Жұма, 22 Қараша 2019
Әдебиет 5031 0 пікір 24 Қараша, 2014 сағат 11:58

АБАЙ ӘУЛИЕ МЕ?

 

Абай әулие ме? Осы сұрақтың бүгінгі өскелең ұрпақты қызықтырары сөзсіз. Абайдың өзі әулиенің сипатын былайша жеткізеді: «Бұл үш түрлі фиғыл құданың (бұл жерде махаббат, әділет және ғылым сөз болып отыр – А.О.) соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды. ...Ғашықтары сол хәлге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты» (38-сөз).

         «Иманым» атты жыр жинағында Шәкерім өмірінің соңында әулиелік сатыға шыққанын дәйім паш етеді.  Дәлелге:

                                  Шын асықтың әрбірі

                                  Өліп топырақ болды да,

                                 Жаралыстың тағдыры

                                  Жаратты мені орнына, -

я болмаса: 

                                Әлемді түгел мен көріп,

                                Ешкім мені білмесе.

                                Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,

                                Зияным жанға тимесе, -

деген шумақтарды алсақ та жеткілікті. Әрбір шын асықтың, яки әулиенің белгісі - Тәңіріге ғашықтығы. Шәкерім «шын асықтың әрбірі» деуімен осы ақиқатты айтқан. Ал, «ешкім мені білмесе» дейтіні, әулиенің әулие екенін жан баласы біле алмайды. «Әлемді түгел» (оның ішінде тылсымды да) көретін ерек қасиетін әулие адамның өзі де жасырып бағады. Өйткені, бірден-ақ «қияли, шалығы бар адам» деген қаңқу сөз ел ішін кеулейтінін жақсы біледі. Абай да інісі Шәкерім сияқты тірі әулие болған. Оған сеніміміз кәміл. Өйткені, 1895 жылы «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деген ойшылдың Тәңіріге ғашықтығы толас таппай жылма жыл арта берген-ді. Бұл ішкі құбылыстың  шынайы куәсі - төл шығармашылығы.  

  Төменде Абайдың күнделікті өмірде байқалған  әулиелік қасиеттерін тексерелік. Шаймардан Қосшығұлов деген көкшетаулық азамат патша өкіметінің саясатын жамандап Абайға хат жолдаған. Сол хатқа бола, 1903 жылы жазғытұрым Семейден тергеуші полиция арнайы ат сабылтып келіп, Абай ауылын тінтеді. Әрхам ақсақал оқыс оқиғаны былай деп есіне алады: «Абай киіз үйін тіккізіп қорадан шыққан екен, барған тергеуші: «Сіздің үйіңізді тінтуге келдік, рұқсат етіңіз», - депті. Абай: «Рұқсат, тінт», - деген соң олар барлық абдыра, сандықты ашқызып қарапты. Төсек арасын, жүк арасын, қарамаған жері жоқ. Бірақ ешнәрсе таба алмапты. Әбден шаршап Куприянов деген бастық төренің өзі Абайдың жанына келіп отырғанда Абай: «Тінтіп болдыңыз ба?» – десе, төре: «Қарап болдым, еш нәрсе таппадым», - депті. Сонда Абай: «Сіздің іздеп келгеніңіз мына хат болар», - деп кемзалының төс қалтасынан бір қағаз алып береді. Төре қарап: «Пәлі, осы еді!», - деп күліпті. Сонымен, Абаймен көп сөйлесіп, тамақ ішіп, қонақ болып қалады».  

         Осындай ашуға билетпей, өзін өзі сабырлы ұстаған жағдайларда: «Құдая, бергеніңе тәубе, мен мұсылман екенмін» деп қуанып қалады екен.   

 

        Мұхтар Әуезов Абайдың соңғы кезеңінен мына деректі келтіреді: «Өз қолында соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күткен Кәмәлия (Кәмәш) деген келініне Абай өзі өлерден бұрын ауырмай тұрып: «Мен биыл өледі екем» деп ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен айтады» (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. – Алматы, 1995. - 85 б.).  Мұхаң, сөз жоқ, Абайда көрегендік қасиет барына сенген (қарапайым адамның ауырмай тұрып «биыл өледі екем» демесі анық). 

        Келесі кезекте халық ақыны  Төлеу Көбдіковтің (1876-1947) естелігіне   көз тігелік. Ол Абаймен төрт рет кездескен адам. 1901 жылдың қыркүйек айында Тобықтыға көршілес Керей елінен Абайдың құрдасы Мырзақан бастатқан алты кісі күзеуде отырған ақын ауылына келіп түседі. Төлеу ақынның  айтқанынан алынған үзінді мынау.

   «...Абайдың келген қонақты алдынан шығып түсіріп алып тұратын, сайлап қойған бір-екі жігіті болады екен, - дейді Төлеу ақсақал, - сол жігіттер алдымыздан шығып, Абай өзі отырған қонақ үйге түсірді. Сәлем беріп, кіріп келдік. Келсек, Абай дөңгелек сырлы аласа үстелдің алдына малдас құрып, қолына бір кітап алып оқып отыр екен. ...Алдымызға шай жасалған соң, Мырзақан бәкісі мен тістеуік темірін қалтасынан алып, үстелдің үстіне қойды. Сонда Абай: «Мырзақан, мына көкпеңбек темірің не, біреуді жарып тастағалы отырсың ба?» деп күлді. Мырзақан: «Тісім жоқ, қантты тістеуікпен шағып, бауырсақты бәкімен жарып жеймін» деді. «Тіс неге салдырып алмайсың?» деді Абай. «Тісті қайтып салады, тіс салына ма?» деді Мырзақан таңырқап. «Тіс салынады, мен салдырып алдым», - деп жалған тістерін көрсетті Абай».

  Сабыр етіңіз, Абайдың көрегендігі байқалған тұс алда. Адамға тіс салады дегенге таң тамаша болған қыр адамдарына Абай мынаны айтады: «Бұл тіс деген ұсақ нәрсе. Адам баласына жансызға жан салуға рұқсат жоқ, одан басқаның бәрінің де кілті бар. Өнер-білімнің кілтін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Әлі балықша суға жүзіп жүргенін де көресіңдер, құс болып, қанат қағып аспанда ұшып жүргенді де көресіңдер. Және дүние мұнымен тұрмайды, бұдан да зор өзгерісі болады. ...Бірақ кейіндеу болады, оны біз көрмейміз, біздің баламыз, баламыздың баласы көрсе көрер» («Абай» журналы. – 1993. - № 6).

        Өзіңіз де ойлаңыз, ғылыми-техникалық прогресстің тамаша табыстары  ХХ-ғасырда болды, қазіргі таңда жалғасып отыр. Соны болжап, көре білу әулиелік емес пе. Абай ауызша айтумен шектелмей, шамасы осы 1901 жылы тәмамдаған «Тасдиқ» трактатының (қазіргіше 38-сөз) соңын былайша қорытады: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Малменен ғылымды кәсіп қылмақпыз. Өнер - өзі де мал, өнерді үйренбек - өзі де ихсан». Прогресс жолынан шет сахара төсінде өмір сүрген қайран бабамыз: «Біз келешекте мал-дәулетті ғылым жолына сарп етіп, ғылымды кәсіп қылмақпыз» десе, бұл көрегендік пікірге тәнті болмау мүмкін емес.  Әулие Абай  таяу келешекте жоғарғы технология, компьютер, қалталы телефон заманы салтанат құрарын көзбен көріп, қолмен ұстап білген кісідей паш етіп отыр емес пе.

Қорытып айтқанда, ұлы Абай өмірінің соңында әулиелік  қасиеттерін көп байқатқан, бірақ оларға сол дәуірдің қауымы мән бере алмағаны шүбәсіз. Өйткені, өнер-білімнен шеткері қазақ ортасы, қараңғы замандастары жаңағыдай көріпкел ойларды әншейінгі қиял, ертегі сөз деп қабылдаған болатын.

 

Асан Омаров, зерттеуші.

Abai.kz

 

0 пікір