ЖЕР БЕТІНДЕ ЖҰМАҚ БОЛА МА?
Осынау алты әлем жаралып, жер-анамыздың жиек-жиегін мұхиттар мен теңіздер сүйіп, ару жүзі Ай мен Күннің нұрына шомылғалы қаншама жылдар, қаншама ғасырлар өтті, ол беймәлім. Тек кейбір ғалымдар ғана Құдайдан қорықпастан өзінің туған баласының туыс куәлігін толтырғандай-ақ жер жаратылғалы пәленбай миллиард, пәленбай мың жыл өтті деп қойып қалатын ғадет тапқалы да пәленбай жүз жыл өтті. Бұның бәрі–күмәнді болжам, күнәһарлық пікір. Бір тәуірі сол ғалымдардың ешқайсысы осынау алты әлемді әлгі өздері айтқандай пәленбай миллиард жыл бұрын кім жаратқанын немесе ол қалай жаралғанын айтуға аузы бармайды. Тек бір-ақ нәрсе анық- яғни, осы Жер-Ананы Жаратушы Иеміз жаратқаннан бері оның бетінде соғыссыз бір жыл өтпепті. Ал сол соғыстарға, сол қантөгістерге не себеп болды десеңіз, оған солардың түгелге жуығы жекелеген ел билеушілердің байлыққұмарлығының, баққұмарлығының, атаққұмарлығының, тойымсыздығының кесірінен болады екен. Рас, дінаралық қақтығыстар да жиі болып тұрады. Солардың ең бір қиямпұрыс, ең бір қанқұмарлық түрі орта ғасырдың алдындағы еуропалықтардың ислам дініне яғни, мұсылман елдеріне қайта-қайта жасаған тарихта Крест жорығы деп аталатын, бала-шаға, жас-кәрі демей қырып-жойған нағыз жауыздық шабуылдары еді. Айтпақшы, әлемдік мәдениеттің, әлемдік өркениеттің ұлы ордасы болған, ханы да, қарашасы да бейбіт тып-тыныш ғұмыр кешіп жатқан Ғирақты (Иракты) жермен жексен, тып-типыл қылып қырып жою, өз ризық-несібесін өзі теріп жеп мамыражай күн кешіп жатқан Ливияны тас-талқан қып, патшасының басын кесіп ит-құстың тепкісіне салу, енді сол елдерде күніге жарылыстар жасап, оның бәрін әлдебір «ислам террористеріне» жабу сияқты жағдаяттарды сол Крест жорықтарының осы заманғы жалғасы десеңіз де болады. Қарап отырсаңыз, сол орта ғасырдан кейін болған ірілі-уақты соғыстарды былай қойғанда 1-ші және 2-ші дүниежүзілік соғыс деп аталатындардың бәрін бастаған, енді 3-ші дүнияжүзілік соғысқа да даярмыз деп жан-жағына қыр көрсетіп отырғандар да христиан дініндегі мемлекеттер екен. Бұл – ашық айтуға болатын тарихи ақиқат.
Иә, бұл–дінаралық алауыздық дей салалық. Ал жекелеген елдердің билеушілерінің, патша, король, осы күнгі тілмен айтсақ президенттерінің байлыққа тойымсыздығы мен атаққұмарлығы кесірінен болатын соғыстар ше? Әнебір жолы есімі елге мәшһүр бір жазушымыз Еуропаның бірнеше елін аралап келді. Сондағы оның сол елдер туралы түйген ойы: Олардың басшыларының түпкі және ең басты мақсаты өз елін жер бетіндегі пейішке – жәннатқа айналдыру екен. Олардағы иен-апат молшылық, жарқын өмір туралы айта келіп, тіпті Германиядағы немістердің сиырқорасын көргенде ішіне өзім жата кеткім келді деді ол кісі. Күлдік. Ол да күлді. Күліп отырып: Сонда олар мұндай жұмақ өмірге қалай қол жеткізіп отыр дейсіңдер, – деп сұрақ қойды. Қасымда отырған, орталық газет, аға газет атаулыны үңіле оқып, соларда айтылған, яғни, атқарылып жатқан «асқаралы істер» мен «тәуелсіздік табыстары» туралы таңданғаннан көзін жұмып, басын шайқап, тамсанып, тебіреніп «аса зор саяси өрлеу» үстінде сөйлейтін жігіт: «олар шетінен еңбекқор, ал біздің қазақ жалқау» деп дүрс еткізді. Оның қазақ халқына қойған мына дүбаралық диагнозына шыдай алмай басым дыңылдап, «сен не деп от...» дей бергенім сол еді ағамыз иығымнан бір басып әңгімесін жалғастырды.
– Осы бір қазақ жалқау деген сөзді Кеңес заманында коммунистер шығарып еді, – деді ол. Қазақтың маңдайына басқан қара таңбадай сол сөзді біздің атқамінерлерден бастап қаратабан қазақтарымызға дейін әлі қайталаумен келеді. Ол со заманда сені яки, қазақты адам еткен орыс дегенді дәлелдеу үшін әдейі ойлап табылған еді. Сол кездегі Кеңестік Ресей өзіне дейінгі патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау, тонау саясатын өте шебер жалғастырды. Үш миллион орысты тың көтеруге, одан өзгелерін «молодой специалист», «комсомольская путевка» деген жолдамалармен қазақ даласына қаптатты да жіберді. Ал қазақ жастары үшін «қаладан ауылды өркендетуге», «шопандар бригадасы» деген сайқали ұрандар тасталды. Қалаларда, Ресейдің қажеттіліктерін өтеу үшін ашылған зауыт, фабрикаларда негізінен орыс ұлтының өкілдері жұмыс істеді. Қазаққа қалада тіркелуге рұқсат берілмеді. Айта берсең, таусылмайды, қысқасы «қазақты адам қылған орыс, қазақ–орысқа мәңгі қарыздар» деген қағиданы құлаққа сіңіруге зор күш жұмсалды. Жаңағы сенің «қазақ-жалқау» деп отырғаның әлі де сол саясаттың салқыны деп «досымды» сәл сабасына түсіргендей болды да Еуропа мен Америкадағы әлгі «жұмақ өмір» туралы әңгімесін жалғастырды. Біздің ұққанымыз – ол елдердің басшылары ең алдымен өз қара басының, өз отбасының емес әуелі өз ұлтының – неміс басшылары – неміс ұлтының, француз басшылары –француздың жағдайын жасауға тырысып және өзі басқарып отырған мемлекетін ең алдымен сол ұлттың мемлекеті деп қарайтын көрінеді.
Осы арада Ресейде 400-ден астам ұлт тұрса да жақында орыс ұлты өкілдерінің «я не понимаю, что такое россияне, есть слово русский, есть слово русский человек» деп интернеттен шуылдағаны, Мәскеудің Қызыл алаңында орыстың жап-жас жігіттері «Россия – только для русских» деп айқайлағаны есіме түсе кетті. «Ендеше деймін іштей Путин солардың бәрін көрмей, білмей, естімей отырған жоқ. Демек, ол да өз елінде тек орыстарға ғана жұмақ, жәннат орнатқысы келіп жүрген жоқ па екен?».
Жаңағы қаламгер ағамыз бір сөзінде сол Еуропадағы да, Америкадағы да жұмақ өмір «үшінші әлем» (Третий мир») деп аталатын біз секілді ұсақ мемлекеттердің бүкіл байлығын «берсе қолынан, бермесе жолынан» тартып алу немесе одан өткен сұрқиялыққа толы алуан-алуан әнжі саясат арқылы орнатылуда екенін де мегзеп айтып қалды. Ендеше, өзгелерді қырып-жою, өзгелерді барымталап тонау арқылы, өзге жұртты тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айыру арқылы жұмақ орнатам деу қиянаттың қиянаты емес пе? Жарайды, біздің қазақ атқамінерлері оларға ұқсап ондай әрекеттер жасауға қауқарсыз дейік, бәлкім ондай күш-қуаттың керегі де жоқ шығар. Бірақ ең болмаса өз елінің байлығы мен қазынасын өзіне жұмсауға да қауқар керек пе екен? Әлде бұл біздің миымыз жетпейтін саясаткерлік пе? Бірақ әлем ойшылдарының айтуынша «нағыз саясаткерлік дегеніміз ең әуелі өз ұлтыңның алдындағы жауапкершілігіңді орындау» дейтін еді ғой! Ал ол жауапкершілік дегеніміз өз еліңнің байлығын төгіп-шашпау, өз еліңде өз ұлтыңның тілі басты тіл қызметін атқаратындай ету, ең әуелі өз ұлтыңның жағдайын жасау емес пе?! Айтпақшы, «қай патша да ең әуелі өз ұлтының қамын ойлауы керек» деген қағида талай тарихи жазбаларда да бар.
Мүмкін, елімді пейішке, яғни, жер бетіндегі жұмаққа айналдырамын деу өте ауыр күнә шығар? Өйткені, жәннатты тек Аллаһ-Тағала ғана жасайды. Сол сияқты ұлттар мен ұлыстарды да жарататын бір Аллаһ қана! Ендеше, біздің кейбір қазақ шонжарлары қазақстандық деген ұлт жасаймыз деп еліретіні неліктен? «Бүкіл жүзден астам ұлтты біріктіріп бір ұлт жасаймын деу есуастық емес пе?» дейсің іштей осыларды ойлап отырып. Тіпті, қанша әулие саясаткер болсаң да күні ертең өзің о дүниелік болып кеткенде орныңды басып ел басқара алатын ұл туғыза алдым ба деп ойламаудың өзі күнәһарлық қой? Ендеше, әлгі еуропалық патшалардың еліме жұмақ жасаймынына, біздің 100-ден астам ұлттан бір ұлт жасаймызымызға жол болсын.
Көне діни кітптарда Шаддат малғұн деген болған. Сол байғұс әбден байиды, патша болады, сол шет-шексіз байлықтың арқасында оны айналасындағы өзге елдер де құрметтеп, оған арналған мақтау-мадақ сөздерді аямай төгетін болады. Бұл қысқасы, кемеңгер, көріпкел, саясаткер патша атанады. «Семіздікті қой көтереді», байлыққа, өзіне жан-жақтан арналған мақтау сөздерге елтіп, есінен танған Шаддат патша байғұс күндердің күні болғанда өзін құдаймын деп жариялайды. Мына дүнияның уақытша, жалған дүния екенін, алдында күтіп тұрған о дүния бар екенін айтқан ақылман, небір данагөйлердің ұлағаттары бара-бара оған әсер етуді қояды. Өзін, қала берді жақын-жуық, аралас-құраластарын алды-артынан ақ май ағызған (мұнай да, уран да емес!) байлыққа кенелтіп, дүние жүзіне үстемдік ете бастаған бұл малғұнның әбден мейманасы тасығаны сондай ол енді пейіш, яғни, жұмақ жасатып, өзін бұл дүниядағы ең ғажайып та ұлы адам етіп көрсетпек болады. Өйткені, мына дүнияның рахатын түгел көріп түгескен ол о дүниядағы азап пен ғажаптар туралы әңгімеден жалығып, сол дүниядағы рахатты да өзі осында жасап алмақ еді. Қысқасы, өзі билеген жер бетіндегі қисапсыз байлықты төгіп-шашып алтын мен күмістен үгітілген топырақты жаңағы жұмақсымағының жолына, ішіне, табанына төктіреді. О дүниядағы сияқты кәусар бұлақ, бал татыған суы бар өзендерді ағызып қояды. Қысқасы, пейіште бар деген заттың бәрін жасатады. Қашанда шамадан тыс дүнияқоңыздықты, байлықтың соңына түсуді қате, күнә санайтын Жаратқан Иеміздің қаһарына ұшырайды. Шаддат малғұн (бұл мал тектес дегенді білдіреді) жасаған пейіш адам көзіне көрінбейтін ерекше бір аймаққа айналады. Осындайда кешегі Кремльде отырып есіргендер айтқан Коммунизм – сол Шаддат малғұнның қиялындағы пейіш тектес бір елес емес пе деген де ойға кетеміз.
Ал, бүгінде ше? Бүгінде жер бетінде шет-шексіз, ұшы-қиыры жоқ ел байлығына жеке өздері ие болып, әлемнің әр түкпірінде ойына келгенін істеп, өрт салып жүрген билеушілер аз ба? Бір таңғаларлығы солардың арасында әңгімеміздің басында қаламгер ағамыз айтқандай әрқайсысы өз елін ас та төк молшылыққа, шадыман өмірге бөлеп қойғандар да жоқ емес. Тек солардың өзгелерді қырып жою, өзгенің дініне күйе жағу арқылы жер бетін түгел өз қолыммен қайта безендіріп, өз ойымыздағыны түгел жасаймыз деуі сол Шаддат малғұнды еске түсіреді екен. Оның есесіне бір ғана өз елінің, өз ұлтының Құдай берген қазынасын ұстағанның қолына, тістегеннің аузына салып беріп, туған тілін өз елінің төріне шығара алмай отырғандар да бар. Бірақ олар да, олардың тума-туыстары да осы дүнияның ең жоғарғы рахат-ләззатының дәмін татып қарһәлләзи күн кешуде ғой. Осындайда:
...Ей, Ақиқат! Тұршы орныңнан, тұра гөр,
Шынымен-ақ, айнала ма мына жер?
Онда неге бағы оралмай басына
Мертігуде әлі мың сан Құлагер?
Атойшылар ақ орда сап еңселі
Бақытымды соған қарап өлшеді.
Аңқау елім соны тойлап жатқанда
Күйінгеннен кінәладым мен сені.
Жаңа ғасыр!
Ел болудың бір емін
Сенен сонша іздеп, таппай бұл елім,
Келешегі тұмандатып тұрғанын
Дұшпаным да сезеді, соған күйемін!
деп егіледі екенсің.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын
Abai.kz