Сенбі, 3 Желтоқсан 2022
Алашорда 17257 1 пікір 7 Қыркүйек, 2015 сағат 12:32

ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ ТАРИХЫНА КӨЗҚАРАС - жалғасы

ІІІ.  Хандықтың әлсіреуі және қайта жаңғыруға бет алуы

15-ші ғасырдың соңғы жиырма жылдығынан 16-шы ғасырдың алғашқы жиырма жылдығы бойы Қазақ хандығының іргесі едәуір ұлғайды. Нығайды. Бұл үдеріске Бұрындық ханнан кейін, 1511–1521 жылдары билікте болған Қасым хан зор үлес қосты. Ол өз кезінде қазақ жер-суы мен халқын жинастырып, біріктіру шараларын жедел жүзеге асырды. Алайда хандықтың өркендеуінде тұрақты ілгерілеуді қамтамасыз ететін үдеріске қол жеткізу мүмкін болмады...

Қасым ханның билігі тұсында Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы жақсара түскенін, тұрақтылық орнағанын, халықаралық аренада таныла бастағанын өткен тарауда айттық. Қазақ халқының қазіргі заманда мекен етіп жүрген  аумағы негізінен, шынтуайтында, сол жылдары қалыптасты. Сол жылдары Мәскеу мемлекетімен, Қазан, Орта Азия, Сібір хандықтарымен сауда және елшілік байланыс жасалды. Батыс Еуропа да қазақ мемлекетін Қасым хан тұсында танып білді.

Дегенмен хандықтағы  билік құрылымы тек Қасым ханның беделі арқасында ғана тұтастық көрсетіп, абыройы асқақтап тұрған еді.

Ал оның беделі Бұрындық хан тұсында көтеріле бастаған-тын. Қасым сұлтан өз иелігіндегі Арқа жеріне Шайбан тұқымдарының бірнеше рет жасаған шапқыншылығына хан әскерінің қолдауынсыз-ақ тойтарыс берген. Елеулі  қарсылық көрсетіп қана қоймай, дұшпанды тас-талқан етіп жеңген. Осынау жеңімпаз жасақтың сардары ретінде, тиісінше, ел ішіндегі атақ-абыройы өскен болатын. Қасым сұлтанның жеңілісті білмейтін қалың қосындары ол хан сайланғаннан кейін де айбындылығын арттыра түсіп, елдегі тыныштықты, көрші хандықтармен бейбіт қатар өмір сүруді қамтамасыз етіп тұрған. Ханның осындай айбарының арқасында ел ішінде шаруашылық және әлеуметтік-тұрмыстық өзара байланыстарды жақсарту, әдет-ғұрып заңдарын қолдануды ретке келтіру мәселелерін көздеп жасалған күллі реформа кідіріссіз жүзеге асып жатты.

Мұхаммед Хайдар Дулати әйгілі «Рашид тарихында» Жошы ханнан кейін оның дәрежесіне парапар үлкен билікке Қасым хан ғана жетті, одан басқа ешкім де қол жеткізе алмады деп атап көрсеткен. Қасым хан өте құдіретті билеуші болды.

Қысқасы, Қасым ханды аса ірі мемлекет қайраткері, саяси тұлға, қаһарлы әмірші ретінде мойындаушылық – хандықта ұйымдастырылған маңызды шаралардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етті. Яғни биік пәрменнің ел ішінде ойдағыдай жүзеге асырылуына мемлекеттік жүйенің, әкімшілік бағыныс құрылымының қатаң орталықтандырылуынан гөрі, жоғары дәрежелі әміршінің қаһары, айбары шешуші рөл атқарды.

Алайда мемлекеттің мықтылығын тұрақтандырып, мемлекеттік тәртіптің бұлжымастығын қамтамасыз  ету үшін оның басшысы құрған әкімшілік жүйе де өміршең болуға керек. Елді басқару құрылымы биліктің түрлі деңгейлерінде жоғарылы-төменді өзара тәуелділікті, бағыныштылықты қамсыздандыруға тиіс. Бірақ нақты жағдай олай болмай шықты. Қасым хан 1521 жылы Сарайшықта мәңгілікке тыншығаннан кейін мемлекетте билікке таласушылар бой көрсетіп, бұл орайдағы кемістікті тез ашып берді.

Таққа мұрагерлік жолмен Қасым ханның үлкен ұлы Мамаш сұлтан отырған, бірақ хандықтағы өзге сұлтандарға оның айдындылығы кем көрінді. Едәуір жасқа келіп қалған Мамаш ханның айналасына бірден әкесіндей әсер ете алмауы түсінікті жәйт, алайда тағдыр оған өзінің билеушілік қабілетін толық ашуына уақыт жағынан мүмкіндік бермеді. Ол хан тағында бір-екі  жылдай ғана болып, әлдебір шайқас кезінде қаза тапты.

Содан кейін Жошы тұқымдары арасында қазақ еліндегі бас билеушінің орнына таласу әрекеттері үдей түсті. Хан болудан дәмесі бар сұлтандар өзара қырқысты. Тіпті болмаған соң олар өз өлкелерінде жеке-дара билікке ұмтылып, хандықты бірнеше ұсақ ұлысқа бөлшектеп жіберді. Не керек, Керей мен Жәнібек құрған, Қасым тұсында кемеліне жеткен хандық айналасы бірнеше жылдың ішінде бірін бірі мойындамайтын аймақтық хандықтарға бөлінді. Сырт жұрт та Қасым хан кезіндегі Қазақ еліне құрметпен қараушылығын жиып қойып, қазақ билеушілеріне қарсы жорықтарға шықты, сол жолда өзара одақ құра бастады.

Осындай аласапыран кезеңде Қасым ханның кіші ұлы, Созақ қаласының әміршісі Хақ-Назар (Хақназар, Ақназар) сұлтан батыл түрде елді біріктіру шараларын жасауға кірісті... 

Мамаш хан ұрыс үстінде опат болған соң, сұлтандар арасында ел тізгінін қолға алу үшін тағы біраз талас-тартыс өткен де, ақыры, 1523 жылы таққа Қасым ханның немере інісі Таһир (Тайыр) отырған. Ол 1532 жылға дейін билікте болды, бірақ, мемлекет басқару ісінде шын мәнінде қайраткерлік қабілет көрсете алмаған сияқты. Атақты қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыр өзінің әйгілі «Жылнамалар жинағында» («Жәми ат-тауарих») ол жайында: «біраз уақыт хандық құрғанмен, патшалықтың сырын білмеді» деп жазған.  Зерттеушілер Тайыр ханның бойында ерекше бір мәмілегерлік, сондай-ақ айта қаларлықтай  әскербасылық қасиеттің болмағанын айтады.

 Шынында да ол елеулі  қолбасы қабілетін танытпады, ең бастысы, бас хан ретінде, елдегі билеушілермен екі арада өзара түсіністікке қол жеткізе алмады. Жетісу билеушісі Бұйдаш, Сығанақ әміршісі Ахмет секілді ықпалды сұлтандар оны елең қылмады. Оларға  өзін мойындатуға мұның шамасы жетпеді. Сондай ахуалдың салдарынан шығар, Таһир ханның билікте болған кезінде қазақ мемлекетінің сыртқы қатынастары да күрт нашарлады. Қасым хан тұсындағы ноғайлармен арада орнаған татулық әскери қақтығысқа ұласты. Ташкент билеушісі Келді-Мұхаммедпен түсінісе алмағандықтан,  өзбектермен де шайқасуға тура келді. Түркістан маңында жеңіліске ұшырады. Оның билікте болған кезінде Моғолстан хандарымен арадағы жарасымды қатынас та бұзылды.

Не керек, осы кезеңде Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бірер бөлігінен айрылды.

Дегенмен Тайыр хан Жетісуды және Ыстықкөл аймағын сақтап қалуға көп күш жұмсады. Қырғыздармен одақтасып, елді моғолдар мен қалмақтардың шапқыншылығынан қорғады. Шамамен 1532 жылы қаза тапты.

Одан кейін қазақ еліне Тоғым сұлтан хан сайланды. Бірақ Жетісу әміршісі Бұйдаш  пен Сығанақ әміршісі Ахмет сұлтандар  оның да билігіне мойынсұнбай, өз аймақтарында өздерін хан сайлатып алды. Тиісінше,  Тоғым ханның тұсында да өзара қырқысулар тоқталған жоқ. Осы тұста қазақ мемлекетінің болашақ құтқарушысы  Қасымұлы Ақназар сұлтан көріне бастаған. Ол Созақ әміршісі болатын. Бірақ, хандықты бөлшектеген Жетісу әміршісі Бұйдаш пен Сығанақ әміршісі Ахмет секілденбей, бірден Тоғым ханның билігін мойындап,  оған қолдау көрсетті.

Бұл кезде іс жүзінде бірнеше хандыққа бөлініп кеткендіктен, қазақ жерінде сыртқы жауға бірлесіп қарсы тұру қиындап кеткен. Бірігіп қимыл үйлестірудің орнына, хандар өз беттерінше әрекет еткен. Тоғым хан мен Бұйдаш хан Жетісу мен Сырдария өңірін моғол және өзбек хандарының шапқыншылығынан сақтап қалу үшін күресті. Ахмет хан қазақ елінің орталық және батыс өңірін қорғамаққа Ноғай  Ордасына жорыққа аттанды. Сол жорықта тұтқынға түсіп, 1435 жылы маңғыт Орақ батырдың қолынан қаза тапты. Өңірдің біраз бөлігі ноғайлардың билігіне өтіп кетті. Моғолдардың өзбектермен біріккен әскеріне қарсы шайқаста, шамамен 1537 жылы, Тоғым хан қаза тапты. Бұйдаш хан Ыстықкөл маңында ұрыс жүргізіп жатты.

Осындай ахуал кезінде Ақназар сұлтан әуелі оңтүстіктегі Ахмет хан билеген аумақты, сосын Бұйдаш хан билеген Батыс Жетісуды Қазақ хандығына қайта қосты. Өстіп, бөлшектену салдарынан әлсіреген мемлекетті қалпына келтіру ісін қолға алды. Нығаю жолына түсіре бастады.

Сөйтіп, игілікті ісімен көзге түскен Хақ-Назар, елдегі байырғы хан сайлау салтына сай,  1538 жылы ақ киізге отырғызылады. Молда тиісті діни жоралғы жасайды. Содан соң билер хан отырған ақ киізді жан-жағынан ұстап жоғары көтереді. Таныстыру рәсімінің талабына сәйкес, жиналған жұртшылықтың алдынан алып өтеді. Елдегі берекесіздіктен қажыған халық жаңа ханға үлкен үміт арта қарайды... 

Ішкі және сыртқы саясатта Хақназар хан әкесі Қасым ханның жолын жалғастыруды мұрат тұтты. Ол хан тағында отырғанда Қазақ хандығы бірлікке, тұтастыққа иек артқанмен, өз территориясының жартысына жуығынан айрылған күйде еді. Елдің батысы – ноғайлардың, шығысы – ойраттардың, солтүстігі – Сібір хандығының, Моғолстан мен Ташкент – Бұхара хандығының қол астына түскен болатын. Қасым хан тұсында хандық шекарасы Ұлытау мен Балқаштан асқан, Жайық пен Сырдарияға кеткен, жобалап айтқанда бүгінгі Қазақстан территориясының шамасындай еді.

Мемлекеттің аумағын әкесі қалыптастырған көлемге жеткізуді Ақназар хан ел тізгінін қолға алысымен армандады. Қазақ руларының ата қоныстарын өз қалыптарында, бөтен жұртқа тигізбей сақтауға, хандықтың көрші елдер алдындағы ықпалын қалпына келтіруге күш салды. Елді Қасым хан кезінде 1511 жылы қабылданған «Қасқа жол» заңдар жиынтығын («Қасымның қасқа жолы») басшылыққа алу арқылы басқарды. Мемлекеттің байырғы аумағын қалпына келтіруге тырысты. Алайда бұл орындалуы қиын шаруа болып шықты. Әйтсе де Хақназар хан мүмкіндігінше  қазақ мүддесі үшін күресті. Оның тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті.

Ол мемлекеттік билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атаған. Хақназар осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу  әрекетіне тойтарыс берді.

Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты.

Мемлекеттің солтүстігінде Мәскеу князьдігінің шекарасы қазақ даласына қарай едәуір тақалды. 1552 жылы Қазан, 1558 жылы Астрахан хандықтарын басып алған Мәскеу патшалығы Еділ өзенінің барлық аңғарын, бұрынғы Алтын Орда қағанатының бас қалалары орналасқан  аумақты иеленген. (Сонау бір басқа күн туған шақтарда қоныс аудара беруге мәжбүр болған, тағы да жер-суынан айрылған жұрттың: «...Бұрынғы өткен атамыз Көшемін деп өлді ме, Қырымды тастап Еділге Ақылы жоқтан келді ме... Еділ менен Жайыққа Ешбір жердің теңі жоқ!..  Мекен еткен қонысын – Еділ менен Жайықты Қатын-бала  сағынар», – деген өкінішті жыр жолдары біздің заманымызға жетті). Мәскеу жиһангерлері Башқұрт және Сібір хандықтарын князьдік құрамына енгізді. Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасын ыдыратып, халықты қырғынға ұшыратты. Аман қалған ноғайлардың дені Кавказға, одан түрік еліне кетті.

Ұлыстың едәуір халқын  (бұлардың дені қазақ ру-тайпалары болатын, ел ішінде ноғай мен қазақтың айрылуынан көрініс беретін түрлі жыр, күй сақталған) Хақназар хан мемлекетіне қаратып алды. Соған орай Хақназар «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп аталды. Сөйтіп, ноғайлармен аралас-құралас тұрып келген қазақ тайпалары 1560-шы жылдары этностық территориясымен бірге Қазақ хандығына бірікті.

Бұрындық пен Қасым хандар билеген замандардан басқа уақыттарда Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы Қазақ хандығы құзырына өтті.

18-ші ғасырда Орынбор өлкесінде қызмет істеген тарихшы Петр Рычков Хақназар хан тек ноғайларды ғана емес, башқұрттарды, Қазан, Сібір және Астрахан хандықтарын, Бұхараны, Хиуаны, Ташкентті және басқа көптеген қалаларды өз билігіне қаратып, олардан алым-салық жинатып тұрды деп жазды.

Қазіргі зерттеушілер Хақназардың тұсында қазақ мемлекеті тап ондай дәрежеге жетпегенін, алайда аумағының кеңейіп, қуатының арта түскенін, хандықтың едәуір нығайғаны даусыз рас екенін айтады.

IV. Үздіксіз күрес үстінде нығаю

Хақназар хан тақта қырық екі жыл отырды. Ол шын мәнінде қазақ мемлекетінің құтқарушысы болды. Бөлшектенген хандықтың қайтадан тұтастануына қол жеткізді. Ел аумағын әкесі Қасым хан патшалық құрған замандағы қалпына келтірумен шұғылданды. Бұл жоспарын біршама  орындай алды да.

Жоғарыда айтылғандай, Ақназар хан ноғайлар мен башқұрттардың бірер бөлігін өзіне  қаратты. Сосынғы бір атап айтатын жәйт, оның дәуірінде қырғыз-қазақ одағы сақталып тұрды. Ол билігінің едәуір уақытын Сырдария қалалары үшін күреске арнады. (Сырдың орта ағысындағы қалаларға билік ету өзбек пен қазақ қатынастарындағы өзекті мәселеге айналған болатын). Шайбан әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолламен достық шарт жасасу арқылы көрші елмен біраз уақыт тату тұрып, бейбітшілік орнатты. Соның нәтижесінде хандықтың ішкі жағдайы жақсарды. Шаруашылық дамыды, көрші елдермен сауда-саттық одан әрі өрістеді. Сосын, хандық құрған уақытының соңғы кезеңінде, Түркістан мен  Сауранды мемлекет құрамына алуға күш салды. Сол шақта Ташкент аймағын билеуші Баба сұлтан Абдолла ханға бағынбай, құзырынан шығып кету үшін соғысып жүретін. Хақназар Бұхара әміршісін қолдады да, күрес барысындағы шайқаста қаза тапты. (Енді бір деректе оны  Баба сұлтанның астыртын агенті у беріп өлтірді делінеді). Бұл шамамен 1580 жылы орын алды.

Содан кейін, билер мен төрелер мәслихатының шешімімен, қазақ елінің тағы Ақназардың немере туысына – Қасым ханның інісі Шығай сұлтанға беріледі. Ол Жәнібек ханның кенже ұлы Жәдіктің баласы болатын. Жәдік сұлтан кезінде бауыры Қасым ханның Қазақ мемлекетін түрлі (әскери, саяси, дипломатиялық) жолдармен нығайтуына, халқын өсіріп, аумағын кеңейтуіне атсалысқан. Оның баласы Шығай да жас кезінде небір шайқастарда ерлігімен көзге түскен белгілі тұлға еді.

Енді, елдегі бас билікке жасы ұлғайып шау тартқан шағында келгендіктен, Шығай хан өз баласы Тәуекелді ұдайы қасында ұстайды. Әрдайым ержүректігімен, ақылымен ерекшеленген алғыр Тәуекел сұлтан ел басқаруда әкесінің ойынан шығады. Әкесі Бұхара билеушісі Абдолла ханмен одақтасып, Ташкент әміршісі Баба сұлтанға қарсы жорық жасауға бел буғанда, кідіріссіз бірге аттанады. Жеңеді. Баба сұлтанның басын алып,  Абдоллаға тартады.

Бұхара хандығының әміршісі Абдолла хан ризашылығының белгісі ретінде, оған Самарқан маңындағы бір уәлаятын сыйлайды.  Алайда бұл алдаусырату амалы еді. Сыр бойындағы қалаларды Қазақ мемлекетінің иелігіне қайтаруға оның ықыласы жоқ-тын.  Ал 1582 жылы Шығай хан Бұхара түбінде дүниеден өтіп, хандықты ресми басқаруға Тәуекел кіріскенде, оның Мавереннахрдағы өз билігіне түбі қатер төндіруі ықтималдығын ойлайды да, одақтас ретіндегі уағдаларын ұмыт қалдырады. Сөйтіп енді қазақ билеушісі Тәуекел ханнан мүлдем құтылу амалдарын қарастыра бастайды. Абдолла ханның көңіл-күйіндегі өзгерісті сезген Тәуекел хан онымен қарым-қатынасын үзіп, 1583 жылы мемлекетінің қыпшақ даласы жағына ауысады.

 Мұнда бірер сұлтан біртұтас елді бөлшектеп, бөлектенуге бейім жүрген. Солардың алдында Тәуекел ханға өзінің хандық мәртебесін қару күшімен дәлелдеп, бекітуге тура келеді. Ұзамай, 1586 жылы, жұрт оны бүкіл қазақ елінің ханы ретінде таниды.

Сол шақта мемлекеттің халықаралық жағдайы нашарлай бастаған болатын.  Сондықтан ол ізінше Қазақ хандығының қуатын арттыру мәселесіне кіріседі.  Оңтүстіктегі қалаларды хандық құрамына қайтаруды сыртқы саясатының басты мақсаты етеді. Ойраттардың бір бөлігін өзіне бағындырады. Қатты шайқастар жүргізіп, 1588 жылы Ташкентті алады. Алайда қалаға  Абдолла ханның Самарқанда тұрған күшті әскері келеді де, Ташкентті тастап, қырға шегінуге мәжбүр болады. 

Араға он жыл салып, қазақ әскері Ташкентке қайта келеді. Гарнизонды жеңіп, шаһарды алады. Сосын Бұхара мемлекетінің билеушісі Абдолла ханның әскерін Самарқан түбінде тас-талқан етеді. Осыдан соң Ташкент, Самарқан, Түркістан және басқа да оңтүстіктегі қалалардың бәрі Тәуекел хан мемлекетінің қоластына қарайды.

Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығының қуаты артып, құлпыра түсті. Оның сыртқы саясатындағы елеулі істерінің бірі Мәскеу патшалығымен 1594–1595 жылдарда елші алмасуы болды.

Қазақ елшісі Құлмұхаммед Мәскеуде отырған Федор патшаға өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атаған Тәуекел ханнан хат ала барып, екі түрлі мәселе көтерді. Бірі – орыс патшалығынан Қазақ хандығының  сыртқы жаулармен күресіне қажет әскери-материалдық жәрдем алуға тырысу, екіншісі – Шайбан тұқымы Көшім ханның иелігіндегі Сібір мемлекеті аумағында 1587 жылы орыс тұтқынына түскен (Шығай ханның Тәуекелден кейінгі баласы Ондан сұлтанның сол кездегі он бес жасар ұлы) Ораз-Мұхаммед сұлтанды босатып алу еді.

Алайда бұл кезде Тәуекел ханның інісі Ораз-Мұхаммед Мәскеуге қызмет етуге мойынсұнып, орыс-швед соғысына қатысып жүрген. Ал қазақ пен орыс билеушілерінің одақтас болуға тырысуы бір-бір мәрте өзара елшілік  жіберіп алудан аспайды. Дегенмен, Рюриковичтер әулетінің соңғы тұқымы, Қаһарлы Иоанның   үшінші ұлы, саяси ерік-жігері мардымсыз, әлжуаз, бірақ   диуаналық мінезіне сай даңғойлау Федор Иоаннович өзін қазақтың да патшасымын деп санаған...

Ал Тәуекел хан қазақ мемлекеттігін жандандыра түсумен шұғылданды. Оның қызметі Сырдың орта ағысындағы қалаларға біржола орнығуға, қырғыздармен одақтаса отырып, Жетісу мен Ыстықкөл өңірін моғолдар мен шайбандықтардың біріккен шабуылынан қорғауға, сондай-ақ барша Мавераннахр өңірін өз ықпалына түсіруге бағытталды.

1598 жылы ол Самарқан түбінде Абдолла ханның әскерін жеңеді де, Самарқанға інісі Есім сұлтанды әмірші етіп қояды. Біртіндеп күллі Әму мен Сыр арасын (Мауереннахрды) Қазақ мемлекеті құрамына қосуды ойлайды. Сол жоспарының шешуші шарасы ретінде, сексен мың сарбаз жиылған қалың қолымен Бұхараны қоршайды. Алайда қалаға жасаған шабуылдарының бірінде қатты жарақат алады. Ташкентте қайтыс болады.

Таққа оның інісі, Самарқан қаласының билеушісі Есім сұлтан отырады. Есім хан саяси икемділік танытып, қарсыласымен бітім жасайды. Бұхара құзырына Самарқанды қайтарады (әйткенмен онда көп жылдар  бойы әйгілі қазақ Жалаңтөс баһадүр әмір болып тұрады), ал Ташкент, Әндижан, Сайрам, Түркістан  қалаларын Қазақ хандығы құрамына енгізеді.

Есім хан тақта отыз жыл (1598–1628 жж.) отырып, хандықты бір орталыққа бағындырылған күшті мемлекет етіп қалыптастырды. Оның қолбасшылық дарыны, батырлығы, ел тәуелсіздігі мен бірлігін сақтау жолында сыртқы, ішкі жаулармен ымырасыз күрес жүргізуі халық жадынан ұмытылмас көрініс тапқан. Оны жұрт «Еңсегей бойлы ер Есім» деп атайды. Ол ел басқаруда Қасым ханның «Қасқа жолын» жетілдіріп, жаңа заңнама жасайды. Онысы тарихта «Есім ханның ескі жолы» деген атпен белгілі. Ол, сондай-ақ, Қазақ хандығының орталығын Сығанақ қаласынан Түркістанға ауыстырды. Сөйтіп,  Түркістан шаһарын ғасырларға кеткен қазақ астанасына айналдырды.  

Есім ханның таққа отыруы орыс елінде Рюриковичтердің орыс тағындағы соңғы тұқымы Федор патшаның дүние салған жылына сәйкес келді. Сол 1598 жылдан орыс патшалығында Романовтар әулеті бастау алатын 1613 жылға дейін созылған аласапыран кезең орын алды. Бұл шақта Қадырғали Жалайыр (ол шәкірті Ораз-Мұхаммедпен бірге Сібірде тұтқындалып, 1587 жылы Мәскеуге әкелінген еді) Қаһарлы Иванның  баласы Федор патшаның  тұсында-ақ елді іс жүзінде басқарып тұрған Борис Годуновқа арнап, қазақ тарихынан мол мағлұмат беретін  атақты «Жәми ат-тауарих» (1600 ж.) атты туындысын жазды (Борис патша екеуі бір жылда – 1605 жылы дүние салды).

Борис Годунов сол 1600 жылы Есім ханның немере інісі Ораз-Мұхаммедті Қасым хандығының басына қойған. Ол хан тағында он жыл отырып, орыс мемлекетіндегі аласапыран шақтың белсенді қайраткері болды. Алайда ішкі дүрбелеңдер олардың да, жалпы орыс патшалығының да қазақ елімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берген жоқ.

Бұл кезеңде Қазақ хандығының оңтүстіктегі   көрші елдермен қарым-қатынастарында да қилы  өзгерістер болып жатқан.  Шайбан әулеті 1487–1598 жылдар бойы билеп келген Мәуереннахрда  билік ауысты. Абдолла хан қаза тапқаннан кейін Бұхар хандығының тағына оның алыс атасы Жошы ханның бір ұлы Тоқай-Темірден тараған  ұрпақтарының Астраханда (Қажы-Тархан, Аштархан) хандық құрған тармағы келді. 

Аштархандықтар Шайбан әулеті басқарып тұрған өлкеге Алтын-Орда ыдырасымен жылдам күшейіп келе жатқан орыс патшалығының жасақтары 1556 жылы  Астраханды басып алғаннан соң ауысқан. Мұнда Жәни-Мұхаммед (Жәнібек) сұлтан Бұхара билеушісінің (Абдолланың әкесі Ескендір ханның)  қызына үйленді. Сөйтіп, Жошы ұлдары Шайбан мен Тоқай-Темір әулеттерінің арасындағы туысқандық байланыс жаңғырды. Абдолла хан қаза тапқаннан кейін, 1599 жылы Жәни сұлтан Бұхарадағы билікті басып алды. (Содан Аштархандықтар, дәлірек айтқанда – Жәни әулеті, билікте 18-ші ғасырдың ортасына қарай тақты маңғыттар әулеті алғанға дейін болды). 

Бұл кезеңде Бұхар хандығында Қазақ хандығына Абдолла хан кезіндегідей қауіп төндірерлік қауқар жоқ еді. 

 

V. Ел тұтастығына  қол жеткізу және оны басқаруды жетілдіру            

 

Ташкент 16-шы ғасырдың басынан Шайбан әулеті ұрпақтарының қолында болатын. Ғасыр соңына қарай (1598 ж.) оны Тәуекел хан, одан кейін бірнеше дүркін Есім хан билеген. Ара-арасында бір-бір жылдан аштархандық Жәни Мұхаммед пен қарақалпақ жетекшісі Абдалғафар, 1612 жылы Ескендір сұлтан (Бұхара тағындағы Имамқұли ханның ұлы) басқарған. Осы кезде, жеңісті шайқастар жүргізу арқылы, саяси аренаға Тұрсын Мұхаммед сұлтан шығады.

Тұрсын Мұхаммед 1576−1582 жылдарғы Ташкент әміршісі Баба сұлтанның қолынан Хақназар ханмен бірге қаза тапқан Жалым сұлтанның ұлы еді. Бұхара хандығының әміршісі Имамқұли хан осы қазақ сұлтаны Тұрсынды 1613 жылы Ташкенттің билеушісі ретінде таныды. Бұған оны қазақ қолдарымен болған шайқастар нәтижесі мәжбүр еткен болатын. Ал Тұрсын хан (бүкіл қазақ елінің емес, Ташкент аймағының ханы, кіші хан) Ташкенттің Бұхар хандығына (Мәуереннахр ханына) бағынбайтын дербес, тәуелсіз хандық екенін көрсету үшін, өз теңгесін шығарды. Ол күлліқазақ ханы (бас хан, қаһан) Есімге тәуелді болатын. Оған адалдығын айғақтап, екі рет ант ішкен, бірақ екеуін де өзі бұзған еді. Алайда тұтас халықтың ішінде өз кінәсінен өзара қантөгіс болдырмау мақсатында, Есім хан оны өзімен тең құқықты санап, екеуара келісімге келген, сөйтіп оған біршама еркіндік берген болатын. Тұрсын хан әуелде екі су арасын (Мәуереннахрды) билеген аштархандықтармен (жәниліктермен) тату болатын, кейін қарсылық көрсетті. Үлкен жасақты бастап барып, Имамкұли ханның әскерімен Шахрух бекінісі маңында шайқасты. Жеңіске жетті.  Осы жәйт оның тәбетін оята түсті...

Бұл кезде шығыста жоңғарлар қазақ жеріне қауіп төндіре бастаған еді. Сол себепті Есім хан қырғыз елін басқарып отырған  Қоқым бимен тату қатынас жасай отырып, екі ел одағын нығайта түскен. Моғолстанмен де  достық қарым-қатынаста болған. Сөйтіп  күш біріктіріп, Қазақ хандығына шапқыншылық жасаған ойраттарға ойсырата соққы берді. Алайда елде тыныштық орнай қоймады. Есім ханның жорықта жүрген шағын тұтас қазақ елінің ханы болудан дәмелі Тұрсын хан пайдаланып қалғысы келді. Қалың әскерімен Ташкенттен шықты да, қазақ астанасы Түркістан қаласына шабуыл жасады. Қазақ елінің бас ханы Есім ханның ордасын шапты.  Қаланы талан-таражға түсіріп, тонады. Есім ханның отбасын тұтқынға алды. Осылай ол – Ташкент хандығының билеушісі Тұрсын хан – Қазақ елінің ішкі бірлігіне, тұтастығына қауіп төндірді. Сонда Есім хан қазақ әскерлерінен үлкен күш жиып, оған қарсы жорыққа шықты. Шешуші ұрыстар жүргізді. 1627 жылы әуелі Сайрамда, одан Ташкент маңында болған қанды шайқастарда Тұрсын ханның әскерін тас-талқан етіп жеңді. Ташкентті алды. Тұрсын хан мен оның жақындарын өлтірді.  Ташкент хандығын жойды. Қала мен аймақ халқын қазақ мемлекетінің құзырына қаратты.

Өстіп өзара соғыс доғарылды, Қазақ елінің барша аймақтары бір орталыққа бағындырылып, мемлекеттік тұрғыда тұтастануына қол жеткізілді. Тұрсын хан бүліншілігі «Қатаған қырғыны» деген атпен тарихта қалды. Есім хан тұсында өмір сүрген Марқасқа жырау жауынгерлік рухы жоғары көптеген жорық жырлары мен толғаулар шығарған кісі, соларының тек кейбірі ғана біздің заманымызға жеткені белгілі. Жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында мынандай жолдар бар: «Ей, Қатаған хан Тұрсын! Кім арамды ант ұрсын. Жазықсыз елді жылатып, Жер тәңірісің, жатырсың, Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың! Алтын тақта жатсаң да Қазаң жетті қапылсың! Еңсегей бойлы ер Есім, Есігіңе келіп тұр, Шашқалы тұр қаныңды, Кешікпей содан қатарсың!» Мұнда халықтың күллі ел иесі боп отырған Есім ханға сенімі және аймақтық билеуші Тұрсын ханға назасы бейнеленген. Тұрсын ханның тұтас елді бөлшектеп, дербестенгені, бүлік жасап жоғарғы билікке ұмтылғаны, хандығындағы тек өзі сүйенетін қатаған руын бүліншілікке көтеріп, тыныш жұртқа қарсы қою жолымен қантөгіс тудырғаны  осынау қаһарлы жыр жолдарын өмірге әкелген болатын. 

Есім хан ауыр ішкі саяси күресті бастан кеше отырып, мемлекеттің күшеюіне бағытталған түбегейлі өзгерістер, жақсартулар жүргізді. Оның отыз жыл ел басқарғанда жүзеге асырған реформасының мән-мағынасы мемлекет билігіне халық өкілдерін кеңірек тартуда жатқан еді. Бұрын ел ішін билеуді жабық тұрпаттағы элита – төрелер жүзеге асырып келген болса, енді халықты басқару істерінде бірінші кезекке  ел ішіндегі билер мен ру-тайпалардың басшылары, ақсақалдар, бас адамдар – яғни, элитаның ашық тұрпаты шығарылды. Ол мемлекеттің әскери қуатын арттыруға ерекше көңіл қойған болатын. Бұл орайда сұлтандар мен батырларға айрықша әскери-саяси өкілеттіліктер берген.  Осынау әскери қабілеттеріне тиісінше сенім артылатын сонау Шыңғыс хан тұқымдарының бейбіт өмірдегі саяси құқтарын шектеді. Есесіне қауымдар (ру-тайпалар, аталықтар) мен олардың жетекшілеріне – рубасыларына, ауылдардың бас адамдарына, ақсақалдарына кеңейтілген құқтар берді. Яғни, Есім ханның тікелей басшылығымен ел ішінде өзіндік бір революция – билер төңкерісі жасалды. Бұл орасан зор жаңалық «Есім ханның ескі жолы» атты жаңа заңнамалық құжатты  қабылдау арқылы жүзеге асты.

Осынау заңдар жинағын «Есім хан салған ескі жол»  деп те атайды. Өйткені, Есім хан көшпенді ру-тайпалардың өмір салтында ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесін – ескі жолды – жаңаша жаңғыртқан еді. Ол Қасым ханның заңдарын толықтыру сипатында қабылданды. Және бірден жұртшылықтың ризашылығына ие болды. Өйткені халықтың басым бөлігі көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын, сондықтан  оларға өмірде шариғат заңдарынан гөрі  әдет-ғұрып тәртіптері мен қисындарын қолдану әділ де қолайлы көрінетін. Бұл құқықтық акт ханның, билер мен батырлардың өкілеттіліктерін нақтылады. Олардың өзара қатынастарын, атқаратын міндеттері мен пайдаланатын құқтарын белгіледі. «Ескі жол» арқылы Есім хан ақсүйектердің билеушілік мүмкіндіктеріне шектеу қойып, ел арасындағы билерге, рубасы, ауылбасы, ақсақалдарға арқа сүйеді.

Мемлекеттегі ең жоғарғы заң шығарушы өкімет ретінде бұрынғысынша Мәслихат танылып, әдеттегісіндей жұмысын істей берді. Мәслихатқа мүше билер жылына бір рет күзді күндері ел астанасы Түркістанда, яки Ұлытауда, немесе Ташкент аймағындағы Ханабад дөңінде жиналатын. Саяси жүйедегі ханның рөлі «Ескі жол» бойынша әлсіретілуіне байланысты, ханды таңдап сайлау принципі өзгеріске ұшырады. Ресми түрде сұлтандар арасынан хан болуға лайық, елге еңбегі сіңген тұлғаны таңдау, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда меритократия (сұлтандар ішіндегі ең ақылдылар мен ең іскерлерге, қабілетіне, сіңірген еңбегіне қарай көзге түсіп жұрт құрметіне бөленгендерге, мемлекет мүддесін қорғауда батырлығымен танылып, елге еңбегі сіңгендерге билік тұтқасын беру) принципі сақталып қала берген. Дей тұрғанмен, іс жүзінде халық арасында құлаққа сіңісті боп кеткен жол – хан дәрежесін мұрагерлік жолмен иелену тәжірибесі де болашақ тәжірибеде аса дау-дамайсыз қолданыла берді. 

Есім  хан  тұсында,  сондай-ақ,  мемлекет  басқарудың бұрынғы ұлыстық жүйесі уақыт талабына жауап бермейтінін көрсеткен еді. Мұндай ахуал қазақ жер-суының онда мекендейтін күллі халқымен бірге бір шаңырақ астына жиналуына, сөйтіп ел шекарасының кеңеюіне байланысты туған-ды. Экономиканы оңтайлы дамыту мақсатымен, барлық қазақ жері үш шаруашылық-аумақтық бірлестікке – жүздерге бөліп берілді. Ел  ішіне жүздік ұйым енгізілді. Жүздердің басында билер мен күшті ру-тайпалардың басшылары тұрды.  Олар құраған Билер Кеңесі елдің тыныс-тіршілігін басқарып, іс жүзінде хан билігін шектеп отырды. Хан үлкен шаралар қабылдар алдында әрдайым Билер Кеңесімен ақылдасуға тиіс болды. Оның пікірімен санасуға мәжбүр еді. Қысқасы, хан енді өз бетінше ірі шешімдер жасай алмайтын. Есім хан мемлекеттік басқару жүйесіне осындай реформа жасады. Ел мүддесі үшін солай етті.

Алайда оның заңына сүйеніп дербес билік құруға бейімделгендерді, әр кезеңдегі жаумен соғыста адал үзеңгілес болғанына қарамай, жазалаудан тартынған жоқ. Бұл ретте әскербасы, батыр, бейбіт кезеңде бір қауым елдің билеушісі болған Жиембет жырау сөздері терең ойға қалдырады: «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен Есіл де менің кеңесім. Ес білгеннен, Есім хан, Қолыңа болдым сүйесін, Қолтығыңа болдым демесін. ...Мен жоқ болсам, Есім хан, Ит түрткіні көресің, Жиембет  қайда дегенде Не деп жауап бересің? Менімен ханым ойнаспа, Менің ерлігімді сұрасаң – Жолбарыс пен аюдай, Өрлігімді сұрасаң – Жылқыдағы асау тайыңдай, Зорлығымды сұрасаң – Бекіре мен жайындай, Беріктігімлі сұрасаң – Қарағай менен қайыңдай.  ...Жұмыскерің мен едім Сатып алған құлыңдай, Жүруші едім араңда Өзіңнің інің мен ұлыңдай.  ...Мен өлсе құнсыз кетер деме сен Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген Тілеуберді құлыңдай!   Тілеуберді құлың мен емес, Мұның, ханым, жөн емес. Менің ер екенімді көргенсің, Әуелден бірге жүргенсің, Дегенімді қылғансың, Қайратымды білгенсің. ...Тал шарбаққа мал сақтап, Тас қалаға жан сақтап, Тасқан екен мына хан! ...Қайратым қанша қайтса да, Мұныңа, ханым, шыдаман! Арқаға қарай көшермін, Алашыма ұран десермін, Ат құйрығын кесермін, Ат саурысын берермін, Алыста дәурен сүрермін, Қарамасаң, ханым, қарама, Сенсіз де күнімді көрермін!»  

Есім хан қыс айларында қазақ елінің тұрақты астанасы Түркістан шаһарында тұрды, ал жазда ордасын Ұлытау өңіріне тікті. Мемлекет жаңғыру, өркендеу үдерістерін бастан кеше берді. Сонымен бірге қазақ еліне жаңа қауіптер төндірген қаһарлы  кезеңдер де тақалып келе жатты... 

 

VІ. Мемлекеттілікке қатер төндіретін сыртқы жағдайлар

 

Қазақтың бірталай ру-тайпалары өзге де түркі тайпаларымен  бірге 15–16-шы ғасырларда Сібір хандығы құрамында болатын. 1563 жылы бұл хандықты Шайбан әулетінен шыққан Көшім хан басқаруға кіріскен. Осы  шақта хандық аумағы Ертіс, Тобыл өзендері алабынан Орал тауларына дейінгі кеңістікті алып жатты. Ол әуелде Қазан хандығымен шектесетін. Қаһарлы Иванның Қазанды басып алуына байланысты, Сібір хандығы енді Мәскеу патшалығымен шекаралас болып шықты.

Мәскеу мемлекетінде алғашында кішігірім тұз кәсіпшілігін ашқан, сосын оны тез кеңейткен, одан аң терісімен, өзге де тауарлармен сауда жасау жолымен ірі дәулет жиған Строгановтар кәсіпкерлікпен шұғылданды. Жан-жақтан жұмысшылар шақырып, түрлі құрылыстар салу арқылы өзіндік «мемлекет ішінде мемлекет» құрып алған осынау атақты кәсіпкерлер әулетінің жерін шығыс жағынан төнген «жабайылар» шабуылынан жалдамалы қарулы жасақтары қорғайтын. Олар тек иелікті қорғаумен ғана шектелмеген еді. Қаһарлы Иоанн патшаның өзінен бата алып, Строгановтар кәсіпшілігінің жерін кеңейту үшін, Тас белдеуден (Оралдан) асқан да, Сібір хандығының батысындағы иелігіне сұғынды. Бірақ жергілікті қазақ ру-тайпаларының тайсалмай қақтығысудан тартынбауына, тіпті, жиі-жиі кері шабуылдап көрсеткен қарсылығына кезікті. Сондықтан, Мәскеудің қолдауына арқа сүйеген аталмыш кәсіпкерлер Еділ бойында қарақшылықпен шұғылданып жүрген казактардан «патшалықтың шығыс шекарасын кеңейту үшін» жаңа күш жинады. Олардың атаманы Ермакқа үлкен жасақ құрғызып,  оны от-қарумен, соғысқа қажет барша жарақпен жабдықтады. Сөйтіп казактарды «Сібір патшалығын бағындырып, Орыс Державасына қосу үшін» жорық жасауға мықтап дайындады. 

Ермак жақсы қаруланған 600 казагімен Сібір әміршісі Көшім ханның әскербасылары бастаған жасақтарына қарсы 1581–1585 жылдары табысты жаулаушылық ұрыстар жүргізді. Ертіс, Обь өзендеріне жетіп, хандықтың ірі қалаларын алды. Сосын Сібірдегі соғыс барысын, әскери жетістіктерін баян етіп, кәсіпкер Строганов пен Қаһарлы Иван патшаға 1583 жылы жаушы жөнелтті. Қарақшы казактардың орыс жерін кеңейткен ерліктеріне дән риза патша оған сыйға қос дулыға жіберді. Ермак дулығаның екеуін де басына қабаттап киіп жүрді. Ақыры 1585 жылғы жазда Көшім ханның сарбаздары қолынан қаза тапты. (Қазақ ішінде сақталған «Сәтібек батыр» жыры оның өлімі жайынан қызық дерек береді). Осы жылы Тәуекел ханның інісі Ораз-Мұхамед сұлтан Көшім хандығына келген. Ол екі жылдан кейін ұстазы Қадырғали бимен бірге орыс тұтқынына түседі. Сол 1587 жылы Тобыл мен Ертістің құйылысына  орыс патшалығының Сібірді жаулап алудағы басты орталығы ретінде Тобольск қаласы салына бастайды.

Батпақ пен тартпаға орналасқан шап-шағын Мәскеу князьдігі күні кеше ыдыраған империя (Алтын Орда, Жошы ұлысы, Ұлығ Ұлыс) орнында өзімен қатар ұйысқан  мемлекеттік құрылымдардың біразын бас-аяғы бір мүшелдей уақыт ішінде басып алды да, басқыншылық аранын аша түсіп, осылай, Жошы ұлысының ұлан-ғайыр аумағына қожайын болуға ұмтылды. (Патшалықтың тарихшылары мұны кейін «орыс жерін жинау» ретінде бағалайды.  Бұл баға өміршең болып шығады, соны және сол мәскеулік мемлекеттік құрылымның отаншылдыққа балаған күллі жаулаушылық, басқыншылық жорықтарын ешкім терістемейді. Қуатты Мәскеу мемлекеті күштінің құқымен орнықтырған біржақты ұғымдар бойынша, оның әрбір жаңа ел-жұртты басқыншылықпен жаулап алуы  сол жаңа боданына жасаған қамқорлығы ретінде насихатталады және осы ұстаным ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын жеке-дара, жалғыз да дұрыс шындық ретінде санаға бекем сіңіріле береді).

Сібір хандығына 16-шы ғасырдың соңына қарай орыс жасақтарымен бірге ойраттардың бір бөлігі (торғауыттар) шабуылдар жасады. 1598 жылы Көшім хан елінен кетті. Хандықты патша әскері толығымен басып алды. Ертіс бойымен көтерілген торғауыт-қалмақтар біртіндеп қазақ жерінің терістігі арқылы Еділге қарай өтті. Еділдің төменгі ағысында қазақтармен, ноғайлармен қақтығыстарға барып, жаңа жерге қоныстанды. Кейін олар орыс қызметін қабыл алып, патшалықтың жауынгер жасағына айналады (жасалған келісімшарттар бойынша, патшалық қалмақты – Еділге келген ойратты – өз боданы деп есептеді, ал олар келісімшартты өздерінше түсініп, орыстармен тек уақытша әскери одақ құрдық деп санады).

Қалмақтардың өз отанынан көтеріле көшуінің себебін тарих дәл айта алмайды, ыңғайы, ішкі кикілжіңдердің үдей түсуі салдарынан болуы ықтимал. 15-ші ғасырдың ортасында ойраттар қуаты артқан моңғол елін басқарған. Олардың қытайлармен  сауда қатынастарына байланысты екі арада кикілжіңдер орын алып тұрды да, ақырында ойрат-қытай соғысын тудырды. Сонда монғолдардың іс жүзіндегі серкесі ретінде мойындалған ойрат Есен тайшы Қытайды мүлдем жаулап алуға ниеттенді. Ол моңғолдың Құбылай хан заманындағы Юань империясын жаңғыртуды ойлаған еді. Содан 20-мыңдық моңғол-ойрат әскері қытайдың жарты миллиондық орасан зор армиясын Туму деген жерде тас-талқанын шығарып жеңді (қытай тарихында ол оқиға «Туму апаты» деп аталады). Қытай императоры Ин Цзунды тұтқынға алды. Сосын Есен тайшы әскери қимылды тоқтатып, қонысына оралды. Қорғаусыз қалған Бейжиңге шабуыл жасамады. Императорды қолға түсіруінің өзі  зор оқиға еді, сондықтан Есен қытай жағымен асықпай келіссөздер жүргізді. Мол олжа алудан дәмеленді. Алайда Бейжиң қорғанысын ұйымдастырумен шұғылданып жүрген жас та жігерлі қытай әскербасы Юй Цзянь жығылмады. Тез арада таққа императордың інісін отырғызды. Сөйтті де, Есен тайшының тұтқын императорды сатып ал деген ұсынысын кері қақты. «Императордың өмірінен ел тағдыры маңыздырақ» деп мәлімдеді.

Жоспары орындалмаған Есен сәтсіз жүргізілген келіссөздерден біршама уақыт өткеннен кейін, тұтқынында отырған қытай елбасын босатып, еліне достық көңіл-күймен шығарып салды. Одан, 1454 жылы, өзін моңғол ханы етіп сайлатты.  Ол әскери қолбасшы ретінде Мин Қытайына ауыр соққы беріп, қытай императорының өзін тұтқынға алған, Шыңғыс ханнан кейінгі дәуірде төре емес әулеттен тұңғыш рет Моңголияның қаһаны болған аса көрнекті тұлға еді. Алайда бүкілмоңғол ханы тағында Есен тайшы бір жыл ғана отырып, өз еліндегі қарсыластары қолынан 1455 жылы  қаза тапты. Ол дүниеден көшкеннен кейін империясы да ыдырай бастады. Шығыстағы моңғолдар тайпа-тайпаға бөлшектеніп, ойрат империясынан бөлініп кетті.

Қазақ хандары ойрат билеушілеріне қарсы күресте осы шақта және одан кейін де – 16-шы ғасырдың орта шені мен оның 2-ші жартысында – олардан едәуір басым түсіп отырған. Өйткені бұл кезде ойраттар елдің өз ішіндегі алауыздық салдарынан едәуір әлсіреген болатын. Қазақтардың күштілігі және олардың ойраттарды бағындырғаны жайында Мәскеу патшасы Қаһарлы Иоанн өз елшісі арқылы біліп отырды. 1594 жылы оның ұлы Федор патшаға барған Тәуекел ханның елшісі де  өз ханын қазақтар мен қалмақтардың патшасы мәртебесінде атады. Осындай жағдайлардың нәтижесінде, Есім ханның тұсында  қазақ сұлтандарының көбі ойрат тайпаларының ықтимал күш-қуатын елемеген еді. 

Дегенмен бұл жәйтке Есім хан мән беріп, елді ойрат тайпаларының шапқыншылығынан қауіпсіздендіру шараларын ойластырды. Оның саяси көрегендігінің, алыстан болжағыштығының арқасында қазақ жасақтары ойраттарды залалсыздандыратын, қауіптің алдын алатын соққылар берді. Соғыста айнымалы табысқа жетіп тұрған уақытша жеңістер өз алдына, Есім хан ойрат тайпаларын біраз уақыт өзіне бағындырды да. Дегенмен, бұл үстемдік баянды болу үшін қазақ елін құрайтын ру-тайпалардың бірлігін арттыра түсу маңызды еді.  Мұны Есім хан айқын ұқты. Оның ел басқаруды жетілдіру мақсатында жасаған  реформасы осынау аса қажет бірлікті көздеген болатын.

16-шы ғасырдың соңында ойраттарда төрт тайпалық бірлестік бар еді. ен құралды. Торғауыттар Табағатайдан шығысқа қарай созылған аймақта, хошоуыттар  қазіргі Үрімші (көне Дихуа) қаласының маңындағы ауданда, дүрбіттер Ертістің жоғарғы ағысы бойында, чоростар Іленің  бастауында болды. 1528 жылы Есім хан дүние салған шамада ойрат тайпаларының бірігуге бет алған  үдерісі  басталған. Бірігу үдерісі қиян-кескі күрес үстінде жүрді. Есен империясынан бөлінген моңғол аймақтарын манчжурлар күшпен қосып алған да, 1616 жылы Цин империясын құрған. Осы империямен кескілескен күрес барысында ойраттар күш біріктіру жолын іздеді.   20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдардың бас кезінде ойраттардың бір бөлігі Ертістің оң жағасына шоғырлана түсті. Ақыры, «Төрт Ойрат одағы» ұйымдастырылды. Оны «Төрт Ойрат мемлекеті» деп те атаған. Ал ғылым әлемінде Жоңғар хандығы делінеді. (Қалмақ тілінен аударғанда, «жуң ғар» – «сол қол, сол жақ қар» ұғымын береді. Шыңғыс ханның кезінде ойраттар моңғол әскерінің сол қанатын құраған, сондықтан да осы фактіні жаңа мемлекеттің атауына шығаруды хош көрсе керек. Хандықтың жаңа атауына байланысты, ойрат пенделері жоңғарлар деп атала береді. Оған дейін де солай айтылып жүретін). Жаңа жоңғар мемлекетінің 1635 жылы сайланған алғашқы әміршісі Ердени-Батыр қонтайшы бірден қазақ жеріне жортуылға шықты... 

Жоңғарлардың жаңа хандық құрғаннан кейін қазақ жерін жаулап алу мақсатымен жүргізген үздіксіз жорықтары Жәңгір ханның әскербасы болып жүрген кезеңіне сай келді. Жәңгір – Есім ханның кіші ұлы. Есім хан 1628 жылдың күзінде дүние салып, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі жанына қойылғаннан кейін тақта біраз жыл ағасы Жәнібек отырған, одан соң ел билігі тізгінін Жәңгір алған болатын. Ол ойраттарға қарсы шайқастарға әкесімен бірге әлденеше қатысқан, батырлығымен көзге түскен, жекпе-жектерде салқынқандылықпен қимылдап, ұдайы жеңіске жетіп келген (қалмақта Жәңгірді жеңетін батыр болмаған), ағасы хандық құрған тұста да әскердің бас қолбасшы болған, әрі бойы аласа, толық денелілігіне орай да Салқам Жәңгір аталып кеткен көрнекті тұлға еді.  Салқам Жәңгір  ойраттардың қазақ еліне шапқыншылық жасай беруінің себебін жақсы білетін...

(Жалғасы. Бас мына сілтемеде:http://abai.kz/post/view?id=4554). 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2141
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 938
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1136