Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Саясат 14146 0 пікір 23 Мамыр, 2014 сағат 11:21

АҚШ РЕСЕЙДІ КҮЙРЕТЕ МЕ?

         Австралия Ресейге салынған санкциялар көлемін  кеңейте түскенін жариялағанын BBC-дің ақпаратынан оқып, хабар болдық. Жалпы Украинадағы саяси дағдарыс басталғалы АҚШ бастаған Батыс елдерінің Ресейдің саясатына қарсы санкциялары тоқтаған емес. Оның басым бағыты жеке тұлғалармен бірге  компанияларға бағытталып отыр. Осы жолы да 38 ресейлік және украиндық тұлғаға және 11 компанияға бағытталған. Көпшілік арасында АҚШ және оның одақтас елдерінің Ресейге қарата жасаған санкцияларына екі түрлі пікір қалыптасқан сияқты, оның бірі олардан үлкен іс-қимылды талап еткендер. Олар бұл санкцияларға "қанағат" танытпай, әрі нәтижесі де шамалы болар деп көп үміт артпай отыр. Ал енді бір топ одан әлде бір нәтиже күтіп отыр. Себебі, экономиканың санкцияға ұшырауы "сананы тұрмыс билейді" дегенге  сайдырып отыр.

         Біз кез келген саяси немесе  әлеуметтік-экономикалық шиленістерге талдау жасағанда тек бүгінгі жағдай тұрғысынан қарап қорытынды шығаруға бейімделіп алдық. Негізінде бүгінгі күн - ол кешегі күннің салдары, ертеңгі күннің себебі емес пе. Осы тұрғыдан қарағанда, өткенге ой жүгірту бүгінді танудың ең жақсы тәсілі болмақ. Біз тым арыға бармай-ақ, 1990 жылға шегініс жасайық. Кеңес Одағы деп аталатын алып империя бар еді, олар біртұтас еді. Содан күйреді, егеменді республикалар пайда болды. Енді солардың қайта басын қосу Ресейдің басты мақсатына айналды. Егер Кеңес Одағы ыдырамаған да ше? Әрине, онда Украин дағдарысы болмаушы еді. Оны кім ыдыратты, неге күйреді?  Мәселе осында. Кеңес Одағын күйреткендер бүгінде Ресейді маңдайынан сипап отырған жоқ, баяғы тәсіл, "ескі жау". Енді Кеңес Одағының күйреуінің жұртқа таныс емес тұстарын қарастырып көрейік. Содан барып бүгінгімен салыстырып талдап, саралап болашақты болжап  көріңіздер.

        

1991 жылы Маргарет Тэтчер ханым (1925-2013жж., Ұлыбританияны 1979-1990 жылдар аралығында басқарған  71 премьер-министр) АҚШ-қа сапарлай келгенде, Хьюстонда бір ерекше баяндама жасаған. Баяндама тақырыбы "Біз, Кеңес Одағын қалай ыдыраттық?" деп аталған. Тэтчер ханым: АҚШ, Ұлыбритания қатарлы елдердің өздерінің  қарулы күш құрылымының әлеуетін асыра мақтайтын  әдейі,  жалған ақпарат тарату арқылы Кеңес Одағын желіктіріп,   зор көлемдегі қоғамдық байлығын  әскери қорғаныс саласына шығындауға мәжбүр еткендігін, соның нәтижесінде Кеңес Одағы Жалпы Ішкі Өнімінің (ЖІӨ) 70 пайызын әскери салаға бағыттағанын айтты. Әрине, бар табыстың басым көбін тек бір ғана салаға бағыттау, оның үстіне табыс әкелмейтін әскери салаға жұмсау шынында да экономикалық тоқыраудың басы болары анық. Себебі, әскери қару-жарақ өндіріске араласып, жаңадан құн жарата алмайды. Ұшақтар мен зеңбіректер тек қана әскери бөлімдерге ғана қажет. Басқа өндіріс орындарға қажеті шамалы. Оның үстіне мол қару-жарық техникасының қосымша бөлшектерін үздіксіз қамтамасыз етуде оңай шығынды талап етпейтіні анық. Табыс әкелмейтін салаға жұмсалған мол қаржының қайта келмейтіні де түсінікті, олай болса, еңбекшілердің жалақылары мен басқа да тұрмыстық қажеттіліктерді, азық-түлікті қалай қамтамасыз етуге болады? Әрине, қамтамасыз ете алмайтыны белгілі. Осы жерден жең ұшынан жалғасқан сыбайлас-жемқорлық қалыптасып, үкіметке жалған ақпар беру әдетке айналды. Соның салдарынан өсім тек қағаз жүзінде ғана көрініс тауып отырды.  Халыққа қажетті барлық тұрмыстық бұйымдардың және азық-түліктің басым бөлігі импортқа иек артты. Оны тек әр жылы мұнай экспортынан түсетін 30 млрд. АҚШ доллары арқылы сатып алып отырды. Демек, Кеңес Одағының жылдық бюджеті осы 30 млрд. АҚШ долл. -нан аспады. АҚШ, Ұлыбритания қатарлы елдер Кеңес Одағын құрту мақсатында оның қаржы көзі саналатын мұнай өндірісі саласын тығырыққа тіреуді қолға ала бастады. АҚШ пен оның одақтастары тарихында қарсы жақтың ең осал тұсын тауып соққы беретін "ұрымтал тәсіл" деп аталатын әдісі бар еді. Бұл әдісті кезінде Екінші дүниежүзлік соғыста да пайдаланған. Соғыс кезінде АҚШ барлау қызметі бір аса маңызды құпия мәліметке ие болады. Ақпар бойынша нацистік Германияның барлық автокөліктері мен соғыс құралдарының моторына қажетті белгілі бір қосымша бөлшектің Саксон штатындағы көзге түсе бермейтін бір шағын да, әсем қалашықтағы құрал-сайман зауытында жасалатыны анықталады. АҚШ бұл ақпарды алған соң әуеден бомбылап қаланың күлін көкке ұшырды. Нәтижеде немістің құрлық армиясы салданған адамның күйін кешіп, соғыста шарасыз халге түседі.

         Адамзат тарихындағы алапат апат ретінде сипатталатын Екінші дүниежүзлік соғыс кезінде АҚШ-тың әскери қуаты қай жағынан болмасын Кеңес Одағының күшінен басым еді. Оның үстіне "Одақтастар" қатарында саналатын Ұлыбритания қатарлы елдер де оны қолдаушы еді. Алайда соғыстың аяқталу қарсаңында АҚШ-тың алдында екі түрлі талдау тұрды: оның бірі Батыс Еуропада  өз үстемдігін бекемдеу болса, екіншісі - Батыс және Шығыс Еуропаға бірдей әсер ету мүмкіндігі еді. Бұл талдаудың тағдыры Еуропаға әскер кіргізудің бағытымен белгілі болушы еді. Мұнда екі түрлі бағыт ортаға шықты: бірі  - Италия, енді бірі -  Югославия. Егер әскерлер Батыс Еуропадан ашылған майданда Италиядан кіретін болса, Батыс Еуропадағы  әсер ету аумағы кеңейетін  еді де, ал Югославиядан кіргізсе Батыс және Шығыс Еуропа тұтас АҚШ-тың  әсер ету аймағына айналар еді. Осы тұрғыдан алғанда олар үшін Югославиядан әскер енгізу тиімді болатын, бірақ, неліктен екені белгісіз сол кездегі АҚШ президенті Франклин Рузвельт  Италиядан бастауды жөн санады. Соның салдарынан  Шығыс Еуропа Кеңес Одағының ықпал аймағында қалып қойды да оның әлемдік державаға айналуына мүмкіндік жасалды.

         Соғыстан соң АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы жарты ғасырға таяу уақытқа созылған  қырғи-қабақ соғыс басталып кетті. Мүмкін сол кездегі Италиядан әскер енгізген стратегиялық қателігін қайтаруды көздеді ме, содан бастап АҚШ және Ұлыбритания елдері бірлесе отырып, Кеңес Одағына қарата жоспарлы түрде ақпараттық "шабуыл" жасай бастады. Соның басты мазмұны ретінде АҚШ әскери қорғанысының әлеуетін барынша жер-көкке сидырмай мақтайтын жалған ақпарат болды. Бұған иланған  Кеңес Одағы АҚШ-тан қауіптеніп әскери салаға барынша қаржы сала бастады. Салынған қаржы жыл өткен сайын ұлғайып 1980 ж. келгенде  ЖІӨ 70 пайызына жетті. Осы кезде билікке келген АҚШ-тың 40-президенті Рональд Рейган (1911-2004 жж. өмір сүрді, 1981-1989 ж. арасында президент міндетін атқарған) бұл үрдісті одан бетер жандандырып қалмастан, нақты іс-шаралар жоспарын жасап, Кеңес Одағын күйретуді мықтап қолға алды.         Олар ең алдымен  1981 жылдан бастап Кеңес Одағына қарасты барлық геологиялық барлау техникаларын бақылауға алды. Өйткені Кеңес Одағының өздері жасаған геологиялық барлаудың озық техникасы жоқтың қасы еді. Осы шарадан соң Кеңес елінде жаңа кен орындарын іздеу жұмысы тоқтатылды. Жаңа кен орындарының игерілмеуі Кеңес Одағының алтын қазынасын көптеп сатуға  мәжбүр етті. Мысалы, одан бұрын олар жылына 90 т. алтын сатып керекті импорт шығынын жауып отырса, осы соққыдан кейін 1981 жылдың қараша айына дейінгі аралықта  240 тн. алтын сатуға мүдделі болды. Алтынды молынан сату арқылы  толықтырулар жасалды. Одан соң АҚШ Батыс елдері мен Кеңес Одағы арасындағы байланысты өзгертуге күш салды. Соның бірі 1979 жылы Кеңес Одағы мен бірнеше Батыс елдері келісімге келіп 3600 мил немесе 5760 шақырым ұзындықтағы табиғи газ құбырын төсеуді қолға алған келісім болатын. Аталмыш жоба бойынша Кеңес Одағы шамамен 32 млрд. АҚШ доллары шамасында пайда табуды көздеген еді. Алайда,  АҚШ билігі Батыс елдеріне пәрмен беріп, ол жұмыстың күшін жойғызды.  Осы жағдайларға байланысты Кеңес Одағы бар жоғы сыртқы мұнай экспорттынан  түсетін жылдық 30 млрд. доллар шамасындағы қаржыға ғана қарап қалды.

         АҚШ  Батыс елдері мен Кеңес Одағы арасындағы байланысты жалғасты күйрету мақсатында екінші кезекті соққысын дайындады. Бұл соққы 1982  жылы басталды. Жоғарыда айтылған газ құбырының жобасына байланысты Батыс Еуропа елдері Кеңес Одағына 7,8 пайыздық үстемемен қарыз беріп келе жатқан еді. Ол кезде әлемдік орташа несиелік өсім 17 пайыз болатын. Рейган Батыс елдеріне Кеңес Одағына қарата осы әлемдік бағамды ұстауды талап етеді. Орындамаған жағдайда олармен АҚШ банктері жұмыс жасамайтынын ескертті. АҚШ-пен тонның ішкі бауындай қаржылық және басқа да байланысқа маталған Батыс елдері АҚШ-тық банктермен жұмыс жасамауы мүмкін емес еді. Сонымен айтқанға көніп,  Кеңес үкіметіне жеңілдетілген 7,8 пайызбен беріліп келген несие ставкасын бірден 17 пайызға өсіріп жіберді. Соның нәтижесінде 1982 жылы  Кеңес Одағының ақша айналым жүйесі тығырыққа тірелді.

        

АҚШ Батыс елдері мен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынасты негізінен күйреткен соң ендігі кезекте Кеңес Одағының ең жанды жері саналатын мұнай өндірісіне соққы беруге көшті. Ол үшін әлемдік мұнай экспортының көшбасшысы саналатын Сауд Арабиясына саяси тұрғыдан қысым көрсете бастады. АҚШ-тың талабына келіскен Сауд Арабия 1985 жылы қараша айынан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 9 млн. тоннаға жеткізуге міндеттеме алды. Сонымен тарихта рекорд жаратылып,  мұнай өнімінің нарықтағы бағасы күрт төмендеді. Әрбір  баррельі 34 АҚШ долларынан  12 долларға арзандады. Бұл он жыл бұрынғы баға деңгейі еді. Мұнай бағасының құлауы Кеңес Одағының мұнай экспортынан жыл сайын түсіп отырған 30 млрд. доларының 10 млрд. долларын кемітіп кетті. Тарихта «мұнай қаруын» қолдану бұдан бұрында болған. Мысалы, 1973 жылдың  тамызында Египет президенті Анвар Садат Сауд Арабиясына құпия жағдайда келіп, король Фейсалға (Фейсал ибн Абдель Азиз Аль Сауд 1904-1975жж., 1964-1975 жж. арасында ел билеген. 1975 жылы қастандықтың құрбаны болған) Израильмен соғысу жоспарын бөліседі әрі көмек сұрайды. Фейсал қаржылай көмек берумен бірге соғыс болған жағдайда «мұнай қаруын» қолдануға да уәде етеді.  Осы кездесуден көп өтпей 1973 жылдың қазанында араб-израиль соғысы басталады. Соғыста АҚШ қолдаған Израиль жеңді, бірақ мұнай өндірісін тәулігіне 2 млн. баррельге дейін қысқарту арқылы мұнай бағасын 3 доллардан 11 долларға қымбаттатады. Сөйтіп Араб елдері өздерінің «мұнай қаруын» Батыс елдері алдында дәлелдей алды. АҚШ және Батыс елдері белгілі деңгейде ОПЕК-ке тәуелді екендігіне мойынұсына бастайды. АҚШ-тың Кеңес Одағына қарата «мұнай қаруын» қолдануы осы тарихи сабақтың салдары еді.

          АҚШ Кеңес Одағының басты сыртқы байланыс каналдарын бақылауға алған соң, келесі кезекте өз қолындағы "көзірді" іске қосады. АҚШ үкіметі өздерінің ұлттық валютасы әрі дүниежүзінің ортақ валютасы саналатын доллардың құнын 25 пайызға арзандатуды қарар етті әрі Сауд Арабияның мұнай бағасын төмендетуден тартқан зиянын толықтыру мақсатында ақшаны құнсыздандыру науқанын  бастаудан бұрын оларды бұл жөнінде  хабардар етеді. Сонымен, Сауд Арабиясы барлық қолда бар долларын тегіс  сатып жібереді де 20 млрд. дол. пайда табады. Доллар бағамының 25 пайызға құлдырауы Кеңес Одағының жылдық 20 млрд. долларлық кірісінің 25 пайызға құнсыздандырады немесе кеңес халқын 25 пайызға кедейлендіреді. 20 млрд. доллар енді 15 млрд. долларға қысқарды.

         Осы кезде Кеңес Одағы Ауған жеріне басып кірген еді. Ал АҚШ Ауған жасақтарына түрлі көмек көрсетіп, Кеңес әскерлерін Ауған жерінде ұстап тұруға күш салады. Кеңес Одағы әр жылы 5 млрд. долл. ақшаны осы соғысқа салып отырды. Енді оның мүмкіндігі 10 млрд. доллармен ғана шектелді. 30 млрд АҚШ долларымен күн көріп келе жатқан алып елге 10 млрд. дол. жетпейтіні анық. Себебі,  Кеңес үкіметі әр жылы 20 млрд. долл. шығындап ауылшаруашылық өнімдерін сатып алатын, 10 млрд долларға тұрмыстық және өздері шығармайтын әскери қосымша бұйымдарды сатып алып отыратын еді. Ал  енді бар жоғы 10 млрд. долларға қарап қалды. Не істеу керек? Үкімет халықты азық-түлік тапшылығынан сақтау мақсатында 10 млрд. доллардың барлығын ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға жұмсайды. Соның салдыран Кеңес Одағы ыдырауға бет алғанда тіс пастасы, сабын дегендерді табу мұңға айналған болатын. Ал қаншама қаржы құйған әскери техникалар үнсіз, қозғалмастан тұра берді. Өйткені оларды қозғалтатын  ұсақ тетіктер тапшы. 1990 жылға келгенде ЖІӨ бір күнде 70 пайызға құлдырап шыға келді. Ол нашар дамыған елдердің деңгейімен шамалас болатын. Тығырыққа тірілген Кеңес Одақтас республикалары сол жұпыны күйде 1991 жылды күтіп алды... Біз аңсап күткен азаттық таңын қарсы алдық.

Сарқытқан Қастер

экономикалық-география ғылымдарының

кандидаты, доцент

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060