Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 4667 0 пікір 29 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ӘДІЛЕТТІ СОТ - ҚҰҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ

Ата Заңымыздың «Адам және адамзат» деп аталатын ІІ бөлімінің 24-бабы, 2-тармағында «Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар», деп нақты көрсетілген. Мұны айтып отырған себебіміз, қазіргі кезде Қазақстанда түрлі салалар бойынша жұмыс істейтін отандық және шетелдік кәсіпорын, мекемелер аз емес. Ол жерлерде еңбек ететін миллиондаған азаматтарымыздың еңбек құқының қорғалуының негізі жоғарыда аталған 24-баптың төрт тармағында жатыр. Осыдан бастау алатын арнайы заңдар аясында еңбек құқына қатысты даулар мен мәселелер түйіні тарқатылады. Ал оның түйінін тарқатып, нүктесін қою сот қызметінің құзыретіне жатады. Демек, Елбасы ескертпесінен кейін қазіргі кезде Жоғарғы Соттың өзінде еңбек дауларын шешуге қатысты бірқатар құрылымдық өзгерістер қолға алынып жатқанынан игі өзгерістер күтуге болатындай. Яғни, еңбек дауларын оң шешуде сот қызметі ендігі жерде әлемдік тәжірибеге арқа сүйей отырып, сот жүйесіндегі өз жұмыстарын жандандырмақ. Өйткені, мұндай құрылым мен осындай әдіске көшу арқылы біз әлем елдерінде кеңінен қолданылатын тәжірибеге жақындайтын боламыз. Мысалы, жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы еңбек қатынасына қатысты дау-дамайлар барлық жерде бар. Осы мәселені реттеуде Жоғарғы Сот тарапынан бастаманың көтерілуі өте орынды. Яғни, еңбек дауын шешетін арнайы сот құрылымы іске кіріссе, ел ішінде көптеп кездесетін осы проблеманың тиімді шешілуі арқылы азаматтардың құқы әділ қорғалады. Баспасөз беттерінен оқып білуімізше, Германияда Еңбек сотының қалай жұмыс істейтіндігі тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін көрсеткен. Еңбек құқының даулы, ал Еңбек кодексінің көлемді болуы бұл қызмет түрінің барлық салаға қатысы болғандығынан туындаса керек. Сондықтан да, Германияда тек қана еңбек дауын шешуге ғана маманданған соттар мен судьялар өте көптеп кездеседі екен. Демек, олардың бұл салада тәжірибелері де аз емес деген сөз. Ал бізде бұл дауды азаматтық іспен байланыстырып қарай беретіндіктен, тәжірибесіздіктен көп зардап шегіп жататын жандар да кездесіп жатады. Орайы келгенде, құқықтық тұрғыдан қорғалушы азаматтарымыз тәжірибесіздік құрбанына айналмауы тиіс дегіміз келеді. Жалпы, қоғамда еңбек дауларын оңтайлы шешу арқылы әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайының жақсара түсуі қамтамасыз етіледі. Нақтылай түссек, өткен жылдың екінші жартысында Мемлекет басшысы үлкен жиындардың бірінде шетелден келетін инвесторлардың өз елімізде зау­ыт, кәсіпорындар салуы үшін заңнамалық тұрғыдан барынша жағдай жасалу керектігін де нақтылап тұрып айтқан болатын. Тіпті, оларға салықтық жеңілдік қарастыруды да тиісті органдарға оңтайлы етіп шешуді тапсырды. Ал енді осы сөз менің қызметіммен және әлеуметтік жағдайыммен тікелей байланысты. Ол қалай дейсіз бе? Мен қызмет атқарып жүрген құрылыс компаниясының негізгі инвесторы шетелдік компания болып табылады. Ал салып жатқан ғимаратымыз мемлекеттік маңызы жоғары, алып құрылыс нысаны. Биіктігі 320 метр болатын «Абу Даби Плаза» Орталық Азиядағы ең сәулетті ғимараттың біріне айналып, энерготиімділік тұрғысынан Гиннестің рекордтар кітабына енгізіледі деп болжануда. Бұл жерде қазіргі кезде 2 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Егер мұнда заңдық норма дұрыс үйлестірілмесе, осыншама еңбек дауы туындау қаупі жоғары. Қалай дегенде де, біздің мыңдаған отандасымыздың еңбек етіп, нәпақа айырып, отбасын асырап отырған жұмыс орны шетелдік инвесторлардың тікелей қаржыландыруымен жүзеге асуда. Туындаған қандай да бір даулы мәселенің төрелігін сот айтып, соңғы нүктесін судья қоятындықтан инвесторларға керегі – сот қызметінің тазалығы, әділеттігі, тең шешім шығара білуі. Міне, осы құндылықтар біздің сот жүйесінде сақталса, инвесторлар көптеп келе бастайды. Ал инвестордың келуі біздің ел тұрғындарының жұмысбасты болуы арқылы әлеуметтік тұрмысының түзелуі. Оның жарқын көрінісі ел экономикасының гүлденуі дер едік. Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы Қазақстан судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзінде: «ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі», деді. Демек, онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті, ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтар әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін еместігі айқын.

Сәбит ОЛЖАБАЕВ,

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276