Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6295 0 пікір 14 Қыркүйек, 2015 сағат 08:12

ШЫҒЫСТЫҢ АҢЫЗ АТАСЫ

Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, Еңбек Ері Бошай Кітапбаев бабамыз 5 қыркүйекте дүниеден озды.

Атамыз Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында 1923 жылы дүниеге келген ол 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып 1944 жылы Беларусьтың Витебск қаласы үшін болған соғыста жараланып, бір аяғынан айырылып әскерге жарамсыздығынан елге оралады. 1945 жылдың сәуір айында Катонқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы қызметіне орналасқан Бошай Кітапбаев 1950 жылы Зайсан ауданының атқару комитетінің төрағасы қызыметіне ауысады. 1955 жылы Үлкен Нарын ауданының Ленин атындағы ұжымшарының төрағасы болып сайланады. Еңбек ете жүріп, ғылыми жұмыспен де қатар айналысады. 1970 жылы экономика тақырыбына кандидаттық диссертация қорғап ғылым кандидаты атанады. «Октябрь революциясы» орденімен, Ленин орденімен марапаталған.  1971 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алады. Катонқарағай ауданы, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы.  


 

Қайран нарым

 

Қайран нарым көтерген елдің жүгін,

Дүниеден озған хабарың келді бүгін.

Айбарыңды арқа тұтып жүруші ем,

Бәйтерегім опрылып сенде сындың.

 

Заманыңның Ері  едің жарқыраған,

Ұлысымның биі едің ел тыңдаған.

Абыз едің кемеңгер, ойың дана

Шежіресі, тарихы сарқылмаған.

 

Ер Бошай -Ер Қосайдай көрінетін,
Қайда барса Ерлігі білінетін.
Тұлпар баптап, ел сақтап, жер қорғаған,
Мәрттігіне көрген жұрт жүгінетін.

«Бошеке», «Бошекелеп» орыс-қазақ,
Кітапбаев -дейтұғын Москвада.
Самолетпен ұшатын өзі-ақ жалғыз,
Қонаев Алматыға шақырғанда.

 

Өзі батыр, өзі Ер, өзі саңлақ,
Кремльде жататын талай мақтап.
Неміске атқан сирақты бомба қылып,
Өзі айтқандай: «бойымда "мінім" сол-ақ».

 

Алтай десе аюдай ақыратын,
Айғалап аруағын шақыратын.
Абай болып ақылын айтатын да,
Қабанбай боп қасыңнан табылатын.

 

Батыр баба, Ер ата - қасиетім,
Алтайындай ардақтап ел сүйетін.
Кетті айналып тауының бір шыңына,
Жұрт сиынып, құрметпен бас иетін!

 

Қайрат Мәлікаждар,

Көкпекті ауданы

Шығыс Қазастан облысы

Редакциядан: Тұғырынан таймай тура сөйлеп өткен Бошай ақсақалды ел іші жақсы білетін. Ақсақал деп сыйлайтын, бек құрметтейтін. Өйткені, Бошекең үлкендігін алдыға салып, жасын саудалап, ықтасын іздеп, ығып жан баққан емес. Биліктегі ақ жағалы ұлықтарға болсын, басқаға болсын, айтарын ашып айтып, қашанда «қалың елі қазағаның» қасынан табылып жүрді.

Ақсақалдың ел дәріптеген тағы бір ерекше қаисеті, өнері – атбегілігі еді. Совет өкіметі қазақты жылқының жалынан аударып әкеткенде бұл кісі жүйрік аттар ұстады. Республикалық деңгейде алман бәйгелер ұйымдастыруға мұрындық болды. "Коммунист" Кітапбаевтың осы ерлігін таныған халық жазушысы Ғабит Мүсірепов кезінде «Бошайдың үш қарасы» деген әңгіме жазды. Сондай қазыналы қартымыз дүниеден өтті. Еліне, жұртына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Марқұмның жаны жаннатта болсын!

Abai.kz сайтының ұжымы. 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475