Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Анық 6696 0 пікір 15 Қазан, 2014 сағат 02:00

Совет саясаты: Жат жерде жер жастанғандар

Кеңестік саясаттың салдарынан жат елде жантәсілім еткен жерлестеріміздің тағдыры туралы ақиқат әлі толық ашылып біткен жоқ.

Мақтаарал ауданындағы Атакент кентін­де орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы мақта шаруашылығы тарихи мұра­жайы негізінен ауыл шаруашылығын, дәлірек айтқанда, мақта шаруашылығын насихаттайды десек те, мұндағы әрбір жәдігер мен құжатта халықтың басынан кешкен қиын-қыстау кезеңдердің өшпес ізі сайрап жатыр. Әйтсе де, Мырзашөл өңірі кеңес дәуірінде негізінен мақта шаруашылығымен айналысқанын қордағы деректер айнытпай айғақтап тұр. Мұражайдағы жәдігерлерден көзімізге алдымен алты ер адамның суретінің ерекше ілігуі бекер емес еді. Суреттің жанына әлгі азаматтардың 1983 жылы 23 тамызда Камбоджадағы Пол Пот жасағының қолынан қаза тапқандығы туралы жазылған. Бұл оқиға бізді бейбіт кезеңде орын алған және кеңестік биліктің ашылмаған тағы бір тұңғиығына тереңдеп баруымызға мүмкіндік туғызады.

Тарихи сурет бойынша әңгімемізді әрі қарай сабақтайтын болсақ, әуелі жер түбіндегі Камбоджаға мақтааралдықтар қалай барып жүр, ондағы Пол Пот деп отыр­ғанымыз қандай адам, бейбіт өмірде қаза тапқан жерлестеріміздің кейінгі тағдыры, олардың үрім-бұтағы, отбасы жайында не білеміз деген сұрақтарға жауап іздегеніміз абзал сияқты. Камбоджа атауын алғаш мектеп оқулықтары арқылы оқып-білгеніміз болмаса, Үндіқытай түбегіндегі бейтаныс жұрттың мәдениеті мен тіршілік-тынысы жайындағы мағлұматымыз сабақтағы бағдарламалық көлемнен арыға асып кете қоймайтын. Ол талай жылдар Францияның отарында болған ел. Үндіқытайдағы ежелгі мемлекеттердің бірі саналатын Камбоджа жеріндегі тұңғыш мемлекет І-VI ғасырларда Меконг өзені бойында салтанат құрған екен. Фунань деп аталатын ол мемлекет Қытаймен, Оңтүстік Үндістан елдерімен мәдени байланыстар орнатқан. VII-VIII ғасырларда ірі ел пайда болып (Ченла Жер мен Ченла Су), кхмер жазуы дүниеге келген десек, ал IX ғасырда кхмер жерінде Камбуджадеш мемлекеті құрылып, ол XI ғасырда Үндіқытай түбегіндегі ең ірі империяға айналған. Тарихтың талай шатқалында шатқаяқтамай, шаруасын алға сүйрете алған жергілікті халық XV ғасырда қайта дамып, елдің жаңа астанасы Пномпень (1443) тұрғызылғаны мәлім. Ежелден будда дінімен егіз жұрт өздерінің наным-сенімдеріне адалдықтары ретінде зәулім ғибадатханалар, орасан үлкен әсем мүсіндер қалады. Солай бола тұрғанмен, XVII ғасырдағы сиам мен тай әскерлері арасындағы қырғиқабақ соғыстан халықтың тұрмыс-тіршілігі әлсіреп, елдің өсуіне едәуір кері әсерін тигізгенін нақтылайтын бұлтартпас айғақтар көптеп табылады. 1841 жылы үкімет басына Анг Дуонгтың келуі, 1884 жылы Францияның іс жүзінде оны өз отарына айналдыруы, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жапондардың жау­лап алғаны, соғыстан кейін қайтадан Фран­ция қарауына өтуі, елдегі ұлт-азаттық қоз­ға­лысының күшеюіне байланысты 1953 жылы Пномпеньде елдің тәуелсіздігі туралы ресми шартқа қол қойылуы, 1957 жылы бейтараптық туралы заң қабылданғаны, соған қарамастан Вьетнамдағы соғыс ықпалымен мұнда 1970 жылы наурызда әскери төңкеріс болғаны, осы жылы 30 сәуірде Америка әскерлерінің бейтараптық шартын бұзып, елге өз әскерлерін енгізуі, бірақ партизан қозғалысы мен әлем жұртшылығы наразылығына байланысты АҚШ-тың өз әскерлерін қайта шығарып әкетуге мәжбүр болуы, 1975 жылы сәуірде тағы да қанды қақтығыстар белең алып, билік басына коммунист Пол Поттың келуі Камбоджа тәуелсіздігінің бір күнде орнай салмағанын, талай қырғи-қабақ соғыс пен қанды қақтығыстан қан қақсаған халықтың бейбіт өмірге бірден қол жеткізе қоймағанын нақтылай түсетін оқиғалар. Сондықтан біз әңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, Камбоджада қаза тапқан мақтааралдық азаматтардың өліміне қатысты Пол Пот деген кім және жерлестеріміздің өзге елде ажал құшуына себеп болған бұл жағдайлар неге осы уақытқа дейін көп айтылмай, тарихтың тасасында қалып қойған дегендерге тоқталуды жөн көріп отырмыз. Пол Пот – “қызыл кхмерлер” армиясына сүйеніп, еліне “тапсыз қоғам” орнатаным деп жариялаған коммунистік көсем. Қалалықтарды күштеп ауылдық жерлерге көшіріп, дәулетті адамдарды, зиялыларды, дінбасыларды, бұрынғы үкімет шенеуніктерін – жалпы 3 миллионға жуық адамның көзін жоюмен қатар, қарақшыларын мұсылман мешіттерін өртеп, қиратуға үндеген, мұсылмандарды қойша бауыздап, тіпті, олардың балаларына дейін аяушылық білдірмеген, 70-ші жылдардағы ең қаскөй, халыққа көп қасірет әкелген адам. Мұндағы 1975 жылғы азамат соғысы оппозициялық күштердің жеңісімен аяқталуы ел басына, билікке Пол Пот басқарған «қызыл кхмерлердің» солшыл экстремистік тобының келуіне жол ашып берді. Қысқа мерзімде коммунистік қоғам орнатамыз деген қызыл көсем елді алты әскери аймаққа бөліп, қатаң диктатура орнатты. Қала тұрғындары ауылдық жерге көшіріліп, қара жұмысқа жегілді, тауар-ақша қатынастары жойылды, ал 1979 жылы Кампучияның Біртұтас Ұлттық азат ету күштері Вьетнам әскерлерінің қолдауымен Пол Поттың тоталитарлық режімін құлатты. Камбоджа Халық Республикасы жария­ланып, елде социализм рухы үстемдік құра бастады. Бірақ жаппай атыс-шабыс саябыр тапқандай көрінгенмен, іштегі жағдай оған мүлде керағар еді. Алайда, мұндағы ахуалдың әлі толық жазылып бітпей жатқанына қарамастан «шаш ал, десе, бас алатын» кеңестік көрсоқырлық өз білгенін жүзеге асырып қалуға тырысты. Артта қалған мемлекеттердің социалистік даму жолына түсуіне қолұшын беру, саяси, экономикалық жағынан қолдау көрсету идеяларының басы қылтиды. Үндіқытай түбегіндегі кедейлік құрсауында қалған сондай мемлекеттің бірі Камбоджада социалистік қоғам орнатып, қираған шаруашылықты қалпына келтіреді деген желеумен аттандырылған тоғыз адамның үшеуі әзербайжандық болса, ал қалған алтауы мақтааралдық азамат еді. Кейін тарихи деректерді тауып, танысқанымызда бұл адамдардың камбоджалықтарға мақта өсіруді үйрету үшін екі жыл мерзімге жіберілгені мәлім болды. Олар жерлестеріміз Николай Васильевич Тикменов, Геннадий Алексеевич Лысенко, Юрий Иванович Грибов, Хасан Акаджанов, Александр Гри­горье­вич Чернов, Тағаймұрат Файзиев еді.

Мұражай қызметкерінен олардың сапарға дейінгі өмірі мен түбектегі жұмбақ өлімі туралы білу мақсатында, тағы да біраз қосымша ақпараттар сұрастырғанымызда, мұражайға Хасан Акаджановтың отбасынан оның туған-туыстары мен бала-шағалары келіп тұратынын білдік. «Х.Акаджановтың кіндігінен тараған ұрпақтары мен жары Тойгүл апа бүгінде Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты «Қазақ КСР-нің 40 жылдығы» ауылында тұрады», – деді осы оқиғадан хабары бар жерлестерінің бірі. Кейіпкеріміздің балалары тұратын ауылды іздеп тапқанша, қас қарайып қалды. Соған қарамастан жаздағы тіршілік қарбалас. Диқаншылықты кәсіп еткен ауыл тұрғындарының ала жаздай төккен терінің зейнеті көрінетін жауапты науқанда қауын-қарбызын өткізіп, бала-шаға қамын бірінші кезекке қойып жатқан халықтың ішінде дәл қазір кім бізге мойын бұра қойсын деген күдік те жоқ емес еді. Бірақ Тойгүл апа біздің не үшін келгенімізді естігеннен кейін құрақ ұшып қарсы алды. Сүйіп қосылған адал жары дүниеден озғалы арада қаншама жылдар өтсе де, оған деген аяулы сезімі әлі күнге сол ыстық қалпында сақталғанын аңғартып қалды. Айналасы шүпірлеген сәбиге толы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кейуананың көңілі шат, мерейі үстем. «Балаларының осы қызығын көре алмай кеткен Хасанымды қалай ұмытайын. Бәрі күні кеше ғана сияқты еді» деп жүрегі толқып әңгімесін бастаған ақ самайлы ананың сөзін бөлуге біздің де дәтіміз шыдамай, ұзақ тыңдадық. Хасан Акаджанов тәжік ұлтының өкілі екен. Жетпіс төрт жастағы қарт ананың жүзіндегі өмір сызықтары мен қыраулы ақ самайы бұл өмірде қиындықты көп көргендігінен сыр шертеді. Күйеуі Хасан қаза тапқанда артындағы үш қызы мен алты ұлы аяқтанбай қалған-ды. Өмірдің ауыртпалығын жеке өзі көтерген ол ұлдары мен қыздарын жетілдіріп, үйлі-баранды еткен, бүгінде олардан 30 немере 40 шөбере сүйіп отыр.

– Жолдасыңыз қаза тапқаннан кейін кеңес үкіметі бұл үшін сіздің отбасыңызға қандай көмек көрсетті? – деген сұрағыма Тойгүл апа еріксіз күліп жіберді.

– Көктемде жылына бір рет бір тіркеме көк шөп түсіріп беретін. Міне, осыдан басқа ешкімнен ештеңе алған емеспін,– дейді шиеттей бала-шағаны жалғыз өзі тәрбиелеп, ер жеткізген қайратты ана қамығып.

Хасан Акаджановқа келсек, 1927 жылы туған қаһарманымыз қара жаяу, көптің бірі болмаған. 1951 жылы Ташкент ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, мұны ол 1955 жылы өсімдікті қорғау маман­дығы бойынша қызыл дипломмен бітіріп шығады. Әрі қарай тағы да күнделікті күйбең тірліктің жетегіне еріп кете бармайды, жоғары білім алу мақсатымен 1955 жылы Ташкент ауылшаруашылық институтына түседі. Сөйтіп, 1960 жылы жоғары білімді агроном мамандығын алып шығады. Мырзашөл аймағындағы «Мақтаарал» совхозына қарайтын «Казақ КСР-нің 40 жылдығы» бөлімшесінде табан аудармай 24 жыл агроном болып жұмыс істеген Х.Акаджанов 1982 жылы мақта өсірудің хас шеберлері «Мақтаарал» совхозының бас инженері Николай Тикменов, Геннадий Лысенко, бөлімше гаражының инженері Юрий Грибов, бөлімше механизаторы Тағаймұрат Файзиев, механизатор Алек­сандр Черновтармен бірге Камбоджаға аттанады. Бір жылдан кейін, 1983 жылы сәуірдің аяғында Х.Акаджанов, Г.Лысенко, Ю.Грибов, А.Чернов, төртеуі елге еңбек демалысын алып келеді. Туған жерді сағын­ғаннан жүрегі әлденеге толқып, өзге­ше күйді бастан кешкен күйеуінің Тойгүл апа жат жерден мүлде басқаша өзгеріп келгенін байқайды. Томаға-тұйық, көп сөйлемейді, ішкі сырын ашық айтпайды. Әлденені жасырып, құпия сақтайтындай. Камбоджаның жағдайы, ондағы өздерінің жұмыстары жайында жақ ашпайды. Бірде үй шаруасын атқарып жүріп ол күйеуінің дос­тарымен әңгімесін құлағы шалып қалады. Бар ұққаны, Камбоджада тұрып жатқан адамдардың жағдайы өте нашар, халқы аш-жалаңаш, кедейшілік жайлаған ел. Әлі күнге соғыс жүріп жатқан ел. Бұларға барған бетте адамдар алдынан шығып: «Қайдан келсеңдер, тезірек сол жақтарыңа кетіңдер. Әйтпесе, өлтіреміз, аямаймыз» деп ескерту жасаған. Олар мұны естігеннен кейін жалма-жан елшілікпен хабарласып, мән-жайды түсіндіреді. Ондағылар: «Қорықпаңдар» деп алдап-сулап қайтарып жібереді. «Сендерді мақта егетін алқапқа арнайы көлікпен қарулы күзет алып барып, алып келіп отырады. Ешкімнен қорықпаңдар» дейді.

– Тағы бірде жадымда қалғаны, – дейді Тойгүл апа, – Камбоджа жауын-шашынды жер екен. Мақта өсіруге табиғаты мүлде қолайсыз. Сол себепті, шитті мақтаны егіп, күтіп-баптаған күннің өзінде мардымсыз ғана өнім алынғанын күйеуімнің өз аузынан естідім.

Мұражайда мұны нақтылайтын дерек сақтаулы. Онда: «Жерлестеріміз мақта егетін алаңды аршытып, тазалатып сол жердің топырақ құрамын ғылыми жолмен зерттеуден өткізіп, су жүйелерін тартқызып, мақта егіп өсіреді, табиғи жағдайлардың қиындығы, зиянкестерге қарсы химикаттардың жетіспеуі салдарынан өнім аз болған, сол жылы 1 гектар жерден 21 килограмм ғана мақта өнімі жиналған» делінген.

Елдегі еңбек демалысының қырық күні өткеннен кейін, оларды Камбоджаға қайтадан жиып алып кетеді. 1983 жылдың 23 тамызында таңертең егістік алқапқа көлікпен бара жатқан жерлестерімізді Пол Поттың қарақшылары орманда тоқтатып, олардың бәрін автобустан сыртқа шығарып атады. Сол жерде Х. Акаджанов жарақаттанып, тірі қалады, ал қалғандарының бірі қалмай қаза табады. Бірақ көп ұзамай, бір жеті өткеннен кейін оның да мүрдесі туған топыраққа жеткізіледі. Осы жағдай түсініксіз. Өйткені, Камбоджаға күйеуімен бірге еріп барған Николай Тикменовтың әйелі ауылдағыларға мүлде басқаша жаңалық айтады. Ол мұнда келгенде, Тойгүл апаға күйеуінің жарақаты онша ауыр еместігін, бұйыртса көп ұзамай келіп қалатынын айтып, қуантады. Жұмысшылардың қарақшылар қолына қалай оңай түсіп қалғанын баяндайды. Оның айтуына қарағанда, бұл кездейсоқ оқиға емес. Оларды күзетіп бара жатқан қарауылдардың өзі қарақшылардың жағына сатылып кеткен. Өйткені, оларға ешқандай қарсылық көрсетпеген, оқ атпаған. Өздері тірі қалу үшін басқаларды құрбандыққа шала салған. Госпитальда емделіп жатқан Х. Акаджановты іле-шала елшіліктің адамдары келіп алып кетеді және оның қандай себептен қаза болғандығы жұмбақ күйінде қалады. Жарақатына байланысты көз жұмды ма, әлде қасақана өлтірілді ме, бұл жағы тарихта кеңес дәуірінің ашылмаған ақтаңдақ бетінің бірі болып сақтаулы.

Обалына не керек, отандастарымыздың оққа ұшқан денелері жер қойнауына арулап тапсырылды. Азаматын ардақтап, кей қабірдің басына мүсіні орнатылыпты. Алты азаматтың суретінің мұражайдан табылып жатуының өзі сол құрметтің бір белгісі осы күнге дейін жеткенін айғақтайды. Қаза болғаннан соң жерлестеріміз «Халықтар достығы» орденімен, Камбоджаның ордені­мен марапатталған екен. Алайда, қанша жерден бағалы темір-терсек болсын бұлармен адам өмірін өлшеуге болмайды және бірде-бір марапат олардың орнын толтырмасы анық. КСРО ыдырап, одақтас республикалар тәуелсіздіктеріне қол жеткізгеннен кейін осы азаматтардың біразының балалары тарихи отандарына қоныс аударыпты. Қазіргі таңда олардан «Қазақ КСР-нің 40 жылдығы» ауылында тапжылмай, тұрақтап қалғандары Хасан Акаджанов пен Тағаймұрат Файзиевтің отбасылары ғана. Әрине, бүгінгі заманның келбеті, өмірдің өзегі кешегі күндерге мүлде ұқсамайды. Белгісіз елде белгісіз себеппен қайтыс болғандар туралы қазір көп адам біле де бермейді. Бұл сыр – тек олардың кейінгі көзі тірі ұрпақтарының ғана жан сандықтарында түюлі күйінде қала беретін шындық. Біздің кешегі кеңестік кезеңнің келеңсіз бір бетін кері қарай парақтап отырғандағы себебіміз сондықтан. Өткенсіз болашақ қашанда бұлдыр болып қала беретінін жақсы түсінеміз. Өлке тарихына қатысты бірде-бір із өшіп қалмауы тиіс деп санайтын жұрт осы оқиғаға биыл отыз бір жыл толып отырғанын білсе дейміз. Бұл ойымызды Тойгүл апаға айтқанда, қуана құптады. Хасан ағаның салып кеткен ескі үйінен бізді шығарып салған кейуананың жанарынан кейінгі ұрпақтың басына мұндай қорғасын бұлтты Құдай ешқашан сала көрмесін деген аналық тілектің шуағы төгіліп тұрды.

Райымбек ТОҚСАНБАЕВ,

тарихшы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063