ОҚО ӘКІМІ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАП, ДИҚАНДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ
Мақтаның 1 келiсi 100 теңгеден қабылдануда
Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов жұмыс сапарымен Мақтаарал және Шардара аудандарында болып, бiрнеше нысандарды аралады, диқандардың жайын сұрады.
Өңiр басшысы Мақтааралда индустриалды аймақтағы кәсiпорындардың жұмысымен танысты. Бұл жерден 12 қайта өңдеу кәсiпорнын салу жоспарланған. Бейбiт Бәкiрұлы ауданға инвесторлар тарту үшiн инфрақұрылымдық жүйелердi жаңғырту қажеттiгiн баса айтты.
Мақтаарал ауданында шешiмiн таппаған мәселе көп. Мәселен, 350 мың тұрғынның 80 пайызы «көгiлдiр отынға» қол жеткiзе алмай отыр. Ауызсу мәселесi де толық шешiлмеген. Мырзашөл өңiрiндегi 94 мың гектар мақта алқабын суару үшiн 700 мың текше метр ағын су қажет. Көршi елдiң каналына тәуелдiлiктен арылмай, «ақ алтыннан» пайда табу мүмкiн емес. Жергiлiктi шаруалар егiстiктi әртараптандыру арқылы ғана табысын еселей алады. Облыс әкiмi ауызсу құрылысымен танысу барысында осы мәселелерге баса назар аударды.
Облыс әкiмi мақталы аймақтың шаруаларымен кездестi. Олар биыл 94 мың гектардан 230 мың тонна өнiм алуға ниеттенiп отыр. Оның 100 мың тоннасы шетелге экспортталады. Ж.Ералиев ауылдық округiндегi «Ақ алтын» АҚ-ына қарасты мақта қабылдау бекетiнде орналасқан «Луи дрейфус Коммодитиз Қазақстан» серiктестiгiнiң жұмысымен танысу барысында биыл мақтаның 1 келiсi жылдағыша 70 теңгеден емес, 100 теңгеден қабылданатыны белгiлi болды. Облыс басшысының бұл шешiмiне аймақтың мақташылары дән риза.
Шаруалар үшiн өзектi болып отырған тағы бiр мәселе -– субсидия. Қазiр 1 гектар жерге берiлетiн субсидия көлемi 20 мың теңгеден аспайды. Оның өзiн кәсiпкерлер екi бөлiп алады. Облыс әкiмi мемлекет тарапынан берiлетiн көмектiң көлемiн ұлғайту үшiн Ауыл шаруашылығы министрлiгiне ұсыныс жолдайтынын жеткiздi.
Ауданда мақта алқабын 28 мың гектарға қысқартып, шаруашылықты әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргiзiлуде. Бұл – суды үнемдеп, көршi елдiң ағын суына тәуелдiлiктен арылу үшiн жасалып отырған қадам.
Мәселен, «Арсенал сад» және «Қаршыға тау» шаруа қожалықтары суды үнемдеу үшiн бау-бақшасына Еуропадан әкелiнген көшеттер егiп, тамшылатып суару технологиясын пайдалануда. Олар алдағы екi жыл iшiнде жемiс сақтайтын қойма салмақ. Сыйымдылығы 1300 тонналық қойманың құрал-жабдықтарын Италиядан сатып алу үшiн келiсiмшарттар қолға алынған. Шаруа қожалықтар жүзiм, алма, алмұрт, қауын егiп, өнiмдi шетелге экспорттауда. Жемiстерiн шетелдерге экспорттап, отандық өнiмге сұранысты арттырған кәсiпкерлерге облыс әкiмi алғысын бiлдiрдi.
Шардараға 20 минутта жетемiз
2016 жылы Шардараға Шымкенттен 20 минутта жетуге мүмкiндiк тумақ. Бұл туралы Шардараға сапары барысында Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов мәлiм еттi.
Қазiр әуе тұрағының жобалық-сметалық құжаты дайын, тек Қазақстан авиация комитетiнiң мақұлдауы қажет. Облыс басшысы бұл мәселенiң де жуық арада шешiмiн табатынын айтты. Сондай-ақ, ескi әуежайды қайта iске қосуға 200 млн. теңге керек. Алайда, облыстық бюджеттен қаржы алу заңда қарастырылмаған. Сондықтан мамандар қаржыны «СПК Шымкент» мекемесiмен келiсiмшартқа тұру арқылы алуды көздеп отыр. Осы орайда 1625 метр жолға асфальт төселiп, 118 гектар жер қоршалады. Ал, ұшып-қонуға Өзбекстан тарапының рұқсаты керек. Келiсiм берсе, Шардара – Шымкент бағытындағы әуе кемесi кестеге сай ұшатын болады. Аудан әкiмi Қамытбек Айтөреев болашақта Алматы, Астанадан да әуе кемелерi Шардараға қатынайды деген сенiмде. Ал, өңiр басшысы Шардарада iшкi туризмдi дамытуға күш салу керектiгiн тапсырды.
Бейбiт Бәкiрұлы Шардара су қоймасындағы құрылыс басында болып, жағалаудағы туризмдi дамыту жобасымен танысты. Жобаға сәйкес бұл арадан қонақүй кешендерi, кемпингтер, гольф клубы, аттракциондар, ашық және жабық бассейндер салынбақ.
«Шардара су электр стансасы» АҚ мен Үдемелi индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ашылған шағын балық зауыттарының жұмысымен танысты. Алдағы уақытта ауданнан тағы бiр балық зауыты және балық өңдеу цехы iске қосылмақ.
Бұдан соң облыс әкiмi «Хамит» селолық тұтыну кооперативiнiң балық шаруашылығында болды. Кооператив жылына 2000 тонна өнiм – 12 түрлi сүрленген, 24 түрлi кептiрiлген балықты Еуропаға жөнелтедi. Екi ауысымда 200-250 адам жұмыс iстейдi. Жалпы, Қазақстандағы экспортқа бағытталған балық өнiмдерiн өңдеумен айналысатын 8 зауыттың екеуi – Оңтүстiк Қазақстанда.
Облыс әкiмi Шардарада индустриалды аймақтағы құрылыс барысымен танысып, «Тұрар» шаруа қожалығы мен «Иiржар Агро» ЖШС-нiң диқандарымен субсидия жайын сөз еттi.
Аудандық ардагерлер үйiнде болған аймақ басшысы еңбек ардагерлерiмен кездесiп, соғыс майдангерлерiнiң ескерткiшiне гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейiн Б.Атамқұлов аймақтың тарихи-өлкетану мұражайында болып, ондағы экспонаттармен танысты. Сонымен қатар, аудандық орталық емханаға ат басын бұрды.
Шардарада қаракөл қойларын өсiру iсi қайта жанданбақ. Бұл туралы облыс басшысының тапсырмасы жақын арада қолға алынады. Облыс әкiмi жергiлiктi билiктiң жұмысына жыл соңында тиiстi баға берiлетiнiн жеткiздi.
Abai.kz