Жаңа жыл жақындағанда баға неге аспандайды?
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Үкіметте өткен баспасөз брифингінде Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бағаның неге қымбаттайтынына қатысты пікір білдірді.
Сондай-ақ вице-министр Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасының қымбаттау ықтималдығына қатысты өз болжамын да айтты.
Журналистер одан: «Мереке алдында бағаға қатысты әбігер болуы мүмкін бе?» деп сұрады.
Бүгінгі таңда ешқандай әбігердің болатынын күтіп отырған жоқпыз. Жаңа жылдық дастархан – адамның жағдайына, мүмкіндігіне және қалауына байланысты. Оны 50 мың теңгеге де, 500 мың теңгеге де жасауға болады. Бәрі қалтаңызға және қалауыңызға қарай, – деді Айдар Әбілдабеков.
Сонымен қоса ол Жаңа жыл алдында сатып алу мүмкіндігі әдеттегіден артады деп отыр.
Жаңа жыл жақындаған сайын халықтың сатып алу қабілеті бірнеше есе өседі. Барлығы бір күндік дастарқанға ғана емес, алдын ала қор жасап алады. Сондықтан сұраныс артады. Мен 90-жылдары өзім де саудамен айналыстым. Сол кезде жаңажылдық екі-үш күндік табысым бүкіл айлық табыстан көп болатын. Егер кез келген тауардың аздап тапшылығы болса, сатушының бағаны көтеруге деген ниеті пайда болады, өйткені тұтынушылар оны бәрібір сатып алады. Мемлекет бұны бақыламайды, тек әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша қадағалайды. Қалған тауарлар – еркін нарықта, – деп түсіндірді вице-министр.
Abai.kz