ЖАСҰЛАНҒА ЖАСАЛМАҒАН ЖАҚСЫЛЫҚ...
Қазақта тау көтерер толағайлар аз болмаған. Бір ғасыр өтсе де Балуан Шолақ бабамыздың "Көтердім елу бір пұт кірдің тасын" деген сөзін малданып келдік. Ресми тіркелмеген рекорд болмаған соң сол ғой. Өмір деген қызық . Енді міне сол бабамыздың атындағы сарайда қазақтың қаршадай ұлы бүкіл дүниені таң қалдырып, ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды. Бөркімiздi аспанға аттық. Қуандық. Көзімізге жас алдық. Өйткені ол - қазақ дейтін халықтан шыққан ауыр атлетикадан өткен әлемдік доданың тұңғыш жеңімпазы. Тұңғышқа қандай жақсылық жасасаңыз да жарасымды емес пе? Дүбірлі жарыс аяқталғалы да бірнеше күн өтті. Жеңімпаздар марапаттарын алып жатыр. Ильияжан Қызылордасынан темір тұлпар мініп қайтты. Оңтүстік Қазақстан Жазира Жаппарқұлға сый-сыяпатын көрсетіп жатыр. Ал, біздің тұңғышымызға- Жасұлан Қыдырбаевымызға біреу құрмет көрсетіпті дегенді естімедік. Өзі Жамбыл облысының атынан сынға түсіпті. Алматы облысының тумасы екен. Жетісу өңірі мен Тараз жақ ойланып жатқан болар. Менің айтпағым ол емес. Мұндай батырды бүкіл қазақ даласы алақанына салса да артық болмас еді ғой. ..Неге үндемей жатырмыз? Жеңіс ортақ, ел ортақ емес пе?
...Бүгін "Хабардағы " Жандос Айтбайұлы әріптесім чемпионның отбасын көріп қайтты. Қарапайым жандар. Әке-шешесі, жұбайы, қызы Талғарда қуықтай ғана екі бөлмеде өмір сүріп жатыр. Ешкімнен ештеңе сұрап, міндетсініп отырған жоқ. Дегенмен...ел емеспіз бе? Ол тұңғыш қой!
(Арман Сқабылдың фейсбуктегі парақшасынан)