Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Өзіңе сен 9217 0 пікір 29 Қазан, 2014 сағат 16:01

Ермек Тұрсынов: Тәңіршілдік маған жақын

 -Биылғы жылы «Кемпіріңіз» көрерменге жол тартты. Сіз кезекті картинаңызды түсіріп болысымен бізде «Тұрсынов тағы не былықтырып, не бүлдірді екен?» деген ой туатын болды. Тұрсынов және комедия. Қоғаммен ымыраға келе алмай текетіресіп жүретін сіздің комедия түсіруге талпынысыңыздың өзі, мысалы, менің езуіме күлкі үйірді...

- «Тұрсынов тағы не былықтырды?» деген пікірлерге менің етім өліп кеткен. Мені жек көретіндер қара күйесін жақсын, кінәласын. Мейлі ғой, бәрі періште болсын, мен-ақ  күнаға батайын. Әр жаңа фильмім шыққан сайын табандарының астына бір түсемін, қалауынша табаласын. Мұның жақсы жағы да бар. Егер Тұрсынов бірдеңе түсірсе, ел ең болмаса «не бүлдіріпті?» деп жерден алып, жерге салу үшін де киноға барады ғой. Ең болмаса кинотеатрға баруға себеп табылады немесе жаман да болса, бір фильм көріп қалуға мүмкіндік табады. Бұл жаман ба? Жалғыз бізде ғана емес, қазір орыстардың да комедия жанры тым ұсақталып кетті. Күлкінің күлкі сияғы жоқ, экранды ұятсыз күлкі басып алды. Белден төменгіні сөз етеді. Төсек жағына, секс жағына тартады. Бұл дерт бізге де жұқты. «Кенже» фильмінің түсірілімінде жүрсем де, кенет өзім «комедия жасайын» деп ұсыныс жасадым. «Анайылықтан ада, астары қалың, өзіміздің миыққа мият үйіретін күлкі бар еді ғой - табиғи, қазақы. Әсіресе ауыл қарияларының арасында ешкімді өкпелетпей, өзімсіне айтылатын зілсіз, жеңіл, мағынасы бар риясыз әзілдер болушы еді ғой, осыны желі етіп алып комедия түсірсек» деп. Көп ойланғам жоқ. Санада піскен дайын дүние. Түсіріп қана қоймай, бұл жұмысымды шын көңілден  халыққа арнағым келді. Өйткені қазір халықтың күй-қуаты төмендеп кетті. Қысқа мерзім ішінде еліміз үшінші мәрте девальвацияны бастан кешіп отыр. Түскен еңсесін көтергім келді. Кино түсіру мәселесімен ел ішін көп аралаймыз. Сондай сапардың бірінде 10000  теңгелік банкнотты өмірі көрмеген ауыл тұрғындарын кездестірдік. Үйге кірсек, еден деген атымен жоқ, қара жерге төселген қаңылтыр, қаңылтырдың, қара қағаздың үстінде балалар ойнап отыр. «Бұл ауыл қайда?» десеңіз, алыста, тым шалғайда болса бір сәрі, Алматы мен Қордайдың арасында ғана орналасқан. Ал мұндай ауылдардың Қазақстанда көп екеніне сенімім кәміл.

-«Кемпірдің» жарнамасында «халықтық кинокомедия» депсіз. Осы уақытқа дейін тек бір ғана комедияның шын мәнінде халықтық комедияға айнала алғанын көрдік. Ол – «Тақиялы періште». Сіз «Кемпірдің» халықтық бола алатынына сенімдісіз бе?

- Ол жағын айта алмаймын, бірақ бар күшімізді салып түсірдік. Мәскеуден Кончаловскийлермен бірге жұмыс істеген операторды шақырттық. Ол жалғыз өзі келмейді, жанына тобын ертіп келді. Негізі, комедия жанры өте қиын жанр. Өйткені адамды жылату оңай да, күлдіру қиын. Сондықтан да мен фильмге Ғазиза Әбдінәбиева, Кәдірбек Демесінов, Болат Қалымбетов, тіпті эпизодтың өзіне Асанәлі Әшімов, Гүлжамал Қазақбаева, Ерболат Тоғызақов сияқты жұрт сүйетін салмақты актерлерді таңдап шақырдым. Меніңше, осы артистерді жұрт жақсы көреді. Оларға фильм түсірілмес бұрын бірден ескерттім: «Бұл жерде адамдарды күлдірем деп «Тамашадағыдай» ыржалаңдамайсыздар. Бұл жердегі күлкі басқа күлкі болуы керек. Ойлы күлкі көрсетуге тырысыңыздар»,-дедім. Олар да жұмысқа ішкі дайындықпен кірісті.

-Бір ауыз сөзі жоқ Асанәлі Әшімов жүр. Сөйлемейді, бірақ отырысының өзі қандай! Не айтқыңыз келді?

- Ол - мәңгіліктің бейнесі. Кешегі Шәкендердің көзін көрген санаулы тірілердің бірі. Бәйтерек секілді, нығыз, мәуелі. Өзі үш жерде ғана көрінеді. Үшіншісінде - орны бос. Тек отырған орындығы қана қалған.  Жанында балалар ойнап жүр. Бұл - уақыт. Біреулер келеді, біреулер кетеді, бірақ өмір жалғасады. Дәл осы жерде мені біреулер «плагиат» деуі мүмкін. Бірақ бұл жай көшірме емес, Шәкен түсірген комедиялардағы кейбір детальды қайталау арқылы мен өнердегі сол сабақтастықты кино тілімен өзімше жалғағым келді. Дәстүр жалғастығы. Дәстүрге бас ию. Бұл жерде мен Аймановты қайталағым келген жоқ.

-Дегенмен қайталадыңыз ғой. «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде Ермек Серкебаевтың орыс тілінде айтатын «Надо мной небо синее» әні, «Тақиялы періштедегі» «Алматы» қонақүйі, оның алдындағы субұрқақтар, тіпті қала анықтамалығы орналасқан дүңгіршекке дейін қаз-қалпында бердіңіз. Осы детальдарды көргенде екі фильм де еркісіз көз алдымызға келіп тұра қалды...

- Ия, осы атаған детальдың бәрін сол қалпында көшіре салдым. Себебі «Кемпірді» түсіріп жатқан кезде Ермек Серкебаев қайтыс болды. Талантқа құрмет көрсеткім келді. Әйтпесе фильмнің композиторы Қуат Шілдебаев кез келген киноны бір адамдай-ақ музыкамен көркемдей алатын дарын иесі. Мысалы, «Тақиялы періштені» біз жыл сайын қайталап көре бергеннен жалықпаймыз. Ал фильм режиссері қазіргі прогреске байланысты ешқандай технологиялық ұстанымдарды пайдаланбаған. Сонда ол несімен тартымды? Бұл жердегі ең құнды дүние - Адам. Адамның ішкі дүниесі. Байқайсың ба, «Тақиялы періштедегі» Тана апамыз бен Тайлақтан бастап, эпизодтағы актерлерге  дейін жүзі жайдары, мейірімі моншақ-моншақ болып төгіліп тұрады, көңілдің тазалығы  лықсып сыртқа шыққан. Осы сүйкімділік адамды тез баурайды. Қазір осындай адамдарды, осы күлкіні сағынасың. Өкініштісі, өңі жылы қазақ жарты ғасыр ішінде тастай суық, сұрғылт кейіпке енген. Шаршаған, қажыған.  Ал қазір сол Алматыдан айырылып қалдық. «Бұрынғы Алматының» символикалық бейнесі ретінде Абай атындағы опера театры және оның алдындағы қонақүйді алдым. Сол үшін Тайлақтың қалыңдығы жұмыс істейтін анықтама дүңгіршегін орнаттық. Шаршаған адамдардың есіне сол бір шуақты шақты салғым келді. 

-Сіз түсірген «Кемпір» комедиясының сыртқы фабуласы мынау - ауылда өмір сүріп жатқан, баласы әлдеқашан үйлі-баранды болып кеткен, немересінің өзі жігіт болып қалған қарияның кемпірі аяқ астынан екіқабат болады. Жасы нақты айтылмаса да, әйтеуір климакс кезеңінен баяғыда өтіп кеткен, кемпір жасына жетіп қалған апаның жұртқа қарар беті жоқ. Ойын білмеген баланың атасының сақалымен ойнағаны секілді, кемпірді туғызғаныңыз аса бір сәтті шыққан қазақы қалжың емес-ау, себебі қазірдің өзінде ашық айтысқа жол ашып жібердіңіз. Басқа тақырып құрып қалғандай, тап осы кемпірді туғызу идеясы қайдан туды?

- Білмеймін, басқа-басқа, қазаққа жағу қиын ғой. Осылай ойлайтын адамдардың бәрі  ГАИ-де жұмыс істеген бе, білмеймін, тиіскісі келсе болды, жоқ жерден бір нәрсені тауып алады. Құдай ақына, еш арам ойым болған жоқ. «Әйелдердің қанша жасқа дейін бала көтеруге мүмкіндігі бар?» деп алдымен дәрігерлермен ақылдастым. Қырық жас та емес, елу жас та емес, әйелдің қабілеті шектеусіз екен. Бразилияда 80-дегі кемпір босаныпты. Біз фильмді түсірген Алматы іргесіндегі Қарғалы ауылындағы перзентхананың дәрігері «қайдан білесіңдер?» дейді. «Нені?» десек, екі жыл бұрын ғана тап осы перзентханада тура фильмдегідей оқиға болыпты. 62 жастағы апа келіні екеуі бір палатада жатып босаныпты. Ел іші болған соң, сирек болса да, кездесетін оқиға. Жақсы, типтендірілген тақырыптардың бірін алып түсірейін, кімге қызық ол? Ал «Кемпірдің» оқиғасы шетін, бірақ өмірде бар. Әрине, арам пиғылмен көрсең, кемшілікті қайтсең де табасың, дұрыс көзбен қарасаң, қуанып, күлуге болады. Мәселе қандай көзбен көріп, қандай жүрекпен қабылдауда. Екіншіден, қазақ ішінде Жетпісбайлар мен Сексенбайлар жоғалып барады емес пе? Кеше болып еді, бүгін қайда? Кеше ғана қызық бір пікір естідім. Бір танысым: «Атауы басқа болса да, сен қайтадан «Шалды» түсіріпсің» дейді. «Шал» да немересімен бірге, «Кемпір» де немересімен бірге жүреді. Екеуі екі заманның адамы, әрқайсының өз шындығы бар, бірақ бір-бірімен жақсы түсініседі, араларында туыстық қимастық бар. Міне, қазақтың қазіргі сағынып жүрген нәрсесі осы. Қазір бір анадан туған, бір отбасында өскен туыстардың арасында бірлік жоқ, бір бірінен  алшақтап бара жатыр. «Кемпірде» немересіне ертегі айтып беретін ата мен әже жоқ. Керісінше, немересі атасы мен әжесіне «Айпаты» арқылы интернет жаңалықтарын айтып беріп отырады. Бүгінгі қоғам шындығының өзі осы емес пе? 

Қазақтың саны қазір көп болса он миллион шығар, бұл дегеніңіз бір Мәскеу қаласының тұрғындары немесе Токионың жартысы. Іргелі елдің қайсының да халқының саны алпыс, жетпіс миллионнан басталады. Солармен салыстырғанда қазақ өте аз. «Кемпірдегі» қортық шал Қайырғали арқылы осыны айтқым келді: қортық Қайырғали - халықтың образы, қазақ та саны аз кішкентай ғана ел, бірақ өзінің көзқарасы бар, біреу тиіссе айбаттанып шығатын үлкен намысы бар, оңайлықпен жан бермейді. Қарап тұрсаңыз, «қортық» деп әжуалайтын Қайырғали шал да сондай ғой, құрдастары тістелеп қалжыңдаса да ауызбіршіліктері мықты, бір-біріне көмектесіп жүреді. Қайырғали қалаға кетіп ауылына қайтып оралғанда, құрдастары малын жайғап, арбасын сырлап, үйінің шатырын жөндеп, ауласын тап-тұйнақтай етіп қояды. Кішкентай күнімде ауылдағы көршілер сондай еді, мен солардың бәрінің Ермегі болып, ортасында еркелеп өстім. Ал қазіргі қазақ маған ұнамайды. Жат боп кеттік. Басқаны қойғанда, өзіме деген қарым-қатынасты ғана алайыншы. Осы қазаққа мен не істедім? Мен өз шаруамды ғана жасап жүрмін, алайда мен ойламаған, тіпті менің миыма келмеген нәрсені ойлап тауып алады да, сол ойын маған әкеп таңып, шындыққа айналдырады. Арам пиғылмен іздесең, іздегеніңді тауып алуға болады. Киноларымда да, мақалаларымда да, жазған шығармаларымда да тек жалғыз ғана нәрсені айтамын: «Ей, қазақ, өз тамырыңа оралсаңшы. Басқаларға еліктеме, біз қазақпыз».

-Бірақ мәселе соны қалай айтуда ғой. Тұрсынов осының бәрін тәңіршілдік тұрғысынан түсіндіреді деп сізді тарпабас салатындар бар. Өз аузыңыздан естиік, сіз осы тәңіршілсіз бе?

- Жүзінші яки мыңыншы рет қайталап айтамын: Тәңіршілдік маған жақын. Мен де кішкентайымнан ауыл молдасын көріп өстім. Адам өледі, молда келіп рәсімін жасайды. Үшінші күні еркек атаулы жаназаға тұрып, әйел біткен аңырап үйде қалып, мәйітті ауыл сыртындағы қорымға апарып, денесін қара жерге тапсырады. Молда өлі тыныштыққа оранып мүлгіген далада тамағын бір кенеп алады да, тағы да Құран аятын оқиды. Тізерлеп отырып ұйып тыңдайсың, түсінбейсің, бірақ әдемі. Алайда қуаныш пен қайғы қатар ғой, сол күні кешке ауылдың екінші көшесіндегі әлдекімнің үйінде той болып жатады. Жаңа түскен келінге «оттай қаула» деп отқа май құйғызады, күйеу жігіттің алдынан арқан тартады, басқа да жасайтын ырымдары көп. Міне, осының бәрін мен, мен ғана емес, бүкіл мен секілді балалар бір ғана дәстүр, бір дін, бір діннен туған салт-ырым деп өстік. Бұлардың бөлек нәрсе екенін кейін ғана білдік. Ислам мемлекеттерінде тұрған кезімде көкейімдегі күмәнді сұрақтардың жауабын іздеп, оқып, зерттедім де. Классикалық ислам өте әдемі, түсінемін, қабылдаймын, бірақ сонымен бірге бір-бірімен ит пен мысықтай 76 ағымның пайда болғанын да ескеру керек. Осының қортындысында өзіме бәрібір тәңіршілдіктің жақын екенін байқадым.

-Миыңыз бен жүрегіңізге броножилет киіп алғандай, әлі күнге жүндей түтіп жатқандардың бірде-біреуімен сөз жарыстырып көрген жоқсыз. Бірақ «маған кім не айтса да бәрібір, алайда  мен үшін пікірі маңызды бес-алты адам бар, солардың айтқанына ғана құлақ асамын» деген едіңіз. Олар кімдер?

- Өмір өтіп барады, сенетін адамдарым аз қалды. Тіпті нақтырақ айтсам, бес- алты емес, мен үшін екі-ақ адамның пікірі маңызды. Оның бірі - Герольд Бельгер, бірі - Мұрат Әуезов. Бұл кісілермен отыз жылдан бері араласып келемін. Өзің білесің, мінезім шатақ, сондықтан достығымыз да тақтайдай тегіс емес. Айтысамыз, ашуланамыз, бірақ қанша айтысып-тартыссақ та, арамызда аса бір жақындық, рухани туыстық бар. Бұл кісілер жай сөйлемейді, сөйлесе, айтқан ойы салмақты, мағыналы. Өте сирек мақтайды. Мәскеуде кинодраматургтар курсында оқығанымда, кіл ебекеңдермен бірге жүрдім. Солар: «егер сені мақтай бастаса, байқап жүргін» дейтін еді. Сергей Бодровтың пікірі құнды мен үшін. Өте білімді, менің түсінігімдегі бүгінгі таңдағы ең мықты режиссер сол. Өз ортасында мықтылар көп болса да, Сергейдің деңгейіне жеткен бірі жоқ. Рустам Ибрагимбековтің кәсіби көзқарасына жүгінемін. Арамызда ешқандай құпия жоқ. Ойымызды бір-бірімізден ірікпей бөлісе аламыз. Басқаларға сенбеймін. Себебі көзқарастары өте «тенденционный».  

 «Келін» шыққанда бәрі баж ете қалды. Айтпағандары жоқ. Фильмге байланысты айтылып жатқан сынды естіп «қалай сонда?» деп өзім таң қалдым. Ең жаманы, осындай нәрсені күн сайын әсірелеп, асырып айта берсе, газеттер жарысып жаза берсе, басқа адамдардың да санасына сіңеді екен. Содан кейін «Шал» шықты. Мұндағы нәтиже елу де елу болды. Қазаққа да ұнады, орысқа да ұнады. Енді, міне, «Кемпір» шығып еді, неге екенін білмеймін, осы жолы орыстілділер жабылып жатыр. Мүмкін, бұл комедияның өн бойында таза қазақы жүрекпен ғана қабылданатын қалжың төгіліп тұрғандықтан болар. Ал жалпы халық жақсы қабылдап жатыр деп ойлаймын. Оны мен прокатқа шықпай тұрып сезген едім. Себебі біз фильм шықпай тұрып алдымен қазағы мол Шымкент қаласына апарып көрсеттік. Фильм жүріп жатыр. Келген жұрт экранға қараса, «қалай қабылдап отыр» деп мен жұртқа қараймын. Олар шын жүректерімен жарылып күліп жатыр, сонда ғана езуіме күлкі үйірдім, өйткені еңбегім еш кеткен жоқ екен.

-«Халық күледі» дейсіз, бір саусағыңды көрсетсең де парықсыз күле беретін адамдар болады ғой.

-Әрине, күлкінің де түр-түрі бар. «Қазіргі күлкі маған ұнамайды» деп сөз басында айттым ғой, өйткені сахнадағы сатира қойылымдары шошайған бір саусаққа да күлуге үйретіп жатыр. Ситком деген шықты, пультта отырған адам нүктені басса болды, арғы жағынан қарқылдаған күлкі естіледі. Оның аты арзан күлкі, ұсақталған күлкі. Менің сағынып жүргенім Қалтай Мұхаметжановтың қалжыңы, содан шығатын күлкі. Мен басқалар сияқты  қалтаны көздеп жүргем жоқ.

-Нені көздейсіз сонда?

- Сана. Ой. Қолыма шам алып жағып, «мына жер лас екен, былғанып қалыпты, шаңын сүртейік» деп  тұмшаланып бара жатқан қараңғы жүрек пен сананы тазалағым келеді. Бұрын қат кітапты іздеп жүріп тауып, бір айлықтың ақшасына сатып алып оқитын едік, қазір кітап көп, бірақ оқушысы жоқ. Сол себепті шығар, адамға ой салатын, санасына сілкініс жасайтын, жүрекке жарылыс әкелетін әдебиет жоқ. Сондықтан не жазсам да «тобырға айналмайықшы, білім іздейікші, білікті болайықшы» дегенге үндеймін. Айтшы, ана қолыңдағы диктофон мен телефон кімдікі? Кім жасады? Менің мына үстімдегі киім кімдікі? Кім өндірді? Біз осы күнге дейін не жасап шығардық? Біз тек пайдаланамыз. Тұтынушымыз. Сөйтіп отырып мақтанамыз. Өзіміздікімен мақтансақ бір жөн, біреудікімен. Бірақ оған ұялмаймыз. Осы менің жүрегіме батады.

-Кім не десе де, «Келініңіз» де, «Шалыңыз» да, тіпті мына «Кемпіріңіз» де тарихи танымның бір бөлшегі. Оның сыртында «Мәмлүгіңіз» бар. Тарихқа жиі жүгінесіз. Тарих дегеніңіздің өзі саясат жемісі. Саясатқа қаншалықты жақынсыз?

- Біреулер мені оппозиционер дейді. Ешқандай да оппозиционер емеспін. Бірақ мен қазіргі билікті түсінбеймін. Алайда күнде айтпасам да, әбден жаныма тиіп кеткенде өз пікірімді айтамын. Неге екенін білмеймін, айтсам болды, бәрі өре түрегеледі. Осы комедиямның премьерасында да жұрт жаңа шыққан фильміммен емес, «Forbes» қа шыққан мақалаларыммен құттықтап жатыр. Менің ұстанымым шындық. Ақты ақ деймін, қараны қара деймін, не айтсаң да ар жағында саясат тұрады. Соңғы кездері иығым ауыратын болып жүр. Өйткені бәрі «сенікі дұрыс» деп иығымнан қағатын болып жүр. Яғни, өзі айта алмаса да, айтқан адамды қолдайды. Біздің бүгінгі қоғамымызда шындықтың бағасы алтыннан да қымбат болып кетті. Өзі айта алмаған адам шындыққа солай қолдау білдіреді. Шындықты айтқан адамға таңқалады. Шетелде тұрып келген маған осының өзі таңқаларлық жағдай.

-«Forbes» деп қалдыңыз, бай мен байлықпен байланысыңыз қандай? «Киношниктер» кедей халық емес қой...

- Өзімді бай адаммын деп есептемеймін. Асып бара жатқан түгім жоқ. Бір машинаны сегіз жылдан бері теуіп келемін. Рас, мен Америкада тұрғанда бай болдым. Үш қабатты үйім болды, гаражда үш-төрт машинам тұрды. Оларды әр күні әр жағдайға, әр көңіл күйге байланысты мінетінмін. Осыны кейбір адам жетістік деп санайды. Бірақ мен үшін жетістік басқада. Кейбіреулер мені өте бақуат адам дейтін болуы керек, бірде ақтаулық бір студент телефон шалып: «мен ақылы оқу орнында оқитын едім. Ақшасын төлей алмағандықтан, мені оқудан шығарғалы жатыр. Көмектесіңіз» дейді. Әрине, қолдан келетін шаруа болса, көмектесесің ғой, сөйтіп аяқ астынан қайырымдылық шараларымен де айналысып кетесің.

-Сіз елдің есі аударылып жатқан тоқсаныншы жылдарда-ақ Америкаға кетіп, содан он екі жыл бойы әртүрлі мемлекеттерде өмір сүріп келдіңіз. Менеджмент, маркетинг, нарық деген нәрсені бұл жақтағыларға қарағанда ертерек меңгеріп, әр нәрсенің есебін жете білуіңіз керек еді. Бірақ неге осы уақытқа дейін өз жеке кинокомпанияңызды құра алмадыңыз немесе  өз кинотеатрыңызды сала алмадыңыз?

-Менде ондай талант жоқ, ең бастысы, алдыма ондай мақсат қойғам жоқ. Ондай нәрсе жасау үшін құрығанда адамда қабілет болу керек. Әрине, бай болсам жақсы болар еді. Бірақ маған осы да жетеді. Әйтсе де ... бір кездері бай болып та көргем. Зардабын да тартқам. Елге жаққан сол байлық маған онша жаққан жоқ. Ең алдымен, адамның ойы өзгереді. Көзқарас былғанады. Артық тамақ жесең, құсқың келеді ғой. Сол сияқты.

-Сонда шығармашылық адамы үнемі түлкіқұрсақ болып жүруі керек пе?

- Жо- жоқ, тек оның менің табиғатыма жат нәрсе екенін айтқым келген. Оны мақсат етсең, соған байланып, құлы болып кетесің. Тым кедей болсаң да жаман, онда күнкүрістің құлына айналасың. Маған орташа жүрген өзімнің осы қазіргі күйім ұнайды. Ешкімнің алдында қарыз емеспін, балалар өсіп келеді, сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндігім  жетеді. Мәскеуде Тимур Бекмамбетовпен жақын араласып, бірге жүрдік. Қарапайым еді. Бай болып еді, өзгеріп кетті, тіпті шығармашылық ізденісі де өзгеріп кетті. Қазіргі оның жасап жүргенін мүлде түсінбеймін. Ол бұрын жарты минуттық жарнама роликтерін түсіріп жүргенде әлдеқайда жақсы ізденетін. Қазір де сол баяғы роликтері, тек бір жарым сағатқа ұзарған. Қарасаң, бр жарым сағатқа миың өшіп қалады. «Мынау не пәле?» деп, көріп болған соң не жөнінде екенін айта алмайсың. Сол себепті бұл әркімнің өзіне байланысты шаруа екені анық.

- Кезекті фильміңізді түсіріп бола салысымен, сіз жұмсалған ақшаңыз бен уақытыңызға сай касса да күтесіз, халықтың қабылдағанын да күтесіз және өз ортаңыздан мойындау мен құрметті де күтесіз. Солай ма?

- Әрине. Біріншіден, фильмді түсіріп жатқанда «осыдан бірнәрсе шықса екен» деп ойлайсың. Екіншіден, монтаждалып жатқанда «бұдан бірдеңе шыға ма, шықпай ма» деп күдік пен үміттің арпалысында отырасың. Әуені бар, суреті бар, постпродакшн жұмысы өз алдына бөлек процесс. Осының бәрі біткен соң басқа үміт пайда болады. Халықтың көңілінен шығу. Халықтың сынынан өткеннен ғана басқа елдегі конкурстарда көрсетуге жолдама алып жатсаң, әрине мойындау мен құрмет күтесің. Себебі бұл менің жұмысым. Шетелге барып бағаланып жатсам жаман ба екен? Бұл да бір жүріп өтуге тиіс жол. Асу. Ол асуды алсаң, қол бұлғап келесі асу тұрады.  Режиссер осының бәрінен өтеді.

-Айтсам, салыстырғаным үшін намыстанып қалатындай көрініп тұрсыз, бірақ Есентаева Баян екеуіңіз шахмат ойнағандай фильмдеріңіздің іркес- тіркес, бірінің соңын бірі ала жарыққа шығатыны несі?

- Есентаева тақырыбы жабылған. Болды. Мен өзімді биік киноқайраткермін деп есептемеймін, бірақ мені Баяндармен салыстырма. Реніштің көкесі сонда туады. Оның жолы бөлек, менікі басқа жол. Оның фильмдері тек қана коммерциялық мақсатты көздейді, ал менің мақсатым басқа. Ал сен айтқандай шахмат ойыны сияқты болып көрінсе, ол жай кездейсоқтық, сәйкестік қана.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2046