ШОҚЫНДЫЛАР
Бірінші күн
Кіріспе орнына
Алматының аяз қысқан суық күні. Абай мен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы «Благадать» шіркеуінің алдында көп бөгелдім. Осы маңда Иса Мәсіхтің жолын уағыздайтындардың жүретінін бұрыннан білетінмін. Солардың бірлі-екеуімен пікірлес те болған едім. Әнеу күні осы ағымның белді мүшесі, «Бірлік» қауымының бақташысы Алмас деген жігіт жұмысыма іздеп келіпті. Жасы менен біраз үлкен болса да, жасытып алмаққа ниеттеніп иығынан қысып тұрып сілкілеп көрдім.
«Ей бауырым, бір сенімде болмасақ, ертең екеуміздің балаларымыздың басы бір қазанға сыймайды». Әрине, шыбынның ызыңындай бұл сөздерім оның құлағына жеткенімен, жүрегіне жетпеді. Ислам діні мен ұлттық болмысын жоғалтқан жалынсыз жанар қаймыға қарап, әлдебір әңгімелерге ойыса берді. Содан бері неге екені белгісіз осы бір ағымның тыныс-тіршілігімен танысуға құштарым артты.
Енді міне, шіркеудің қақ алдында тұрмын. Мені қарсы алған қысық көз кәріс жігіті қазақша білмейтін болып шықты. Есесіне ар жақтан арсалаңдай басып сары жігіт келе жатыр екен. Амандасуымыз орысша басталып, әңгімеміз қазақша өрбіді. Аты — Ернар. Бұрын басбұзар болыпты. Иса Мәсіхті танығалы… Рас бұған дейін талай естіген әңгімем. Ернардың телефонын жазып алдым. Әр бейсенбі күні сағат кешкі алтыда қазақ тілді қауымның, дүйсенбі күндері орыс тілді қауымның жиналыстары болады екен. Шақырды. Құдай бұйыртса келетінімді айтып ұзай бердім.
Екінші күн
Кемпір қалай шоқынды?
Бейсенбінің кеші батқанша тағат таппадым. Мені Ернар шіркеудің алдында күтіп тұр екен. Иса Мәсіх жолында жүрген осы бір тұтықпа жігіт танысқанымызға көп бола қоймаса да іші бауырыма еніп барады. Әңгімені «шіркеу» деген сөзден бастадым. «Церков» сөзін дұрыс аудармай «шіркеу» деп жазып жіберген. Жай ғана қауым деп атасаң болады» дейді Ернар.
— Апа, мұнда үлкен кісілер ғана емес, жастар да келеді. Қараңызшы.
Әуезді үн шыққан жаққа назар аудардым. Әудем жерде сүйегін сүйреткен кейуананы жетелеп келе жатқан келіншекті көрдім. Екі ойын баласы әжелерінің етегіне оралып, бірде озып, бірде қалып сықылықтап келеді екен.
— Иса осы балалардай мұңсыз етсін!…
Тағы да сол келіншектің сөзі.
Біз шіркеудің бас ғимаратына жапсарлас орналасқан кішілеу үйге кірдік. Тартыншақтағаныма қарамай қақ төрден орын бұйырды.
— Апа, жағдайыңыз қалай, амансыз ба?
Бірнеше әйел апамыздың асты-үстіне түсіп бәйек болып жатыр.
Алдымен толықша келген дөңгеленген жігіт-ағасы бата жасады. Онан соң, «Yamaha» аспабында отырған келіншек әдемі бір әуен ойнай бастады. Кодоскоппен экранда ән мәтіні шығып тұр. Сол арқылы ғибадат басталды. Қырыққа жуық ғибадатқа қатысушылар хормен әлгі әндерді шырқай жөнелді. Бір ән. Екі ән. Үш ән. Ән ырғағына біреулері екі қолын жайып билеп жүр. Енді біреулері көздерін жұмып алған. Бабалар аманаттаған ислам діні ұмыт. Қан жоса қырғындар, ұлт тәуелсіздігі үшін болған күрестер, біз аңсаған Алашорда, біз зардап шеккен тәуменділік бәрі-бәрі…
Әуен бітті. Тереңіне ала қашқан ойым үзіліп, елмен бірге дастарқанға жайғастық. Әңгімемен шай ішілді. Бұған дейін баспасөз беттерінде неше рет жазылған, «ізгі хабар» жайлы уағыз айтылды. Назарға есік алдында кездескен әжей ілінді. Ол екі жылдан бері намаз оқығанын, өткен бейсенбіден бері осында келіп қызы намазды қойғызғанын айтты. Уағызды жүргізген жігіт бұл өте дұрыс шешім екенін дәлелдеп бақты.
«Құдайға баратын жолдар көп. Сіз Ислам дінімен барасыз ба, әлде басқа жолмен бе, ол маңызды емес. Біздің дініміздің (егер дін деуге келетін болса (автор)) ерекшелігі осында» деп көкіді. Әжейдің шықпасына қоймай сахнаға алып шықты. «Сіз осы жолда жүрсеңіз ауруыңыздан құлан-таза айығасыз» деген секілді қызыл сөзбен біраз құлақтан «бұрап» қойды. Сонан кейін бүгін осы қауымға алғаш рет келіп отырғандарды ортаға шақырды. Жиырма — жиырма бестер шамасындағы жігіт жұбайымен шықты. Он — он екілер шамасындағы бала да қуанышты кейіппен сахнадан орын алды. Онан кейінгі құрық маған лақтырылды. «Шыға салыңыз. Иса үшін. Неңіз кетеді?» Іші-бауырымды езіп барады. Дәл осылай ешкім де жалынбаған еді. Маған бүгінше ойлануға мүмкіндік беруін сұрадым. Сонан кейін манағы дөңгеленген жігіт-ағасы сахнаға шыққандарға не айтса, соны қайталау керектігін айтып, шоқындыру дәстүрін бастады. «Құдайым! Мен сенің алдыңда күнә жасағанымды мойындаймын және жазалануға тиісті екенімді білемін. Бірақ Иса Мәсіх менің оған артқан сенімім арқылы кешірілуім үшін мен тартатын жазаны Өз мойнына алды. Мен өз күнәләрімді мойындаймын және менің құтқарылу жолым жалғыз сен ғана екеніңе сенемін. Сенің маған төккен рақымыңа және берген кешіріміңе рахмет! Әумин!» Бар болғаны осы. Екі жылдық уақытын Алла құзырына арнап, намаз оқыған төрінен көрі жақын ақжаулықты шешейдің шоқынуы осындай-ақ жолмен шешіле салды. Әйелін жетелеген жігіттің де сеніміне селкеу түсті. Бесіктен белі шықпаған он екілердегі бала өз сыныптастарына «ізгі хабарды» жеткізетінін айтып жатыр.
Куәлік ету
Біз мектеп қабырғасында концерт қоятынбыз. Оқушыларды күлдіруге тырысып «скетч» ойнайтынбыз. «Бауыржан-Шоудың» алғаш шыққан кезі. Музыка пәнінің мұғалімі Бақберген ағайдың атымен «Бақберген-Шоу» деген театр құрдық. Қазір сол бір күндерді есіме алсам еріксіз езуіме күлкі үйріледі.
Мәсіхшілер ауылына екінші күнгі сапарым сол бір балғын шағымды еске түсірді. Театр деуге келмесе де сахналанған көрініс кімнің болмасын жүрегін жаулап алады емес пе? Мәсіхшілер осы орайды арампиғыл мақсаттарына әдемі пайдалана біледі екен. Әртістік қабілеті қарабайыр келіншектер 4-5 оқиғадан көрініс қойды. Соның бірінде әйелдер қала ішінде «Ізгі хабарды» елге жеткізбек болды. Оларды барған адамдары балағаттап қоя береді. Рас. Менің психологиямды дөп басып тұр. Біздің де үйге мұндай «ізгі хабар таратушылар» талай келген еді. Бірін «ит айтақтағандай» қуып шыққанмын. Енді бірімен құлықсыз болсам да, бір сағатық алтын уақытымды бөліп қызылкеңірдек болғанмын. Тағы біреуінің есікті қағып мазалай берсе, тобығын шағатынымды ескертіп келген ізімен қайтуына бағыт бергенмін. Соның бәрі де маған еш өкпелемей қалай келді, солай қуанышты қайтқан еді. Басынан сөз асырмайтын қызуқанды қазақтың намыссыз ұрпақтарының бұл жайын түсіне алмаған едім. Енді міне түсіндік. Қойылым барысында басты кейіпкер болған екі келіншек талай осындай қиындықты көреді. Налиды. Артынша «Інжілден» бір аят оқиды. Ол аятта осы бір қиын күндерді бақытты сәттер деп жазыпты. Екеуі осыған қуанып, риза болысады. Былайғы жұртқа әншейін бір «Бақберген-Шоу» сияқты ғана дүние. Түсінгенге — идеология. Оларға сұға берсең, бұға береді. Бірақ, Махатма Ганди секілді жалаң аяқ жүріп-ақ жеңіске жетеді.
Ернар екеуміз сырқа беттедік. «Қалай ұнады ма?» — дейді. «Ұнады» — деймін. «Келесі жолы келесің бе?» — дейді. «Келемін» — деймін.
Ернар мені үгіттей бастады. «Біз үлкен кісілердің жиналысына келдік. Одан да жастардың «Альфа курсына» барайық та. Онда мұнан да қызық болады. Қыздармен танысасың» — дейді. Дүйсенбі күні кездесетін болып қоштастық.
Үшінші күн
АЛЬФА КУРС
Бүгін дүйсенбі. Ешкімнің мойыны жар бермей көңілсіз дел-сал өтетін осы бір күн де сырғыды. «Қоңырқай кеш әлдекімдерді әлдебір беймәлім әлемге жетелеп бара жатыр» деп қиялдасам, мынау жігіт жынданған екен деп ойлап қалуыңыз ықтимал. Жоқ. Әзірге саумын. Бірақ, осы кеш расында мен сияқтылардың санасын беймәлім әлемге жетелеп барады.
Таныс көше. Таныс маң. Шіркеудің қақ алдында Ернар екеуміз біраз тұрдық. Есіңізде ме, қоңырау шалынардан он минут бұрын мектеп алдында қандай қарбалас болушы еді? Дәл сол. Сабаққа асыққан оқушыдай қыз-жігіттер келіп жатыр. Келіп жатыр. Бәрі де біздің күнде жылармандай болып айтып жүрген ұлттығымызды жинап қойып, шоқынып кеткен. «Алла біреу, Мұмаммед оның елшісі» — деп айғайлағым келді. Кімге ұқтырасың? «Дәл осындай тамырсыз сенімдер отбасыңның ойранын шығарады?» десең бәрі жабылып, бағытымды Каблукова (ол көшеде жындыхана бар екені есіңізде болар) жаққа түзеп жіберер.
Шіркеудің бас ғимаратына кірдік. Шіркеу деген аты болмаса, қазақтың 500 адамға той жасайтын атшаптырым тойханасынан аумайды. Ығы-жығы жастар емен-жарқын амандасып жатыр. Шамамен 350-400-дей жастар бар. Он адамға арналып жайылған дастарқанға жайғастық. Таныстық. Бұл жігіттер менің келетінімнен хабардар екен. Әңгіме-дүкен басталды. Мен жігіттердің діни білімінің қай деңгейде екенінен хабар алғанша үндемедім. Өз айтқандарының айналасында сұрақ қойған болам. Ақыры, ашық айқасқа шықтық. Мен де дәл солардай сыпайы болуға тырысып бақтым. Бұлар сөз еткен үш құдайлық жайына тігісін жатқызып сенбейтінімді жеткіздім. Мұның бәрі солақай саясат екенін түсіндірмек болдым. Басында қаумалап таласқандар біртіндеп сирей бастады. Сөздің аяғы «біз сіздей өзге діндерді зерттеген жоқпызға» ұласты. Біраз жерге барып аттың тізгінін тарттық. Бұлай тоқтамауымыз да мүмкін-ді. Ән айту дәстүрі басталып кетті.
Бұл жиналыстың атын «Альфа курс» деп атайды екен. Әр аптада жастардың басын қосады. Қызғылықты қойылымдар қойылады. Бір-бірімен араласады. Танысады. Біліседі.
Ән айтылып жатыр. Үлкен сахнада екі қыз замануи би билеп жүр. Саз аспаптарын даңғырлатқан жігіттер оркестрді көрнекілендіре түсті. Кемінде 350-400 жас сол есерсоқ музыканың ырғағында тербеледі. Айналам толған көздің жауын алатын әдемі қыздар. Көшеде, яки әлдебір мәдени орталықта кездесе қалсаңыз осы қыздың бірде-бірінің шоқынды екеніне сенбеген болар едіңіз. Абайсызда жүрегіңіздің әмірімен ғашық та болып қалуыңыз мүмкін. Мүмкін емес-ау, сыртқы бейнесі ғашық болмауға хақыңыз жоқ қазақтың қаракөзі. Тіпті, бір көріп әдемілігіне үйленуге шешім қабылдауға болады. Ал, іші…
«Құдай сүйді қазағымның даласын
Құтқарсын деп жіберді Иса баласын», — деген әнмен уланған болашақ ана. Мен «Альфа курс» деп аталатын жиналыстың мәнін осылай ұқтым. Түсінген жанға — қасірет.
Ақ шұлық
Сізге «бүгін ақ шұлық киіп келдіңіз бе?» деп сұрасам не деп жауап берер едіңіз? Дәл осы сұраққа жауап беремін деп ойлаған жоқ едім. Әрине, менің аяғымдағы шұлықта ешкімнің шаруасы болмақ емес. Бірақ, арампиғылды миссионерлер үшін сіздің киіп жүрген ақ шұлығыңыздың өзі маңызды екен.
Жүгіріп жүрген қыздар әлдебір парақты тарата бастады. Қағазда «Бүгін ақ нәски киіп келдім». «Семіргім келмейді». «Ұйықтағанда қорылдаймын?» деген секілді сөздер тізіліпті. Жиналысты жүргізуші жігіт пен қыз осы жазулардың тұсына лайықты адамның атын жазу керектігін айтты. Залдың іші гуілдеген араның ұясына айналып кетті. Бір қыз жүгіріп келіп сұрап жатыр. «Бүгін ақ нәски киіп келдіңіз бе?» Жоқ. «Ерте тұрасыз ба?». «Жоқ». Ең ақыры «қатты қорылдаймын» деп құтылдым. Артынша, екіншісі, үшіншісі, төртіншісі… Келіп жатыр, жазып жатыр.
Мұндағы уланғандар арасындағы нәзік байланыс осыдан бастау алады екен. Тілдей қағаздан туындаған тоғыз сұраққа жауап табу үшін бүкіл залды аралап шығуың керек. Сол арада бір-бірімен танысып үлгересің. Жүргізушілер алғаш болып біткен екі адамның жауабын оқыды.
«Бүгін Оля ақ нәски киіп келіпті. Рас па? Оля қайда? Рас па деймін?» Залдың ішінен өз атының аталғанына қуанышты бір қыз рас екенін мойындады. Елдің бәрі қол шапалақтап, қошемет көрсетті. Тоғыз тоғыздан он сегіз адамға бүкіл залдың назарын аударып қуантқан «ақ шұлық» идеологиясы осылай тәмамдалды. Біздің жастар арсыз күлкіге мәз. Ал, миссионерлер оларды өздерінің «өрмекші-өмір» торына тұзақтап жатыр.
Рухани өс
Маған қайтар кезде сыйлық жасады. Жоқ. Сіз ойлағандай көп сомадағы ақша емес. «Рухани өс» деген тілдей қағаз. Оның мәнін сұрадым. «Бұл біздің саған жасаған сыйымыз. Үйіңізге барып келер аптаға дейін «Інжілді» оқыңыз. Осы сөзді тауып, сол бетке салып қойыңыз» — дейді. Келер аптада тағы бір сөз береді. Сонымен, қалың кітаптан күні-түні бір сөз іздеп отырсам, аз уақыттың ішінде «ізгіхабаршы» болып шыға келемін. «Олар Африкаға келгенде қолдарында Інжілдері бар еді. Бізде Ұлы Африка болатын. Олар бізден Інжілді оқуымызды өтінді. Жаппай оқыдық. Ғибадатымызды жасап болып, айналамызға қарасақ, біздің қолымызға Інжіл, олардың қолына Ұлы Африка өтіп кетіпті» — деген зәңгіліктердің сөзі ойыма оралды. Қолдарына қазақ даласын қайтіп бере салмақпыз? Ойлану керек.
Қайтып келемін. Қайраңда қалған қайықтай қаңсып тұрған руханиятымызды кім ойлайды? Белгісіз. Кәрістің Мунын әке санаған, саентологияның дәрісіне уланған, өзгеге сеніп Абайды кришнаит еткен, әнұран айтудан безіп Иеһоваға жақындаған, «Қойдың басын қасқалап кескенбіз. Бұл біздің крест» деп шоқынған бүгінгі Мәсіхшілер жыртық шапанды дәстүр атты шал мен модадан қалған мұсылмандықты қай жардан итеріп кетер екен?
Қатты қорқып жүрмін. «Біздің мемлекет мықты-ә! Ешкімнен қорықпайды. Тіпті, миссионерлерден де…»
Түйін сөз
Кішкене кезімде естіген бір хиқаяда былай делінетін еді. «Айып (ғ.с) пайғамбардың денесіне құрт түсіпті. Жанын жегідей жеген сол құрттар арқылы Алла мені сынап жатыр деп түсінген Айып (ғ.с) денесінен домалап түсіп кеткен жәндікті жерден алып, қайтадан кеудесіндегі жарасына енгізіп жібереді екен. Алланың бұйырған ырызғысынан қағылмасын дейтін болса керек. Күндердің күнінде жегі-құрт пайғамбардың жүрегі мен тіліне түсіпті. Сол сәтте ғана Айып (ғ.с) Алладан «Жүрегім мен тілім аман болмаса, сені қалай еске аламын. Маған шипа бер» деп дұға жасапты». Рас біздің күйіміз де осындай хәлге жетіпті. Жегі құрттар ұлтымыздың тұла бойынан сау-тамтық қалдырмапты. Сонда да, елге келген миссионерлерге Айып (ғ.с) секілді ырызғысын беріп жатырмыз. Сөйтсек, тілімізді түбінен кесіп, жүрегіміздегі сенімімізді кеміре бастапты. Біз де Айып (ғ.с) пайғамбардай тілек тілейтін әлетке жетіппіз. Осы қорқынышты ой мені қала сыртындағы «құжырама» қарай жетелей жөнелді.
Қанат ӘБІЛҚАЙЫР
Abai.kz