АЙЕКЕ, ҚЫС КЕЛЕ ЖАТЫР!
Шығыс Қазақстан облысының құрамында болғанмен СЕМЕЙ – өзіндік тарихымен танылған, қазақтың рухани-мәдени астанасы ретінде мойындалған үлкен қала. Үш жүз отыз мың шамасында тұрғыны бар қалаға бүгінде бұрынғы Абыралы және Жаңасемей аудандарының елді мекендері (жиыны он алты ауылдық округ) мен Үлбі кенті де қосылған. Облыс орталығы деген мәртебесінен айырылған 1997-ші жылдан бергі 17 жыл ішінде қасиетті Семей жарықтық не бәлені бастан өткермеді дейсіз?! Кейінгі жылдары ғана қаланың тамырына қан жүгіріп, әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнге келе бастағандай көрінгенімен, Семейдің «қырық есекке жүк болатындай» маңызды мәселелері әлі де жетіп артылады.
Қаланың қазіргі әкімі Айбек КӘРІМОВ 2011-ші жылдың қаңтар айынан бастап қызметіне кіріскен болатын. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қыстың көзі қырауда қала жылусыз қалып, тұйыққа тірелгенде Шемонайха ауданының әкімі қызметіндегі Айбек Мүталапханұлын Семейге лайықты әкім ретінде таңдап, сол қызметке тағайындағанды. Кәрімовке дейін қала әкімі қызметін атқарған Мейрамхат АЙНАБЕКОВті қала жұртшылығы іштей қимағанымен, «оның өмірі» «мені құртқан көкшолақтың» (Кенен Әзірбаев) кері болғанын көпшілік іштей түсінді. Яғни, ескірген қазандық пен мардымсыз жылу үшін, «өмірі жетпей жататын» қаржы мен көмір қоры үшін тек қана Мейрамхат Кәрібекұлы кінәлідей көрінгенімен, халық негізгі тағайындаудың жоғарғы жақтың пәрменімен келіп отырғанын түсінді. Елге сыйлы ел ағаларының бірінің сол жиында: «...салынғанына қырық жыл өткен қазандықты жабуға қырық әкімді әкеп қойсаң да, жылу жақсарып кетпейді» деп облыс әкіміне төтесінен қайырғанын да ешкім әлі ұмыта қоймаған болар.
Жә, содан бері де сынаптай сырғып үш жыл өте шықты, төртінші жылдың да соңы көрінді. Семей қаласының сегізінші басшысы Айбек Кәрімовтің әкімдік қызметін жергілікті халық әрқалай бағалайды. Бірі қала жолдарының жөнделіп, көшенің жарықтандырылуы жөнге келді дегенді айтса, енді бірі «қажетті қаражатты Үкімет бөліп отырса, кез келген әкім осылай істер еді» дегенді айтады. Әрине, әкім ісін жоққа шығарар ойымыз жоқ, бірақ өткен көктемнің кезінде Семейдің әбден мезі еткен жырына айналған жылуға бөлінген қаржысының бірқатар бөлігінің тиісті жеріне жұмсалмай, белгісіз біреулердің «тойымсыз жұтқыншағына жұтылып» кеткені туралы сыбыс тараған-тұғын. Тіпті қала әкімі Кәрімов пен Курчатов қаласының бүгінгі су жаңа әкімі, Семей қаласы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты бұрынғы орынбасары қызметін атқарған Димитри Гариковке байланысты да біраз әңгіменің «буы бұрқ-сарқ етіп қайнап» барып басылған еді. «Естіген құлақта жазық жоқ», өткен жылы ғана пайдалануға берілген жап-жаңа ТЭЦ-тің жап-жаңа ақауларының анықталғаны, соған орай кейбір мектептерге жылудың дер кезінде жеткізілмей қалғаны да мәлім болды. Кімнің жазықты болғанын кім білсін, әйтсе де әкім көп кешікпей қызметіне кірісті. Гариков та бұрынғы жөнін тапты. Мұндай ауыс-түйістердің соңын ала қаланы жылумен қамтамасыз етуге тікелей жауапты «Теплокоммунэнерго» МКҚК-ның басшысы қызметін бірер ай ғана атқарған, әпербақандау мінезді Исламбек Қараханов деген біреу аяқ астынан сотталып кете барды. Сотталған соң әлбетте, айыпсыз болмаса керек-ті, дегенмен де «ел аралап» кеткен елеусіздеу әңгімелер барысына назар аударар болсақ, кейбіреулер: «Қарахановты «крайнии» етіп соттады, әйтпесе қаржы махинацияларының кеңқолтық астарында бүтіндей бір ОПГ-нің (организованная преступная группировка) «отпечаткасы» жатыр» деген де әңгімелер айтып қалып жүр. Жалпы, жылуға қатысты Семейдің әңгімесі таптаурын болғаны аздай, енді Кәрімовтің тұсында бөлінген қаржының да «жеп қойдының» шеңберінде қалғаны Семейдің сегізінші әкіміне деген ел сен сеніміне селкеу түсірді. Айта берсек, «әттеген-айлар» шыға береді. Апта сайын өтетін қалалық әкімдік жиыны мен қалалық мәслихат сессиясының әлі күнге дейін «бәріне де түсінікті болуы үшін» деген желеумен ресми тілдің шеңберінде қалып, мемлекеттік тілде өту мәселесінің назардан тыс қалып келе жатқанын қызметіне енді ғана кіріскен қалалық ішкі саясат бөлімінің «орда бұзар отызға» әлі тола қоймаған жап-жас басшысы Айдар САДЫРБАВ (28 жаста, қателеспесек) та жоққа шығара алмаса керек. Жалпы, екінің бірі «тізгінін түзу ұстай» алмайтын ІШКІ САЯСАТ сықылды «шепетильный» бөлімнің «шым-шытырық тірлігін» саясат үзеңгісіне аяғын енді-енді салып... «жас та болса бас» болып үлгерген Садырбаевтың қалай алып кететінін уақыт өзі көрсете жатар. Жасыратыны жоқ, әкімдіктегі сірескен орыстілділіктің қабырғасын сөгуге семейлік шенеуніктердің құлықсыздығы өз алдына, жалтақтықтың жалпылама сипат алып кеткені де өте-мөте өкінішті.
Әсілі, Семей – Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтардың ізі қалғандықтан тарихы тереңге кеткен қала есептеліп, Өскеменге қарағанда шынымен де қазақылау болып көрінеді. Алайда бұл – алдамшы көрініс қана. Қайта облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВтың пәрменділігінің арқасында атам заманнан бері... көшесінде жүрсең, өзіңді Ресейдің бір қаласында жүргендей сезінетін Өскеменнің өзі кәдімгідей қазақыланып қалды. Оған бір дәлел – қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің аялдама атауларын алдымен қазақша, одан кейін орысша түсіндіретіні. Ал Семейде... ұят та болса айтуға тура келеді. Айтылса – орысша айтылады, айтылмаса – ол да жоқ. Түсер жеріңізді өзіңіз шамалап отырмасаңыз, кондуктор шіркіннен қайран жоқ. Бұл жағынан алғанда аялдама атауларын автоматты түрде тек қана қазақ тілінде айтатын Астана мен қазақшасыз сәлем бастамайтын Өскеменнен Семейдің үйренері көп. Дәл осы жолаушылар тасымалы қызметінің Семейде бір ізге түспей келе жатқаны айдай ақиқат енді. Қала әкімі Айбек Кәрімов жекеменшік иеліктегі жолаушы тасымалымен айналысатын алты бірдей кәсіпорын басшыларымен кездесіп, автобустарды түнгі он бірге дейін жүруге және аялдама атауларын ресми тілден өзге... мемлекеттік тілде де хабарлап отыруға қаншама мәжбүрлегенімен, онысы толықтай іске асқан жоқ. Алғашқы мәселеге байланысты олардың шыр-пыры шығатын жөні бар. Мәселен, облыс орталығы Өскеменде өндіріс орындарының жұмысы қас қарайғанша созылатындықтан әрі облыс орталығы болғандықтан кеш қайтатын жолаушылар қай жерден болсын табылады. Және олардың кешкі уақытқа дейін жүруіне жететін жанармай мен сынған жағдайда қажетті қосалқы бөлшектер алуына қала әкімдігінің бюджетінен арнайы қаржы қарастырылған. Ал мұндай мүмкіндік Семейде, дәлірек айтқанда, Семейдің қалалық әкімдігінде жоқ. Дәлірегі, әкімдіктің мұндай мүмкіндікке арнайы қарастырылған қаражаты жоқ. Ал енді жоқ қаражатты «жонып тауып», қиуы қаша бастаған қасиетті қаланың баяғыдағыдай қатарға қайта қосылуына білімі мен біліктілігі жете қоймаса, екі күннің бірінде қолдағы «перчаткідей ауысып» жатқан әкім-қаралардан не үміт, не қайыр?! Соған қарамастан олардың... халқы аз Семейде қоғамдық көліктерді... аялдамаларда ешкім болмаса да... түн ауғанша ерсілі-қарсылы қатынауға мәжбүрлегені, турасына көшсек, к...тен зорлық екені және анық. Жергілікті биліктің бұл тұста айтар уәжі: «...жекеменшік болғандықтан олар табыссыз отырған жоқ, сондықтан қосымша жүруге жағдайлары келеді...»
Ашығын айту керек, осындай да осындай мәселелерде ортақ бір келісімге келе алмай жүрген жергілікті билік пен қаладағы автопарктер басшыларының арасындағы алауыздыққа қашан нүкте қойылары әзірге белгісіз. Ал автобус кондукторлары «баяғы жартас – бір жартас» дегендей, мемлекеттік тілде де, ресми тілде де «сауатты» сөйлей алмай, халыққа сол баяғы «таз қалпында» қызмет көрсетіп келеді. АЙБЕК әкімнің шеткі аймақтарға – Жоламан кентінен Бобровка саяжайларына дейін қатынайтын мемлекеттік үлкен автобустар шығармақ болған ойы да іске аспады. Білгеніміз – оған сол кездегі көлік және коммуникациялар министрлігі рұқсат етпепті.
Иә, айта берсек, Семей жайында, Семейдің сегізінші әкімі жайында әңгіме мұнымен тәмамдалмайды. Рас, Айбек әкімді «тағайындалғалы бері түк тындырмады» деу де шындыққа сәйкес келе қоймас, алайда біздің бүгінгі әңнімеміз оның әкімдік әл-қуатының іс жүзінде емес, сөз жүзінде қалып келе жатқаны турасында болып басталды ғой, демек – мұның барлығы да негізсіз деген сөз емес, демек – әкім жайлы әңгіменің үлкені әлі де болса алда деген сөз. Өйткені... өйткені қабағына қырау қатқан қыс шіркініміз әлі табалдырықтан аттай қоймаса да... семейліктер «тоңа бастадық» деген арыз-шағым айта бастады. Әсіресе қаланың сол жағалауының тұрғындары. Ал Айбек Мүталапханұлы жазда ғана осы жағалау тұрғындарымен кездескен кезде... «биылғы қыста квартираларыңда терлеп-тепшіп отырасыңдар» деген еді.
Құдай сондай күнге жеткізсін дейік. Басқа не дейік?!
Марат МАДАЛИМОВ
Abai.kz