Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 6871 0 пікір 16 Қыркүйек, 2015 сағат 13:08

БӘС ТIГЕМIН ДЕП БАРЫҢНАН АЙРЫЛЫП ҚАЛМА

Елiмiзде «Олимп» букмекерлiк кеңсесiнiң 180-нен астам нүктесi бар болса, Шымкенттiң өзiнде оның саны 60-тан асып жығылады. «Зенит», «Инбет», «Профит», «Гол+Пас», «Бет Сити», «Tеннис», «Mегабет» деп аталатын букмекерлiк орталықтардың атынан ат үркедi. Бәс тiгу ойындары құмарпаздардың отаны – Франциядан басталып, Ресей арқылы бiзге де келiп жеттi. «Келiп жеттi» деген бер жағы, оңай олжа көздеп, ақшаның арбауына түскен жұмыссыз жандарды өзiне бiрден баурап алды. Өкiнiштiсi, қолда барын құмарға тiгiп, тақырға отыратын сол азаматтардың көпшiлiгi келе-келе қылмыс жасаудан именбейтiн болып шығады.

Оны құртқан «Олимп»...

Айдың-күннiң аманында бiр үйдiң бас иесi асылып өлдi. Арыстай азамат неге өзiне-өзi қол жұмсады? Жас жiгiттiң өмiрден баз кешуiне не себеп? Бұл сауалдар сiздi де беймаза күйге түсiрерi анық. Бұл қайғылы оқиға осыдан бiраз iлгерi Созақ өңiрiнде орын алған. Иә, бәленiң басы бәс тiгуден басталған. Күзгi жиын-терiм бiтiп, қолы босаған жұрт ермек iздеп, букмекерлiк кеңселердi жағалай бастаған. Өзiнiң жаз бойы тiрнектеп жинаған ақшасын еселеп, жеңiл автокөлiк сатып алуды ойлаған Үсен (есiмi өзгертiлiп алынды. Автор) сонда беттейдi. Әу баста аздап ұтыс көрiп, оңай олжаның дәмiн сезiнген ол кезектi футбол ойынына бар ақшасының жартысын тiгедi. Қас қылғандай, «ставкасы» шықпай қалады. Ендi не iстеу керек? «Дәнiккеннен құныққан жаман». «Қалған қаржымен кеткен есенi қайтару керек» деген ол қолда бар қорын «Олимпке» түгел тiгедi. Аз ақша емес, тұп-тура – 500 мың теңге. Ресейлiк букмекерлiк кеңсе ойындарына болжам жасайтын сайттарын ақтарып, ұтыс ықтималдығы жоғары деген екi ойынға бәс тiккен. Алайда, бағытынан жаңылған құмарпаз жiгiтке тегiн олжа жолдас болмапты. Ақырында букмекерлiк кеңсе жағалаған «әрiптестерiнен» қарыз алып, оны бәске тiгiп, тағы сорлаған. Тығырыққа тiрелiп, қарызға белшесiнен батқан. Алашағын сұрап келген жұрттан қашып, үйiнде өзiне-өзi қол жұмсаған. Анығы, асылып қалған...

Тепсе темiр үзетiн атпалдай азаматты ажал құшуға асықтырған букмекерлiк орталықтың әлегi мұнымен шектелiп қалмапты. «Шымкент студенттер Альянсы» корпоративтiк қорының атқарушы директоры Мағжан Исаховтың айтуынша, букмекерлiк кеңселер аудан-қалаларды былай қойғанда, ауылдарда да көрiгi қызып тұрған бизнес түрiне айналып үлгерiптi. Соның салдарынан өткен жылы Созақ өңiрiнде құмар ойын түрiне құныққан тағы екi азамат өмiрмен қоштасқан. Ол аз десеңiз, Арыс қаласының бiр тұрғыны әкесiнiң жылдық асына анасы азық-түлiк алып келуге берген 100 мың теңгесiн «Олимптiң» қоржынына салып, кеңсе залында өкiрiп жылағанын көргендер де бар.

Olimp.kz букмекерлiк кеңсенiң иесi ретiнде ресми құжаттарда "Букмекерская контора "Olimp.kz" ЖШС-i көрсетiлген. Бұл ЖШС-нiң құрылтайшылары – Жауыровтар отбасы: Анарбек Орақұлы, Жәнiбек Орақұлы және Ғалия Әбдiназарқызы. Бұл кiсiлердi кiмдер дейсiз ғой, айтайық, Орақ Жауыров – Д.Нұрпейiсова атындағы Атырау облыстық академиялық халық аспаптар оркестрiнiң дирижерi, ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi. Бұл контордың Алматыда – 116, Астанада – 101, Шымкентте 56 «нүктесi» бар. Елiмiздегi ең көп таралған букмекерлiк кеңсе қызметi. Кеңсе қызметiн Олег Григораш басқарады. «Олимп конторасының» интернеттегi жұмысына Черногорияда орналасқан E-Gambling Montenegro d.o.o тарапынан лицензия берiлген.

Ресми органдардың ақпарына сәйкес, бүгiнде Қазақстанда жұмысын жүргiзiп отырған букмекерлiк кеңселердiң жылдық ең төменгi ақша айналымы 30 млрд. теңге шамасында. Таза табыстары 10-15 пайызды құрайды. 2007 жылдан 2013 жылға дейiн букмекерлiк кеңселерден ел бюджетiне 3,2 млрд. теңге салық түскен (Мысалы, 2004 жылы 43,8 млн. теңге салық түсiмiн аударса, 2013 жылы бұл көрсеткiш 1,5 млрд. теңгеге өскен). Салыстыра қарайтын болсақ, осы нарықтағы жалпы ақша айналымының қоры – 650 млрд. АҚШ долларына тең. Оның 240 млрд. АҚШ доллары АҚШ-қа тиесiлi болса, Ресейдiң еншiсiнде – 500 млн. АҚШ доллары бар.

Ит жарысқа бәс қызып тұр

Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы бойында әр аялдама сайын бiр-бiр букмекерлiк кеңсе. Тәулiк бойы шырағы сөнбейтiн осы ғимараттардан адам аяғы үзiлген емес. Оқырманның редакциямызға келiп түскен «Жастарды букмекерлiк кеңселерден арашалап алсақ» деген хатына жауап iздеп бiз де осы «кең сарайға» имене бас сұқтық. Клиенттерiнiң көбiсi – қаракөздер. Көк жәшiкке телмiрiп, темекi түтiнiне тұншыққан бiр топ жас әлденеге бәс тiгiп әлек. «Қара итке тiк!», «№5 итке 5 мың теңге тiкшi», «Қап, қадалып қалғанымды қарашы» деген жаргон сөздер бәс тiгу бөлмесiнен жарқын-жарқын естiледi. Осыншама делебе қоздырып, сабырын сарыққандағысы экранда автоматты түрде енгiзiлген виртуалды ит жарыс екен. О заманда бұ заман, ат пен атан жарыстырып келген қазақтың ит жарысқа неге сонша құмарлығын бiлмекке ұйысқан жұртқа жақындай түстiм.

– Бауырым, бағыңды сынап көрмейсiң бе?

– Қалай?

Жүзiме бадырая қараған қаба сақалды:

– Анау 9 төбеттiң қайсысы мәреге бiрiншi жететiндiгiне бәс тiгесiң,– деп ынты-шынтысымен түсiндiрiп жатыр. Көз алдымда 2 мың теңгесiнен айырылған жiгiт ағасы кiжiнiп тұрып, белгiсiз иттердiң бiреуiн шешеден сыбап алды. Ставка қабылдап отырған қыздың да боғауыз сөздердi ести-ести құлағы жауыр болып кеткен-ау, селт етер емес.

Виртуалды иттердiң бәйгесiн қызықтап тұрғанда букмекерлiк кеңсенiң VIP бөлмесiнен адамдардың даурыққан үнi естiлдi. Жақындай түстiк. Қаба сақалды, тегi кавказдықтарға келiңкiрейтiн бiреу Қазақстан мен Үндiстан арасындағы волейбол ойынына бәс тiккен. Алайда, бiздiң волейболшылар 0:3 есебiмен ұтылып қалыпты. Құмарға салған ақшасына күйiнген клиент елiмiздiң ұлттық құрамасын жер-жебiрiне жете балағаттады. Бәс тiгiп отырған бiрнеше жiгiттiң ескертпесiне құлақ аспай, өздерiнiң жағасына жармасқан. Күзет қызметi дер кезiнде жетiп, клиентке басу айтып, қақпайлап шығарып салды. Дегенмен, құмарға бола қасиеттi мемлекеттi балағаттаған азаматтың жауапсыз кете бергенiне таңдандым...

Күрiштiң арқасында «күрмек» су iшкен

Елдегi казинолар мен ойын автоматтары ресми түрде жабылғаннан кейiн қалған қызық букмекерлiк кеңселерге ауды. Қазақстан букмекерлерi және тотализаторлар қауымдастығының бағалауынша, республикада бұл саланың жылдық қаржы айналымы 100-150 млн. долларды құрайды екен. Бизнестiң тиiмдiлiгi – букмекерлердiң өз есебiнше 5-7 пайыз. Яғни барлық кеңселердiң жылдық табысы 5-10 млн. доллардың төңiрегiнде. Ал, осы кәсiптiң құлағын ұстағандар үшiн өз клубы немесе ұтыс қабылдау орнын ұстау үшiн бiр жылда орташа есеппен 10-20 мың доллар қаражат жұмсалады екен. Ендi әрi қарай есептей берiңiз. Өкiнiштiсi, тұрғыны көп Оңтүстiк бұл бизнес түрiнiң илеуiне айналып бара жатқандай. Облыстық салық департаментiнiң жауапты қызметкерлерi брифингте 2013 жылы құмар ойын бизнесiнiң маңында салық төлемдерiнен облыс қоржынына қомақты қаржы түсiргенiн жария еттi. Салықшылар, сондай-ақ, биыл салық төлеуден жалтарған кәсiпкерлердiң тiзiмiн жасапты. Теңге төлеуден тайқығандар аз емес. Бүгiнде түрлi коммерциялық саудамен заңсыз айналысқан 105 адам тiзiмде тұрса, 364 бизнесмен шоу-бизнестен нәпәқа тауып жүр. Ал, 54 кәсiпкер ырзығын букмекерлiк кеңселерден тауыпты.

Ата-аналар спорттық ойындарды сылтау етiп, сол төңiректе жүрiп жатқан бәсекеге бәс тiгемiн деп құмардың құз құламасына түсiп жатқан ұрпақтары үшiн қан жылауда. Айтуларынша, букмекерлер спортты желеу етiп, балаларымызды құмар ойындарына баурай түсуде дейдi. Тiптi, бұл жанайқай қос палаталы Парламент қабырғасына дейiн жеткен. Бұл туралы ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Тұрсынбек Өмiрзақов «Маған ойынқұмарлардың ата-аналары мен жақындары букмекерлiк кеңселердi жабу туралы мәселе көтеруiмдi сұрап, бiрнеше мәрте хабарласты. Олардың айтуынша, букмекерлiк кеңсенiң «тұтқынына» айналған балалары қалтасындағы барлық ақшаларды ұрлап, қымбат әшекейлерi мен үй-iшiндегi мүлкiн сататын көрiнедi. Ұтылған соң қайтарып аламын деген оймен қайтадан барып ақша тiгедi екен. Демек, бұл құмар ойын емей немене?! Олардың жұмыс уақытын шектеу, түнгi уақытта жұмыс iстеуге тыйым салу, букмекерлiк кеңселердi бiлiм беру ұйымдары мен студенттiк жатақханаларға таяу маңға орналастыруға тыйым салу, мұндай мекемелерге лицензия беру талабын күшейту секiлдi ұсыныстарымыз орындалса дұрыс болар едi» деген ойын айтады.

Жұртшылықтың талап-тiлегiне орай жуық арада елiмiзде ойын бизнесi саласына салынатын салық мөлшерi арта түседi. Атап айтқанда, букмекерлiк кеңсе және тотализатор кассаларынан алынатын салық 75 айлық есептiк көрсеткiштен (138 900 теңге) 150 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн (277 800 теңге) ұлғаятын болады. Ал, букмекер кеңсесi мен тотализатордың электрондық кассасына салынатын салық 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiн (3 млн. 704 мың теңге) артады. Бұл ретте электрондық кассаға салықты арттыру негiзiнен оны пайдаланушылардың көптiгiне байланысты орын алып отыр. Мәселен, орта есеппен алғанда, Интернет-ресурс арқылы бәс тiгуге тiркелген қатысушылардың саны 200 мың адамға жетедi әрi олардың 50 пайызы тұрақты қатысушылар болып табылады. Бұдан бөлек, ойын мекемелерiн, букмекер кеңсесi кассаларын және тотализаторларды тұрғын үй ғимараттарына орналастыруға тыйым салынады. Мәжiлiс мақұлданған заң жобасы Парламент Сенатына жолданды. 

P.S. Араға айлар салып, сол букмекерлiк кеңсеге тағы бардым. Кеңсе iшiнде өзгерiс көп екен. Касса саны көбейген. Ескiлеу креслолар мен компьютерлер су жаңасына ауыстырылған. Қосымша VIP бөлмелер көбейiп, аумағы кеңейе түсiптi. Анығы, табысы қомақты секiлдi... Ал, клиенттерi өзгермеген. Шетiнен ызақор, күйгелек, оңай олжа табуды ғана көздеген маңдайы жiбiместер өңшең...

Нұршат ТӨКЕН

"Оңтүстік Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485