МЕН ҚАЗАҚ ЕМЕСПІН, ТӨРЕМІН
Бабаларымыз ұрпақтарын «руыңды біл, бірақ рушыл болма» деп тәрбиелеп келді. Бұл тәмсілге сүйенсек, руға бөлінген қазақтың құлар апаны белгілі деген сөз. Демек, ру намысы ұлт намысынан биіктеп кетсе, құрдымға кету оп-оңай. «Жау жоқ деме, жар астында» дейді бабалар даналығы.
Жаранып келген дұшпанға бас-басына би болып, жік-жікке бөлінген қазақты жіліктеп тастаудан оңай не бар мына дүниеде? Осындай рушылдық жаман әдеттен қашан арылар екенбіз? Басқа қалаларды қайдам, Астана базарларында моншаға киетін қалпақтың маңдайына «Арғын», «Қыпшақ», «Дулат» деп жазып алып сатып тұрғандарды көргенде жағаңды ұстайсың. Ол аздай, Астана көшелерінде «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз» деп көлік нөмірінің асты-үстіне «мөр» басып, құйғытып жүретіндер әрегідік болса да кездесіп қалатыны қандай өкінішті! Бұл нені білдіреді? Өз руына деген шексіз махаббат па, жоқ әлде мақтаныш па? Бәлкім, өз руының асқақтығын білдірген түрі ме екен?! Түсіну қиын болып барады. Тап осындай рушылдыққа бой алдырып, «ауруы асқынған» жанмен таяуда жолықтым. Болған оқиғаны жанымнан бір сөз қоспай айтып бермекпін. Бір танысым “басың қатты ауырып жүрсе, хиджама жасатайық” деп жанашырлық танытты. Өзі қыз мінезді, көркем жігіт болатын. Келістік. Арнайы аппарат пен банкаларды сатып алып, айтқан жеріне келдім. Күн қайнап тұр. Өзі де дайындалып келіпті. Көп қабатты үйлердің біріне көтерілдік. Танысым ұялы телефонмен орысша сөйлеп келеді. Ар жақтағы дауыс зірк-зірк етеді. Оның зіркілдеуіне біздің кешігіп, пәтерін таба алмай жүргеніміз себеп. Бір-бірімен жапсарлас салынған ғимараттардың «а», «б» деген атаулары біздің жолымызды бөгеп келгені рас. Танысым ақ тер-көк тер. Ұят болды-ау деп қояды арасында. Сөйтсем, ол да хиджама жасайтын кісіні танымайтын болып шықты. Біреулер арқылы байланысқа шыққан. Не керек, онға деп келісілген жерге жиырма минуттай кешігіп жеттік. Танысым есікті ақырындап қақты. Ар жақтан «Заходите» деген өктем үн естілді. Кірдік. Жасы елуді еңсерген, орта бойлы қағілез кісі екен. Ашушаң екені жүзінен білініп тұр. Беліне дейін жалаңаш. Тақыр бас. «Ех, вы казахи!..» — деп салды бізді көрген жерден. «Кешігесіңдер де жүресіңдер!». Танысым мән-жайды айтып жатыр. Оған құлақ салған ол жоқ. «Қазақтар, сендер сондайсыңдар!» — деп әкетіп барады. Жүзіне қараймын, өзі де қазақ. Бірақ қазағын аяп жатқан жоқ. Бастырмалатып бара жатқан соң: «Аға, өзіңіз де қазақсыз ғой!» — деген сөз аузымнан шығып кетті. Сол-ақ екен, маған бажырая қарап:
— Мен қазақ емеспін, төремін, — деді.
— Төре болсаңыз, қара халықтың қамын жемейсіз бе? — деп, тағы жібердім. Әзілдеген түрім. Байқаймын, қолы дірілдей бастады. Бұл кезде мен орындыққа жайғасып алған едім.
— Шашыңды неге алмағансың? — деп дүрсе қоя берді ол.
— Аға, біз бірінші рет келіп тұрмыз. Алмас бар. Қазір сыпырып тастаймын, — деп, танысым араға түсті.
— Сендер, қазақтар, осындайсыңдар. Неге дайындалып келмейсіңдер? Ел болмайсыңдар! — деп, аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты. Күре тамыры білеуленіп, шекесі тырысып, сөйлеп жатыр. Расымды айтайын, менің түсінігімдегі намаз оқитын адам сондай биязы, сабырлы болса керек-ті. Ішімнен исламға кір келтіріп, намазхандарға күйе жағатын осындай адамдар-ау деп ойладым.
— Аға, көркем мінез қайда? Намаз оқисыз, орта жастан асқан, ақыл тоқтатқан адамсыз, —деген сөз аузымнан тағы шығып кетті.
— Бұған намаздың қандай қатысы бар? — деді ол менің жайнамаз төселген бөлмеге көз қиығымды тастап тұрғанымды байқап. — Еврей де намаз оқиды. Басқалар да оқиды. Оны не деп айтып тұрсың?!
Істің ушығып бара жатқанын байқаған танысым: — Журна-листердің әдеті ғой сұрақты төпелей беру. Артық кет-сек, айыпқа бұйы-рмаңыз, — деп, жуып-шайып жатыр өзінше. Анау болса, бір сәт таңданғандай кейіп танытты да:
— Газет-журнал-дардың бәрі ев-рейлерге жұмыс жасайды. Бәрін солар басқарып отыр. Сендер де харам жұмыспен айналысып жүрген қусыңдар, — деп дүрсе қоя берді.
Мынадан кейін ол жерде отыру мүмкін емес еді. Орнымнан тұрдым да, кете бардым. Танысым да артымнан жүгіре шықты.
Нағашыбай Қабылбек
"Қазақстан ZAMAN" газеті