Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
Әдебиет 9398 0 пікір 10 Қыркүйек, 2015 сағат 12:45

АЙШАНЫҢ АҚША БҰЛТТАРЫ

(әңгіме)

 

Түн көрпесін жамылып, әжесі құс төсегіне жантайғанда Айшаның айпаралы ақшаңқан бұлттарымен қауышып жай ғана күбірмен "баяяяғыда..." деп даусын керімдей созып ертегі бастаушы еді. Сол шым-шытырық ертегінің елесі көз алдын көлбейтін. "Баяяяғыдааа..."  Шексіз алқаракөк аспан мен айдарлы күн, бұдақ-бұдақ бұрқыраған құйындай бұлттың ішінен әспеттеліп аңыздардың елесі пайда бола кететін. Баяғыда... адамдардың зейіні сұңғыла зерек, қиялында шек жоқ екен.

Қолына түскен темір болсын, ағаш болсын жан бітіретіндей ұстаның ұстасы, шебердің шебері болыпты. Бір күні шебердің қиялына қанат бітіп, ағаштан аппақ қанатты арғымақ жоныпты. Талай түн мен күннің маңдай тер еңбегімен хас тұлпардың болмыс бітімі құйылып, мүше мүшесі бүлкілдеп, жер тарпып ышқынып тұр екен дейді. Сөйтіп, қанатты арғымаққа жан бітіп, күнде түн көрпесін жамылғанда аспанға самғай ұшып шебер ғайып болады екен. Арғымақ қанатын жайғанда аққан жұлдыздай зымырайды екен. Сол шебердің пырағына көзі түскен қызғаншақ көршісі бір күні шебер ұйықтап жатқанда бауыздап өлтіріп, атын иемденбек болады. Бірақ, өз иесінің иісін қашықтан танитын пырақ өзгеге шылбырын да ұстатпай ышқынып, жер тарпып әлгі көршісін жаншып өлтіріпті. Шебердің өлі денесін көргенде пырақтың көзінен жас парлап, ұзақ жоқтапты да көкке қарай самғай ұшып ғайып болыпты. Арғымақ ара тұра иесін сағынғанда жұлдыздарды көктей өтіп бір кісінеп жоқ болады екен...

Айшаның ақша бұлттармен көмкерілген әлемі дүр сілкініп, арманшыл қиялына қанат бітетін. Баяғыдағылардың үні сәби жүрегін тіліп, сана саңылауын ашып жібергендей жүрегі алып ұшады.

Айша әжесінің кең бауырына тығылмақ болып аунап түсіп еді, әжесі орнында жоқ болып шықты. Көзін жалма жан ашып алды да, көлегейленіп жатқан бөлме ішін сүзіп шықты. Әжесі сыртқа шығып кеткен екен. Қабырғаны жағалап сыртқа беттеді. Аспанның аймандай айы жерге төнердей болып дала жарыққа шомылған. Ақ әжесі ай сәулесіне шомылып бүкшиіп отыр.

- Ә, жарығым, неге шықтың? Ұйықтай ғой ботам, қорықтың ба? Айша алапат аспанның сармаядай толысқан жарығын қимай үнсіз қалған. Ұшар басы Ай тіреген теректердің шүпірлеп шайқалған жапырақтары жеңіл самалмен баяу теңселіп ырғалады. Айша әжесінің қасына отыра кетті. Ақ әжесі қатпар-қатпар маңдайын жастап, терең күрсініп алды.

- Әже, ай жерге жақындап қалыпты. Түсіп кетпей ме?

- Жоға, ол түсіп қайтсін. Қайта туады, қайта толады. Баяғыда толысқан аймен қоштасып, жаңа туған аймен көрісуші едік. «Ай көрдім аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Жаңа ай жарылқа, ескі ай есірке» деп беліміз талғанша үш рет иілетінбіз.

- Әже, - деген томсырайып Айша.

- Әу...

- Әже, мен де қартаям ба?

- Мен де сендей бала болдым ғой. Әжесі бес жасар Айшамен үлкен адамдарша сөйлеседі. Алайда, Айшаның анау айдай ақберіш санасына әжесінің бала кейпі қанша ойланса да елестемей-ақ қойды. Әжесі дәл осы қалпында пайда болып, дәл осы қалпында жүретіндей көрінді.

- Сонда көрші Мәдидің әжесі қайда кетті?

-  Көрші Мәдидің әжесі ақ шарбы бұлттарға отырып, анау Айдың арғы бетіне кеткен.

-   Сонда қашан қайтады әжесі?

-  Айдың ар жағына кеткендер оралмайды жарығым. Бірақ, ақ жауынның дүркін-дүркін лебінен көтерілген ақша бұлттармен Мәдиді көруге келіп тұрады.

-   Сонда сен де сол шарбы бұлттарға мініп кетесің бе?

-  Мен де Құдайдың жазған күні шарбы бұлттарға мініп айдың арғы бетіне кетемін, айналайын ботам.

-  Онда мен де өсіп, қартайып, елуге, сосын алпысқа келемін де, сосын сол шарбы бұлттарға отырып алып айға кетемін бе?

- Сен бе, жарығым, ақылды құсым менің, айдың ажары, күннің кірпігі, жұлдыздың жалыны, жердің жүрегі - сен көөөөп өмір сүресің.

      Айшаның көңілі жұмсады, әжесі алдына алып алаудай аппақ айға қарады. Маржандай мөлтілдеп әжесінің жүзінен тамшылар үзіліп Айшаның кеудесіне құлады. Айша да алғаш рет ғұмырдың келте, қып-қысқа екенін сезінді. Бірақ, деп ойлады Айша ішінен, не ойлағанын айта алмады, сәби санасы не ойлағанын да жори алмады, бірақ, өмірге келу мен кетудің мәнін ұғынғысы келгенін түйсінді. Көзі мөлтеңдеп, ботадай жанары жасаурап айға қараған.

- Аппағым, айдың арғы бетінен аппақ шарбы бұлттарға мініп, сені қатты-қатты сағынғанда келіп тұрамын.

-  Қалай келесің? Сені әкеме көргенімді айтсам ренжіп жүрмей ме?

-  Сен тәтті түстер көріп, ұйықтап жатқаныңда бетіңнен осылай шөп еткізіп сүйіп кетемін.

Айшаның аппақ көңілі осыған сенді. Мәдидің әжесі де шабармандай шапшып келетін бұлттарға мініп алып, Мәдидің бетінен сүйіп кететініне имандай сенді.

***

Айша күнұзаққа әжесінің ұршық иірген қолына қадалып, қасынан бір елі шықпай талай әңгімеге бөгетін. Қоңыр-қара шиыршық жүннің шиін жұмсартып, түтісетін. Әжесі оң аяғына ұршықты керіп айналдырғанда зырылдай зулаған ұршықтың жүнді иіріп қылдай созып бергеніне таңданады. Әжесі ескі замандардың көзден кетсе де көңілден өшпеген қилы-қилы тарихына сүңгиді. Баяғыда... Әжесі бір байдың тұла бойы тал өзегі жалғыз қызы болған екен. Ел-жұрт қара тізімге ілігіп, қара жұмысқа жегілгенде әкесінің мұрты шабылмай, өрістегі малының шеті бұзылмай отыра берген екен. Сонау қанды қырғын аштық жылдары да ел азық іздеп тоз тозы шыққанда әкесінің азын аулақ сақтап қойған азығынан аман қалыпты. Бірақ, ел кейіннен ес жиып әлденгенде өмірбойы байдың қызы деп бетіне басып, оқуға жолатпаған.

Әңгімеге бір құлағы түрік үлкен әпкесі араласып:

- Әже, тіпті өз атын да жаза алмайды, - деп екі қасын ойнақтатып күледі.

- Оқуды да білмейсіз бе,- деп таңданады Айша.

- Иә, әкем де оқуы құрсын, еш қазақ оқымай-ақ ғұмыр кешті ғой. Ел қатарлы өмір сүрсең болды, деп сол оқуына тықпалаған жоқ.

- Әже, сіз тіпті, соғысты да көрдіңіз ғой а? – деп әпкесі қазбалай түседі.

- Еее, бәрін көрдік қой.

- Қорқынышты ма? – деп көз жанарына үрей толған Айша әжесіне қадала түсіп. - Жоға, балам, соғысты көрген жоқпыз, майданда болмадық, тек оның елдегі қасіретін айтсайшы, - деп әжесі терең ойларға шөгеді. Әжесінің үнсіздігінен айтып болмайтын терең қайғыны аңдайды. Әпкесі ауызғы бөлмеде жүріп Айшаның аузына түспеген сұрақтарды қояды:

- Әже, аштық жылдары адамдар көп өлді ме?

- Иә, әр жерде қатып қалған өліктер жататын. Тіпті, солайынша көмілмей кеткен қанша жарықтықтардың денесі сасып, шіріп жатты ғой. Ой, Аллам -ай! Бір күні, бойым өсіп бойжеткен шағым еді, ол кезде жер айдап егін еге бастаған кез, кетпеніммен жерді ойып қалып едім адамның басы домалап шықты. Ішегімді тартып қатты шошынып қалғанмын. Әкем үшкіртіп, оқытып әйтеуір емдеп алған екен. Есімде тағы қалғаны, әкеммен еріп сай ішінде сарқырап ағатын өзен болушы еді, соған барғанымызда көргем, бір шал мен кемпір өлімсіреп шөп жұлып жеп жатыр екен. Әкеме құтқарайық дегенімде, оларды енді құтқара алмайсың, енді тамақ берсең өліп кетеді деп өз жөніне кете барған. Әр адамның өз басы үшін күрескен кезі болды ғой, өзіміз де тойынып тамақ жемедік... Әжесі ұршықты айналдырып кеп жібергенде зуылдап талай сурет сырғып өтетін Айшаның көз алдынан.

***

Қыстың ұзақ түнінде Айша әжесімен ілесіп сыртқа шығады. Аппақ қармен көмкеріліп, айналаны буған сықырлауық аяздан буыны қатса да, аз-маз аялдап сам жамыраған жұлдыздарға қадалады.

- Ораза таяу қалды. Ауызашарға дайындық жасау керек. Бұл бір кең Алланың мейірімді айы ғой, - дейді әжесі аузынан бір бума буды лап еткізіп: - Анау аспанды торлап, қанатындағы жасыл маржандай лағыл тастары көз жауын алатын жасыл құстың ұшып өтерін сен білесің бе? Айша үн-түнсіз әңгіменің легін күтіп тұрып қалады.

- Ораза айының соңғы күндері, Қадыр түні  жалқын түсті Жасыл құс аспанды торлап ұшып өтеді екен. Ниеті түзу, жүрегі таза жақсы адамдарға көрінеді екен. Ал, бұл құсты көрген адам ғұмырында бақытты болады екен.

- Әже, - дейді Айша таңданып: - Сен көрдің бе?  Жасыл құсты көрдіңіз бе? Ол қандай екен?

- Мен, қарағым, оны көргем жоқ, онсыз да бақыттымын. Жасыл құсты қайтем? Құданың құдіреті ғой. Екеуі қол ұстасып сырттан ішке беттейді. Ал, Айшаның қиялы шарықтап, жасыл құсты елестетіп келе жатады. Жасыл құс, ақ қанатты пырақ. Анау қатарын бұзбайтын жетіқарақшы. Құйрықты жұлдыз. Осының бәрін әжем қайдан біледі екен деп ойлады Айша. Содан бері Айшаның жақсы адам болғысы келді. Содан бері жасыл құсты көрсем екен дейтін бұла арманы жүрек түбіне тұнып ұялаған-ды.

Әжесі екеуі сәресіге тұрып ауыз бекітеді. «Қайтесің, жарығым, саған ауыр болады ғой» дегеніне қарамай күнде әжесіне еріп сәресін ішеді. Қалғып-мүлгіп ұйқыға қайта бас қояды. Әжесі күбірлеп намазға жығылады. Бұл кезде Айша екінші сыныпта оқитын. Мектепке барып келгесін көз алды тұнжырап, аяғын баса алмай дымы құриды. Мұндайда әжесі «қоя ғой, ботам, ораза сенің не теңің, кел тамағыңды жей қой» деп ауызғы үйге ертіп барады. Тамаққа тойып алғасын, көңілі біртүрлі қоңылтақсып «ертең міндетті түрде ораза ұстаймын» деп тағы бекінеді. Осылайша таңғы оразасын түстен кейін ашып алатын болды. Әжесі де «Құдай сенің оразаңды қабыл етеді ботам, өзіңді қатты қинама, мектепке барасың ғой, ауырып қаларсың» деп жұбатып қояды. Жасыл құс ұшып өтетін мезгіл де жеткен. Қадыр түні әжесі көз ілмей көпке дейін отырып ұршық иірді. Ал, Айша ауық-ауық тонын киіп сыртқа шығып келеді. Кейде әжесі де немеренің көңілін қимай еріп шығады. Екеуі аспанның маржандай төгілген жұлдызына арбалып бірнеше минут тұрады. Дірдектеп қайта ішке кіреді.

- Әже, жасыл құс енді келмейтін шығар ә? Ол әлдеқашан ұшып өткен болуы керек.

- Қалқам-ау, жабықпа, сені есейсін, көрсе қорқып кетер деп Құдай тағала жібермей отыр да, - дейді күрсініп.

- Бәсе, - дейді Айша ойланып. - Әже мен өскенде жақсы адам боламын ғой.

-  Әй, тентек қыз, сен үлк-е-е-ен адам боласың, - деді әжесі шаттана.

Түсінде қара аспанды жаулап, қанатында мың сан маржаны лаулап, Жасыл құстың қауырсын сусылы бетін сипай ұшып өткен. Жасыл құстың жарқылы жалт-жалт етіп сәуле шашады. Артынан қуғысы келді. Жасыл құс жалтармай сонау қиырға батып сіңген... Айша жақсы адам болады, бақытты ғұмыр кешеді. Соған сенімді еді. 

***

Тұрымтай тұсына кеткен алағай да бұлағай заман туған. Ақша ауысып, азықты талонмен тұрып алатын кез. Әке-шешесінің бар тапқаны азық-түлікке ғана жететін. Алты баланың қыстық-жаздығын алып беретін қаражат қайдан болсын. Сол жылы ел де таршылық көріп, көр жерді қазып темір саудалап күн кешкен. Айша бұл кезде жетіншіні оқитын.

Сол жылғы таршылық не істетпеді? Айша заманның лебін анық сезініп, ерте есейген. Бар ықыласы оқуда. Мектептен бір күн де қалмай сабағынан қол үзгісі келмейді. Алайда, қыстың қыраулы аязы төніп, жан жүйесіне дейін үрейдің қою тұманы ендеп келе жатқан. Қыстық киетін аяқ киімі жоқ еді Айшаның. Мектепке қалай барады? Үлкен апалары да өткен жылғыдан қалған етіктерін жамап, су кешіп келіп аяқтары сыздайтын. Бұл да қар кешпейін десе де қаймыжық қар аузы ашық етіктен өтіп, шұлығын сулайтын. Осыған қорынып жүрсе де мектептен қалғысы жоқ.

Бір күні парталасы Мәлік аяғына мәсі кәлөш киіп келді. Онысына өзі қобалжып ұялар емес. Үзілісте сыныптағы балалар Мәлікті қылжақтап, мазақтап та көрді.

- Ей, аяғыңдағы не? Мәәә, мәсі киіп алыпты. Атаңдікі шығар иә?

- Өзін жылтыратып сүртіп алыпты. Мә, қолыңды бер, бірінші рет көруім кемпірлердің мәсісін балалар кигенін, - деп жер жеберіне жетіп, айта айта ауыздары талды ақыры. Айшаның да ішіне шоқ түскендей қылт етіп ол жүр. Шешесі «мектептен қалғың келмесе менің мәсі-кәлөшімді ки» деп күнде қақсайды. Бірақ, Айша мәсіге қарап қорланатын. Мұны сезген әжесі:

- Айшажан, кие ғой, оған қорынба, бұл уақытша өтпелі кезең қой, біз де кезінде не көрмедік. Балам-ау, кие бер, ел-жұрт айтса айтар, аузы талып көздері де үйреніп кетеді, - деп қанаттандыра түскен. Айша келесі күні Мәліктей жылтыратып сүртіп, мәсі кәлөшті киіп барды. Қыздар жағы мырс-мырс етіп, бір біріне қарасқан. Бірақ, заманның запыранын түйсінгеннен болар, Айшаны мазаққа айналдырып, тиісе қоймады. Мәлік екеуі әлдекімдердей етігім жоқ, киімім жоқ деп қысы бойы үйінде жатып алмады. Ол күндер де озып, бәрінің санасынан сыпырылған. Айша біледі, сезеді, оның бақытты шағы алда. Мұның бәрі бақытқа жетелейтін соқпақ қана. Соған жұбанады Айша, ақша бұлттармен көмкерілген жарқын болашағына сенеді Айша.

***

Айды ай ұрлап, жылдар жылға тұтасты. Талшыбықтай теңселіп Айша бой жетті. Әжесі бұл кезде белі бүгіліп, шаруадан қалған. Айшаның әке-шешесі еншісін алып, әжесінен бөлек кетті. Бірақ, Айша құданың құтты күні әжесінен хабар алып, қыдырыстап көп баратын.

Мектепті бітіруге екі жыл қалғанда әжесі мүлдем аяқ басып жүре алмай қалды. Тіпті, құлағы да барған сайын нашарлап, тілі күрмеліп сөйлей алмады. Тек ымдап, сыбырлап әрең сөйлейтін. Әжесінің бар күтім бабы кіші ағасының мінезі кеспектеу келіншегінің мойнына артылған. Арсың гүрсің  жеңгесінің мінезінен қаймығып, тіпті әжесіне де бара алмай қалатын.  Бара қалса, әжесі үнемі «су берші» деп ымдайтын.

Бір күні жеңгесі қыдырыстап кетіп әжесі ағасымен қалғанын естіп барды. Әжесінің қоңырқай көзі мөлтеңдеп, Айшаға емірене түседі. Иіскеп мауқын басқасын, сыбырмен әлденені түсіндіріп ымдады.

- Үйде жеңгең жоқ қой. Қарағым, жуындыршы, - деп сыбырлады әжесі.

- Үсті басым әбден кірленді. Тырнақтарым да өсіп кетті. Ертең ана айдың арғы бетіне кетер болсам, ел-жұрт көріп «ұят-ай, масқара, балалары жуындырмапты» деп беттерін шымшымай ма?

Айша айдың арғы бетінің қай жақ екенін бұл кезде жақсы білетін.

- Әже, өзіңіз тұра аласыз ба?

- Тұра алмаймын ғой, бірдеме етіп көтерерсің, - деген қырылдап. Мұңлы көздің жарығы сөнгендей тым алыстан шүңірейіп көрініп кетті Айшаға. Саусағын алып бетіне қойды. Сонда әжесінің сояудай тырнақтарына көзі түскен. Жезтырнақтай тырнақ жер жыртатын болыпты. «Қой, бас тартқаным болмас, неде болса, ағам сыртта жүргенде жылдам суға түсіріп алайын» деп бекінді. Кіреберіс ауызғы бөлмеде су жылытып, дайындап болды да, әжесін олай аунатып, бұлай аунатып әрең шешіндіріп алды. Үстіндегі тоз-тозы шыққан ақ желең көйлегін қалдырып, екі иығынан демеп, жамбасын жерге төсеп сүйрей жөнелген. Әлсіз екі аяқ теректей тариып жердегі кілем киіздің бұрышын түріп келеді.

Маңдайынан ыстық тер шып бергенде ауызғы үйге әжесін жеткізді де, жылы су құйылған шараға баладай «әуп» еткізіп отырғызды. Сәбиді баптағандай әлпештеп, әжесінің мойнынан, басынан құшақтап сүйіп қояды арасында.

- Ау, қарағым ау... - деді әжесі күбірлеп, - бар байлығымды көретін болдың ғой.

Айшаның ұяң жүзі құбылып ұялған сыңай танытқанымен, шаруаны жылдам бітірейін деп әжесінің ақ боз көйлегін сылып тастады. Әуелі ақ селдір  шашын сулап, жуып алды. Сосын үсті-басын «кәне, қолтықты ашамыз, кәне енді, мойынды көтереміз, енді арқаны ысқылаймыз» деп әр қадамында аузын жаппай қақсап, әжесін айналсоқтап жуындырып алды. Шарадағы су сұрланып, қоңырқайланып кірленіпті. Әуелгідей «әуп» еткізіп шарадан көтеріп алды да, жақсылап құрғатып сүртті. Сояудай сазарып, қабаттанып кеткен тырнақтарын қиды. Таза көйлектерін рет-ретімен киіндіріп, қайта жамбасын жерге төсей төсегіне  қарай сүйрелей жөнелген. Орнына жатқызып үстін бүркеп тастады. Терге бөккен Айша ауызғы үйді тазалап, жинап келгенде әжесі маужырап терлеп жатыр екен. Көзі күлімдеп, аузын болар болмас жыбырлатты да көзін жұмған. Айша әжесінің не дегенін ұқпаса да, іштей жақсы сөз айтып, батасын бергенін ұқты.

***

Бір аптадан соң, мақтадай ұлпа бұлттарға отырып ақ әжесі кете барыпты.  Айша мектепке жиналып жатыр еді, алба-жұлба шашы жайылып, жеңгесі ебіл-себіл жылап "апам қайтты" деп естірткен. Айша үнсіз қыстығып, көшеге ытқып шығып айдалаға қашқан. Мамырдың мақпал таңы еді. Көк жүзінде күлімсіреп күн бара жатқан қырдан асып. Батыстан бір шөкім бұлт келе жатыр еді шабарманданып. Түзге барып ағыл тегіл жылады Айша. Аппақ айпаралы аспанның ақшуағымен қауышып бара жатқан әжесін қимай жылады Айша. Енді анау мектепке барар жолда ақ көйлегі ағараңдап, белі бүкшиіп әжесі мұны күтіп отырмайды. Енді анау өзеннің арғы бетінде бұл сағынып іздейтін еш мағына жоқ. Енді... бұл өмірде өзін шексіз сүйетін ыстық жүрек жоқ. Туған анасы ешқашан елжіреп аялап, мауқын басын мейірім төкпепті. Есіне сонау бір жылдары әжесінің әңгімесі түскен.

Бесіншіні оқитын кез. Мектептен ұнжырғасы түсіп мұңайып келген Айшаның түнеріңкі қабағын байқап, әжесі қасына шақырған.

- Айналайын,ботам-ау, не болды? Кім ренжітті?

- Орыс тілі сабағынан шығып бәрі мені мазақ қылды.

- О, неге?

- Герасимді жақсы адам емес дейді.

- Керасім деген кім? Кластасың ба?

- Жоға, Тургеневті білесің бе? Оның "Му му" деген әңгімесін сабақта өткенбіз. Сол жерде мылқау кісі бар Герасим деген. Сабалақ итті құтқарып жақсылық жасайды.

- Аааа, солай ма? Оны неге жаман адам дейді?

- "Үсті басы кір қожалақ, өзінің тілі жоқ мылқау болса, қалай жақсы адам болады?" деп мұғалім күлді маған. Ал, балалар сабақтан шыққасын мені "Герасим", "муму" деп мазақтай бастады.  Әже, айтшы тілі жоқ болса жаман адам бола ма?

- Жоға, тілі бар адамның бәрі жақсы адам деп кім айтты? Мұңайма балам, айта берсін, Керасім жақсы адам.

Айша үсті-басын ауыстырып жатып, өзін көптен мазалаған сұрақты төтесінен қойған:

- Әже, сол Тургеневтің бір шығармасында, анау ағамның сегізінші кластық әдебиетінен оқып алдым, сол жерде бір кісіні "ол мына өмірге неге келіп, неге кеткенін білмейтін адамдардың қатарынан еді..." деп таныстырады. Мына өмірге неге келдік, әже, айтшы? Ол адамдардың қатарына менің  де кіргім келмейді.       

Әжесі қадала тыңдап, ойланып кетіпті. Сосын асықпай ілбіп басып, бақтағы өрік ағашының саясына қойылған сәкіге отырған. Әжесі алдында үлкен саналы азамат отырғандай сөз бастаған.

- Өмір кірпік қаққандай. Міне, мен кірпік қағып едім өмірім өтті де кетті,- әжесі кірпігін қағып қалып көрсетті. -  Мен де сендей ойнақтаған қыз болдым ғой. Сәби болып туылып, ақыры саған әже болдым. Анау, аспандағы ұшақты көрдің бе? Зымырап барады. Адам да солай өмірден зымырап өтеді. Сол зымыранның артынан кейде бұдақ-бұдақ бу қалады, ол ұлғайып бұлтқа айналады. Көпке дейін қорғасындай қалықтап жүріп, артынан жауын болып жерге төгіледі. Ал, кейде сол зымыранның артынан болар болмас із қалып, ізім-ғайым жоқ болады. Сол сияқты, өмірге адам жақсылық жасап, жақсы адам болу үшін келеді, ал соны түсінбеген адамдар әлгі адамың сияқты ұшты-күйлі ізі жоқ, баянсыз ғұмыр кешеді. Сол соны айтқан, боташым, - деді әжесі маңдайынан иіскеп. - Есің кірейін деп қапты. Ақылы көп Айшамның... Айналайын!

Айша көкпеңбек шексіз аспанның кең төсіне қадалып еді зымыранның бұдақ-бұдақ болып созылған буына көзі түсті. Әжесі кетіп бара ма екен?

***

Екі күннен кейін әжесін шығарып салуға бір қауым жұрт жиналған. Көзі тірісінде қадірлеп, сыйын білмеген жеңгесі бет-аузы домбығып, айғайға салып жоқтау айтып отыр. Еңірескен келіндерге басу айтып, үлкендер жағы "қой жамандық шақырмаңдар, бұл той ғой, жасы келіп дүние салды, қатты дауыс қылмаңдар" деп тыйып тастайды. Әжесінің жаназа намазы оқылып, денесін көтеріп бара жатқанда жан жүйесі езіліп өксіп жылады Айша. Аяулы жарықтың әр сәті бақыт екен ғой... Аспанда қоңырқай-сұр бұлттар жөңкіліп, жылымшы жаңбыр көлкіген жаспен үйлескен.

 Айша мектебін аяқтап, айбарлы Алатаумен аймаласқан Алматыдағы еңселі оқу орнына келіп түсті. Айпаралы бұлттары Алатаудың ақ шыңдарын жасырған Алматысы құшағын жайып, Айшаны  ақша бұлттарына отырғызып кете барған. Бұл енді, басқа әңгіменің желісі. Қазірге, Айшаның арманы көп еді. Әжесінің ақ батасы жарылқап жақсы адам болады, жақсылықтың нұрын шашады, бақытқа қол жеткізеді... Әне, анау, Алатаудың сәукелелі басында үкідей үрпиген ақша бұлттарды көрдіңіз бе, сол Айшаның бұлттары еді.

Сағадат Ордашева

0 пікір