Жексенбі, 13 Қазан 2024
Қоғам 11781 0 пікір 20 Қазан, 2014 сағат 11:17

БІЗДІҢ ӘСКЕР ЕЛДІ ҚОРҒАЙ АЛА МА?

Ресейдің тәуелсіз Украинаға жасаған агрессиясынан кейін және соңғы кездері алыс-жақын елдерде орын ала бастаған әскери-саяси қақтығыс-соқтығыстарды саралай келгенде, біздің әскер Тәуелсіз Қазақстанды мүмкін болар қатерден қорғай ала ма деген заңды сауал туады. Біздің бүгінгі Қарулы Күштеріміздің хал-ахуалы қалай? Ол заманауи технологиямен жарақтанған қару-жарақпен қамтылған ба? Қазақстан әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына әскері әлеуетті ел ретінде кіре ала ма?

Жасыратыны жоқ, бұл бүгінгі күні ең үлкен сұрақ. Себебі соңғы онжылдықта елдің қорғаныс саласына бөлінетін қаржы еселеп өсе түскенімен, әскери сарапшылар Қазақстанның әскери қуаты әлсіз деген пікір айтады. Астанада жиі-жиі өтетін әскери шеруде жалтырап, жарқырап өтетін техника бір басқа, ал «Дабыл!» белгісі берілісімен, бокстан бүтін шығатын танкінің саны – екінші басқа сипаттағы салыстыру болмақ.

Айталық, Strategypage.com сайты жариялаған дерекке сүйенсек, Қазақстан Қарулы Күштерінің (ҚК) коэффиценті 100% жүйе бойынша алғанда, бар болғаны 9 пайызға бағаланады екен! Он баллдық жүйе бойынша, Қазақстан әскерінің қалыптасу деңгейі – «екі», ал басқару сапасы – «бес» деп бағаланған. Ал «Global Firepower» агенттігінің зерттеуі бойынша, әскери қуат рейтингінде Қазақстан 106 елдің арасынан 80-орында!

Бұл қайшыласқан қақтығыстар қалыптаса бастаған бүгінгі заманда жақсы көрсеткіш пе? Айталық, шын мәнінде бақайшағына дейін қаруланған Ресей әскерінің басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Украина аталған рейтинг бойынша 21-орынды иемденеді. Соның өзінде Украина соғыс қару-жарағының 90 пайызы ескірген деп саналады! Яғни, Украинадағы соңғы оқиғалар барысында ел әскерінің «Шығыс соғысындағы» әлсіздігі тегін болмаса керек.

АҚШ Орталық барлау басқармасы сайтының хабарлауынша, Қазақстан өз армиясын ұстауға жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 1,2 пайызын бөледі. Ал Қазақстан Қаржы министрлігі болса, 2014 жылы республикалық бюджеттен қорғаныс саласына 362 миллиард 700 миллион теңге бөлінгенін айтады. Бұл – жалпы бюджеттің шамамен алғанда 5,3%-ы, яғни 2 миллиард АҚШ долларын құрайды деген сөз. Осы 362 миллиард теңгеден аса қаржының 30 пайызы қару-жарақ, әскери және өзге де техниканы жетілдіру, қалпына келтіру және сатып алуға жұмсалуға тиіс. Қорғаныс ісіне бөлінетін қаржының жыл сайын өсе түсіп отырғанын президент биылғы жылдың наурыз айында тағы бір атап өтіп, соңғы үш жылдағы бөлінген қаржы мөлшері триллионға жетіп қалғанын да жасырмаған. Қазақстанның аса күрделі экономикалық-әлеуметтік жағдайында бұл аз қаржы емес.

Шынын айту керек, егер Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері ҚК-ге бөлінген қаржы діттеген жеріне жұмсалған болса, бүгінге дейін бүкіл әскер атаулы заманауи құрал-жабдықпен әлдеқашан жарақталып, рейтинг бойынша Украина, Ресеймен қатар тұратындай-ақ потенциалы бар еді... Бірақ бүгінде, өкінішке орай, жағдай мүлде басқа. Тіпті мүлде сорақы десе де болады!

Қазақстан армиясының 70 пайызы заманауи әскери құрал-жабдығыңыз не, өндірістен өткен ғасырда шыққан ескі кеңестік техникамен жарақтанған болып отыр. Бұл туралы бірқатар сарапшылар ашық айтуда және бұл негізсіз пікір емес.

 Мәселен, ҚР ҚК негізінен Кеңес Одағы тұсында шығарылған «Т-72» танктері, «БМП-2», «БТР-80А» және «БТР-82А» бронды машиналары, «МиГ-27», «МиГ-23», «МиГ-29», «МиГ-31», «Су-27» ұшақтарымен жабдықталғанын әскербасылардың өздері де жасырмайды. Ал ҚК-ге шетелдерден сатылып алынып жатқан заманауи техниканың мөлшері бірлі-екілі ғана және оны «бізде мынадай бар» деп, жарнама үшін парадтарда көрсеткені болмаса, олардың мүмкіндігін басқара алатын әскери мамандар мүлде тапшы.

Ескі техника – біздің әскердің ең осал тұсы! Себебі қазір кез келген әскери қақтығыста техникалық ресурс басты рөл атқаратыны белгілі. Мәселен, АҚШ әскері бүгінде Ирак пен Ауғанстанда жаяу әскерден бұрын, ұшқышсыз ұшақтардың мүмкіндігіне иек артатын соғыс стратегиясына көшті. Әуеден тас-талқан болған қарсыласты шоқпармен шауып алуға болатын соғыстың заманы туған.

Сөзімізге дәлел ретінде әскеріміздің саны мен сапасына нақты мысалдар келтірсек. Елімізде әскердің 4 түрі бар: Құрлық әскері – 47 мың, Әуе қорғаныс күштері – 19 мың, Әскери-теңіз күштері – 3 мың және Республикалық гвардия (шамамен 1,5 – 2 мың адам) бар. Барлығын қосқанда 75-80 мың адам шамасында.

Әскери техника саны: 5 мың танк, 130-ға жуық тікұшақ, 4 мың әскери көлік, 2 жарым мыңнан астам миномет бар. Бұған қоса 25 бомбылаушы Су-24, 40-қа тарта жойғыш МиГ-29, 14 жойғыш Су-27, 14 шабуылдаушы Су-25, 43 әскери жойғыш МиГ-31 ұшақтары мен 100-ге жуық зениттік зымыран кешені бар.

Бірақ көрген көзбен, естіген құлаққа бармағынан бақайшығына дейін қаруланғандай болып көрінетін әскеріміздің техникасының 70 пайызы ескірген. Мысалы, біздегі «істен шықпаған» танктердің басым көпшілігі Т-62 мен Т-72. Танкілердің бұл түрі бүгінгі таңда мерзімі өтіп бара жатқан техникалардың санатына жатады. Бұдан басқа көгімізден күнде болмаса да, жылына бір рет құлауды әдетке айналдырған ұшақтарымыздың да жағдайы мәз емес. МИГ-25, СУ-25, СУ-24 ұшақтарын пайдаланудың өзі қауіпті болып тұр.

Әрине, 17 миллионға толар-толмас халқы бар елге Соғыс-өндірістік кешендер (ВПК) салу қажет емес шығар. Оның үстіне ондай кешендер салып, қыр асып кеткен Батыс пен Ресейді бүгін-ертең қуып жету мүмкін емес. Мұнай мен газ экспорттаушы әлемдегі он елдің қатарына кіретін Қазақстан үшін қазіргі заманға сай әскери техниканы импорттау саясаты мығым болуы тиіс.

Дегенмен, запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов: «Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі тіпті сонау Кеңес Одағы кезіндегі әлеуетінен де айырылып қалған», – деген пікір айтады. Ол әлеует Алматыдағы Ауыр машина жасау зауыты мен КСРО Флоты үшін торпедо шығарған Киров зауыты болмаса, басқадай соғыс техникасын шығарған ауызға аларлық кәсіпорындар біздің елде болмаған.

Әрине, бұл арада Семей ядролық полигонына ішкі Ресей аумағынан әкелінетін атом бомбаларын мысалға келтірудің реті жоқ.

Осы орайда тағы бір запастағы генерал-майор Махмұт Телеқұсовтың сөзіне сенсек, біздің әскер өткен ғасырдың 70–80-жылдары шығарылған әскери техникамен, басқаша айтқанда, үшінші буын техникасымен жарақтанған. «Оны жетілдіріп, төртінші буын техникасына айналдырғылары келеді. Бірақ бұл мүмкін емес, әрі ақылға қонбайтын қиял. Ал қазір әскери техниканың бесінші буынын пайдаланып отырған әлем елдері жуырда алтыншы буын техникасына көшпек. Сондықтан біз заманауи техниканы сырттан сатып алуымыз керек», – дейді ол.

Яғни, өзіміз көріп жүргендей, Қазақстан армиясының әскери техникасының тең жартысы жамап-жасқалған, әскери парадтар өткізуге ғана жарайды деген пікірдің терістігі кемшін! Тіпті қолда бар әскери техника әдеттегі оқу-жаттығу өткізуге де жарамсыздық танытуда. Оған дәлел жетерлік. Оқу-жаттығу кезінде апатқа ұшыраған әскери ұшақтардың апатқа ұшырау тарихы өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталатыны жалған емес. Соңғысы – күні кеше ғана Талдықорғанда орын алған әскери ұшақ апаты...

Ал мұндай ақиқаттардың барына қарамастан, ресми ақпарат «біздегі әскердің жағдайы керемет» деп жар салуда. Биылғы жылы 7 мамыр күні Астанада өткен әскери шеру кезінде «Елдің Қарулы Күштері Орталық Азиядағы ең үздік, әрі күрделі әскери міндеттерді орындауға қабілетті армия» деп сипатталды. Сірә, мұндай ақпарат әскерге бөлінетін қыруар қаржы негізінде жасалған болса керек!

Рас, әскерге қаржы тұрғысынан алғанда, ҚК-дің сипаты, расында да, «қабілетті армия» қатарына жатуы тиіс еді. Бірақ соңғы екі жылда Қазақстан Қорғаныс министрлігі «әскери техниканы сатып алу мен жөндеу кезінде коррупциялық қылмыстарға жол берді» деген айыппен үнемі жалаға ілігіп келе жатқаны да елге етене аян жағдай.

Бірақ ҚР ҚК-гі жемқорлық осы соңғы екі жылда ғана орын алды ма?

Әрине, жоқ.

Бүкіл Қазақстан қоғамы сияқты ҚК-де жемқорлықтың тұтас бір жүйесі әлдеқашан қалыптасып қойған. Қазақстан әскері – жоғары лауазымды генералдардан бастап, ең төменгі шенді командирлерге дейін өздерінің бас пайдалары мен жақсы тұрмысын бірінші орынға қоятын ортаға айналған.

Сондықтан Қазақстандағы жемқорлықтың аса көп бөлігі әскерге тиесілі екендігіне еш таңдануға болмайды. Оған жоғары шендегі әскерилер ғана емес, биліктегі ықпалды адамдар, құқық қорғау органдары, керек десеңіз, сот жүйелерінің де қатысы бар. Өйткені оларды ұлт, ұрпақ қауіпсіздігі емес, құлқынның қамы біріктіреді! Бір сөзбен айтқанда, біз бүгін жоғары жауынгерлік дайындықты емес, әскердегі жемқорлықтың жоғары нәтижелерін көріп отырмыз деуге болады.

Енді ескі техникамен жарақтанған әскер туралы бірер сөз.

Тәжірибелі әскери мамандардың пікіріне сүйенсек, Қазақстанда тек төменгі дәрежедегі шиеленістерге тойтарыс беру жаттығулары ғана өтеді.

Дәлірек айтқанда, біздің әскер атыс қаруы, қолдан жасалған жарылғыш заттармен ғана қаруланған террористік ұйымдар мен бандалық құрылымдарды жою үшін ғана жаттығып, машықтанады екен.

«Бұл бар болғаны – экономикалық және әскери потенциалы әлсіздеу мемлекеттер арасындағы соғыс түрі. Ал бригада командирлерінен бастап, қорғаныс министрі орынбасарларына дейін соғыс ісіне үйрету үшін – жоғары деңгейдегі жаттығулар өткізу қажет», – дейді генерал Махмұт Телеқұсов. Оның айтуынша, 2006 жылдан бері орташа дәрежедегі қауіп-қатерге тойтарыс беруге үйрететін бірде-бір әскери жаттығу өтпеген екен.

Сонда жай ғана террористік топтар мен бандалық құрылымдарды жоюға дағдыланған әскерді елді жаудан қорғайтын армия деуге бола ма? Және «әскер» деген атпен оны дабырайтып, ол үшін халықтың қалтасынан жыл сайын миллиардтап қаржы бөлу қаншалықты қажет және бұл қаншалықты тиімді?

Біздің әскери доктрина бойынша, біз соғыс жағдайында әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұжымдық жүйелердің көмегіне сүйенеді екенбіз. Атап айтқанда, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы (ҰҚКҰ) және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ). Бұл екі ұйымның негізгі ойыншылары – Ресей мен Қытай.

Дәл осы арада біздің ҚК-ге қатысты парадоксты сұрақ туады. Бүгінгі геосаяси әлемде біздің мүмкін боларлық әскери қарсыластарымыз – Қытай мен Ресей болуы тиіс. Бер жағында Ислам-аканың Нұрсұлтан көкемен текетіресін еске алар болсақ – Өзбекстанды бұл қатарға жатқызуға болады. Сонда біз елдің, ұлттың қауіпсіздік мәселесін екі жақтағы көршіге – мүмкін боларлық қарсыластарға әлдеқашан өз қолымызбен тапсырып қойғанда, басқа қандай жауға тойтарыс бермек ойдамыз? Бұл енді қасқырға қой бақтырғанмен бірдей деген сөз. Олай дейтініміз, Ресей мен Қытайдың әскері АҚШ армиясынан кейінгі орындарда тұр. Сонда Қазақстанның болашағы – «кім жеңсе, соның қолында кету» болып тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ шындық – осы!

Бұл ретте біз «ОДКБ» мен «ШОС»-қа сес ретінде Түркиямен неге әскери блокқа бірікпеске? Еске сала кетсек, түрік әскері өзінің әлеуеті мен әскери-соғыс тәжірибесі жөнінен әлемдегі алдыңғы ондыққа кіреді. Мәселен, Қазақстан аталған ұжымдық одақтардан тыс ұйым құрып, Түркия, Әзірбайжан және Орта Азия елдерімен бірігіп, Түркі соғыс блогын құруға мұрындық болғанда, еліміздің сесін сездірудің тым құрығанда ишарасы туар еді.

Ал өз еліміздің сыртқы жаулардан қорғану қабілетін Қытай мен Ресейге тапсырып қойғанда, бізге басқа кім қауіп төндіруі мүмкін? Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ па?

Саяси сарапшылар жасаған қортынды бойынша, бүгінде мықты мемлекет болудың алғашқы үш шарты, ол – мықты ұлттық идеология, мықты экономика және мықты әскер.

Бізде осы үшеуінің қайсысы бар?

Идеология ма? Қазақстан унитарлық мемлекет бола тұра, яғни мемлекет құрушы ұлт біреу – қазақ ұлты бола тұра, көпұлттылық саясатқа ден қойған елді мұндағы басқа ұлттар жаудан қорғайды деген идеологияға алданудың еш реті жоқ. Оны Украинадағы бүгінгі орыс сепаратшыларының жікшіл тәжірибесінен айнымай тануға болады. Идеологиясы шатқаяқ елдің әскерінде қандай рух, қандай отаншылдық қасиет болуы мүмкін?

Экономика ма? Саяси сарапшы Досым Сәтпаевтың пікіріне жүгінсек, елдегі экономика халықтың, қазақтың денін қамтитын кіші және орта кәсіпкерліктің емес, тек олигархтардың экономикасы болып шықты. Оның үстіне біздің экономика – көмірсутегі шикізатын экспорттауға бағытталған экономика. Ал бүгінгі жағдайда мұнайдың әлемдік бағасы күрт құлдырап бара жатқанын ескерер болсақ, ондай экономика әскер түгілі әлеуметке әл бола алар ма екен?

Мықты әскер ме? Оның жанкешті жағдайын жоғарыда бірқыдыру айттық. Сонда біз мықты мемлекеттің үш шартынан да жұрдай екенбіз.

Енді мұның бәріне қоса, Қазақстанның солтүстік аймағында кейінгі кездері сепаратистік пиғыл орын ала бастағаны жасырын емес. Бұл аймақтағы тұрғындардың тең жарымынан басымы – орыс тілділер.

Бұл аз десеңіз, Орта Азиялық басылымдарда көрсетілгендей, соңғы уақытта Алматы мен Астанада «Новороссия» деген атаумен үнпарақтар таралып жатқаны біздің үкіметті ойландыруға тиіс. Мұнан өзге «Солтүстік Қазақстанды Ресейге қайтарайық» деген әлеуметтік желідегі виртуалды топ өздеріне ашықтан-ашық жақтастар іздестіріп жатқаны неге бізді бейтарап қалдыруы керек?

Гүлмира ТОЙБОЛДИНА,

Есдәулет ҚЫЗЫРБЕК,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 37 (261 16 қазан 2014 жыл

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: ЕЛ БАСЫНА КҮН ТУСА, БІЗДІҢ ӘСКЕР ЕЛДІ ҚОРҒАЙ АЛА МА?

0 пікір