Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Сұхбаттар 24057 4 пікір 25 Қараша, 2014 сағат 09:59

Жайна СЛАМБЕК: ПОП-ЖУРНАЛИСТЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Қазақ тележурналистикасында елге етене танымал өзіндік аты мен заты бар кәсіпқой мамандардың бірегейі – Жайна Сламбек. 90-жылдарғы нағыз «Хабардың» «шинелінен шыққан», кейіннен бір өзі бір арна болған Жайна-журналистің экрандағы екпіні де, еркелігі де ерекше әлем. Оның тележәшікті толғататын, түйсігі барды толғантатын, көрерменін тербететін де, теңселтетін де бағдарламасы әдетте ойлы жұртқа арналатын.

Бірер жыл көгілдір экраннан көрінбей кетіп, соңғы уақытта «мен айтамын» деп, «Астана» арнасынан тепсіне шыққан талантты тележурналиспен «Бейсенбідегі бетпе-бет» айдары аясында қысқа-нұсқа тілдесудің сәті түскен еді. Өзгелер туралы өзегі жарыла сөйлейтін қыз өзі және өз кәсібі жөнінде не айтты екен – төменге назар салыңыз.

–Жайна ханым, бірер жыл телеарнадан қол үзіп кетіп, өзіңіздің сүйікті кәсіпке қайта оралған сәтте журналистика сізді жатырқап қалмап па?

– Журналистиканың «Жайна бала бағып отыр ғой, бала тәрбиесімен айналысып жатыр ғой» деп, «жүрісін» аяңдатпайтынын білсем де, балам әңгіменің «парқын» түсінгенше қасында отырдым. Себебі «ол кім, бұл не?» деген сауалдарды қойғызбай түсіндіру, асықпай түсіндіру (жұмыстан шаршап келіп, бір-екі ауыз сөзбен емес) маңызды деп ойлаймын... Ал демалыстан шыққан соң, жұмысқа аса бір құлшыныспен кірістім. Сағынғасын. Өйткені журналистика – менікі. Мен мамандығымды қадірлеймін және оны өзімнің көңілім толатындай етіп істеуге барымды саламын. Сондықтан журналистиканың – мені, менің – журналистиканы «жатырқап» қалуым мүмкін емес.

– Кезінде «Хабар» арнасы дүркіреп тұрган кезде сізбен бірге елге танылған әріптес құрбыларыңыздың біразы теле-бастық болып кетті (Ләззат Танысбай, Бибігүл Жексенбай), енді біреулерін экраннан көре алмай жүрміз (Дана Нұржігіт). Олардың экрандағы орнын әртістер мен шоумендер басып жатыр. Сізге осы жағдай қаншалықты олқы көрінеді?

– Мен уақытымды қадірлеймін және миды «қоқыр-соқырмен» толтырмауға тырысамын... Әрине, шоу-бағдарламалардың көрермені бар. «Талғамға талас жоқ» дегенмен, мені тітіркендіретіні – түк те күлкілі емес, мағынадан да, мәдениеттен де жұрдай бағдарламаларды тесіле көріп отыратын адамдардың көптігі. Телеарналардан көрсетілсе, отыра қарап, тамашалайтындардың ырза болып күліп отыратыны. Бұл жалпыхалықтық деңгей емес шығар, бірақ жақсы тенденция емес. Ал әріптестерге келер болсақ, әркімнің өзіндік таңдаған жолы болады...

– Бұрындары журналистика кез келгенге қол жетпес арман болса, қазір екінің бірі журналист болып жүр. Ақылы оқумен диплом алу – базардан бәліш сатып алумен пара-пар болды. Бұл жағдай осы кәсіптің тым арзандап кеткенін білдірмей ме?

– Мықты журналист болу үшін, журналист болуды армандау және журналистика факультетін бітіру жеткіліксіз. Мықты журналист – қоршаған ортасынан бастап, қоғамдағы, мемлекеттегі, әлемдегі тенденциялардың қалай дамып жатқанын, неге «солай» дамып жатқанын білуге ұмтылатын, зерттеп, зерделейтін адам. Ол үнемі оқитын, іздеп жүріп оқитын, талдау қабілетін дамытатын адам. Әрине, базалық элементтері де мықты болуы керек: ата-анасының қандай адамдар екені, алған тәрбиесі, мектепте және университетте берілген білім концепцияларын қалай қабылдағаны, өмірдегі позициялары мен принциптерінің қандай екені – мұның барлығы журналистің мықты немесе орта, тіпті нашар болуына ықпал ететін маңызды факторлар. Ал қарапайым қағидалардан мақұрым журналистердің көбейіп бара жатқаны рас. Поп-культураның ең төменгі сатысы бар ғой: сол сияқты поп-журналистика пайда болды.

– Белгілі тележурналист ретінде айтыңызшы: бүгінгі тележәшікке келіп жатқан шикі журналистердің кесірінен қазақтың тіліне нұқсан келіп жатқан жоқ па? Мәселен, теледидарды миллиондар көретін және тыңдайтын құдірет иесі десек, оның тілдік ортаға кері әсері болуы заңдылық емес пе?

– Нұқсан келіп жатқаны анық. Бір мысал: соңғы уақытта «көретін боласыздар», «еститін боласыздар», «тыңдайтын боласыздар», тіпті «күтетін боламыз» деген қаптаған «болады» шықты. Ашу туғызатын мұндай мысал көп. Телеарналарда журналистердің материалдарын, жүргізушілердің мәтіндерін қарап, редакциялап беретін мықты редактор отырса, дұрыс болар еді.

Профессор Темірбек Қожакеевтің сөзімен айтқанда, «болмаған Белинскийлер мен толмаған Толстойларды» азайту үшін, сол «белинский, толстойлардың» «тамаша текстерін» талдап, оқырманы көп басылымдар (порталдар) мақалалар жариялауы керек шығар.

– Бүгінде телехабар жүргізіп жүрген халыққа танымал бір әншіміз: «Журналистердің түрі әдемі болмаса, аяғы қисық болса, оған біз кінәлі емеспіз» деген екен. Сонда тележүргізушілікте адамның түрі маңызды болғаны ма? Осыған сіз қандай уәж айтасыз?

– Адамдардың танымы, мәдениеті, білімі, деңгейі және талғамы әртүрлі. Адам өз деңгейіне сай, өзінің ішкі сұранысын қанағаттандыратын бағдарлама көреді. Мысалы, түнде шығатын «Познер» хабарын кім көреді? Таңертең жұмыс екенін ойласа да, ұйқысын қиятын интеллектісі жоғары адам көреді. Ол Познердің жалтыраған тақырбасына қарай ма? Жоқ. Сондықтан «түр-сұр» деген әңгіме мен үшін талқылайтын мәселе емес.

– «Көк жәшікті» жекешелендіріп алған әншілер мен шоумендерге көзқарасыңыз кандай?

– Мен әншілер мен шоумендер жүргізетін бағдарламаларды қарамаймын. Себебін жоғарыда түсіндірдім.

– Сіздің бүгінгі бейіміңіз – сараптамалық бағдарламалар. Сол арқылы көпшілік көрерменге таныссыз. Дегенмен, ток-шоу, шоу-думан бағдарламалар жүргізетіндердің танымалдығы салиқалы, салмақты хабарлар жасайтын журналистерден артып бара жатқанын қалай түсіндіресіз? Бұл жеңіл дүниеге бейім жұртшылықтың қалауын өтеу ме, жоқ әлде қазақстандық тележурналистика «жеңіл жүрісті» тенденцияға ден қойған ба?

– «Қазақстандық журналистика «жеңіл жүрісті» тенденцияға ден қойған ба?» – дейсіз, ал дәл соның алдында өзіңіз жауап беріп тұрсыз – «жеңіл дүниеге бейім жұртшылықтың қалауын өтеу» деп. Өкінішке қарай, сұраныстың ток-шоу, ойын-думанға артқаны рас. Егер тереңірек үңілсек, күйкі тіршіліктен шаршап жүрген адамдарды түсінесің – қарқылдап-сыңғырлап күліп алғысы келеді. «Батпақ» тірлікті ұмытқысы келеді. Бірақ батпақ тірліктің балшығы «бақа» бағдарламаларды көргеннен жуылмайды... Екінші жағынан, сараптамалық бағдарлама қалың көпшілік көретін дүние емес. Жаңа ғана Познерді мысалға келтірдім...

– Сараптамалық бағдарламаға ден қоямын деп, өзіңізді қажытып алмадыңыз ба?

– Мидың әрбір жүйкесіне салмақ түсетіні рас. Бірақ бір бағдарламаны аяқтағасын келесі бағдарламаны жасауға қайтадан құлшынып тұрамын...

– Өзге әріптестеріңіз секілді журналист даярлайтын жеке студия ашу ойыңызда жоқ па?

– Білгенімді үйреткім келеді. Онда да өзім сынақтан өткізген талапкерлерге ғана. Өйткені таяуда кәсіптік тақырыпта семинар өткізуге бір студия шақырған. Барсам, көз тоқтатып, «әңгіме» айтатын адам таппадым. Түрлерін айтпаймын – кілең көрікті. Алайда кәсібилік қуғысы келетін талапкерге арнап, дайындап барған конспектімді «арманы диктор болғысы келетін» қыз-келіншектерге оқығым келмеді. Ондайларға дәріс қонбайды... «Ол кім, бұл не?» деген «бала» сауалдарға жауап беріп, ойын жеткізе алмайтын, екі сөздің басын құрап жаза алмайтын әдемі қыздардың бұл өмірдегі миссиясы не екен осы» деп, ойға өзім батқаным бар... Дәл қазір студия ашу жоспарымда жоқ.

– Сіздің журналистік қадамыңыз басталған Алматыны сағынбайсыз ба? Астананың темір мен әйнектен қаланған архитектурасы ауылдың несібесін жеп жатыр деген пікірге не айтасыз?

– Алматының орны бөлек. Албырт шақ Алматыда өтті. Алғашқыда қатты сағынатынмын. Бірақ сабырға түскелі де біраз жыл. Астана менің өмірімнің мәні, мағынасы Алтай дүниеге келген жер...

Аймақтарға да қомақты қаржы бөлінеді. Бюджетті сауатты жоспарлап, ұқсатып жұмсай алмаймыз. Біліксіздікке жемқорлықты қосыңыз. Ауыз суы жоқ, мектебі құлағалы тұрған, жолы ойқы-шойқы ауылдардың несібесін Астана емес, біліксіз, жемқор, қайырымсыз, тоғышар шенеуніктер жеп жатыр.

– Келтелеу болса да, кесектеу ой-пікір білдірген ілтипатыңызға рахмет, Жайна ханым! Жайнадай жайнаған журналист қыз-келіншектеріміз көп болсын!

Сұхбаттасқан –

Жансая ЕРТАЙ,

«D»

Түпнұсқадағы тақырып: «Қарапайым қағидадан мақұрым ПОП-ЖУРНАЛИСТЕР көбейіп барады»

 «Общественная позиция»

(проект «DAT» № 42 (266) от 20 ноября 2014 г.

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1524
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3301
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5918