Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Қоғам 11814 0 пікір 20 Мамыр, 2014 сағат 15:27

ОРАЛМАНДАРДЫҢ 70 пайызында ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ ЖОҚ

Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова (суретте) Мәжілістің әлеуметтік және мәдени даму комитетінің отырысында осылай деді.

Вице-министрдің келтірген дерегіне сенсек, еңбекке жарамды оралмандардың  8,6 пайызы жоғарғы білімді, 20,6 орта білімді, 71 пайызының жалпы білім бар немесе мүлдем білім алмаған.  Осындай сандарды алға тарта сөйлеген Мәдина Әбілқасымова: «Сондықтан, білімі мен кәсіби мамандығы жоқ, болса да дәрежесі төмен еңбек күші Қазақстанның еңбек күші нарығына қосылып жатыр. Бұл мәселе оралмандардың қоғамға сіңісіп кетуіне кедергі болуда» депті.

Вице-министр ханым тарихи Отанына көшіп келген қандастардың тең жартысы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы облыстарына қоныстанғанын, оралмандарды орналастыру дұрыс жолға қойылмай келе жатқанын айта келіп:

«Бүгінгі таңда азаматтық алған еңбекке жарамды оралмандардың барлығы жұмыспен қамтылмаған. Оралмандардың әлеуметтік жағдай мен жұмыспен қамтылуы барысын анықтайтын мониторинг жоқ» ,  - деп көші-қон мәселесі кейбір түйткілді тұстарына да тоқталған.
Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова есебінше, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдар ішінде шет елдерден 944 мың қазақ көшіп келсе, оның 860  мыңы ҚР азаматы атанған.

 

Вице-министр Мәдина Әбілқасымованың жария еткен мәліметтеріне орай, көші-қон және оралмандары мәселесін ұдайы назарда ұстап келе жатқан «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рахым Айыпұлы және журналист Есенгүл Кәпқызының (суретте) пікірлерін білген едік.

 

Рахым Айыпұлы, «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

- Вице-министр өз сөзінде сырттан келетін қазақтарды қоғамнан алшақтау етіп көрсетіп жіберген. 2011 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз баяндамасында «300 мың отбасы көшіп келді, еліміздегі оралмандардың саны 1,5 миллионға жуық» деп мәлімдеген еді.  

Шеттен келетін қандастарымыздың білім деңгейі төмен деу де орынсыз пікір. 2011 жылғы санақ бойынша, сырттан келген қандастарымыздың арасында 74 ғылым докторы бар. 213 ғылым кандидаты, 1600 шығармашылық қызметкері, 12,5 мың білім беру саласының қызметкерлері, 7 мың медицина саласы мамандары бар. Сондай-ақ 40777 жоғары білім иелері, 2509 аяқтамаған жоғары білім иелері бар. Әрі оралмандардың 93600-і арнаулы орта білім иесі. Шеттен оралған қандастарымыздың арасынан 620 адам ҚР қарулы күштері қатарында.  

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мәліметінше, Қазақ ұлтының 33-34 пайызы алыс-жақын шетелдерде тұрады. Бұл - бес миллиондай қазақ. Тәуелсіздік алғалы бері елге бір миллионға да жетпейтін қазақтар қайтып оралды десе, олардың арасында зейнеткерлердің үлесі бар-жоғы 4 пайыз ғана. Ал, олардың 50 пайызға жуығы 18 жасқа толмаған жасөспірім балалар. Ендеше, елге оралатын қандастарымыздың отанға қосатын үлесі аз емес қой. Мәселе оралмандардың қалай орналасуында емес, олардың елге қалай тезірек көшіп келуінде болуы керек. 

Есенгүл Кәпқызы, журналист:

- Оралмандарға қарсы тағы да ақпараттық кампания басталған сияқты. Мен вице-министрдің мәлімдемесі оралмандар туралы соңғы кездері көбейген жағымды жаңалықтарға қарымта жасалған ақпараттық шабуыл деп есептеймін.

Көші-қонның тоқтауына, қазақтардың келмеуіне, көбеймеуіне мүдделі бір топ Үкіметтің өзінде отыр. Оралмандардың жолын тосуға, қазақтардың бірікпеуіне қарсы заңдар сол ықпалды топтар тарапынан қабылданды. Әрине, бұл заңдарды қабылдау үшін олар ақпараттық мүмкіндікті кеңінен пайдаланды. Ақпараттық құралдар, қоғамдық ұйымдар арқылы оралмандарды қоғамға тиімсіз, жағымсыз етіп көрсетіп бақты. Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың көші-қон мен еңбек мигранттары туралы шығарып отырған заңнамаларынан осындай бағыт байқалып қалады. Вице-министр Мәдина Әбілқасымованың мәлімдемесі күдік тудырады. Ол мәлімдемеден мен дерек көзін көре алмадым. Бұндай зерттеу қашан, қайда, қалай жасаған? Кімнің қандай жұмысқа орналасқаны туралы бізде мониторинг жоқ дейді, солай дейді де, өз сөзіне өзі қайшы келеді. Мониторинг жасалмаса білімді адамдар келмей жатқанын қалай біліп отыр?! Қандай статистикаға сүйенген?!

2007 жылдан бері «Оралман» электронды базасы жұмыс істейді. Ол жерде мәліметтер біраз тиянақты. Статистика жүргізу қиын емес. Алайда бұл база да бүкіл 23-24 жылғы жағдайды сипаттап бере алмайды. Олар сырттан келген оралмандардың санын ғана емес, олардың елге келгеннен кейінгі табиғи өсімін де айтуы керек. Жиырма жылдан бері қарай келіп жатқан қандастар демографиямызға айтарлықтай үлес қосып отыр емес пе. Оралмандардың жақсы жағы айтыла бермейді, қоғамдық орындарда болсын, Үкімет тарапынан болсын ылғи да жағымсыз етіп көрсеткісі келеді. Керісінше, оралмандардың аз дегенде 70 пайызында арнаулы және жоғарғы білім бар. Неге десеңіз, қандастарымыз тұрып келген көрші елдердің білім жүйесі бізден әлде қайда сапалы екеніне ешкімнің дауы жоқ. Үкімет оралмандардың еңбек күшін пайдалана білмейді. Біздің елде көрші елдерден келіп, нәпақа тауып жүрген еңбек мигранттары көп. Олардан гөрі қандастарымыз көптеп орала берсе қай жағынан болса да мемлекетке тиімді емес пе әрі еңбек күші әрі демографиямыз жақсара түседі. Украинадағы жағдай әсер еткен болуы керек, билік қазақтар туралы қайта ойланып, басқаша шешім қабылдай бастады. Енді қолынан түк келмесе де қазақтардың келе бергені, көбейе бергені оларға тиімдірек болатыны анық. Халық санының арта түскені билікке қай жағынан болса да тиімді.

Қазақтардың елге оралуы интелектуалдық және экономикалық жағынан да елге өлшеусіз үлес қоса беретін болады.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3511