САРАНЫҢ БАСЫН САУДАҒА САЛМАЙЫҚ
«Жас Алаш» газетінде ( № 2, 8 - қаңтар, 2015 жыл) «Айтыстың сырын оның өз болмысынан ізде» айдарымен берілген Несіпбек Айтұлының «Абайдың бас шәкірті немесе Сараның өз мұрасы өзіне жетеді» мақаласына пікір білдіруді азаматтық парыз санап отырмын.
Мақалада: «Әріп 23 жасында Семейдегі училищеге түседі», - делінеді. «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында Қайым Мұхамедханов: «Әріп 1877 жылы, 21 жасында 3 кластық Семипалатинск училищесіне түсіп, үздік оқушы болғанын көреміз», - деп жазады. Үздік емес, Әріп «екпінді» оқушы болғаны сақталған құжат 3 класс оқушыларының бағалау тізімінен (ведомосынан) білінеді. Училищеде оқып жүрген жайларын Көкбай ақын:
«Дүние деп қалтақтап, оқып жүріп,
Бір құрбымен жүрмейді ойнап-күліп.
Бар арманы орысша арыз жазып,
«Высокоблагородие» десе-ақ біліп», - дей келе:
«Үшеудің енді бірі - Әріп өзің,
Уәдесіз деп жүр ғой жұрт айтқан сөзің», - деп ашады. Әріп 23 жасында сол оқуды тәмамдамай Семипалатинскіден қуылады. Ол туралы Қуанышбай ақын:
«Бұл Әріп оқимын деп шайнап еді,
Семейді неше жылдай жайлап еді.
Бұзықтық осы антұрған мінезінен,
Көтіне дүре соғып айдап еді», - дейді. Мақалада: «Өлеңдерінде және «Біржан мен Сара» айтысында «к...» сөзін тек Әріп қолданады», - делінгені жалған. Қуанышбай ақыннан да көрінеді. Ол сөз арқылы «Біржан мен Сара» айтысын Әріп шығарды деу дәлел болмайды. Айтыс мәтінінде ондай дүрпі сөз айтылса, «Біржан мен Сара» айтысының мәні қазірге дейін салмақты, арда болып бағаланбас еді. Мақалада: «Сара 1878 жылы да емес, 1953 жылы да емес, 1867 жылы туған болып шығады», - депті. «Біржан салдың туғаны 1834 жыл» деп баласы Теміртас дерегімен дұрыс негіздепті. Бірақ, Біржан сал ақын Сарамен 37 жасында емес, 50 жасында жолыққан деп дәлелдеп бағады. Болжаумен Абай отауына 1884 жылы Біржан келген деп ұштастырады. Соңында «Біржан мен Сара» айтысын шығарған Әріп дегенге келтіреді.
Ақын Сараның өмір сүргені 1876 -1916 немесе 1878-1916 жылдар деп кеңес дәуірінде бұрмаланып жазылғанына сенсек, «Жас Алаш» газетінде осы мақала тақырыбында жазылғандай «Сараның өз мұрасы өзіне жетеді» емес, жалпы шығармашылық ақын Сараныкі болмай шығады. Сарамен айтысқан шыншыл ақын, ұлы мен орта жүзге араша би болған, Есқожаұлы Төребай арқылы «Қазақ әдебиеті» газетінде дәлелдеп берген жазушы Бексұлтан Нұржекеев болады. Ол: «Ақын Сара 1853 жылы туған», - деп әділетті деректеді. Төребай ақын: «Он төрт жас Әсет ақын сенен кіші», - деп мәліметтейді. Әсет Найманбаев 1867 жылы туған белгілі. 1989 жылы шыққан «Қазақ ССР қысқа энциклопедиясы», 4-томында Сараның өмір сүргені 1853-1907 жылдар деп жазылғаны дұрыс. Ақсу ауданының 80 жылдығына арналып шыққан «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу» энциклопедия кітабында ақын Сара 1853-1907 жылдары өмір сүргені көрсетілген. Сара 38 жас емес, мақалада қате көрсетілген 44 жас та емес, 54 жасында қайтыс болғаны Сараның «Қош бол елім» деген арнау шығармасынан байқалады. Онда ақын Сара: «Елудің үшеуіне келгенімде, дерт жеңіп, қалып барады өлеңім де», – деп уайымдаған. Көз жұмарында ақын Сара: «Қарауытып қара көр келді білем, аласарт жастығымды басымдағы», - деп айтқанын халық ақыны Қуат Терібаев көпке жеткізіпті. Мақалада: «Сараны 1853 жылы туды дегеніміз жоққа шығады», - деп жазғаны жөн емес.
«Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабында Мырзатай Жолдасбеков Жамбыл Сарамен 1875 жылы кездескенін жазады. Жамбылдың Сараға ғашық болғанын да келтіреді. Мақалада: «Жамбылға Әріп «Біржан – Сара» айтысының кейбір жерлерін жатқа айтып беріп жүрді», - дегенді келтіреді. Бұдан Мұхтар Әуезов айтқанындай, Әріп «Біржан мен Сара» айтысын жатқа айтқандардың бірі екені аңғарылады. 1896 жылы Сараның ауылында (Үш Кәукен жері, Тасыбай елі) Шаһкерім Абайдың ұлы Әбдірахманның сүйегін түнетіп шығарады. Бұл туралы Мәкей Еркінбековтың жазған естелігі бар. Мәкей онда 9 жаста екен. Сара Абайға жеткізуді өтініп, «Көңіл» айту өлеңін жолдапты. Оны Шаһкерім Абайға жеткізіпті. Шаһкерімнің анасы Сараның аталас туысы Тастемір елінің қызы. Әбдірахманның сүйегін түнеткенде ақын Сара 43 жаста екен. Мақалада: «Тарих тамырына үңілмей, зерттемей, сыртынан тон пішіп, ой-жота сөйлейді», - деген пікір айтылады. Тек өз пікірлерін жөн санап, басқа айтушылардікін мақаладағыдай «қисынға келтіргіміз келсе де» деп мүсіркеуге болмайды. Мақалада: «Біржан мен Сара 1871 жылы кездесіп, айтысқаны сендірмейді. Біржан мен Сара 1871 жылы жолықты дегенге негіз жоқ», - делінеді.
Ақын Сарамен айтысында Төребай: «Өзіңді Бекбайға қосып, бата беріп, білемін Біржан сені құтқарғанын» немесе «Ояз бен Біржан салдың достығынан, сен болдың Жиенқұлдан мүлде азат», - деп айтқанына сенбеу күпірлік. Ақын Сара: «Ол рас, Біржан маған пана болған, Бекбай мен маған «өкіл әке» болған», - дегенін қайтерсіз. Сараның күйеуі – Бекбай Алтынбек баласы, руы – Тасыбай. Бекбай 1852 жылы туған. Салмақты, сабырлы сөйлейтін, ұзын бойлы, қараторы жігіт болыпты. Ат-тұрманы, киген киімі көзге түсіпті. Сараны айттырып, малын берген соң, Бекбай ұрын келіп жүріпті. Себебі екінші әкесі Толыбай хал үстінде жатады. Толыбай қайтыс болған соң, Сара бір жыл орнын күзетіп, одан соң ғана Бекбайға күйеуге шығыпты. Бекбайды Сара өзі ұнатып таңдапты. Бекбайдан басқа Сараның әуес немесе ынтыққандары еш болмаған. Сараның аталас туысы Байтолықов Мейрамбай: «Сараның әкесі – Сұлтанбек, шешесі – Жананыс (Жаншөке). Сұлтанбектен үш бала болды. Үлкені – Тұрсын, екінші ұлы – Кәкежан, үшінші қызы – Сара. Сұлтанбек қайтыс болған соң, Жаншөке қайнағасының баласы Толыбайға атастырылды. Жаншөке Толыбайдан үш бала көрді. Олар: Таласбай, Сақария, Бейіс (қыз бала). Тастанбек Сұлтанбектің лақап есімі. Сұлтанбек отыз жеті мүшел жасында, Сара туғанда қайтыс болған», - деп деректейді. «Қорлық» деген өлеңінде Ақын Сара: «Құдай-ау, әкемді алдың туа сала, атанттың жесір кемпір, жетім бала», - деп айтқан.
Біржан сал Сараға жолықпай тұрып, Сараның шешесі Жаншөке және сіңлісі Бейіспен өлеңмен сөз қағыстырады. Біржанға Сараның сіңлісі Бейіс: «Сазайыңды ертең сенің Сара берер, мені жас, ал шешемді кәрі дейсің», - деп айтады. Біржанның Сараның шешесі және сіңлісімен қақтығыс мәтіні Әйтімбетұлы Шүтембай, Бейсебаев Бейсенбек, Дәмелі Имашқызы, Балтабай Қожамұратов, Ерғали Жылқыбаев атты зерделі қариялар қолжазбасымен ұрпаққа жетті. Сәбит Мұқанов: «Біржан мен Сара айтысын көлденең біреу шығарды ма деген көңілге күдік туғызатын жағдай, айтыстың былай басталуында: Біржан сал Сараның шешесі, сіңлісімен сөз қақтығыстырады. Айтыс ақылмен өлшеніп шыққан, ішінде көлденең, артық сөз жоқ. Жазба әдебиеттің жақсы үлгілері сияқты», – деп ой қорытыпты. «Ән сапары» кітабында Бісмілда Балабеков: «Біржан сал Қоянды жәрмеңкесіне бара жатып, Найманда Сара деген ақын қыз бар. Ешкім оны жеңбеген. Өзі сұлу, айттырған күйеуі таз, құныс. Қыз малға сатылған дегенді естіп, алты серігімен Сараның ауылына тартып береді. Сараға кезігіп, айтысып жеңеді. Қоянды жәрмеңкесінің қызуына жетпей, базары өтіп кетеді. «Алтыбасар» әнімен Біржан өз күйігін, жүрек шерін басып, қасына ерген алты серігінің көңілін аулайды», - деп жазады. Бұдан Біржан сал Жетісуда жаз бойы жүргені байқалады. Тұранұлы Ысмайыл: «Біржан Сараның даңқын Қоянды жәрмеңкесінен естіп, топ нөкер: Ахметжан (Біржанның ағасы Нұржанның ұлы), Атығай, Бұдабай, Тоқабай, Баршын, Әмірхан дегендерді ертіп, Жетісуға барған», - дейді. Міне Біржанның алты серігінің есімдері.
Мақалада: «Елдің айтуындағы Әріп Біржанмен Жетісуға бірге барған», - делінгені шындыққа келмейді. Несіпбек Айтұлы: «Әріп Қапалда жүргенде ақын Сарамен көңіл жарастырып, бір-біріне ынтық болған», - деп жазғаны бар. Әйел теңдігі үшін күрескен, «ақ бата, ақ қой қаны» салтын бұзған ақын Сараны Тәңірберген Қалилаханов Күзембайдан жүкті қылса, Қабдеш Жұмаділов «Әріп пен Сара» («Жұлдыз» журналы) туындысында Сараны Әріппен әуейі жасап, қазіргіше айтқанда жезөкше қылады. Сараның ақын сіңлісі атанған Нұржамал: «Азу тісін ақситқан кәрі бөрі, тиісуі Сараға қай сасқаны», - демекші, ақын Сараның ондай іске кеудесінде қанжары бар, «қызға қырық үйден тыю» деген үрдісті берік ұстаған. Мақалада: «Айтыс түрінде жазылған ақынның бұл әйгілі поэмасы туғанына 150 жыл толуына орай шыққан шығармаларының толық жинағына кіргізіліп, өз дүниесі өзіне қайтарылған болатын. Соған қарамастан Сараның жыртығын жыртқансып, даудың сөніп қалған шоғын қайта үрлеушілер шыға бастады», - делінеді. Айтысты жинаққа кіргізіп, Әріптікі жасап, көпке дүрмек қылған өздері. Енді кеп «Сараның жыртығын жыртқандар» деп сөзбен түйрейді. Мақала авторы қолданған «жыртығын жыртыпты» деген тұрақты тіркеске назар аударсақ қандай мағынада айтылғаны белгісіз. Бұл тіркес «Сараның намысын немесе жыртысын жыртып» деп қолданса әбүйір болар еді. Алғаш баспадан «Қисса. Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деп шыққанды «поэма» деп өзгертеді. «Сонда ауыз әдебиеті жанрлары айтыс пен қиссаны поэмадан айыра алмағаны ма» деген ой туады. Халыққа кең тараған «Тәуке мен Ұрқия» айтысын да Әріптің шығармасы қылып, кітапқа ендіріпті.
«Бостандық алғаным бар болсын, сөз салмаған жан қалмады» деп Сараның өзі айтпақшы, Әріптің «Сараға ғашық хаты» деп жүрген шығарма Әрімханның толғауы. Әрімхан ғұлама молда, араб тілін жетік біліп, балалар оқытыпты. Бiржан салдың бас шәкiртi Әрімхан Сүйiнұлы (1836-1901 ж.ж.) палуан, сал-сері, ақын, әншi болыпты. Әрімхан туралы зерттеп Ілияс Жансүгіров пен Ғабит Мүсірепов Қызылжар өңіріне экспедиция жасап барыпты. Ондағы жиналған материалдар 1931 жылы ашаршылық кезінде құртылыпты. Баспасөз беттерiнде: «Ол толғау Ақан серiнiң «Тағырыпың» мен «Шамсиқамар» өлеңiнiң көшiрмесi», - деген пiкiрлер айтылған. Әрімхан досы Біржан сал үлгісіне ұқсап баққан. «Әрiп ақын Сараға ғашық болған ба?» («Қазақ әдебиетi», 1996 жыл, 19 қараша) деген материалында Өтепберген Ақыпбекұлы Әрiп пен Сара арасындағы ғашықтықты жоққа шығарған. Ал, Біржан салдың Сараға ғашықтығы туралы айтылмайды. «Алтыбасар» өлеңінде Біржан:
«Ай қалқа жан туған жоқ сенен асар,
Көңілім кетіп, сәулем, болды-ау нашар.
Айырылып сенен қалқа қайтқан түні,
Ән етіп бір салайын «Алтыбасар», - деп айтады.
«Біржан мен Сара» айтысының екі нұсқасы Қазан қаласынан басылып шыққан. Бірінші нұсқаны бастырып шығарған Жүсіпбек Шайхысламұлы, 1898 жыл, «Қисса. Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деп аталады. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Санжар Аспандияров, Темірбек Жүргенов секілді көрегендер: ертеде өткен ақын, жазушылардың қисса, дастан, жыр, айтыстарын «өзім шығардым» деп Қазан, Ташкент қалаларында кітап етіп, бастырып шығартқан Жүсіпбек қожа Шайхысламұлы автор емес, ел аузындағы деректерді біреулер арқылы жинаған адам екенін әшкерелепті. Екінші нұсқаның көлемі көбірек 173 жол, 1899 жыл, «Қисса. Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» деп аталады. Зайсан қаласынан мәтінді баспаға жіберген беймәлім жан. Осы беймәлім жанды Қайым Мұхамедхановтың еңбегіне сүйенгендер Әріп деп есептейді. «Зияда – Шаһмұрат» қиссасына бола Әріпті Абай сынаған, соған Әріп ашынып, «Біржан мен Сара» айтысын шығарып, Абайды жамандап есе қайырған дегенге сайдырады. Бұл күмәнді нәрсе, жөнге сыймайды. Тобықты Қуанышбай ақынның: «Әріпке сәлем жаздым үш қайтара, шығардым деп оттапсың «Біржан-Сара», – деген сөздерін ескерсек, Әріп жазды дегеннің дәйегі болмайды. Мақалада: «Әріптің «Біржан мен Сара» айтысты деп шығардым деген шумағы жаңадан табылды», - делінеді. Ол шумақ Қуанышбай ақын сөзінен кейін айтылмаса керек. Нақты Әріп айтысты шығарса Қуанышбай ақын Әріпке олай демес еді. Академик Мұхтар Әуезов: «Анығы, Әріп соңғы айтушы болғаны рас. Ол хал айтысты Әріптікі ете алмайды»,– деп жазғаны әділ-ді. Мақала авторы ақын Сараны 1867 жылы туған қылып, Әріпті «Біржан мен Сара» айтыс мәтінінің авторы жасап бағады. Бұған Әріпті автор жасау үшін бұрмалау әсері жоқ па деген ой туады. Сараның туысы Оразбек ата: «Мәйіт басына зираты түспепті, Сараның дауы бітпейді» немесе Тахауи Ахтанов: «Деректі іздеу керек», - дегендей, Әріптің өзі: «Біржан – Сараны» сіз шығардыңыз ба?» - дегенде, біраз үндемей отырып, «бұл сөзде қанша күнә бар екенін білмеймін» деп күмілжуінде, үлкен мәселе жатыр.
Қазақ романына бәйге жариялаған Есеқұл Маманов пен белгілі қайраткер Біләл Сүлеев: «Әріп 1888 жылы Тасбекетте /қазіргі Ақсу ауданының орталығы, Жансүгіров деп аталады/ почта бөлім начальнигі болып істеген», - деп деректейді. Бұл Әріп жайында жазылған өмірбаян жылдарына тап келеді. Одан сол почта қызметімен Верныйға барады. «Әріп Қапалда қызмет істеді», «заң қызметкері болды», «Қапалда жүріп айтысты жазды» деген деректер құр ойдан құралған долбар. Әріп айтысты жазды деген тағы бір ілік айтыс мәтінінде айтылған 63 аталар есімі. Көбінің руы Найман Қаракерейден болуы. Әріптің тегі Қаракерей-Сыбан болғандықтан айтыс мәтінін сол шығарған деп болжайды. Айтысты шығарып, ақын Сараны «ақ бата» бұғауынан құтқарып, Әріп Верныйға кеткен деп те жазғандар бар. Айтыс мәтінінде айтылған аталар сол кезеңде атақ-даңқтары шығып, елге дүркіреп тұрғандары рас. Айтысты қисса қылып шығарған ақынның шежіре білгендігі айқындалып тұр. Ол Мырзағұлұлы Толғанбай (1844-1897 ж.ж.) ақын. Толғанбай 17 жасында үш жүзге мәшһүр Байқошқарұлы Түбекті жеңген. Толғанбай ақын 41 жасына дейін үйленбей, сал-серілік өмір кешкен. Ұлы жүз бен Орта жүз елін көп аралаған. Сал-серілікпен Қаракерей, Арғын, Қызай елінде жылдап қонақ болған. Арсалаң екеуі Біржан салмен жақсы достық қарым-қатынаста болған. Толғанбай мен Арсалаң ақын Сараға жанашыр, аталас туысы болып келеді. Айтыста айтылған игі жақсылардың барлығының отауында болып өнерін тамашалатқан. Сараны бұғаудан құтқару үшін Біржанды Арқадан Толыбайұлы Арсалаң екеуі астыртын шақыртқан. Себебі «ақ батаны» бұзуға Ояздың құзыры қажет болған. Біржан Қапал уезін басқарған ояз Рентальды және Омбы губернаторлығының қызметкері Дюгамельмен жақсы тамыр-таныс болыпты. Біржан сал: «Омбыда Дюгамельге өтініш қып,
Қорғауға сол баланы талап қылдым.
Сарадай балғын қызға қамқорлық қып,
Құтқардым жауыздардың тырнағынан», – деп ақын Сараға жасаған қамқорлығын өлеңмен баяндайды. Сара қызға сырттай ғашық болған Біржан сал астыртын шақыртуды қабыл көріп, ақын Сараға азаттық әперген. Бұл оқиғаны ұмыт қалдырмау мақсатында Толғанбай ақын қисса қылып шығарып, қолжазбаның бір данасын Тұрысбекке, бір данасын Біржанға, бір данасын Сараға берген. Біржан сал: «Салдым мен ою-өрнек асыл жырдан,
Тайдырмай аяғымды жалғыз қылдан.
Кездесіп Наймандағы Сара қызбен,
Толғанбай айтыстырып, қисса қылған», - деп айтыпты. Толғанбай ақынның шығармасы деп, «Біржан мен Сара» айтысы мәтінін Қожамұратов Балтабай, Ерғали Жылқыбаевтың жазып кеткен үлгісі ұрпаққа жетті. Ол айтыстың баспадан шыққаны мәтіндегі адам аттары, айтыс кезегі, сөз саптауда көптеген айырмасы бар, басы мен аяғы түйінделген туынды болып келеді. «Зияда-Шаһмұрат» қиссасын Қазан қаласына жiберген Жақып Бижiгiтұлы болған. Қалай екені белгісіз, Әріп туралы жазғандар: «Жақып Бижігітұлы - Әріптің бүркеншік аты», - деп айтады. Ол олай емес. Жасынан хатқа жүйрік жорға, молда Жақып Әмірханның шәкірті болған. Сондықтан «Зияда-Шаһмұрат» қиссасы Әріптікі деу де күмәнді. Абайды жамандап, қарсыласып, тайталасып жүрсе, Әріп қалай оның бас шәкірті болмақ. Абайдан «үйрен, өнеге ал» деп Әріпті оңды жолға салған Көкбай ақын. Абайдың шәкірттері Шаһкерім, Абайдың ұлдары екені анық. Әріп Сыбан елінен шыққан жеті атасы қаракөк «дұт» атанған тұқымның жалғасы болады. Мақалада: «Қиссаның авторы Әріп екендігін Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Нұрлыбек Баймұратов, Ғали Орманов, Сапарғали Әлімбетов, Шәкір Әбенов, Нұрлыбек Баймұратов, Төлеу Көбдіков, Тахауи Ахтанов, Саду Машақовтың куә сөздерімен дәлелдеген ғалым Қайым Мұхамедханұлы», - делінеді. Қайым Мұхамедханов «Біржан мен Сара» айтысын Әріп шығарған дегенде, Әбікей Сәтпаев пен Абайдың ұлы Тұрағүлдың әңгімелеп айтқандарына ғана сүйенген. Есімдері айтылған қазақ әдебиет майталмандары мен ақындарының «қиссаның авторы Әріп» деп айтып немесе жазып кеткендері жоқ. Пікір таластырғандары болған. «Қисса Әріптікі» деп мақалада айтылғандай жалғандыққа олар бармаған. Баспаға қиссаны Зайсаннан жіберген беймәлім жан - елі Керей, Әрімхан Сүйінұлы. Төртуыл Сегізбай би ауылынан Қазан қаласына «Біржан мен Сара» айтысының мәтінін жіберіп, өз есімін сақтықпен жазбай қойған. Өйткені, «ақ патшаның солдатын өлтірген» деген жалған жазадан тасаланып жүрген. Қазан қаласында баспахана барын, айтыс мәтінін жіберген Әмірханға айтқан қажы Насиров Сапа. Насиров Сапа қажылықтан кейін Сарқан қаласында тұрыпты. Нәсілі өзбек. Уфа, Қазан қалаларында мұсылманша жоғары білім алған дәріпті жан екен. Біржан сал Сараны «ақ бата» бұғауынан құтқаруға Ешкіөлмеске келгенде Әрімхан қасына еріп келген алты жігіттің бірі болған. Ол Біржан мен Сара айтысының қиссасын хатқа түсіріп көшіріп, қолжазба қылып елге де таратыпты. Мақалада: «1978 жылы Сараның туғанына 100 жыл, 1992 жылы 125 жыл толғаны туралы мереке атап өткені дұрыс деп ойлаймыз», - делінген. Рас 1978 жылы «әйел теңдігі» Сараның есімін ұмыттырмау мақсатымен 100 жылдығы Республика деңгейінде облыста аталып өтілді. Одан ақын Сараның 115, 130 жылдығы да тойланды. Тіпті қателесіп 1993 жылы Біржан мен Сара айтысқанына 100 жыл деп те аталып өтілді. Мұның бәрі даңғаза шаралар болды. Сараға деген қиянат әлі таусылған емес. Жеке кәсіпкер Жабықбаев Нұралы Сараға қоладан ескерткішті өз қаржысына Қарағандыдан жасатып әкелгенінде облыс орталығынан соңы орнатуға көрікті жер бөлінбегенін қайтерсіз. Ескерткіш басында тасаға орнатылып, одан журналистер мен белсенді көптің беделімен көшеге қаратып түзетілді. Мақалада Біржанның Жетісуға келгеніне күмән тудырып, ол 50 жасында барған дегенді келтіреді. Біржан сал Жетісуға сан мәрте келген. Сараны бұғаудан босатқан, одан екі жылдан соң Саты жайлауында өткен Бекбай мен Сараның қосылған тойында, Қырғыз Шабдан манап, Есімбек, Тұрысбек, Қожабек, үш Кәукендегі Алтынбек отауларында талай болған.
Хакім Абай: «Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық, саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық», - деп айтқанындай, бір жақты емес, жоқты тауып, факті, деректерге жүгіне сараласақ жөн болады. «Өлген соң сүйегімді соттаймысың», - деп Әріп ақын айтқанындай, қазына сөз асылын тастап кеткен даналарды бұрмаламай, әділімен сараптасақ - абзалы сол.
Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ.
Талдықорған қаласы.
Абай.kz