НӨМІРІ... ӨМІРІ
Өткен жылы еліміздегі автокөліктердің нөмірлерін «халықаралық стандартқа сай» деген сылтаумен өзгерту басталған кезде кейбіреулер өре түрегеліп еді – «неменеге қайта-қайта ауыстыра береміз, бұл дегеніміз сол үшін бюджеттен ақша бөлдіріп, соны талан-таражға салып жеудің кезекті бір тәсілі емес пе?» деп. Әйтсе де айтылған әңгіме-уәждер «далада қалып», күні бүгінге дейін жаңа нөмірлер «өндіріске енгізіліп» жатыр. Сол үшін бюджеттен қанша ақшаның бөлінгенін, ол ақшаның ойдағыдай игерілген-игерілмегенін ешкім білмейді, шынтуайтына келгенде. «Іс бітті, қу кетті» дегеннің кері. Ал енді біздің «белсенді депутаттарымыздың» бастама көтеруімен жақында жеке бас куәліміз тағы да ауыстырылатын болды. Себеп пе? Себеп біреу-ақ: «ЦВЕТНОЙ» ЕМЕС, сондықтан ӘДЕМІ ЕМЕС.
Қысқасы, үстіміздегі желтоқсанның бірінен бастап жеке бас куәліміздегі «черно-белый» суреттің орнына әп-әдемі... «цветной» сурет ауыстырып, «халықаралық стандартқа» сай жаңа куәлік алу «науқаны» басталып кетті. Біз іш тартып қалдық: «оу, бұл дегеніміз тағы да бюджет ақшасын быт-шыт қылып талан-таражға салу емес пе?» деп. Сөйтсек, олай емес көрінеді, өйткені Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Нұрділдә ОРАЗ мырзаның айтуына қарағанда, бұл жолы бюджеттен бір тиын да бөлінбепті. Ал енді біздің қолымыздағы тағы бір ресми мәліметке назар аударатын болсақ, жаңа куәліктегі түрлі-түсті фотографияларды басуға қажетті қосымша модулдер 200 миллион теңге тұратын көрінеді, бірақ бұл қаражат бюджеттің қалтасынан емес, басқа бір «көзден табылған» екен.
Ойпырмай, сонда осынау 200 МИЛЛИОНДЫ мемлекетке шытырлатып тұрып санап бере салған «қолы ашық һәм жомарт алпауыт-олигарх» кім болды екен, ә! Ойланатын мәселе, өйткені бұл туралы ресми мәлімет жоқ.
Марат МАДАЛИМОВ.
Абай.kz