Сенбі, 23 Қараша 2024
Біздің шенеунік 6978 0 пікір 22 Қыркүйек, 2014 сағат 07:24

ӘКІМІМІЗ ҚУЫРШАҚ БОЛЫП КЕТТІ

 

                 ӘКІМІМІЗ ҚУЫРШАҚ БОЛЫП КЕТТІ

 

   Бұрыннан да біздің облыстың жақсы аты шығып жүргендігі шамалы еді. Жақында тіпті бүкіл жұрттың күлкісіне айналдық. Нұралы Сәдуақасов деген тәп-тәуір басшымыз бар еді. Үш жылға жуық әкім болғалы ештеңені қырып тастамаса да біреуден ілгері біреуден кейін өңірімізді өзінше билеп тұрған. Әрине, өзге облыстың әкімдерімен салыстырғанда аты бәйгеден озып келер деп ешкім де үміттенбейтін. Қайта керісінше, ұлан-байтақ еліміздің  он төрт облыс, мемлекеттік маңызы ерекше екі қала әкімінің көш соңында жүретіндігіне тіпті етіміз өліп те кеткен. Сөйтсек...

    Сөйтсек, Нұралы Мұстафаұлы өзінің аты шыққандығын жаман көрмейтін секілді. Өткенде, Қостанай қаласының күні мерекесінде Неке сарайын ашу салтанатында қазақ жастарына «Горько!» деп айқайлап айды аспанға бір-ақ шығарып еді. Онысы бүкіл елімізге тарап кетіп, интернеттегі талай қыршаңқылардың қатты қалжыңына ұшыраған. Негізінен орысшыл өскен азамат қой, кейін мұндай ұятты істерден аулақ болар деп ойлағанбыз. Онымыз бекер екен. Жақында бір суретші облыс басшысының бейнесін орыстың матрешкасының ішіне орналастырып, мұражайдағы арнайы сурет көрмесіне қойып, өңірімізді үлкен бір күлкіге көміп тастаған. Суретші облыс әкіміне өзінше жақсы бір сый жасадым деп ойласа керек. Алайда әкімімізді өзге бір формада емес, дәл осы матрешкеге салып қоюы нені меңзейді? Бұл өзі орыстың ұлттық мұраларының бірі десек, қазақ ұлығы шіреніп тұратын орын ба бұл? Әлде, мұның астарында біз білмейтін тағы бір құпия бар ма? «Бұл не мазақ? Дереу алып тастаңдар!» деп қаһарына мінбегендігіне қарағанда, оның матрешкедегі бейнесі өзіне қатты ұнайтын секілді. Әлде,кім біліпті, әкім де пенде емес пе, атақ-даңқын ең болмаса, осылайша бір шығарсам деген алдамшы ойдың шырмауынан шыға алмады ма екен.

    Айтпақшы, атақ-даңқын асыру дегеннен шығады, біздің облысты басқарған әкімдер бұл «өнерді» ерекше меңгерген сыңайлы. Бір әкіміміз осы өңірде алты ай қыс болса да «енді коньки тебіңдер» деп ат шаптырым мұз сарайын салып еді, екіншісі шіркеу тұрғызуға қол ұшын бердім деп православ дінінің қасиетті әулиелерінің қатарынан ойып тұрып орын алды. Ал үшіншісінің істегені мынау. Кей-кейде біздегі атқа мінерлердің ойлағаны халықтың қамы емес, қайткенде өз атымды қалдырам деген өзара бәсеке ме деген сезікті ой санамызды билеп алатыны бар. Мұндайда атамыз қазақтың «Атың шықпаса, жер өрте» деген нақылы еске түседі. Бірақ, қазір кім жерін өртеткізіп қояды дейсің, бәрі де жекеменшіктің қолында. Мұндай атақ тым қымбатқа түсер.

 

P.S Егер тіпті әкіміз атын шығарғысы келсе, ана Кулагиннен үлгі алса қайтер еді. Қайдағы бір матрешкеге мазақ болғанша, аттары мұқым жұртқа белгілі әулиелердің жанында тұрғанға не жетсін. Уақытша болса да. «Құласаң, нардан құла» дегендей.

Мұратбек Дәуренұлы.

Қостанай облысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341