"Мәселе шешетін басшыға ұқсамайды"
Суретте: Шәкәрім Құдайбердіұлы
Шәкәрім қажынынң осындай сөзін көзім шалды. "Қазақ әдебиетінде" Жәнібек Әлиманның Елтай Ерназаров деген шолақбелсенді туралы мақаласы жүр екен.
Ситат:
"Көзіқарақты кейінгі жұртқа Е.Ерназаров есімі таныс. Ф.Голощекинмен Қазақстанда кіші қазан төңкерісін ұйымдасырып, қолдан аштық жасаушы тақыршекенің (Ф.Г) қолшоқпары. Шаласауатты оны Ресей 1927-1934 жылдары ҚА КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы етіп қойғандықтан, ел арасында «Елтай ағам оқымай-ақ ел басқарған» деген кекесін сөз бар. Басқасын айтпағанда, Оңтүстік Қазақстан облыстық мұрағатындағы тәркілеуге қатысты құжаттың бәрінде осы «Елтай көсемнің» қолы бар. Қ.Мұхаметханов «Шәкәрім» атты мақаласында ақын мен Елтайдың Шыңғыстаудағы кездесуін көзімен көрген Аюбай Кенесариннің (1906 жылы туған) мынадай естелігін айтады:
Суретте: Елтай Елназаровтың қабірі
«Осы ауданға Қазақ үкіметінің бастығы Елтай Ерназаров келгенде (1931) Шәкәрім сол кісіге кіріп, әңгімелесіп, шығып тұрғанда көрдім. Жаздыгүні болатын. Елтайға арналып, Қарауыл өзенінің жағасына бірнеше үй тігілген-ді. Елтай отырған үйді милиция адамдары күзетіп тұрды. Арыз айта келгендер өте көп еді. Бірқатары кіруге рұқсат ала алмай, күнұзақ тосумен болды. Сол күні атақты өнер иесі, әнші Ағашаяқ ретін тауып кіріп, сиырымды қайтарып беретін болды деп қуанып шықты. Басқалары арызымыз шешілмеді деп ренжіп шығып жатты.
Бір кезде Елтай отырған үйден Шәкәрім де шығып келіп, тұрған халыққа: «Малдан айрылған елдің ашыға бастағанын айтып, тәуір-ақ сөйлестім. Көнбеді. Мәселе шешетін басшыға ұқсамайды. Босқа әуре боп кірмей-ақ қойыңдар», – деп атына мініп, жүріп кетті. Осы кездесудің белгісіндей мынадай өлең жолдары бүгінге жетті:
…Қазақтың басшы баласын
Сөйлестім, көріп шамасын.
Қалайша қалап қойған ел
Сезімсіз, ойсыз шаласын,
Түк келмейтін қолынан?!
Ел мұңын ондай ұға алмас,
Бастық та болып тұра алмас.
Мансапқа өзің мақтансаң,
Еліңнің басы құралмас,
Адасар айқын жолынан…».
Бүгінгінің шолақбелсенділерін айна қатесіз танып отырмын...
Не дейсің енді?
Біздің бүгінгі басшылардың қазақ тарихын жек көруінің себебі осы емес пе? Тарихты оқыса өзін көргендей болып, жиіркенеді...
Айдос Сарым, саясаттанушы