ОҚО: МАЛШЫЛАРДЫ ЖАЙЫЛЫМ ЖАЙЫ АЛАҢДАТЫП ОТЫР
Оңтүстiк өңiрiнiң төрт түлiкке шұрайлы мекенi Созақ ауданы екенi белгiлi. Осы жаққа сапарлаған жан түрлi жаңалықтарға куә болады. Жаңару көп. Солай десек те, кiсi сүйсiнтерлiк iстермен қатар көңiл қынжылтатын мәселелер де аз емес.
Бұл ұлан-байтақ өңiрдiң iлгерi замандағы кескiн-келбетi талайды тамсандырарлық едi. Бiр-бiрiне жалғасқан бел-белестердiң сауырындағы көкке көмкерiлген сайын дала байырғы бейнесiн елестетерлiктей-тiн. Шөбi шүйгiн өлке, әсiресе, мал жарықтыққа жерұйықтай болғандығы қалай ұмытылсын?! Бүгiн де қаймағы сақталған кей тұстарынан кездесiп қалар орындар сондай. Бiрақ сирек ұшырасады, өрiсi тарылып, селдiреп барады. Айналадағы тiршiлiк атаулының табиғатпен тамырлас тағдыры болжаусыз күйге ұшырап бара жатқаны көпшiлiктiң қынжылысын тудыруда. Баспасөз беттерiнде жарияланып жүргендей, қазiр дала көркiнiң, жер реңiнiң кереғар өзгерiсi көп. Кеше ғана түгi қалың топырақ ертеңiне жұтаң тартып шыға келедi. Бар жануар сүйсiнiп жайылар қараотты шетсiз-шексiз алқаптар алашұбарлана бастаған. Күнкөрiсi төрт түлiкке байланған жан қайтсiн, көндiгумен қолда барды ұқсатуға мәжбүр. Әйтпесе ата-баба соқпағымен жылқы ма, қой ма, қай-қайсысын да шұбыртып, дәулет көзiне айналдыруға әркiм-ақ құштар.
Бұған дейiн аймақтың ең бiр шалғыны мол, жайылымы кең қиыры арысы Бетпақдалаға, берiсi Сарысуға дейiн ұласып жататын едi. Бұл күнде басқа тұстарды былай қойғанда, кезiнде құты қашпастай көрiнетiн осы атырапты тану қиын. Үйреншiктi сәнi түлiктерден гөрi көзге жиi шалынатын дәу-дәу жүк көлiктерi. Өздерi төтелеп салып алған қым-қиғаш дала жолдарымен ерсiлi-қарсылы жүйткiп, айналаны шаңдатып, топырақты бұрқыратып жөңкiледi де жатады. Бұлардың күндiз-түнгi жорығы не десеңiз, кен көздерiнен шыққан байлықты тасымалдауға байланысты аптыққан қимыл. Одан әрiде әр тұстан менмұндалаған кенiштер көрiне бастайды. Жайылымдарға емiнiп, ендеп кiрiп алған. Әрине, әркiмнiң шаруа қамы бөлек. Кен игерушiлерге бұйырғаны қазынаны қайткенде алып қалу керек. Қалай алынып жатыр, қоршаған ортаға тигiзер салдары қандай? Байлық буы бас айналдырып тұрғанда, оларды бұл мәселе ойландырып жүр ме? Жергiлiктi жұрт соған мазасызданады.
Қарап тұрсаңыз, табиғаттың өзi осы өлкенi мал бақсын, жылқы мен қой өсiрсiн деп жаратқан секiлдi. Әйтсе де, заман заңдылығы өндiрiстi қоса дамытуға ойыстырды. Уақыт ағымынан асып кету қиын. Кен де керек-ақ. Дегенмен, онсыз да соңғы уақытта қарашiрiгi азайып, сұр топырақты сортаң, шөлейт жерлер жиiлей бастаған өңiрдiң ақырғы шұрайлы да шырайлы қойнау-қыртыстарын қопарып, iске алғысыз, жарамсыз қылу жөн бе? Аршылған жердi қалпына келтiру жөнiндегi уағдаластық көп ретте сақталмай, көтерiлер қара шаң, қалың тозаң былай да өсiмталдығы әлсiз өсiмдiктер дүниесiн басып, тұншықтыра беретiндiгi өкiнiштi. Ауылдың мал бағар жағдайы болса, тұрмысы жаман болмайтынын, еңсесi биiк отырарын бiлемiз. Қазiргi күнi де жұмысы жоқ ауыл тұрғындары қолдағы азын-аулақ малдың арқасында күндерiн көруде. Шағын және орта бизнестi өркендетуге нағыз тың орта сонда жатыр. Өкiнiшке қарай, сөзiмiзде тұспалдағандай, кедергiлердiң етектен тартуы сол мүмкiндiкке тұсау салуда. Ал, ауылда тұрып мал ұстамағанның күнi күйкi. Төрт түлiктi түлетуге ыңғайлы жерлердi малшы қауымның несiбесiнен жырудың зардабы ауыр болары ақиқат. Ештен кеш жақсы деген. Айналып келгенде осынау жәйтке тереңiрек ойланатын уақыт келдi деген үмiтте ауыл жұрты. Кен де керек шығар, ал, мал ше, – дейдi олар.
Ұлтымыздың алтын бесiгi – ауыл болса, ауыл уызы мал ғой. Саялы панасы, асырайтын анасы – дала. Ондағы шөбi шүйгiн жайылым, шалқыған шабындық. Тамыр-тағдыры соған келiп тiреледi. Ал, оның қазiргi ахуалы «Алыстан ойламаған, жақыннан уайым табады» деген сөздi ойға оралтады. Ен даланы дүбiрлеткен өндiрiстiң жайылымдық алқапқа килiгiп, мал шаруашылығының негiзгi тiрегiн тықсыруы мынадай. Ауыл адамдарына осы жағы түсiнiксiз. Тiршiлiк қорегiнiң нәрi – жайылымдардың тарылып бара жатқандығы ешкiмдi алаңдатпайтыны жандарына батады.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ
Abai.kz