Дүйсенбі, 6 Сәуір 2026
Билік 122 0 пікір 6 Сәуір, 2026 сағат 12:53

Коммуналдық тариф қымбаттай ма? Билік не дейді?

Сурет: Видео скрині.

Елімізде табиғи монополия субъектілері коммуналдық тарифтерді өсіру бойынша өтінім бере бастады. Құзырлы орган бұл өтінімдерді 30 күннен 90 күнге дейінгі аралықта қарап, шешім қабылдайды. Тариф әр өңірде әр қалай көтерілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев «24KZ» телеарнасындағы «ТҮЙІН» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

«1 сәуірге дейін тарифтерді өсірмеу бойынша мораторий болғаны белгілі. Қазір мораторий аяқталғаннан кейін табиғи монополия субъектілері бізге өтінім бере бастады. Тариф қалыптастырудың өз қарау мерзімдері бар. Өтінімдер 30 күннен 90 күнге дейін қаралуы мүмкін. Бірақ бұның барлығы бірден қабылданады деген сөз емес. Құзырлы орган негізділігін қарап, жария тыңдау өткізгеннен кейін, барлық процесті өткізгеннен кейін шешім қабылдайды», - деді бағдарлама қонағы.

Коммуналдық тарифтердің қымбаттауына не себеп?

Инфляцияның, коммуналдық нысандарды жөндеу үшін сатып алынатын тауарлар бағасының, жалақының өсуі тарифтердің көтерілуіне ықпал етіп отыр.

«Әр өңірде әртүрлі. Бұл жерде ортақ өсім туралы айтуға келмейді. Табиғи монополия субъектілерінің өздерінің тарифтік құрылымдары бар. Басты себептерінің бірі - бізде коммуналдық инфрақұрылымдардың, желілердің тозуының жоғары болуы. Күрделі жөндеулер қажет етеді. Күрделі жөндеулер қаражат қажет етеді. Яғни, барлығы тарифтің құрылымында өзінің орнын алады», - деп атап өтті спикер.

Монополистер халыққа 14 млрд теңге қаражатты қайтарды

Былтыр өз міндеттемелерін орындамаған табиғи монополия субъектілері 14 млрд теңге қаражатты тұтынушыларға кері қайтарды. Заңнама бұзған монополистерге қатысты 535 әкімшілік іс қозғалып, 1 млрд теңге айыппұл салынды.

«Өткен жылы монополистердің заң бұзушылықтарға жол бергеніне байланысты біз 14 млрд теңге қаражатты халыққа кері қайтару жұмыстарын жүргіздік. Яғни, уақытша өтемдік тариф арқылы тарифтерді 14 млрд теңгеге түсіру жұмыстарын жүргіздік. Бұған қоса, монополистерге әкімшілік шаралар қолдану жұмыстары жүргізілді. 535 әкімшілік іс қозғалып, 1 млрд теңгеге жуық айыппұл салынған табиғи монополия субъектілеріне», - деді Нұрлан Болатбаев.

Монополистер табысын күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсауға міндеттеледі

Енді стратегиялық нысандардың тозу деңгейін 90%-дан асырған монополистерге қатаң талап қойылып отыр. «Қызыл» аймақтағылар 5 жыл ішінде өз табысын күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсауға міндеттеледі.

«Табиғи монополия субъектілерін тозу деңгейі бойынша «қызыл», «сары», «жасыл» аймақтағылар деп бөлеміз. Қызыл аймақтағыларға «Коммуналдық желілер мен инфрақұрылымды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өз табыстарын инвестицияға, яғни күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсау керек деген талап қойылып жатыр. 5 жылдықта олардан өтінімдерді күтіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттейтін боламыз», - деп қорытты Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев.

Толық бағдарлама:

Abai.kz

0 пікір