МҰНАЙЫМ БАР - МҰҢЫМ БАР
Тәуелсіз Қазақ елінің қазба байлығы шаш-етектен және алуан түрлі, тіпті, бұл дүниеде мұндай мол қазына екінің біріне бұйырмаған. Ал осыншама көп байлығымыздың табиғи қорының көлемі жағынан алатын болсақ, басқасын айтпағанда, тек: мұнай, уран, көмір, алтын, күміс, мыс, мырыш рудалары жөнінен дүние жүзіндегі мемлекеттер арасынан (әлемде екі жүздей мемлекет бар. – Қ.Б.) алдыңғы ондықтан ойып тұрып орын аламыз. «Қазақ елінің зерттелген қазба байлығының қоры 10 триллион АҚШ долларын құрайды», – деп көрсетіледі кейбір деректерде.
Қараңызшы, қандай шексіз байлық!.. Енді шеті жоқ осы байлықты жан басына шаққанда – тағы да әлемдегі алдыңғы ондықтың қатарына енеді екенбіз. Қарап отырсақ, біздер, қазақтар, үріп-ішіп жүретін дегендей, қандай шалқыған бай мемлекетте тұрамыз!.. Осындай мол байлыққа ие бола отырып (елімізде бар болғаны 17 миллион халық бар. Соншама көп жан да емес, Ресейдің астанасы бір ғана Мәскеу қаласының тұрғындарының санымен пара-пар дерлік), қамшының сабындай қысқа өмірде бай-қуатты тіршілік кешіп отырмыз ба?.. Бір мезгіл ойланып қарайықшы, тәулігіне шамамен 1,5 млн. баррель мұнай өндіретін елміз. Жоғарыдағы көрсетілген басқа қазба байлықтарымызды есепке алмағанда, тек «қара алтынымыздың» өзі неге тұрады!.. Көпшілігіміздің тұрмыс-тіршілігіміз осыншама байлықпен сәйкес пе, үйлесіп тұр ма?.. Жаратқанның өзі де Қазақ еліне осыншама орасан зор байлықты сыйлағанда – халқы ауқатты өмір сүрсін, болашақ ұрпақтарын жарылқасын, оларға да өз несібесін қалдырсын деген шығар?..
Ал, біздің билік болса, ел байлығын әкесінен қалған мұрадай сарқып пайдаланып, жатқа таратып жатыр!.. Қазіргі таңда, мемлекетімізде өндіріліп жатқан байлығымыздың 95 пайызы шетел асып, оның ішінде «қара алтын» – мұнайымыздың 80 пайызына шетелдік инвесторлар иелік етіп отыр. Сонда, біздің ел, өз халқын жалаңаш қалдырып қандай ұстаныммен қандай саясат жүргізіп отыр?.. Жалпы біз қай бағытқа, қай елдің құшағына қарай кетіп бара жатырмыз?.. Қазірде Ресей, Беларусь, Қазақстан кеден одағын құрып, бірыңғай экономикалық кеңістік құрылуына жол ашты. Осының өзі 2017 жылы, яки, бұрынғы Кеңес Одағы құрылуының 100 жылдығында оны қайта тірілтудің қарекеті емес пе деп қорқамын!.. Бұрынғы Одақты жаңғырту жөніндегі әңгімелер елдің ішін кезіп жүр. Осы үш ел арасында кейіннен ортақ валюта құрылады, теңге құрдымға кетеді деген сыбыстар да жоқ емес!..
Енді Қазақ елінің жылдық мемлекеттік бюджетінің бестен бірін беріп отырған мұнайлы Маңғыстау өлкесінің бүгінгі, қала берді, ертеңгі тағдырына тоқталайық. Біздің Маңғыстаудың жер көлемі үлкен болғанымен, халқының саны 500 мыңның шамасында ғана!.. Біздегі өтіп жатқан санақтардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, тіпті, оларға сенудің өзі қиын!.. Жалпы ішкі өнім тұрғысынан жан басына шаққанда – біздің облыс республикамыздағы 16 аймақ арасында бірінші орында. Ал, шындығында, біздер, Маңғыстау халқы, мол байлықтың арқасында толыққанды өмір сүріп отырмыз ба?.. Маңғыстау өлкесі мұнай-газ өндірісі бойынша республикамыздағы мұнайлы екі аймақтың бірі ғой!.. Жалпы Қазақ еліндегі жыл сайын өндірілетін мұнайдың 30 пайызына жуығын Маңғыстау өңірі құрайды. Ал, енді қашаннан бізбен аралас-құралас Атырау облысындағы өндірілетін мұнайды біздікімен қосып есептегенде – көрші екі аймақ бүкіл Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 70-80 пайызын қамтиды. Мысалы, өткен жылы Қазақ елінде барлығы 80 миллион тоннаның үстінде «қара алтын» өндірілді. Осы көлемдегі мұнайдың 70-80 пайызы - аталған екі облыстың үлесінде. Бұл – аз байлық па?.. Ал, 2009 жылғы мемлекеттік кірістегі мұнайдың үлесі 40,5 пайыздан, немесе, 1,5 триллион теңгеден (шамамен – 10 миллиард) асты. Бұл мұнайлы өлкелердің табысы – бүкіл Қазақ елін асырауда!.. Сонда, жергілікті тұрғындар не күй кешіп отыр?.. Мұнайдан түсіп жатқан триллиондардан – біздерге азды-көпті миллиондар бөлініп тұрады. Ал, арадағы миллиардтар қайда?.. Мен айтар едім: биліктің жергілікті халықтарға қолданып отырған ұстанымы – нағыз тонаушылық көзқарас!.. Басқаша тіпті де ойлай алмаймын!..
Бүгінгі Қазақ билігінің бар мақсаты – ел байлығын сарқып бітіру, өздері билік құрып отырған уақытты пайдаланып, қарпып қалу!.. Тамағынан өткенше ішіп-жеу, қалтасына басып қалу, «арты күл болмаса – бүл болсын!..» – деу. Мұндай саясат біздің басымыздан бұрын да өтті ғой, оны неге ұмытамыз?!. Кешегі Кеңес Одағы кезінде аймағымыздан қанша миллион тонна мұнай, қанша уран өндірілді?.. Қанша уран өндірілгенін маңғыстаулықтар білмей де кеттік қой деймін!.. Әйтеуір, нақты есебі бізге белгісіз, яғни, жергілікті халыққа беймәлім күйінде қалды!.. Қалай болғанда да, бар байлығымыз – Мәскеудің «құшағында» кетті!.. Енді келіп, егеменді еліміз, тәуелсіз билігіміз сол солақай саясатты – дәл сол күйінде қайталау үстінде!.. Қай-қайсысының да ұстанымы – қиыр түбектегі шексіз байлықты өз мүдделері үшін өндіру, сосын Маңғыстаудан тысқары асыру!..
Елдің экологиялық жағдайы бүлініп, табиғатының тепе-теңдігі бұзылып жатырғанында ешкімнің шаруасы жоқ!.. Мақсаттары: тек Маңғыстаудың мол байлығын қарпып қалу, арттары ашылып-шашылып қала берсін, өздері аман-есен кетсе болғаны!.. Көзің көріп тұрса – бұлай деп қалай айтпайсың?!. Мысалы, Мұнайлы ауданы жеріндегі уран өндірісінен қалған ашық карьерлердің орындары, сондағы жүздеген метр тереңдіктегі алпауыт апандар, жер астынан шығарылған мыңдаған тонна құм-топырақтар әлі сол күйінде тау-тау болып жатыр!.. Оған да ешкімнің басы ауырмайды!.. Уақытында осы табиғаттың бүлінген тұстарын залалсыздандырып, карьерлердің орындарын неге рекультивация жасамаған?.. Арнайы Заң талаптары бар емес пе?.. Біздің билік осы мәселелерді көтеріп, бүлінген жерімізді қалпына келтіруді Ресейден неге талап етпеген?.. Уран өндірісі кезінде Одақтың үлесінде болды. Ал, олардың орнын басқан, жауап беретін Ресей мемлекеті емес пе?.. Халықаралық Заңдарда бар емес пе?.. Енді келіп, қайтадан олардың құшағына еніп барамыз!.. Өткен 90-ыншы жылдардың басында уран объектілерін консервациялауға жатқызу жөнінде қабылдаған Үкімет қаулысы болған. Бұл қаулы кезінде орындалмады. Осы қаулы бойынша бөлінген қаржы да бар еді. Ол қаржы қайда кетті?.. Бүгінгі күні осы ашық жатқан карьерлердің орны қоршаған ортаны улап жатпасына кім кепілдік береді?.. Жапон елінің мамандарын әкеліп, радиациялық жағдайды тексертіп көрсе қалай болар екен?.. Енді келіп, осы тажал отынның айналасына, яғни, карьерлердің іргесінен халыққа жер беріп, үй салдырып, қоныстандырып жатыр!.. Бұл дегеніңіз әкімдердің тарапынан істеліп жатқан таза қылмыс!.. Дүниеге жаңа келетін жас сәбидің, оны тоғыз ай көтеріп жүретін ананың және өскелең ұрпақтың өміріне жасалынып жатқан қастандық та осы!.. Аймағымызда жас аналар мен жаңа туған сәбилердің өлімі неге көп?.. Мұны қылмыс деп қалай айтпайсың?.. Ана бір жылдары, ұмытпасам, бұдан бес-алты жыл бұрын сол кездегі СКЗ зауытының (Серно-окислотный завод) орнынан әрі қарай – Баянды селосы бағытындағы жолдың бойында әлдекімдер көкөніс егіншілігімен айналысуды бастаған. Кезінде аталған зауыт жұмыс істеп тұрған уақытта ол жерлер – одан бөлінген улы күкірттердің, басқа да радиациялық – химиялық элементтердің әсерінен қып-қызыл болып жататын. Оны жергілікті халық, әрине, жақсы біледі. Тіпті, ол жердегі шөп-шөңгенің өзі де қып-қызыл бояуға оранып жататын. Себебі, сол жерлердегі топыраққа кезінде СКЗ зауытынан тараған радиациялық қалдықтар әбден сіңіп кеткен болатын. Радиация деген пәленің ұзақ жылдарға дейін әсер ететінін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сол уақытта санитарлық – эпидемиологиялық станция тарапынан қарсылық болып, көрсетілген жерлердегі егіншілік тоқтатылған. Кезінде БАҚ-та да бұл мәселе көтерілген. Енді сол жерлерге тәуекелшіл әкімдеріміз үй салуға рұқсат беріп, елді қоныстандырып жатыр. Ол қатарда «Маңғыстау – 5» ауылы т.б. бар. Бұл деген де халыққа жасалып отырған қиянат емес пе?.. Тағы да қайталаймын, әкім-қаралар тап-таза қылмыстық әрекеттерге барып отыр!..
Ал, мына іргеміздегі «Қошқарата» улы көлінің қордаланған проблемаларын бүкіл ел біледі. Онда қанша мыңдаған тонна және неше түрлі радиациялық қалдықтар жатыр, олардан қанша зиян келіп жатыр – бұл да жұртшылыққа бесенеден белгілі жай. Қарап отырсақ, осы улы көлдің жағасынан да халыққа жер беріліп, үй салуға рұқсат етіліп, ел қоныстануда. Тіпті, сол маңайда Басқұдық елді мекені (Автодром) т.б. сияқты шағын ауылдар да қалыптасуда. Осыларға маңдас Құйрық деген жер болатын. Ол – басында әулиесі бар жер еді. Улы көлдің жағасы еді. Бұл жерлерге де ел қоныстанып, тұрып жатыр. Әулиенің басына барып жүрсеңіздер – бәрін көрген боларсыздар. Басқұдық аулының іргесінде бүкіл Ақтау қаласының күл-қоқыстарын жинайтын «свалка» орналасқан!.. Сонда, бұл елді мекенде - қайдағы санитарлық-гигиена?.. Ал, осы жерлерге халықты қоныстандыруға, үй салуға кім рұқсат берді?.. Бұл деген барып тұрған қастандық емес пе?.. Ау, халқым-ау, Маңғыстаудың кең даласы жетпеді ме?.. Ақтаудан батыс бетке қарай – Ақшұқырға дейінгі жерді халықтың қоныстануына неге бермейді?.. Ата-бабаларымыз осы жер үшін неге арпалысты?.. Болашақ ұрпақтары, біздер, үшін емес пе?.. Біздің билік кезінде: «Ақтау сити» қаласын саламыз!..» – даурыққан. Ал, жергілікті әкім-қаралар болса, теңіз жағасындағы қолайлы жерлерді қып-қызыл саудаға салып, ақша жасап отыр!..
Улы көлдің айналасына ел қоныстандыруға рұқсат берген әкімдерді кімдер деуге болады?.. Оларды: «Болашақ ұрпағымызға қиянат жасап отырған, нағыз қылмысқа батқан қарабеттер!..» – деуге болмай ма?.. Олар осы жағдайларды өз көздерімен көріп отырып, өз халқына қарсы саналы түрде жасады ғой!..
Ел ішінде болғасын, олардың хал-жағдайын естіп-біліп отырамыз. Әсіресе, жаз мезгілінде, кешкі уақытта, жел көл жақтан болғанда – шіріген жұмыртқаның иісі сияқты жағымсыз иістер шығып, ауа бүлініп, елді отырғызбайды. Міне, әкім-қаралардың елге, өз халқына істеп отырған зиянкестігі осы!.. Бұл фактілер қылмыс емей немене?..
Басқұдық ауылында күні бүгінге дейін газ да жоқ. Ол енді ғана қолға алынып жатыр. Ал, біздің шенеуніктер болса, Маңғыстау аймағын «жүз пайыз газдандырып», жоғарыға баяғыда-ақ «рапорт» беріп қойған болатын!.. Басқұдық ауылы Ақтау қаласының іргесінде орналасқан, яғни, шаһардың бір бөлігі. Қазірде Мұнайлы ауданына қарайды. Бірнеше жылдан бері қақ ортасынан газ желісі (линиясы) өтіп жатқанымен, көгілдір отынның пайдасын көрмей отырған елді мекен!..
Жалпы, Ақтау қаласы маңындағы елді-мекендердің проблемалары жетерлік. Мысалы, бұрынғы саяжайларда орналасқан ауылдардың тұрмыс-тауқыметі жетіп-артылады. Олардың тап-тар көшелеріндегі көлік қатынасы адам өміріне өте қауіпті. Қарама-қарсы бағыттағы көлік қатынасы тіпті мүмкін емес!.. Жауын-шашында жер езіліп, тар жолдар бұзылып, балшық-батпақ болғанда – тұрғындардың жүріп-тұруы азаптың азабы!.. Бұл жағдайлар қай деңгейдегі әкімдерді де мазаламайды!.. Осы елді мекендердегі халықтың жанайақы теледидардан көрсетіліп-ақ жатады, бірақ, шенеуніктер тарапынан оң шешім табылып жатқаны көрінбейді. Түптің түбінде бұл ауылдардың ауыр жағдайы қордаланған үлкен проблемаларға, тіпті, бітіспес шиеленістерге әкеліп соқтырады!.. Жер тар, жолдарды кеңейтуге мүмкіндік жоқ!.. Себебі, кезінде бұл тұрғындардың үйлері – саяжайға арналып салынған. Уақытында бөлінген жерлер тұрақты тұруға есептелмеген. Ережеге сай көлік жүретін жолдар қарастырылмаған, яғни, дұрыс көшелер қалыптаспаған. Сондықтан да тығырықтан шығатын жол табу оңай шаруа емес. Қалай болғанда да, бар мәселе жерге келіп тіреледі!.. Оларға Маңғыстаудың кең даласы бұйырмағандай!..
Шиеленіс деп отырған себебім, қазіргі уақытта теледидардан көріп жүргеніміздей, шетелдердегі үлкен қалалардың іргесіндегі тұрмысы нашар, жағдайсыз, жайсыз елді-мекендердегі қақтығыстар. Ол елдерді де кезінде қалай болса, солай жағдай туғызған болып, алдарқата салған!.. Ал, басшылары болса, олардың болашақ тұрмыс-тауқыметін ойламаған. Жылдар өте түйіні шешілмеген мәселелер – бітіспес қақтығыстарға соқтырып келеді. «Шыдамның да шегі бар!..» – деген осы емес пе?.. Бір күндері бізде де қайнап жатқан қазанның қақпағы бұрқ етіп атылып кетпесіне кім кепілдік береді?.. Әкім-қаралардың бар ойы – өздері билік құрып тұрған тұста қарпып жеп қалу!.. «Біздің артымызда жауап беретін байғұстар табылар!..» – деген қара ниет, басқа түк те емес!..
Жаңаөзен қаласының төңірегінде де жылдар бойы қордаланған проблемалар жетерлік. Кезінде осы өңірде мұнай-газ өндірісі басталған уақытта бұл жерде шағын елді мекен, яғни жұмысшылар кенті салынуы керек болған. Ал, мұнайшылар қаласы Кендірлі аймағынан, яки, Каспий теңізінің жағасынан тұрғызылуы керек еді. Бірақ Мәскеудің басшылары қазақтың тағдырын не қылсын, алдыңғы ойлаған жобаларынан бас тартып, мидай далада бүгінгі Жаңаөзен қаласын өмірге әкелген. Шындығында, халыққа жаны ашитын билік осындай өндірістің айналасынан, жан-жағынан мұнай-газ өндіріліп, ол мұнай жерге төгіліп, топырақты бүлдіріп, қоршаған ортаны ластап, атмосфераға улы заттар таратып, қысқасы, экологиялық тұрғыдан бүлініп жатқан аймаққа үлкен болашағы бар қала салар ма еді?.. Үлкен қала деп қалай айтпайсың, күннен-күнге халқы көбейіп, өсіп бара жатса. Осы проблемаларды тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында біздің Қазақ билігі де ретке келтіруге болатын еді!.. Ол уақытта Жаңаөзен қаласының тұрғындары онша көп те емес еді ғой!.. Сол уақытта қаланы одан әрі үлкейтпей-ақ, маусымды мерзіммен жұмыс істейтін қалашық ретінде қалдырып (вахтовый поселок), Кендірлі аймағына қарай ойысуға да болатын-ды. Сөйтіп, жаңа қаланы теңіз жағасынан салып, тұрғылықты халыққа дұрыс жағдай істеп, экологиясы таза жерде аталған шаһарды үлкейте беруге болатын. Оған әлі де кеш емес!.. Кендірлі мен Жаңаөзен қаласының арасы 60-ақ шақырым. Осы екі араға жұмысшыларды (мұнайшыларды) күнбе-күн жеткізіп тұруға әбден болмас па?..
Ресейдің үлкен қалалары маңындағы 50-60 шақырым қашықтықтағы елді мекендерге «электричка» – поездар жүріп тұрмайтын ба еді?.. Ал, бізде осындай мүмкіндіктерді іске асыруға ниет жоқ па, әлде, қаржы жоқ па?!. Қаржы жоқ дейін десең, еліміз соңғы жылдары жыл сайын 80 миллион тоннаның үстінде мұнай өндіріп тұр. Осы миллиондаған тонна «қара алтынның» ақшасы қайда кетіп жатыр? Сұрақ көп, бірақ, нақты жауап жоқ!.. Ал, біздің биліктің ойлап отырғаны бірінші кезекте жер астындағы мұнайды тезірек құрту!.. Осы жерде АҚШ-тағы Девис атындағы Калифорния университеті экономистерінің: «2050 жылға қарай дүние жүзіндегі мұнай қоры таусылып қалады!..» – деген болжамы дұрыс па деп қаласың. Мұның аты: «Кейінгі ұрпақ өз күндерін мұнайсыз да көре жатар!..» – деген тасбауырлық!.. Бұл орайда біздің жергілікті халық не ойлап отыр?.. Біздің ұрпағымыз да өспей ме, ел қатарына еніп, мол мұнайдан өз үлестерін алмай ма?.. Ертеңгі күні «жыры көп» мұнай таусылғанда – жүз мыңдаған халық қайтеді, немен шұғылданады, сұқиып иесіз қалған качалкаларды күзете ме?.. Тап осындай жағдай Африканың Нигерия деген елінде болған. Жалпы, ғалымдарымыздың, мұнай саласындағы мамандарымыздың болжамы бойынша Өзен кенорны мұнайының түбі енді 20-30 жылда көрініп-ақ қалады!.. Сонда, жоғарыда көрсеткенімдей, біздер, жаңаөзендіктер, астында дымы жоқ құр темір құрсаулардың арасында қаламыз-ау!.. Егер, қала Кендірлі аймағынан салынғанда, мүмкін, халыққа қалыпты тіршілік болар ма еді?!. «Өзен жағалағанның – өзегі талмас!..» – дегендей, күнкөріс те табылар еді!.. Әлде, осы күнде көп айтылып жүрген туризм бағытындағы жобалар пайдаға асар ма?.. Бұл ретте, әрине, Каспий теңізінің жайы да болашақта үлкен мәселе болайын деп тұр!.. Оны өздеріңіз біліп отырғандай, теңіз ішіндегі бұрғылау жұмыстары, яғни, мыңдаған метр тереңдіктен су астынан мұнай-газ өндіру!.. Мұның да ойланатын жағдайлары көп!..
Маңғыстау өлкесінің экологиялық жағдайы ушығып барады. Соңғы кездері Қарағия ауданына қарасты Сенек ауылы тұрғындарының жанайқайы аймақ халқын қатты алаңдатулы. «Ар» газетінің 13-санында (5.11.2010) сол Сенек елді мекені тұрғындарының Қазақстан халқына, Үкімет басшысы К.Мәсімовке, барлық қоғамдық-саяси ұйымдар мен зиялы қауым өкілдеріне Үндеуі жарияланды. Бірақ, күні бүгінге дейін осы Үндеуді қолдап, елеңдеп отырған жұртшылық көрінбейді!.. Үн қосып, бас біріктіріп жатқан халық қайда?.. Қырылып қалдық па?!. Оны бірен-саран жанашыр азаматтар қолдап жатыр, дегенмен, елдігіміз көрінбейді!..
Енді сол Үндеудің себеп-салдарына үңілелік. Бұдан 3-4 жыл бұрын Қарағия ауданына Ресейден әскерилер келіп, басшыларымызбен келіссөздер жүргізіп, осы ауданның «Сенек» ЖШС-і аумағындағы Төлеп жерін құрлықаралық баллистикалық зымыранды (РС-20) сынақтан өткізуге пайдалану жөнінде құжаттар жасалып, мәселе шешіліп кеткен болатын. Содан, Ресей мемлекеті Орынбор аймағынан 2008, 2010 жылдары екі рет жоғарыда көрсетілген зымыранды сынақтан өткізген. Ал, атылған зымыран бөлшектерінің түсетін жері де, оған пайдаланылған улы гептил төгілетін жер де – біздің киелі Маңғыстаудың Төлеп елді мекенінің айналасы болған. Бұл кезде Қарағия ауданының әкімі Берік Батаев болатын. Бүгіндері осы сынақтан өткізілген зымырандардың әсерінен келген зиянды залалсыздандыру жұмыстарына кезінде мол қаржы бөлінгені ауыл-аймақ арасында айтылып қалып жүр. «Сол уақытта өтемақы ретінде Ресей мемлекеті біздің облысқа 18 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы бөліпті!..» – деген алыпқашпа сөздер ел ішін кезіп жүр!.. Осы әңгімелердің мәнісі халыққа неге хабарланбады?.. Сонда, бұл көп қаржы – әлгі миллиондаған долларлар қайда кетті?.. Оның есебін кім береді?.. Жалпы, осы Б.Батаев Қарағия ауданында әкім болып тұрған тұста келеңсіздіктер көп орын алды!.. «Аудан көлеміндегі, теңіз жағасындағы барлық жерлер сатылып кетіпті, тіпті, Каспий теңізінің ішкі беті, су іші де сатылыпты!..» – деген фактілер Құрық ауылының тұрғыны М.Нұғымановтың мақаласында сол кездердегі басылымдарда жарияланған болатын!.. Қалай болғанда да, уақытында Бекеңнің тірегі мықты болған!..
Сонымен, Төлеп жерінде болған сынақтардың ақ-қарасын маңғыстаулықтарға кім айырып береді?.. Әлде, «жабулы қазан – сол жабулы күйінде қала бере ме?..» Енді келіп, зымырандардың қасіреті аз болғандай, билігіміз көптен бері «жыр» болып жүрген АЭС-ты (атом электр станциясы) Маңғыстауда салуды қайта қолға алып отыр!.. Бұл не деген зорлық?!.
(Жалғасы бар)
Қамысбай Бесінбергенұлы
Маңыстау облысы.
Abai.kz