баласын жерден көтеріп, оятпақшы болып:«жоқ балам, мен білемін, сен тірісін, сен мені бұл жерде жалғыз тастап кете алмайсың! Оян, ояна қойшы балам» деп жылайды. Қасындағы әйел оны жұбатып, бір кезде Сабираны өзіне қаратып «Сабира ол енді жоқ, ол оянбайды, тырыспай-ақ қой» дейді. Сол кезде Сабира қатып қалғандай болып есінен танып құлап қалады. Сабира есін жиса баласы қасында жоқ, оны лагерден он шақырым жерде жерлеп тастапты. Сабира екі апта бойы үн қатқан жоқ, тамақ ішпей тығып жүрді, біреу одан «неге тамақ ішпейсің» деп сұраған кезде ол «менің баламның қарны ашады, сол үшін» деп ары қарай жұмысын істей береді. Бір күні Сабира жұмысқа шықпай қалады, ол түрі бозарған күйінде бөлмеде жерде жатып баласының кеудешесінен қалған бір шүберекті құшақтап алып:«балапаным, қорықпа, көп ұзамай әкең келіп бізді алып кетеді» деп жатыр екен. Оны есінен алжасқан деп ешкім тиіспейді. Түнде Сабира түс көреді түсінде Аман келіп «анашым жүр, жүре ғой енді сені ешкім ренжітпейді» деп қолынан ұстап жетелеп алып кетті. Таң ертең Сабира дүниеден өткені белгілі болып, оны апарып баласының қасына жерлейді. Сол кезде бір кісі былай деп айтады: «Карлагтың азабы анасының жүрегін ауыртқан жоқ. Ал баласының өлімі оны жансыз етті»

 

«КАРЛАГ ТАҒДЫРЛАР АЗАБЫ» (ШЫҒАРМА - ИНТЕРВЬЮ)

Әміржанова Гүлстан

Жетекшісі: Кадирберлина А.А.

«Үштөбе орта мектебі» КММ

Бұқар Жырау ауданы, Қарағанды облысы, Қазақстан.

 

Карлаг... Карлаг – Қарағанды еңбекпен түзеу лагері ГУЛАГ – тың филиалы. Карлаг Қазақстанның біршама жерін алып жатқан өзінше бір дербес мекеме болды. Нақтырақ тоқталатын болсам, Карлаг территориясы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 километр, шығыстан батысқа дейін 200 километр жерді алып жатты. Оған қоса осы территориядан сыртқары лагерьден 350 километр жерде Ақмола және 650 километр жерде Балқаш бөлімшелері құрылды.

Осы Карлагта өткен қаншама қатігездіктер мен озбырлықтың барлығын басынан кешірген, қорлық – зомбылықты көрген азаматтар бүгінде ақ сақалды, отбасының берік бәйтерегіндей болып отырған жайы бар. Бірақ...Бірақ олардың жүзіндегі көп қырлы, терең қатпархлы әжімдері мен жүрегіндегі мұзды із қалдырған сол бір оқиға, көңіліндегі қаһарлы өткен күннің бейнелері – көрген қиыншылығы мен қорлығының ізі секілді. Сол арыстандай ақырған, мұздай қақыраған суық күндерді еске алу оларға қиын әрі ауыр тиеді. Қазіргі жастар мен кейінгі болашақ кітаптан оқып, зұлмат жылдарды басынан өткерген ата – әжелерінен сұрап біледі. Ақпарат көздерінен оқып, керегін жаттап, көкірегіне түйеді. Карлаг азабынан аман қалғаны саусақпен санарлық, алайда осы күнге жеткендерінің өзі түрмеде жабысқан аурулардан айыға алмай о дүниелік болып жатыр. Шындықты білер адам аз.

Карлагтың құпия, шын мәлімет жазылған құжаттары жасырылып, біртіндеп жойылуда. Оған дәлел ретінде 1961 жылы архивте сақталған құжаттардың бір бөлігі Долинкадағы Карлагтың бұрынғы басқармасы үйінің жанында ашықтан ашық өртеліп жіберілгенің айтуға болады. Оны көзімен көріп тұрған кісілер журналист Феликс Руставинге жанып жатқан қағаздар арасынан мәңгілік сақталынуға тиісті сары папкаларды көргендерін айтқан. Сондықтан аға – апаларымыз бен ата–әжелерімізден сұрап біліп, басқа ақпараттармен салыстырып, ақиқат тереңіне жету біздердің, жас жеткіншектер мен жастардың, міндетіміз.

Мен Нұрғайша Жапғыппарқызы деген біразды көрген кісімен сұхбаттастым. Ол кісінің айтуынша, сол кезеңдерде бір ауылдың өзінен кем дегенде үш – төрт адам тұтқынға алынған екен. Нұрғайша апаның сұхбатынан үзінді келтіре кетсем: «Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бесоба совхозының Қызылту бөлімшесінде 1941-1942 жылдары Ұлы Отан соғыс кезінде біздің ауылдан дүкенші Омарбай деген кісі (екінші кісінің атын ұмытыңқырап қалыпты) немістердің қолына түсіп, тұтқындалды. Ол кісілер сонда жұмыс істеп, немістердің отымен кіріп, малын бағып, күлімен шығып, 25 жылға сотталды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін ол кісілер аяқталып, босап шығады. Сонан кейін бейбіт өмірде балалы – шағалы болып, немере сүйіп өмір сүреді. Сөйте тұра ол кісілер Карлаг түрмесіндегі зардаптың қырсығынан денсаулықтары төмендеп, екеуі де марқұм болады» - деп ауыр күрсініп, сөзін аяқтады.

Карлаг ата – әжелерімізге ауыр күрсінерліктей құлақтарында жаңғырған, көңілдерінде кеппеген сияның қаралы айқасқан жазуындай жазылған сол бір зұлмат кезеңдерді еске түсірді. Осы Карлаг әсерінен қаншама азаматтардың ұрпағымды жалғастырар деген келешегін, арман–мақсаттарының күл паршасын шығарды. Әсіресе қазақтың бас көтерер асыл азаматтарын ең ауыр жұмысқа салып, азаптап өлтіруді көздеді. Бірақ сол асылдары соңғы демі мен қасық қаны қалғанша қарсы тұрып, еліне деген адалдығы мен шынайы махаббат сезімдерін жоғалтқан жоқ. Бір күні әділдік пен бейбітшіліктің, адамгершілік пен ақиқаттың жаңғырарын, қазақтың қараңғылығына ең болмағанда жарық сәуле шашарын білді.

Тарих беттерін парақтасақ, Карлаг 1931 жылы ашылған. Карлаг тарихтағы басқа аласапыран кезеңдермен тұспа – тұс келіп тұр.Атап айтатын болсақ, Сталиндік дәуірмен және сұрапыл Ұлы Отан соғысы кезінде де Карлаг өз үлесін қосуданшет қалмаған. Карлагтың негізгі мінднті Ресейге қарсы көтерілгендерді, кулактар мен байларды жою еді. Сол арқылы «түзету» болатын. «Еңбекпен түзету» дегеннің ар жағында үлкен де терең жан түршігерліктей ой жатыр. Осы жайында Әміржан атам қанды да зарлы сыр шертті: «Балам, сол кездерді еске алу біздер үшін өте ауыр.Ол кезде қазақ не көрмеді десеңші?!Сол Карлаг дегенді естігенде жүрегіміз шымыр етеді.Карлагта болған адамдарды айтқандарына көндіру үшін, шындықты жария етпес үшін, қаншама азапты жағдайларға салған. Тіпті тырнақ арасына ине тығып, жаншып, шыбын жанын көзіне көрсеткен.Мұндайдан Аллам сақтасын!Бірақ сол кездегі қатыгездіктің осындай жағдайға дейін жеткенің айтсаңшы. Қаншама адамды аштан қырды, біршамасын түрмеге алып кетті. Бала-шағасын ,тұқым – тұяғымен жойып жіберуге тырысты және де осы ойларын жүзеге асырды. Көбісінің аты аталмай , ақталуды көрмей бебітшілік пен бостандықтың сәулесінде көрмей арманда кетті. Сол шындықты түсінуге тырысқандарына осындай құрметтеріне рахмет балам». Әрине, жазықсыз жазаланып,өз ауылынан ұзап шықпағандар «жапония тыншысы», ерекше ойып орын алатын, оқ бойы озық тұрған саңлақтар «контрреволюциялық қастандық жасаушы» , өтірік айыптаулардың құрбаны болған. Тек осылай қазақ азаматтарын ғана емес, сонымен қатар қазақ азаматшаларын, тіпті жазықсыз бейкүнә сәбилерді де оққа ұшырып,қыршынынан қиып, аяусыз жұмысқа салған. Азапты еңбекпен қоса, адам аузы бармайтын азаптаудың 30 – дан аса түрі бар екен. Есте қалмаған, ешкімге беймәлім тағы да қандай азаптау түрлері болғаның ешкім білмейді. Сол азаптаулардың бір – екеуінің атауларын естісек, жүрегіміз аузымызға тығылып, көзімізге жас үйіріледі. Ал сондағы кішкене балалар мен әйелдер, ер адамдар қалай шыдап жүргендерін елестету түгіл ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл түрмелерде тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де көптеп кездеседі. Мысалы, 1939 жылдың 1 каңтарында ГУЛАГ – тағы 1 317 195 тұтқынның 830 491 орыс, 181 905 украин, 44 785 белорусь, 2 495 татар, 16 860 поляк, 24 499 өзбек, 19 758 еврей, 18 572 неміс, 17 123 қазақ, 11 723 грузин, т. б ұлт өкілдері болған.

Менің қолыма «Абыз» газеті түсті. Азапты күндерді басынан кешкен Абдолла Абдырахманов деген азаматтың Мағжан Жұмабаев туралы естелігіне көзім түсті. Абдолла ағамыз естелігінде түрмеде Мағжанмен алты ай бірге болғаның, сол түрмеде отырғанда бір қазақты көрсе тілдессек деп елегізетінің қазақ көрсе оттай басылып, әңгімелесуге тырысатындардың баяндаған екен. Әкесін 1938 жылы «Халық жауы» деп түрмеге тоғытқан. 1941 жылы әкесінің қайтыс болғаны туралы суық хабарын естейді. 1948 жылдың маусым айында өзін НКВД жендеттерінің қанды шеңгеліне іліккенін, ауылдан қарға адым шықпаған маған «жапония тыншысы» деп бір – ақ сәтте жала жауып, «тыншы» етіп шығарғаның айтып, сөзін әрі жалғады: «Сен халық жауының баласысың, Жапонияның агентісің, Иранның десантысың» деген айып тақты. Шындықты айтып шырылдағанына ешкім пысқырып та қарамады.Ешкімді сендіре де, ешкімге түсіндіре да алмайсың. Небір заман өтті ғой...Тергеуге алып азаптап, ақыры құжаттарға қол қойдырып алды, ұрып – соғып, азаптап, шаршағаннан талғысып кетсен үстіне мұздай су құяды. Осындай күндерді де бастан кешірдік...» - деп қысқаша азапты күндерінен естелік айтқаны бар еді.1953 жылы Сталин қайтыс болған соң айдаудан босап, еліне оралған Абдолла ата 80-ші жылдардың басына дейін Ембі кенішінде еңбек етті. Бүгінде бала – шағасы мен немере, шөберелерінің ортасына алып, керегесі мықты бәйтеректей болып отырған абыз қария.

Жоғарыда айтылған жайттарды ой елегінен өткізе келе көкейіме оралған жыр жолдарымен аяқтаймын:

Гулаг қазақты біртіндеп еніп жаралады,

Асылдарын жалғынның жалауымен қаралады.

Сол арқылы қазақты ішінен қансыратып,

«Қазақты түбімен жою» ойы мазалады.

Бұл «Гулаг», «Карлаг» езгісі –

Қазақтың қиын - қыстау кезеңі.

Үміт үзбей арман еткен күн келерін

Әділдік жеңіп, ақиқат бетін ашарын,

Білген еді қайран қазағым.

Сондықтан да қазақтың келешегін

Қазіргі ұрпақ дамытып жетілдірер.

Карлаг тарихының сол кезеңін

Ұрпақтары шындықтың бетін келтірер.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036