Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. ЖАНСЕРІК
Саттар Ерубаев қазақ әдебиеті көгінде жарық жұлдызша жарқ етіп жанып, көзді ашып-жұмғанша ағып өте шықты. Әдебиеттің алтын қорына қосылған өлмес туындыларын жиырма үш жылмен ғана шектелген қысқа ғұмырында жасап үлгерді. Ол дүниеге келгелі, міне, бір ғасыр болды. Жүз жыл. Ал өмірден өткеніне жетпіс жетінші жыл боп барады. Осы жүз жылдық мерзімнің үш ширегінен астам уақыт. Осынша мезгіл бойы оның екінші өмірі – рухани өмірі маздап жануда. Бір ширекке де жетпеген келте ғұмырында берген тамаша шығармаларынан өрілген екінші өмір, мәңгілік өмірі елімізбен бірге жалғасып келеді. Саттар жазған «Менің құрдастарым» өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бері халқымыздың әлденеше ұрпағының сүйікті кітабына, жансерігіне айналған. Атақты романы өз алдына, сырға тұнған мөлтек әңгімелері, оқиғаға құрылған лирикалық өлең-жырлары, әжуә-сықақтары, сын мақалалары мен көсемсөздері әлденеше ондаған жылдардан бері талай жас жанның дүниетанымын, өмірге көзқарасын қалыптастыруға жәрдемдесіп жүр.
Дау-дамайсыз ақиқат сол – Саттардың «Менің құрдастарымы» тоталитаризм дәуірінде қалыптасқан стандартты заманда өмір сүрген қыз-жігіттердің жан дүниесіне айрықша әсер еткен кітаптар қатарында болды. Оны қайыра оқыған сайын алғашқы алған әсеріңнен айнымай, ризашылыққа бөленесің де отырасың. Бұл роман адал, берік достықтың, шын жүректен сөйлеушіліктің символына айналып, нағыз жансерігің секілденіп кеткен. Қанша қайыра оқысаң да – сүйсінесің, алғашқы алған әсерің әрбір қайта оқыған сайын үстемелене түседі. Баяғыша қанды қыздырып, жүректі тулатады. Оның жеткіншек, жасөспірім, жас біткенді былай қойғанда, жасамысқа да «құрдас» болып қала беру сыры, тартымдылығының құпиясы, басты күші – адал көңілден, шын жүректен жазылғанында. Сонысымен де жүрегіңнің түкпіріндегі асыл сезіміңді тербейтінінде. Бас әріппен жазылатын шынайы адамгершілікті, жаңа дәуірдің жаңа адамына тән болмақ асқақ та әсем, ең адамгершіл сезімді қозғайтынында. Ақ жүректен ақтарыла жазылғандықтан да – замана рухы шағын романға қарапайым сөздермен-ақ көркемделіп, бедерлене тоқылған. Қарапайым сөздер болғандықтан да –эстетикалық әсері айрықша пәрменді болып, замана суреті шағын бір туындыға қаз-қалпында сыйып кеткен. Ақ жүректен ақтарыла жазылғандықтан да – «Менің құрдастарым» сыр шертетін отызыншы жылдар жастарының бойындағы тамаша қасиеттер күні бүгінге дейін біздің тұла-бойымызды шымырлатып, ғажап күйге бөлейді, сүйсінтеді, елітеді, еліктетеді.
Бүгінде біз большевизм заманын, жоспарлы экономика кезеңін жақсы атай қоймаймыз. Әйтсе де, қолымызды жүрегімізге қойып мойындайық, қазіргі таңда баршамызды жеркентетін большевиктік жәдігөйліктер жоя алмаған аңсаулы таза мақсаттар, шынайы адамгершілік бағдар, дүниетанымдық принциптер де болды сол заманда. Саттар шығармашылығы сондай тамаша қасиеттерді алға шығаруымен құнды. Меніңше, мынаны ешкім жоққа шығара алмайды – «Менің құрдастарымдағы» жас жұмысшылар мен интеллигенттердің интернационалдық сана-сезімі өте табиғи, соншалықты иланымды шыққан. Сонау жасампаз қадір-қасиеттің терең тамыры революцияға дейінгі шахтерлер бейнелері арқылы мейлінше дәл көрсетілген. Кейіпкерлердің сол шақтағы озық иланымды бекем ұстануы, төңкеріс алға тартқан дәстүрлерге адалдықтары оқырманды тәнті етеді. Шынтуайтқа келгенде, туындыны мәңгі жас етіп айшықтап тұрған өлмес өрнек те сол. Тап сол өлмес өрнек «Менің құрдастарымды» жастардың сүйікті кітабы дәрежесіне көтеріп тұр. Ол Саттардың аузымен «жаңа сезім» деп аталған. Саттардың ойынша, «жаңа сезімді түсіне білу үшін сыншыл болу, саясатшы болу аз екен, сол сезімнің денеңді дуылдатып, жүрегіңді тулатып толқытуы қажет екен. Былайынша айтқанда, жана сезіммен бойыңның теңдес болуы керек екен». Керемет дәл байлам. Мұның дәлдігі сонда – сол айтқандарын Ерубаев өз басынан өткерген, сондықтан да өзі тізген қажеттілік, өзі тауып қойып отырған шарт оның терең сеніміне, иланымына айналған.
Бейнелегені бұдан әлденеше ондаған жылдар ілгергі кезең болғанмен, «Менің құрдастарым» – баршамызбан әрдайым замандас, мәңгі жас туынды. Ол халқымыздың әр жылдарғы жас толқынына әрдайым құрдас, сырлас, жолбасшы, жетекші болып келеді, келешек ұрпаққа да тап солай қызмет етері даусыз ақиқат. Осынау ғаламат романның авторы, жастар жазушысы Саттар Ерубаев пен оның ақтық әніне, аққу әніне айналған, бейне-бір өзіне, өзінің тамаша замандастарына қойған өлмес ескерткіші сынды «Менің құрдастарымы» әрқашан біздің арамызда. Демек, ол өзінің туындысымен бірге мәңгі тірілер қатарында. Біздің өскелең ұрпағымыздың сенімді тәрбиешілері қатарында. Төңкеріс дәуірі тәрбиелеген осынау албырт ақынның жан сыры – оның тамаша романы, мөлдір сезімге тұнған поэзиясы, ақ көңілден туған мөлтек әңгімелері, әжуә, сықақтары, замандастарын замана талабына сай болуға шақырған сыни және публицистикалық еңбектері имандық-идеялық сананың әрі көркем ескерткіші, әрі пәрменді оқулығы ретінде ұрпақтар зердесінде жасай береді, жасай береді.
Саттар өз заманында жасампаз революция он бес жыл ішінде тәрбиелеп, қалыптастырып шығарған жаңа адам санатына жатқызылған-ды. Мұнда ешқандай асыра айту, әсіре бояма жоқ еді, бұл шын болатын. Өйткені ол өзгерген заман адамдарынан, өзгерген заманның мектептерінен қаршадайынан оң сипатты тәлім алды, сондықтан да төңкеріспен келген ұлы өзгерістің биік мұраттарына қалтқысыз сенді, құлай сенді. Сол себепті оның шығармашылығы айналасындағы жан біткенді от-жалыны шарпи шалқыған революциялық көңіл-күйдің асау да тегеуірінді толқынында шыңдалды. Тиісінше Саттар да, революцияның жасампаз идеяларымен баулынған жаңа адамдардың өкілі ретінде, жаңа заманның жаңа адамына тән болуға тиіс жаңа сезімді айрықша асқақ пафоспен жырлады. Сөйтіп ол өзінің көркем сөзінің қуатын жаңа өмірдің жасампаздық идеяларын насихаттауға бағыттады.
Бүгінде біздің мұндай істерге де, сондай шаруа дәуірлеген кезеңге де күдікпен қарайтынымыз бар. Өйткені, жаманшылығы басым болғаны аныққа айналғандықтан да, большевизм біздің өміріміздегі зардабы ауыр тиген қателік саналады. Алайда оның кей ұрандарының біздің қазақ секілді езілген елдің мұң-мұқтажына дөп келгені, тиісінше, соларға иланған ұлт қайраткерлерінің соларды арқау тұтып, елін алға сүйреуге тырысқаны рас болатын. Сондай үдерістер туғызған жаңа заман құру кезеңінде революция идеяларымен тәрбиеленген жаңа буын өсіп шықты. Білім қуған, халқына қалтқысыз қызмет етуді мұрат еткен Саттар сол қатардан еді.
Жоғары білім алып, өмір жолымен алға басқан 30-шы жылдар жастары арасындағы жақсы әдет – әділдік, шыншылдық, елдік істерге берілгендік, және әрине, достыққа адал болушылық, шынайы сезімді таза сақтаушылық болатын. Ленинград университетін 1933 жылы бітіріп келіп баспасөз майданына қойып кеткен Саттарға осындай қасиеттер тән еді. Ол әуелі «Ленинская сменада» бөлім меңгерушісі, одан «Лениншіл жас» редакторының орынбасары және сол қызметімен бір мезгілде «Пионер» газетінің редакторы болып, жастық жалынмен екпінді еңбек етті. Жоғары мектепке философиядан сабақ берді. Ашаршылық душар еткен ұлттық апаттан кейінгі ел игілігін арттыруға бағытталған жақсы істерді дәріптеді, кемшіліктерді сынады, мәдени өмірді жандандыруға бағытталған жұмыстар жайында, балалардың рухани мұқтаждықтары хақында жазды. Театр тыныс-тіршілігіндегі келеңсіздіктерді, коммунистік жоғары оқу орнында оқитын комсомол мүшелерінің теріс қылықтарын сынады. Алайда оның әділетсүйгіштігінен кінәрат тапқыштар табылып, орталық комсомол комитетінің бюросы оны 1934 жылғы маусымда жастар мен балалар газеттеріндегі жауапты қызметінен алып тастады.
Тағдыр Саттарға сол оқиғадан кейін тағы үш жыл өмір сүруді нәсіп еткен. Осы аз мерзімнің алғашқы жылында ол Қарағандыдағы индустрия ошағында еңбек етті. Жаңа заманның алып құрылысы көрігін қыздырушылар өмірімен танысты. Олардың тыныс-тіршілігін өлең-жырларына, публицистикасына, сатирасына, көркем прозасына арқау етті. Жастар басылымындағы жолын озбырлықпен кескен фунционерлердің көрсоқыр шешімдеріне қасақана, ұшқыр қаламы өзіндік мәнермен өрген туындылары арқылы жаңа өмір құрылысына, олардың түсіне де кірмеген дәрежеде, өлшеусіз зор үлес қосты. Алғаш 1939 жылы жарық көргеннен бері «Менің құрдастарым» талай буынның асыл сезімін ұштауға септесіп келеді, бұдан әрі де солай бола бермек...
Мұны Орталық комсомол комитеті фунционерлерінің отыз жылдан кейінгі буыны мойындап, Саттар Ерубаевқа жастар сыйлығының алғашқы лауреаты атағын берді. Сөйтіп, тоталитарлық кезең билеушілері Саттарды аяққа таптап та, аспанға көтеріп те үлгерді. Жазықсыз жазғырғанын жасырып, әдебиет төріндегі мәртебелі орнына қойды. Сол мәртебелі орында Саттардың халқына сіңірген еңбегіне сай тұрғанына қазіргі таңдағы егемен дәуірде ешкім күдіктенбейді. Сондықтан да жалынды жас ақынның, озық ойлы қаламгердің жүз жылдық мерейтойын жұртшылық жер-жерде үлкен қуанышпен атап өтуде. Оның поэзиядағы, прозадағы жаңашылдық ізденістері бүгінгі талай ақын-жазушыға үлгі болуда.
Алдағы міндет – өзіндік үнімен әдебиетімізде ерек те дара орын иеленген Саттар Ерубаевтың шығармашылық мұрасын тәуелсіздік жастарының игілігіне жарату. Бұл үшін жүйелі түрде қилы әдеби шаралар өткізіп тұруды әдетке, дәстүрге айналдыру ләзім. «Менің құрдастарымды», сондай-ақ оның авторының өмір жолын да кино, теледидар тілімен сөйлету қажет. Туындыларының ғылыми аппаратпен жабдықталған толық академиялық басылымын шығару парыз. Және, әрине, жаңашыл ақын, жазушы, сыншы, сатирашы, публицист Саттар Ерубаев мектептің әдебиет оқулығына енгізіліп, өзінің балауса шәкірттерге рухани нәр беретін лайықты орынына қойылуға тиіс. Бұған жастардың сүйікті жазушысы хақындағы, оның қастерлі аруағы алдындағы естелік міндеттейді.
Жас буынның сүйікті жазушысы Саттардың рухы мәңгі жасай берсін!
Суреттерде:
Саттардың портреті;
Саттар Ленинградта университеттес жолдастарымен бірге, 1932 ж.;
«Казахстанская правда» газетінің 1933 ж. 29 қазандағы нөмірінде Саттар туралы мына очерк жарияланды;
Саттардың Қарағандыдан Алматыға оралған кезі, 1935 ж.
8.11.2014
Abai.kz