Сенбі, 23 Қараша 2024
Өмірдің өзі 7998 0 пікір 14 Қыркүйек, 2015 сағат 12:21

ҚАЙДА КЕТІП БАРАСЫҢ, ҚАРТТАРЫМ-АУ!

Бала кезімізде ауылда күмістей жарқыраған аппақ сақалы өзіне құп жарасқан, жүзінен нұры, көзінен оты шашыраған қариялар болушы еді. Олар отыра қалып малақайын шешкенде, ішінен тағы бір жұқа тақия көрінетін.

«Кімнің баласысың ей»? дейтін. Бірақ кімнің баласы екеніңді олар сезіп тұратын. «Қайдан білдіңіз»? десең, «көзің айтып тұр» дейтін. Қалталарынан уыстап кәмпит алып шығып, жағалай тарататын. Кейбіреуінің тіпті қоржынында ақ мата жүретін. «Оны біз «ақыреті», ойламаған жерден қисая қалса, елді әуре қылмай, шығындамай сол ақ матаға орап көмсін деген ниеті» деп еститінбіз. Қоржынының бір басында өсиет жазылған бір парақ қағаз бен шүберекке түйілген азын аулақ ақша жүретін (оны да өзінің дүниеден озғаннан кейінгі жұмысына жұмсау үшін сақтайды дегенді құлағымыз шалатын). Егерәки, оларды әлгі қарияның достары немесе алыс-жақын жегжаты болып келетін орта жастағы адамдар дүкен немесе базар маңынан көре қалса қарияның алдында қауғалақтап жүгіріп мұз қант (науат) немесе өрік-мейіз секілді шай ішкенде жейтін тағамдарды қоярда қоймай алып беріп жататын. Ал ол қариялар қонған жерін думанға бөлеп хиса-дастан оқып, өлең айтатын. Аналарымыз, әпкелеріміз олардың атын ести сала жаулықтарын түзеп, бүркеніп, қымтанатын. Қыздар алдынан өтпек тұрмақ, бір әдепсіздігімізді көріп қалып ұрыспасын деп, алыстан қашатын. Ол қарияларымыз болса әйел атаулыға көз салып қарамайтын. Арақ пен темекіні былай қойсын «харам» деп мандарин мен апельсиннің өзін жемейтін қарияларымызды да көзіміз шалған. Кейбір әулие шалыс қариялар да күні бүгін есімізде. Басына теміреткі шығып, дәрігерлер ем қолдана алмаған  балалардың басындағы әлгі теміреткісіне құран аяттарын жазып емдегенін, көздің шиқанын, көздің шелін тағы басқа ауруларды, бәлендей оқыған оқуы болмаса да, дем салып жазғанына, әрдайым тілеген дұғасының қабыл боп жататынына, қайран қалатынбыз.   

Ел болып, етек-жеңімізді жинап, тәуелсіздікті бекемдеген бүгінгі таңда олар неге жоқ?. Қайда? ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы «тілді оқығандар құртады» деген еді. Әлде оларға шынымен де оқу өтіп кетті ме? Қазіргі халы қалай өзі? Сәл аялдасақ.

Алматыға алғаш келгенде вокзалдан бастап, өзіміз жүріп өткен Абай көшесінің бойынан бет-ауыздан сау тамтық жоқ, араққа сілейіп тойып алған шалдарды көріп көзіміз төртеу болған. «Балам басымды жазып берші»? деп алақан жайғанда алғашында түсінбегенбіз. «Қазақта да қайыршы бар екен-ау»! деп қынжылғанбыз. Сосын көзіміз үйреніп кетті ме, жоқ олар шетінен о дүниелік болып кетті ме, азайғандай көрінді. Сөйтсек олар әлі де бар екен. Түрлі би кештерінде, мейрамханаларда, қорқор барларда тіпті түнгі клубтарда мекендеп жүріпті. Әнеу бір ұят жайлаған көшелерде өздерінің немересімен жасты, бұзылған қыздарға қылжақтап тұрады деп ақпарат көздерінен естіп яки оқып жатамыз. Өткенде 77 жастағы бір ақсақалдың «СПИД» дертін жұқтырғанын естіп, бетімізді бастық. Әйелі бола тұра, өзінен 35-40 жас кіші әйелмен, әуейі боп жүріп, осылай масқаралықпен әшкереленіп, күллі қазақстандықтың бетіне күйе жаққаны тағы бар. Өткенде осы Алматы қаласындағы бір 70 жастар шамасындағы қарияның үйінде болдық. Өзінің ұлтшыл екенін дәлелдеп қалуға барынша тырысып, аузы жабылмай күллі қазақты, күллі адамзаттың қасіретін шешетіндей көрініп ішімдік ішіп «гәукіп» отырған. Бірде сырттан дәрет алып келген он бес жастар шамасындағы немересі одан «Ата, құбыла қай жақта?» деп сұрамасы бар ма? Атамыз болса түйеден түскендей етіп «мен қайдан білейін» деп дүңк етті. Артынша кеңк-кеңк күліп, мысқылдап, құбыланы білмегендігі үшін жүзінен мақтаныш сезімі ұшқындап тұрды.

Біраз жылдар ілгері, мен бір аты дардай мемлекеттік мекемеде қызмет атқарып жүрдім. Аты дардай болған соң ба, не түрлі адамдар сабылып кеп жататын. Жас қыздар да көп келетін. Жасы алпыстан асып, жетпіске тақаған, ғылыми атағы таудай, лауазымды ағам болды. Қашан көрсең жас қыздармен дәлізде бетпе-бет кеп шүйіркелесіп тұратын. Және осыны әдетке айналдырған. Әйтеуір бір қыз келе қалса, тоқтатып алады да, кім екенін, қайдан, кімге келгенін сұрау ол ағамның әдетіне айналған. Ал өзі кітабын оқып тәнті боп жүрген бармақтай қызы үшін, ағасын аттап өту әбестік боп кеткен. Мейлі, руханият туралы «әңгіме» болсын, бәрі бір қыз бен шалдың оңашаланып алып сағаттап әңгіме дүкен құруы сөлекет ақ. «Етімді шал сипаған құрт жесін деп, жартастан қыз құлапты терең суға» деген намысты өлімнен жоғары қоятын Абайдың кейіпкері бүгінде жоқ.   

Кейде көшеден, базардан немесе тойдан жас қыздарға емешегі үзіле, тамсанып қарап тұрған аталарымызды, өздері қарағанымен қоймай «бөксеге қарашы, қандай-ә?» деп тамсанып қойып иегімен кетіп бара жатқан қызды нұсқағанын көргенде, «Қодарды тастан құлатқан» Құнанбайды сағынасың шіркін. Тамақты сол қолмен жеп, белуардан жоғары жалаңаш, дастарқаннан бетін сипамай аттап өткенде қынжылғаннан шыдай алмай, бірдеңе деген боласың. «Сен ана жаққа барып келіп пе едің? Жүрегің таза болса болды емес пе!» дейді бітті. Аузың жабылады.

Бір жолы бір қария үйінің алдында, бір көзін қысып аспанға қарап тұр екен. Мені көре салып: «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деп алды да сөзін жалғап: «Мына аяз неге әлін білмейді ей» демесі бар ма?. Мақалдың мәнісін түсіндірдім де, іштей «қазақты бір ауыз сөзбен тоқтатқан қайран қарттарым-ау қайда кеттіңдер?» деп қатты жабырқадым. Бір атамен яғни әкемнен де үлкен бір ақсақалмен (өз сөзімен айтқанда жігітпен) кафеде кешкі ас іштік. Ол кісінің әйелі,  ұл­-қыздары бар-тұғын.  Ағамыз біраз сілтеп жіберген. Ортаны бермей ақ тер, көк тер боп билеп әлек. Тіпті ұл–қыздарының өзін, билеп-шоршып ортадан сиырып шығарған. Әйелі ие бола алмай зар қақсап жүр. Тура «мөңкіген байталдай» ес ақылымызды шығарды. Жанымызға  ең батқан жері, қайта-қайта қырғыздың «қызыл өрігіне» билегені болды. «Қызыл өрікке» әр тапсырыс бергені «мың теңге екен». Әй ағамыз кемінде сегіз-тоғыз рет тапсырыс берді-ау деймін. Қызыл өрік шырқалса болды, жыны қысқан бақсыдай ортаға атылып шығып билейді-ау, келіп. Кемпірі жайында қалған. «Қызым қарап тұр-ау! Ұят-ау!» деп шімірікпейді. Даяшы қыздарды шетінен «бықпырт тигендей қуалап» әбден мазасын алды. Тек қана кафедегі не жесір, не бойдақ екені белгісіз ішіп алған келіншектерге ағамыз жақсы ермек болды.

 Осындай шалдарды «ақсақал» деуге келе ме өзі. Ақсақал деп қазақ қариялардың ішіндегі ең абыройлысын айтқан. Бірінші мағынасы қарттықты құрметтеу болса, екінші мағынасы бір ауылды аузына қаратқан қарияларды айтқан. Халықтың олардың құрметтегені сонша олардың алдын кеспейтін, өздері шақырмаса дастарқандас болуға да бата алмайтын. Үйленген жастар, сапарға, оқуға, жорыққа кеткендер олардан бата алмаса, аттап баспайтын. Жаңа туылған сәбилерге сол кісілерге ат қойдырып, аузына түкіртетін. Ал қазір «ақсақал» деген киелі есімді оларға арнай аламыз ба? Егер атай қалсақ, олар қалай қабылдайды.

Бір жолы бір топ зиялы қауыммен бірге дастарқандас болдым. Асаба жігіт ел мақтанышы болған, сол дастарқанның гүлі боп жайнап отырған 70-тен жасы асқан, алмаған атағы жоқ бір ағамызды, анығы атамыздың күллі атағын айта келіп сөз берді. Атағы айтылғанда күлімсіреп тыңдап отырған әлгі атамыз, «ақсақал» деген киелі атауды естігенде, өзін жас сезінетіні соншалық, асаудай тулап, асабаның «ит терісін басына қаптамасы бар ма»?

Ата, «бата беріңізші» десең тос айтатын, немесе «Қойшы ей! Мен ондайды білмеймін ғой! Өзің ақ бере берші!» дейтін жүзінде мейір, көзінде нұр жоқ, тек қана ағарған шашы мен боқ толы қарны бар, ата қаз құсап талтаңдаған, артынан қарасаң жігіттей көрінетін шалдар қаптаған мына заманда, Мұқағали егер тірі болған болса «азайып бара жатыр қариялар» деген өлеңін жыртып тастап «қариялар таусылды-ау» деген өлең жазар ма еді, кім білсін!  

Көш түзелер, заман оңалар, жас терек, бәйтерек болар. Сол кезде қазіргі  «қолында құманы мен құраны бар» жас өскіндер, жетіліп қария болар, елге билік айтар, жаңағы дүбәралардың орнын басар деп өзімізді жұбатқан боламыз. Осыған да үшкір. Тек қана тәуелсіздік аман болсын!

 

Ерболат Әбікенұлы 

Abai.kz      

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475