ТАЛҒАТ ЕШЕНҰЛЫ. «ТӨРТІНШІ БИЛІКТІҢ» ТӨРКІНІ ТУРАЛЫ
Соңғы екі-үш күнде Жарылқап Қалыбай мен Гитлер, Қасым Аманжол мен Украина, Ақберен Елгезек пен рушылдық туралы тақырыптар ойға қалдырды.
Алдымен Жарылқап Қалыбай мен Гитлер туралы...
«Жарылқапты соттау сәнге айналды» деп жазды бір әріптестер. Жай ғана тапқыр тақырып шығар, табалап отырған жоқ. Бірақ намысыңа тиетін, жаныңды ауыртатын нәрсе ғой. Бізді «Осы жағдайлардың артында кімдер тұр, не мақсатпен жасалып жатыр және салдары қандай болады?» деген сауалдар ойлантуы керек-ақ.
Жарылқапты соттау арқылы билік ұлттың болашағы үшін аса қауіпті, өздері үшін уақытша пайдалы тағы бір «саяси тәсілді» тәжірибеден өткізіп жатыр. Бұл – баламасыз, өгей тарихты пайдаланып, қостілді қазақ қоғамындағы тігісі енді ғана жазылып келе жатқан проблемаларды әдейі қайта қоздырып, әке мен бала, буын арасындағы болмашы құндылықтар қайшылығын жасанды түрде қайта ушықтырып – қазақты басқа, көзге тепкілеп, жаншып отыру, мал кейпінен айырмай, қандай жолмен болса да бұғаулап, тұзақтап ұстау саясаты.
Бұл – білтесі енді ғана тұтанған ұлттық-либералдық, ағартушылық, азаматтық қозғалыстың отын қалайда өшіру, естияр кейіпке ене бастаған қазақтың қоғамдық, саяси ойын атала қылу, қазақтілді ақпарат кеңістігін тек арзан, дарақы, сауықшыл «тойханаға айналдыру» саясаты.
Мына саяси тәсіл мемлекетшіл, ұлтшыл жігіттердің, топтардың басына әлі-ақ әңгіртаяқ ойнататын болады. Ертең «Сталинді мансұқтағанымыз үшін» жауапқа тартылып, «Путинді мазақтағанымыз үшін» әкімшілік айып төлеп, ақталып жатсақ таң қалмаймын.
Осыны ойлап тауып отырғандардың көздегені: қазақтың бәрін Жарылқапқа айналдырғысы келеді, сөз ұстаған қазақтың бәрін Жарылқап сияқты соттап, бас көтерген қазақтың бәрін итжеккенге айдап жібергісі келеді.
Қазақ олардың алдында үнемі бүгежектеп, ләппайшылап, жалтақтап, жалпақтап тұруы керек. Тіпті өзінің осы өмірге келгені үшін, жер басып жүргені үшін ақталып тұруы тиіс.
Жарылқаптың басына туған күн ертең әрқайсымыздың басымызға туады. Осыны естен шығармағанымыз жөн-ау.
Қалған екі тақырыптың жайын кешірек баян етейік...
Abai.kz