Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 7705 0 пікір 30 Қыркүйек, 2014 сағат 08:35

Қазыбек Құттымұратұлы. Диалог

- Өлең деген немене?!
Сайқал сөздің сұлуы,
Сезімді арбап тұратын бар жалғандау жылуы.
Сезімнің де оп-оңай сап боп сәтте тынуы,
Төзімнің де оп-оңай шыныдай шырт сынуы.
Мәңгілік жоқ ештеңе.
Бүгін бар да, ертең жоқ
Жалғандықты ту етіп -Өлең!- дейміз көркемдеп.
- Жырға сенбес сенбісің?!
Неткен жансың көркеуде!
Мың шайтан мен Ібіліс тұрған шығар желкеңде...
- Ойхой, бауырым, қоя тұр.
Ренжітер жоқ ойым.
Көзім жетіп тұрған соң шындықты айтпай не дейін?!
Әсем әуен, өлең көп, жәннат өмір қайда әлгі,
Оқыдым да тек қана қара майдай қайғы алдым.
Түңілгенің демегін, үңілгенім бұл, сірә,
Сансыз ойдың ішінде қансыз ойдан тұншығам.
Жақсы өмірді мен дағы арман етпес деп пе едің,
Үмітіне үзілген жалғау етпес деп пе едің?
- Сенің хәлің, әй, досым, маған мәлім болды енді,
Алып таста басыңды, шешіп таста жейдеңді.
Бір ит қапты-ау балақтан,
Неге керек мұң құшу –
Кеттік, қане!
Бәрін де ұмыттырар жынды су!..
- Көп нәрсені біліпсің, ақынжанды жансың-ау,
Ойыңа түй бірақ та.
Керек кейде қансырау.
Өзіңді өзің жұбатып алған жақсы, алайда,
Ем қонбайтын жараңның болғаны дұрыс, соны ойла.
Қайғырамын мен тағы.
Өзім көрмей сенер ме ем:
"Нағыз өмір ешқашан жазылмайды өлеңмен"
Деген еді біреу кеп.
Сынамақ ем сол ойды
"Сөзі - батыл, өзі - әлсіз" болып шықтың, жарайды.
-Кешір мені, досым-ау,
Шын сырыңды кім білген.
Ғұмыр бойы сені емес, өзімді алдап жүрмін мен.
Халқым сәби секілді, тәтті берсем жұбанар,
Тәтті сөзбен алдадым, таппай басқа бір амал.
Сатқынға да сары алтын сыйлап берер пейілі бар,
Жаман халық емес-ті, қызықшылдау, тойқұмар,
Қиялшылдау әуелден, жерік болған жыр-әнге
Тауып берсем халқымның қалағанын - кінәм не?
- Ей, бауырым, соншалық ессіз болмақ нетер-ді,
Тәттіқұмар сәбидің тісін құрт жеп кетер-ді.
Сәби дейсің халқыңды, бала өсіріп көрмепсің,
Ниет жақсы-ау, нәтижең оң дегенге сенбеспін.
Сұрары көп сәбидің, бәрі қажет болмас тек,
Құмарлықтың барлығы пайда бермес жанға әсте.
Бір әңгіме айтайын, ертегі емес, болған жай,
Сен секілді көңілшек әке бопты сормаңдай.
Жалғыз ұлы тым ерке, жүрген кезі қаз тұрып,
Ойбай салды, көрді де:
-Алып бер,-деп қайшыны.
Аяр не бар жалғыздан, "Ай" десе де тартынбас,
Саған керек қайшы ма, ала қой да мауқың бас.
Бітті біздің әңгіме, күрт үзілген қысқа жіп,
Ойын түбі - сәбидің қос жанары түсті ағып.
Кейінірек сол сорлы жылайды екен күні-түн,
"Әкешім-ай, қайткенің, мен едім ғой үмітің.
Тыңдамасаң сол күні жылар ем ғой бір-ақ күн,
Енді міне, сен мені өмір бойы жылаттың!"
Ақымақтық сабағы ащы келер осылай,
Жаманатқа қимайтын аяулым ең, досым-ай.
Ақиқатты айтпасаң сөйлеме, тіл, күрметіл.
Сенің таза пейілің
"Достығындай аюдың" боп жүрмесе кім кепіл?!
- Сөзің ащы, досым-ай, тіліп өтер өзекті,
Шамданбаймын мен бірақ, ашу да жоқ өрекпір.
Көптен күттім осындай жан айқайын ерек бір,
Нағыз шындық дәл солай ащы болса керек-ті.
Айналайын, рахмет!
Кешір мені, ғафу ет,
Өмір кешу ақырет, жақыны аз да, жаты көп.
Әлсіздігін қасқырқың, аңқаулығын түлкінің,
Көз жасының жатқанын тереңінде күлкінің
Сен түсіндің түсінсең.
Ұға алады басқа кім?
Көрінеміз кей көзге көтерген боп шашбауын
Атақтар мен даңқтың.
Солай ма еді расы?!
Жауап берер жан тап та, іздеп барып сұрашы…
Ең дұрысы ешкімді керегі жоқ қаралап,
Сен айтқансың: Жауапсыз сұрақтар да керек-ақ.
Жақсыға да жаманға кенде болмас жер беті,
Ауырсынбай бәрін де, Уа, Жер беті, тербетіл.
Өзің айтшы, адамдар, болушы ма ед Көксіз Жер?

* * *
Өмір емес бұл әлі. Соған қадам – эскиздер…

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279