Сенбі, 23 Қараша 2024
Көкжиек 8817 1 пікір 19 Қазан, 2014 сағат 02:00

Зеренді қарағайлары

Нұр құйып ерек жаныма

Алыста қалған айлары,

Шақырды мені тағы да

Зеренді қарағайлары.

Автор.

 

Елбасының ықылым замандардан бергі ұлт рухының ұлық Қағбасындай Ұлытау төріндегі толғаныс-тебіренісі бүкіл қазақ қоғамын дүр сілкіндірген­дей болды. Сонымен бірге, әрбір қазақ­тың жүрегін бір-бір Әулиебұлақ сылдырымен оятқандай. Әркімнің өзі­нің кін­дік қаны тамған кіші Ұлы­тауын еске түсі­ріп, қастерлеп қадір­леуге, аялауға шақырғандай. Сәбең жарықтық, Сәбит Мұқанов «Ботагөз» романының аяқта­лар тұсында Көкше­нің кеудесінде тұ­рып қазақ даласы­ның ұлы тауларын жіпке тізіп шыға­тыны бар ғой: «Азат – аяқ астында, Сырымбет – сырық сілтер жерде, Жыланды – жанында, Бұқпа – бауырында, Айыртау – аясында, Имантау – иығында, Сандықтау – сағасында, Ақан – ағайыны, Зеренді – замандасы, Шор­тан – шөбересі, Торыайғыр – тұста­сы, Көксеңгір – көршісі, Ереймен – ерулесі, Баян – бауыры, Қар­қаралы – құдасы, Ақтау – андасы, Ортау – одақтасы, Ұлытау – ұйымдасы, Қаратау – қайыны, Алатау – ағасы, Алтай – атасы» деп осы аталған тау­лардың біразын көзімен, көз жетпе­генін аспанда ша­рық­тап ұшқан сұң­қар қанатты сезіммен көргенін айтады емес пе. Мен де сондай күй кештім. Байтақ Ұлытауыммен қоса барқыт Зерендімді, көркем Көкше­тауымды қаусырып құшағыма алғым келді, перзенттік парызды махаббатымды алқаға салғым келді.

Көкше десем –

Түседі еске көктемім.

Көкше десем –

Мейірленер көкте Күн.

Бір керемет жалын кернеп кеудемді,

Сезінемін шапағат нұр өпкенін.

Өйткені…

Жырымда ауылымның алауы бар,

Туған жер –

Тағдырымда тарауы бар.

Зергердің зерлеп соққан зереніндей,

Зердемде Зерендінің жалауы бар.

Иә, осылай деппіз. Ақтық демді алған­ша осыдан танбаймыз. «Туған жер деген иенің, Болған-ды сондай киесі. Зерендім, сені сүйемін, Ұлың­ды сен де сүйеші!» деп әрқашан тәңіріміздей табына беруден жазбаймыз. Өйткені, Отан деген қастерлі де қасиетті ұғымды әуелі туған ауылымыздан, туған жері­міз­ден, отбасы ошағымыздан, мешітті ғалам үйіміз­ден танығанбыз. Сол үшін де Қақпас­тасты дүниедегі ең биік тау деп санағанбыз, бауырындағы кішкен­тай Көктеректі бар әлемге балағанбыз.

Ал енді: «Қазағымның көп тарихы Көкшеде, Қаланып тұр Оқжетпестей текшеге», десек, ол да рас. Оған да еш­кім дау айтпас. Сол тарихтың көп­тен көбі, қысы мен жазы, күзі мен көктемі Зерендінің елі-жерімен, жа­сан­ған бар­қыт белімен байланысты болып келеді. Заманында алыптар тобының еркесі болған айтулы ақын Жақан Сыздықов: «Арғы атам батыр Қанай ту байлаған, Бауырын Зерен­дінің ен жайлаған» деп жырлауының да мәнзел-мәнісі сол қат­пар­лы тарихта жатыр. Бүгінгі бақуатты да бостан заманда Зерендінің барқыт белін жай­лаған қалың елдің бір бабасы Қанай би жоңғар шапқыншылығынан ти­тық­тап, ел басына екіталай күн туған талқылы шақта тарих биігінен табылып, көреген көсемдікпен ел бас­тайды, сардар батырлықпен қол бастайды, діл­мәр шешендікпен сөз бастайды. Қара тіл мен қайқы қылышты қос-қатар қа­руы етіп, даланың дана жүрек сайып­қыраны азаттық дабылына үн қосады. Соңына атығай-қа­рауыл­дың қосынын ертіп, Итішпес, Аңырақай, Бұлантыда, қалмақтай қыр­ғын салып бұралқыға, қазақтың қасиетін ұран қыла, тіл безеп, найза кезеп, Бөгенбай, Қабанбайлармен қа­тар шабады.

Ұлытау төріндегі толғанысында Елбасы айтқандай, қазақтың ен дала­сын­дағы көп қасиетті жерлердің керемет алқасынан Зеренді де көрікті інжу-мон­шақ­тай көз тартады десек, қателес­песпіз. Себебі, Зерендінің тарихы да қазақтың елінің, елдігінің, азаттық жолындағы қияпатқа толы күресінің тарихымен бір қара қазанда қайнап, астасып араласып жатыр. Жоғарыдағы Қанай би қазақ мемле­кеттігінің аса күрделі кезеңінде Төле би, Шақшақұлы Жәнібек тархандармен ақылдас-қолдас болып, сетінеген ел іргесін бекітуге, кетеуі кетіңкіре­ген бірлікті нығайтуға, билікті берік қолға беруге зор үлес қосып, осы орайда тағдырлы рөл атқарған талайлы тұлға. Бұған ақиқатшыл ақын Мағжанның: «Ту баста Абылайды хан көтерген Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай» деген жыр жолдары да куәлік етіп, айғақ болғандай. Қасиетті Ұлытаудың ұлан төбесінің қасындағы жазыққа елді бастап әкеліп үйіруші­лердің де, Абылайды ардақтап хан көтерген ақ киіздің бір бұрышын ұстаушылардың да бірі емес, бірегейі осы Қанай. Жас баһадүрді ертіп апарып әулие Төле би мен айбынды Шақшақ Жәнібектің батасын алғыза­тын ақжолтай мәмілегер де Қанай болғанға ұқсайды. Сөйтіп, алтын тақ, ата мирас адастырмай, Абылайдай кемеңгерге бұйырады.

Көкшетауда қырық сегіз жыл хан­дық құрған, атығай-қарауыл жасаулап алты қызын берген халқымыздың азаттығының алдаспаны Абылай хан­ның оң тізесін басқан биі, былайша айтқанда, бас уәзірі Қанай би болғанын ел аузындағы әңгімелер растай түседі. Осы ретте Ұлытау төріндегі сұхбатта Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қазақтың көп дүниелері атадан балаға ауызекі түрде беріліп келген» деп өте орынды айтты. Құлағымызға бала кезімізден сіңісті, бабалары Абылайханға, одан Қасым мен Кенесарыға төле болған Бабасұлы Есенғалаш деген қарияның 1926 жылы айтқан бір әңгімесін есте сақтап, кейін­гіге жазып қалдырған Асқар Нұғыман­ұлы дейтін ояу көкірек кісінің ескі дәптері Қанай шешен мен Мұсақұл ба­луанның Ташкентке барған сапарынан шежірелі сыр шертеді. Он екі қақпа Ташкенттің құшбегісін Қанай би сөзде жеңіп, қырғыз бен өзбектің де дауын шешіп, тоқтамды төрелік айтып, үлкен абырой-атаққа жеткен. Сол ұлы жиын тойда арқасында жалы бар, жүрегінде жалын ұйтқыған жиырманың үшеуін­дегі жас Мұсақұл күресте сарттың қоңы­раулы Қара-Қапылан балуанын же­ңіп, жамбы атыста жебесімен тай тұяқты түсіріп, ал құйрығы шолақ, құлағы шұнақ Кербестісі үш жүз аттың алдында келіп, өзінің батыр деген аты шығып, оған қоса қазақтың мерейін үстем етеді. Бәсте жеңген Қанай осыдан соң аз уақыт Ташкенттің бегі болды, сол жақта да тұқым-жұрағаты қалды деген аңыз, әңгімелер бар. Мұсақұл атасы қазірде Зерендіде бір рулы елді құрайтын бірнеше ауыл. Ал оның құба­керінен кейін талай-талай жел қанатты жүйріктер тарағаны сөзсіз. Ақан сері­нің атақты Құлагер тұлпарының да түп атасы осы Мұсақұлдың құбакері болға­нына шәксіз иланамыз. Оны Ілияс ақын­ның дастанында: «Қашаннан қа­зағым­ның қолтумасы» деп Күреңбай сыншы шегелеп кеткен ғой. Ал енді сөз тұлпарлар жайына ойысып кеткен соң қалдырмай айта кетейік, Шоқан Уәли­ха­новтың уәжіне жүгінсек, болашақ Абылай хан қарауыл Дәулет байдың жыл­қысынан таңдап мінген Шаңқұй­рық тұлпармен батыр атағына жетіп, қазақтардың құрметіне бөленген дейді. Және бір мазасыз ойым Зеренді ауда­нын­дағы бұрынғы Қарабұлақ, қазіргі Қанай би ауылының бұрынғы аты Дәулет болғандығына меңзейді. Осы жер де, осы аттас көл де ертеде жақсы­лық қарауыл Дәулеткелді байдың жайлауы болған. Сабалақ атанған жас Абылай осы байдың жылқысын баққаны белгілі. Кебенек ішіндегі ерді батасымен алқаған да, Шалқұйрық тұлпар мінгізіп жарылқаған да сол Дәулеткелді бабамыз екен. Зергер тарих Зерендінің шежірелі зеренінің түбінен осындай ға­жап сырларды суыртпақтап шығарады.

Иә, Зерендідегі алты ауыл Қанай­дың айдыны ежелден басым. Олар қазақи қаймағы еш заманда да бұзылып көрмеген Қарабұлақ, Игілік, Ұялы, Жамантұз, Ескенжал-Еңбекбірлік және Қойсалған ауылдары. 1999 жылы рухы қасиетті Түркістанда Абылай баһадүр ханмен қатар дамылдап жатқан ұлы бабаның 300 жылдығына орай үлкен ас беріліп, Қарабұлақ Қанай би ауылы деп аталған-ды. Қанай би ауылы Бурабай алқабындағы Абылай хан ауылымен, Кенесары кентімен көрші қонып, қанат­тасып жатыр. Бұл да болса жалғасқан жақсылықтардың жөргемді нышаны шығар.

Қанай бидің ұрпақтары да мерейлі. Немересі Бекболат би туралы «Қазақ­тың 100 шешен билері» кітабында баяндалған. Ол да жалпақ елге үлгілі сөз айтқан, ұлағатты адам болған. Ал әйгілі Балуан Шолақ «Нағашым жалпақ Қанай» деп мақтаныш ете жар салып өткен. Қанай ұрпақтары Балуанның басына іс түскенде жиендерін жан сала қорғап та отырған. Қанайдың кейінгі замандағы ең атақты ұрпағы Кеңес Одағының батыры, академик ғалым, 100 жылдығы ел бойынша кеңінен аталып өтілгелі жатқан, баршаға ардақты, күллі қазақтың, әсіресе, зеренділік­тер­дің мақтаны Мәлік Ғабдуллин. Мәлік ағаның майдандағы ерлігі, бейбіт күн­дердегі өмірі ұрпаққа ұран һәм өнеге екенін айтып жатудың өзі артық. Тағы бір ұрпағы Зеренді-Көкшетау өңірінде­гі халықтық қасиеттің қазығындай жүрген, қырық жылдай бірнеше аудан­ның бірінші басшысы қызметінде жүр­ген, Социалистік Еңбек Ері, дүниеден жүз жасап өткен қадірменді қария Баян Жанғалов болатын. Көкшедегі көркем биік еді. Тоқсанының тойына ақ сәлем­мен арнайы атбасын бұрып Нұрсұлтан Әбішұлы келіп еді. Елордадағы салтанатта Елбасыға рәсімді ақ бата берген асыл абыз еді. Зеренді жерінің көп жарқын тарихы осы кісінің еңбегімен бедерленіп жасалғаны бүгінгі ұрпақтың көз алдында.

Қазақ әдебиетінің заңғарлары Тахауи Ахтанов, Сәкен Жүнісов, Әзілхан Нұршайықов, Әбдіжәміл Нұрпейісов­тер Баян ағамен сыйлас, тіпті, сырлас болғандары да жадымызда. Жарықтық Әзағаң Баян Жанғалұлының Зеренді аупарткомының бірінші хатшысы кезін­де Зерендінің бір ауылында ол да зерен­ділік азамат, жазушы Жанайдар Мусинмен «Үйірі қысырақтың мақпал қара!» деп бастап Ақан сері әнін қас­қайып тұра қалып қосыла шырқаған­дарын естелік-толғанысында елжірей жазып еді. 1971 жылдың күзінде Зерен­ді­нің аудандық газетінде тәжірибеден өтіп жүргенімде «Лениншіл жастан» Сағат Әшімбаев пен фототілші Сиез Бәсібеков келе қалып, оларға бірінші хатшы ауданды өз «Волгасымен» аралатып жүріп көрсетіп, жақсы көретін алматылық ағаларымның Жанғалов ұла­­ғатына аса разы болып аттанғаны да есімде. Өзімді «Көкшетаудағы Қорға­ным» деп көтермелейтін Мырзабеков Кеңшілік ақын ағам «Социалистік Қа­зақ­станнан» іссапармен келгенінде мен де ере жүріп, күзгі орақтың қарбалас күндерінде Баян Жанғаловпен өз ка­бинетінде жарым сағаттан аса жүзде­сіп әңгімелескен болатын. Одан ауданды араладық. Қостомардағы озат механизатор Орал Құсайыновты іздеп бардық. Кеңағамның керемет очеркі бір бөлек, одан кейінгі Баян ағаға арнаған поэма толғанысында үлкен тұлғаның кісілік келбеті, Зеренді елінің ұлағаты, же­рі­нің сұлу сымбаты соншалықты сүйіс­пен­шілікпен, зор құрметпен жырланға­нын да ұмытқан емеспін. Иә, шынымен де Баян ағаның болмысы Зерендіні бейне­лейтін. Аяулы ақын Саттар Сейт­хазиннің:

Арқада сұлу Көкше төрім еді,

Ата-баба тер төккен жерім еді.

Бір ұлы сол Көкшенің Баян аға,

Көзіме Зеренді боп көрінеді, – деп жырлайтыны сондықтан екен ғой. Осынау Алашқа аян Баян ағамның жырымды бағалап, ақ батасын бергенін мен де мақтан тұтамын.

Бұдан басқа, елге еңбек сіңірген Қанай ұрпақтарынан әсіресе математик Мыңбай Ысқақов, гидрогеолог-қалам­гер Айтқажы Қазбеков есімдерін айтпай кетуге болмас. Олар да Зерендінің тас жарып шыққан текті қарағайлары еді, аруақтары разы болсын.

Зерендінің елдік қасиеті Абылай заманында Қанай би атымен сипатталса, халқына азаттық аңсаған Кенесарының жорықты жолдарында қылды қарауыл­дың Көмекей атасынан шыққан Бөгем­бай Құттықадамұлы қазақтың соңғы ханының батагөй биі ретінде таңбала­нып тарихта қалды. Кенесарыны әуел бастан қолдаған, Зеренді өңірінің көп елі-жұртын, атығай-қарауылдың мен атайын, сен тұр сайыпқыран жігіттерін соңынан ертіп көтеріліс қосынына қо­сылған, жорықты жолдарда Кенесарымен бірге Ұлытауға да тәу еткен. Әділ билігі үшін хан қатты құрмет тұ­тып, оң жағына отырғызған, қырғызбен ара­дағы мәмілегерлікке жүргізген. Жо­рық тығырыққа тірелген толқулы шақта:

Кенесары ханымыз,

Сөзге құлақ салыңыз.

Орыспенен соғыссақ,

Төгілер көп қанымыз.

Көрші қонсаң қорған ғой,

Орыспенен соғысу

Шама келмес зордан ғой.

Қырғызыңа барайық,

Ақылына ой салайық.

Қан төгіспей қосылсақ,

Риза болар халайық, –

деп ақыл қосады. Батагөй Бөгембай қандай талқылы тығырық шақта да әр даулы істі бейбіт жолмен бітіру жа­ғында болады. Қырғыздармен: «Осы батаны бұзғанның қаны мына көк қошқардың қанындай шашылсын» деп құран оқып баталасудың басы-қа­сын­дағы бастамашысы болады. Бірақ соғыс жағдайы ерікке қоя ма? Қазақ-қырғыз қақтығысының сол аума-төкпе алма­ғайыбына біз төреші емеспіз. Бір анық нәрсе сол, қан төгілді, бата бұзылды. Батагөй Бөгембай етегін үш қағып түрегеліп: «Енді мен бұл істеріңнің ішінде жоқпын» деген екен. Содан Кенесары ханның ризашылық рұқсатымен соңынан ерген біраз жұртты алып Зерендіге бет түзепті.

Бөгембай би елге келген соң тағы 19 жыл ғұмыр кешіп, 105 жас жасап дүниеден өткен екен дейді. Кенесары көтерілісінің тағы бір бас қаһар­мандарының бірі, Есілдегі Бала Баубек батырмен хабар-ошарын үзбепті. Дуалы ауыз, көріпкелдік, адами әділ қасиеттері басым болған. Қара шекпендер қаптап келген заманда ескі қо­рымдағы зиратының жанынан Лосевка деген село орнап еді. Қазірде сол Лосевканың өзі қазақтанып, халықтың қалауымен, биліктің шешімімен Бөгем­бай бабамыздың ардақты атын иеленіп отыр. Ағасы Әз екеуінің басына екі бөлек еңселі кесене тұрғызылған. Ел ішінде Әз-Бөгембай деп ежелден екеуі­нің есімі қатар айтылады. Бұл да болса бүгінгі ұрпақтың аруақ сыйлаған­дығының белгісі болар.

Тарихшы ғалым Жанұзақ Қасым­баев 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 9-санына шыққан Біләл Молдыбайұлының Кенесары хан туралы мақаласын келтіреді. Сол мақалаға жүгінсек, көнекөздердің әңгімелеріне сүйенсек, Зеренді өңіріндегі қарауыл ішінен Бөгембайдан басқа, Амалдық, Кенжебай, ағайынды Арлан, Шамай, Шауыпкелұлы Баубек, Елубай, Көбе батырлар басшы болып Кенесарыға еріп кеткен көрінеді. Осының ішіндегі Кенжебай батыр көрнекті ақын, кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінің Көк­шетау, одан кейін Қарағанды об­лыс­тарындағы меншікті тілшісі болған Еркеш Ибраһим ағамыздың төртінші атасы. Кенжебай ноян Наурызбай батырды екі рет ажалдан алып қалған атыш­улы, жүрек жұтқан оққағары болған екен. Еркештің үзеңгілес іні жолдасы Сарбас Ақтаевтың айтуына қарағанда, кемеліне келген ақын өзінің осынау батыр бабасы жайында көлемді дастан жазуды армандап өтіпті. Бірақ сол кездегі тымырсақ заман да, қатыбас тағдыр да оған мұршасын келтірмепті. Қалай болғанда да, Зеренді өңірі Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі қосынының негізгі бөлігі, ұйтқылы сардар тобы өз төсінен аттанған сайып­қыран өрендері екенін әркез мерей-мақтаныш ете алмақ.

Тағы да Ұлытау төріндегі Елбасы толғамдарына жүгінсек, қасиетті ата­мекеннің, бұрынғы өткен бабаларымыз­дың бұл да бір біле жүретін, қастер­ленуге тиіс, әлі де зерделей түсетін, мәңгі-бақи тағзым етерлік тарихы. Иә, шын мәнінде де, біле білсек, Абылай­дың оң тізесін басқан Қанай би, Кенесары хан батагөйім деп қадір тұтқан Бөгембай билер өз заманының Кет-Бұқалары, ел қамын жеп еңіреген Едігелері болмады деп кім айтар? Бір құптарлығы, Тәуелсіз еліміздің бүгінгі көркейген, зер қарағайлы, күміс көлді, таза таулы, бақша-баулы Зерендісі өткен тарихты өнеге етерлік, аруақты риза қыларлық парызды істерді пара­саттылықпен бастап та кеткен. Зерен­дінің орталық алаңы Мәлік Ғабдуллин есімімен аталатын болған. Осы көк­темде Батырдың биік ескерткіші еңсе­леніп тұғырға қонып, ата жұртын­дағы аса көрнекті көзайымға айналды. Шы­нымен-ақ, «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемең­герді?». Тап осы мақала жазылып жатқан күндерде елден тағы бір сүйінерлік хабар алдым. Қанай би ауылында елшіл азаматтардың қолдауымен осынау Абылайды таққа қондырған ардақты бабамыздың ескерткіш мүсіні орнатылыпты. Бәрекелді! Ал енді алдағы айда, құдай қаласа Ақан сері әнінің бас кейіпкері Балқадишаның ескерткіші Зерендінің көркіне көрік, Мәлік батырдың ескерткішіне әндей ажарлы, өмірдің өзіндей базарлы серік қоспақ. Кәдімгі Ақан сері әнге қосқан Зерендінің ару қызы Бал­қа­диша. Сері­нің сол тамылжыған таңғы арайдай тамаша әнімен атағы алты Алашқа жайылған Балқадиша. Оны былай қойғанда, ғажайып әнші Әміре Қа­шаубаев 1925 жылы дүниежүзілік өнер көрмесінде шырқай салып, әлемге танылған алғашқы қазақ әнімен бірге есімі де дүйім дүниеге паш етілген Балқадиша. Асқақ Ақан серінің алтын жүрегін тебірентіп, содан күні бүгінге дейін қазақ қызының сұлулығы мен сырлы назының символына айналып, әнсүйер Алаш қауымының ауызынан түспей келе жатқан ардақты да аруақты Балқа­диша. Бұл Зерендінің елі мен жерін дүниежүзілік ЭКСПО-мен, әлемдік өркениетпен байланыстыратын жаңа тарих. Ескерткіш қаржы­сын халық өзі көтеріп жатыр. Бұған қалай қуанбассың! Осыдан отыз жыл бұрынғы өлеңімде айтылғандай-ақ:

Ақан да мұнда ән салған –

Балқадишаның жайлары.

Біржан да саған тамсанған,

Зеренді қарағайлары.

Әркімнің өз Зерендісі бар. Сырбай Мәуленов Зерендінің көлін көр­генде былай тебіренген екен:

Жасыл толқын Зеренді,

Жасырындың сен неге?

Өзіңдей бір өлеңді

Құя салдың кеудеме.

Кейде Зеренді табиғаты кіл тас­тардан салынған жанды суреттердей болып елестейтіні бар. Мұндағы жер аттары Қақпақтас, Шошалатас, Әу­лие­тас, Шымылдықтас болып келеді. Ұлытауда Әулиебұлақ болса, Зерен­діде Әулиетас бар екен. Әр тастың өз аңызы бар. Ана бір жылы Еркеш ақынның елу жылдығына Хамаң шері Ерғалиев келіп, азаматтар Зеренді көлінің жағасындағы бір тақталы түйе тасты аға ақынға қонақкәде сый етіп тартып, оны «Хамит тағы» деп атаған болатын. Бұл да Зерендінің қазіргі тарихының бір үзік тарауы болып жазылып қалғандай.

Жалпы Көкшетауды, оның ішінде Зерендіні ең көп жырлаған ақын Еркеш. Тауларын да, бауларын да, орман-көлін де жырға қосты.

Анау не шөгіп жатқан бота ма екен,

Зерленіп мұнарменен жата ма екен.

Содан ба Зеренді деп аталуың,

Атыңнан айналайын атамекен!

Иә, Сандықтау-Зеренді қос аққу­дай қатар қонған Көкшенің алқасын­дай қатар сыңғырлайды. Туған ел мен жерді жаудан қорғап өткен Кенжебай батырдың шөбересі Еркеш ақынның атамекенге деген сүйіспеншілігі мен сағынышы әрқашан алабөтен еді.

Есен бе Қайыңдының қайыңдары,

Бүгінгі Мәліктері, Саиндары.

Есен бе Зерендімнің зер толқыны,

Толқынның жарға соққан жайындары.

 

Есен бе Қарағайлым, Көктерегім,

Тезірек сағынышыма жет деп едім.

Шіркіндер жапырағын ұшырса да,

Солардан бір хат алмай өкпеледім.

 

Сағындым қозы тасын Зерендінің,

Сағындым кездік тасын Өлеңдінің.

Сағынып жүру болса нағыз бақыт,

Ендеше, бақытты жоқ менен бүгін! – деп наз-базынасын ақтара, еркелей де өрлей ақтарылады Еркеш ақын Зерендінің абыз қарты Баян Жанғалұлына жолдаған жүрек сырында. Қайран ақын аға, менің Көк­терегімді де қосыпты өлеңіне! Қазір Еркеш ақынның өзі де атаме­кеннің бір аяулы да ардақты тарихына ай­налған. Туған жердің, туған елдің алдында ақынның жүзі жарқын. Бірақ неге екені белгісіз, еленіп жүрген Еркеш есімі байқалмайды. Қазақ поэ­зиясының Қадыр мен Тұ­ман­байдай қос заңғары ұстаз тұтып құрметтеген, халқы жырларын қалтқысыз сүйген, бәрін былай қойғанда, Елбасымызды сонау Теміртаудағы горновой кезінде тұңғыш жырға қосқан Еркеш ақын­ның аты әсіресе атамекенде, көгілдір Көкшетауында, зерлі Зерендісінде, сырлы Сандықтауында ардақталуға лайық. Бұл мәселе енді кешеуіл­демесе екен деп тілек етеміз. Тарих талабы да, халық қалауы да осы болса керек. Өйткені, Еркеш ақын да Қанай би, батагөй Бөгембай, батыр Мәлік, Ақан сері әнге қосқан ару Балқадиша сияқты Зерендінің зерлеп жазылатын тарихы. Ал тарихты ұмытуға болмайтынын, қастерлеу қажеттігін қасиетті Ұлытау төрінде тұрып ескертіп, тағы да еске салды емес пе Елбасы?!

Толғай берсек туған жерге айтар біздің де сырымыз көп. Атамекен дегенде атқақтап соғады жүрегіміз. Көкі­ректегі Зерендінің сыры мен жыры, Ұлытаумен астасқан оның да ұлағаты түгесілмес, лайым. Әзірге осымен шектеліп, перзенттік сәлем арқалаған осы мақалам арқылы елге сәлем жолдайын.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

ақын,

Зеренді ауданының құрметті азаматы.

Алматы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379