ЖҰМЫСТЫҢ ЕҢ АУЫРЫ... ЖҰМЫСҚА БАРЫП ҚАЙТУ
Жұмыстың оңайы жоқ. Қай жұмыс болса да өзіндігімен ерекшеленеді. Мысалы, құрылысшылар халықтың баспанасын, басқа да өнеркәсіптік, қоғамдық, әкімшілік, мәдени және т.т. ғимараттарды тұрғызады. Олардың сол үйлерде, ғимараттарда қолтаңбасы, маңдай тері қалады. Олар сонысымен де мақтанады. Әрбі мамандық иесі де осындай ерекшеліктерімен мақтана алады. Өйткені, олар өздері үшін ғана еңбек етпейді., басқаларға да қызмет етеді, алғысын алады. Бірақ, менің айтпағым бұл емес.
“Жұмыстың ең ауыры – жұмыс іздеу” дегенді естуші едім. Бірақ, одан да ауыры бар екен. Жұмыс істеу үшін ең алдымен жұмысқа бару керек емес пе? Әркімнің үйінің жанында дайын тұрған жұмыс бар дейсіз бе?
Мен Қызылордадан өткен жазда көшіп келдім. Жұмыс іздеу қиын болмады. Бір күнде-ақ өзімнің мамандығыма сәйкес жұмыс та табыла кетті. Қиналмай жұмыс тапқаныма да қуандым. Алматыдай алып шаһарда жұмыс жетерлік екен .
Бірақ, қиыншылықтың көкесін жұмыстан емес, жұмысқа барып қайтудан көрдім. Жұмыс таңертеңгі сегіз жарымда басталады. Алғашқы күні уақытымды артығымен есептеп үйден шықтым. Соған қарамастан жұмысқа кешігіп бардым. Кешікпейін десем де, кешігуге мәжбүр етті. Келесі күннен бастап жұмысқа екі сағат бұрын шығатын болдым. Қоғамдық көлікке отыру да мұң болды. Автобус есігінен бір аяғымыздың енгеніне де қуанатын болдық. Өйткені, кейбір автобустар аялддамаға тоқтамай да кетеді. Ондай кезде жеңіл автокөліктерге (такси емес) қол көтереміз. Олар да жолы бір бағытта болса 200-300 теңгеге ала кетеді. Оларға да рахмет. Кешігуге болмайды. Еңбек тәртібі солай.
Жұмыстан шаршап шыққанда, одан қайту да оңайға соқпайды. Жұмысқа келгендегі жағдай тағы да қайталанады. Әкімдікке, басқа да билік орындарына реніш те осындайдан туындайды. Олар да бұл жағдайды білмей отырған жоқ. Қолдарынан келгенін істеп-ақ жатыр. Бірақ, одан басқа да жағдайдың, атап айтқанда, қоғамдық көліктегі тәртіптің ақсап жатқанын күнде көріп жатырмыз. Бұл туралы аз айтылып та, жазылып жатқан жоқ. Таңғы және кешкі уақыттардағы автобустардың қозғалыс жиілігі (интервалы) 7-10 минут болғанымен, кейде бұл жиіліктің 15-20 минутқа, тіпті одан да көп уақытқа созылып кететініне жиі куә боламыз. Сондықтан да тиісті орындар осыған көбірек көңіл бөлсе екен дейміз.
Алматылықтардың көпшілігі жұмыстан емес, жұмысқа барып келуден шаршайды. Отбасындағы әңгіменің бір бөлігі осы туралы болып келеді. Қалалықтар әкімдіктен бар мүмкіндікті жасауды, жағдайды толығымен түземесе де, біршама ретке келтіруді сұрайды. Қалай болғанда да жұмыс істеуден емес, жұмысқа барып қайтудан шаршамайтын болайықшы. Жұмыс істеуден шаршаған ештеңе емес. Өйткені, шаршап жұмыс істеудің де өз шарапаты болады. Сондықтан әкімдіктен “жұмысқа барып қайту шаршауынан” құтқарса дейміз. Өйткені, қазір “жұмыстың ең ауыры жұмысқа барып қайту” болып тұр. Өміріміздің 3-4 сағаты жұмысқа барып қайтуға кетсе, одан ауыр не нәрсе болмақ?
Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ.
(Автордың Абай.kz порталының поштасына жолдаған хатынан)