АБЫЛАЙ ХАНҒА МИКРОФОН ҰСТАТҚАН ҚАЗАҚ
«Көрмейін десем, көзім бар» деп ақын Гүлнар САЛЫҚБАЕВА айтқандай, жақында мынандай бір қызық диалогтің куәсі болдым: жол жүріп жүрген көпшілік қауым жақсы біледі, Алматыдағы екінші теміржол вокзалының тура алдында Абылай ханның зәулім ескерткіші тұр. Тамаша ескерткіш. Кеше бір жұмыстармен дәл сол ескерткіштің жанынан асыға басып өтіп бара жаттым да, ұялы телефонмен айналаны басына көтере барылдап сөйлеп тұрған сымбатты, әрі бастан-аяқ «современный» киінген жап-жас қазақ жігітіне еріксіз көз тоқтаттым. Көз тоқтаттым да, әлгінің әлдекімге айтып жатқан әңгімелеріне еріксіз құлақ түрдім. Сондағы естігенім мынандай да мынандай сөздер: «Әй, қайда жүрсің осы уақыттқа дейін, екі сағат болды ғой сені күтіп тұрғаныма?» дейді. Телефонның арғы басындағы танысы: «Қай жерде тұрсың?» деп сұраған болса керек, «Тұрмын ғой вокзалдың алдындағы... басына «ковбойский шляпа» киген, бір қолына «сабля», екінші қолына микрофон ұстап, асау атқа мініп алған «здоровый» бір «ковбойдың» ескерткішінің жанында» дейді тағы да... жанынан ары-бері өтіп жатқандардан еш қысылмастан. Осы жерде мен шыдамай кеттім де, «Ау, бауырым, тым болмаса ескерткіштің жазуына назар аударсаңшы, «тайға таңба басқандай ап-анық жазылып тұр ғой, «АБЫЛАЙ ХАН» деп... десем, әлгі қазағым мен көрсеткен жазуға мойынын соза бір қарап алды да, тағы да жас жігіттерге тән емес барылдақ дауысымен: «Иә-иә, какой-то Абылай хан дегеннің ескерткішінің жанында тұрмын» деп салды.
Ал керек болса!
Рас, кейінгі жастарымыздың арақ-шарап дегендеріңізге онша әуес болмай, зыр жүгіріп оқып, жұмыс істеп жүргендеріне қарап, қатты қуанамын. Алайда «бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» дегендей, зәулім тұғырдағы «ескерткіш-Абылай ханның» басындағы бас киіміне, бір қолындағы аса таяғы мен бір қолындағы қылышына қарап, оны американдық ковбойға теңеп тұрған «жаңа қазағыма» қарап, қатты қарным ашты. Үйде де, түзде де... тіпті әжетханада отырса да қолынан ішінде интернеті бар ұялы телефонын тастамайтын қазіргі жастарымыздың арасынан ішінара болса да тарихымыздан мүлде мақұрым... әлгінің өз сөзімен айтқанда, мүлде «тупойлары» кездесіп тұрады.
Жастарымыз қайда бара жатыр өзі... ішінде интернеті бар ұялы телефондарына үңіліп алып?
Марат МАДАЛИМОВ
Abai.kz