Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 7945 0 пікір 25 Тамыз, 2015 сағат 16:07

АЙДЫНДЫ ҒАРЫШҚА ҰШЫРЫП НЕ ТАБАМЫЗ?

Көп жағдайда біздер өзімізді ғарыш кеңістігін игеруге күш салған экономикасы қуатты елдердің қатарына қосып, көкірек керіп мақтануға құмармыз. Соңғы уақытта ағылшынның әйгілі әншісі Сара Брайтманның орнына жерлесіміз Айдын Айымбетовтың ғарышқа ұшатыны мәлім болғалы бері, біз үшін ғарыш қол созым жерде тұрғандай болды. Әрине, ұзақ жылдардан бері жаттығу жасап, ғарышқа ұшуға дайындалған жерлесіміздің ғарышқа ұшқанына қарсы емеспіз. Бірақ бәрі жөнімен болса қанеки. Сондықтан тілімізді тістеп, үнсіз қалуды жөн көрмедік. Бұл мәселеге қатысты айтар базынамыз бар.  

Жалпы, А.Айымбетовтың ғарышқа ұшуынан Қазақстанның экономикасымен ғылымына қандайда бір пайда бар ма? Біздіңше, ешқандайда пайда жоқ. Тек Қазақстаннан үш бірдей ғарышкер шықты деген дүрдей атаққа ғана малданамыз да қоямыз. Қазіргідей қаржылық-экономикалық қиыншылықпен бетпе-бет келген кезеңде А.Айымбетовтің жолына қыруар ақшаны шашып, ғарышқа ұшыру барып тұрған ысырапшылдық.

Ағылшын әншісі С.Брайтман «Союз» ғарыш кемесімен үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде халықаралық ғарыш стансасына ұшуы керек еді. Әлдеқандай себеппен әнші ғарышқа ұшпайтын болды. Бұдан кейін «Роскосмос» компаниясы А.Айымбетовтың ағылышын әншісінің орнына ғарышқа ұшу мүмкіндігі пайда болғанын мәлімдеді. Бүгінде сол ақпарат шындыққа айналып отыр. Ғарышқа ұшу үшін Ресей азаматы болуға ықылас танытқан А.Айымбетов ғарышқа ұшатын болды. Сонда ол әнші С.Брайтман сияқты ғарышқа турист сияқты саяхаттап қайта ма? Жағдайды саралаған адамға солай көрінуі мүмкін. Иә, А.Айымбетовтың ғарышкер екенін білеміз. Ғарыш кемесі басы артық адамды тиеп алып жүре беретін пойыз емес. Әр адамның өзінің міндеті нақтыланған. С.Брайтман турист ретінде ұшпақшы болғаны көпшілікке мәлім. Әнші он күнге созылатын саяхаты үшін «Роскосмос» компаниясына 30 млн. доллар төлеуге уағдаласқан еді. Біздің түсінуімізше, С.Брайтманның орнына ғарышқа ұшқан адам ақысын төлеп, ғарышқа саяхат жасап қайтуы керек. Сонда ғарышқа ұшайын деп жатқан ұланымыз турист болғаны ма? Осы сұрақ біздің қатты мазалағанын жасырып қайтеміз.

21 шілде күні «Егемен Қазақстан» газетіне Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров сұхбат беріпті. Көкейде жүрген көп сауалға осы сұхбаттан жауап табатын шығармыз деген үмітпен сұхбатты бастан-аяқ бар зейінімізді қойып оқып шықтық. Ағамыз А.Айымбетовтың адамгершілік қыры жайында көп баяндап, мақтау сөзін аямапты. Өз кезегінде Т.Әубәкіров алдағы қыркүйекте көкке самғайтын «Союз ТМА-18 М» ғарыш кемесінің командирі – ресейлік Сергей Волков, бортинженер – даниялық Андреас Могенсен, ал екінші бортинженер қызметін жерлесіміз Айдын Айымбетов атқаратынын алға тартты.

А.Айымбетовтың ғарышқа ұшуынан Қазақстанның экономикасымен ғылымына қандайда бір пайда бар ма? Біздіңше, ешқандайда пайда жоқ. Тек Қазақстаннан үш бірдей ғарышкер шықты деген дүрдей атаққа ғана малданамыз да қоямыз. Қазіргідей қаржылық-экономикалық қиыншылықпен бетпе-бет келген кезеңде А.Айымбетовтің жолына қыруар ақшаны шашып, ғарышқа ұшыру барып тұрған ысырапшылдық.

Сұхбат барысында газет журналисі «Бұл ұшу Қазақстанға не береді?» деген көпшіліктің көкейін тескен сұрағына тұңғыш ғарышкеріміз былай деп жауап беріпті: «Қазақстан ғарыш саласын мейлінше игеруді ұмытқан жоқ. Ғаламат жоспарлар жасалды. Оның көрінісі, міне  тағы бір ғарышкеріміз ұшуға дайындық үстінде. Ғарыш ілімінің бүгінгі ғылым көшінің басында тұрғанына ешкімнің дауы бола қоймас. Ғарышты игеру – әлем елдерінің қолжетпес арманы. Сол үшін де олар ғылыми-салалық бір ортаға бірігуге ынталы. Міне, осы арада, баршамызға белгілі себептерге қатысты Қазақстанның мүмкіншілігі сөз етіп отырған салада басымдыққа ие. Білдіңіз бе? Осы жағынан келгенде Айдынның болашақ сапары – қазақ халқының, Қазақстанның үлкен жеңісі дер едім», – деп бұлдыр жауап беріпті.

Иә, ғарышты игеруге күш салғанымыз жақсы. Бірақ, қыруар ақша жұмсап көкке көтерілейін деп тұрған ғарышкеріміздің алға қойған мақсаты айқын болса, қандай жақсы болар еді. Бұл ретте бәріне А.Айымбетовті кінәлай берудің жөні жоқ. Осындай штаттан тыс жағдайлар орын алған сәтте Қазақстанның Аэроғарыш комитетінің ғарышты игеруге қатысты шұғыл іс-шара жоспары болуы керек еді. Өкінішке орай, комитет төрағасы Талғат Мұсабаев әбжілдік танытып, күнібұрын жоспар дайындай алмағаны анық. Дайындалған жоспар болса, оны Тоқтар Әубәкіров білер еді. Сондықтан бұл жолы А.Айымбетовтың ғарышқа ұшуы «Қазақстаннан үш ғарышкер шықты» деген есепті толықтыру ғана болайын деп тұр.

Таяуда «Роскосмос» компаниясы біздің «Қазғарышқа» А.Айымбетовты Байқоңырды жалға беру өтемақысы есебінен ұшыруға дайын екендерін мәлімдеді. Сонда А.Айымбетовтің ұшу ақысы орыстардың есебі бойынша бір миллиард жүз миллион рубльді, яғни 20 млн. долларды құраған. «Роскосмостың» есепшілері: «Бұл сома коммерциялық емес, тиімді ұсыныс болып табылады. Себебі, коммерциялық баға 50 млн. долларын құрайды», – деп қазақтардың есеп-қисаптың жөнін білмейтіндердің қатарына қосып жібергені ренішімізді (ашулануға да болар еді) туғызғанын жасырып қайтеміз. Ал коммерциялық бағытта ғарышқа саяхат жасауды көздеген ағылшын әншісі С.Брайтман он күндік сапарға 30 млн. доллар төлеуге келіскенін «Роскосмос» жарты әлемге жар салған еді.

Сонда «Роскосмос» Ресейдің құдай қосқан көршісі, айнымас серігі Қазақстан азаматтарына коммерциялық бағытта ғарышқа саяхат жасау үшін 50 млн. долларға дейін «жеңілдік» жасап отырғанын қалай түсінуге болады? Осы бір қарапайым жайттан-ақ, «Роскосмос» Қазақстанды ғарышты игеруде әріптес ел санамайтынын аңғардық. Қазақстанның мүддесін қорғауға тиіс ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев болса бұған тағы да бас изеп, келісімін берді. Енді 2016 жылы Ресейдің Байқоңырды жалдау ақысының біраз соммасы қазынаға түспей қалуы мүмкін. Мемлекеттік бюджетке түсетін миллиондаған доллар А.Айымбетовтың «асыл арманын» іске асыруға бағышталады.

Таяуда «Роскосмос» компаниясы біздің «Қазғарышқа» А.Айымбетовты Байқоңырды жалға беру өтемақысы есебінен ұшыруға дайын екендерін мәлімдеді. Сонда А.Айымбетовтің ұшу ақысы орыстардың есебі бойынша бір миллиард жүз миллион рубльді, яғни 20 млн. долларды құраған. «Роскосмостың» есепшілері: «Бұл сома коммерциялық емес, тиімді ұсыныс болып табылады. Себебі, коммерциялық баға 50 млн. долларын құрайды», – деп қазақтардың есеп-қисаптың жөнін білмейтіндердің қатарына қосып жібергені ренішімізді (ашулануға да болар еді) туғызғанын жасырып қайтеміз. Ал коммерциялық бағытта ғарышқа саяхат жасауды көздеген ағылшын әншісі С.Брайтман он күндік сапарға 30 млн. доллар төлеуге келіскенін «Роскосмос» жарты әлемге жар салған еді.

Біз қанша жерден көкірек керіп мақтансақ та ғарышты игеруге қауқарымыз жетпеcі анық. Соңғы жиырма жылда Қазақстанда ғарыш саласын жетік меңгерген мамандар даярланған жоқ. Егер Байқоңыр Қазақстанның иелігіне толықтай өтетін болса, ол жақтан ресейлік мамандардың бәрі кетіп қалатыны белгілі. Бұл салада жұмыс істейтін инженерлік құрамның өзі қазірдің өзінде тапшы. Ресейдің орнын басатын АҚШ пен Еуропа елдері жабдығы әбден тозған Байқоңырға қызығушылық танытуы екіталай.

Өйткені, Байқоңыр ғарыш айлағындағы техниканың көбі ескі, жаңа технологиялардың біразын Ресей тарапы енгізгенімен онда әлі күнге қазақ даласын улап жатқан улы отынды пайдаланатын «Протондар» ұшырылады. Сондықтан технологиясы дамыған елдер Байқоңырды игеруді қолға алса, оған қомақты инвестиция салуына тура келеді.  Біздің бұл пікіріміздің ақпарат құралдарына берген түсініктемесінде саясаттанушы Досым Сәтбаев: «Ғарыш саласы ақша ғана талап етпейді, сонымен бірге мол тәжірибе мен мамандарды да қажетсінеді. Өкініштісі сол, бізде оның екеуі де жоқ. Ресей оқу орындарында ғарыш технологиялары мамандығында біздің болашақ мамандарымыз білім алғанымен, біз қажетті мамандар тобын бәрібір даярлай алмадық», – деп қуаттаған еді.

Ғарыш саласының басына екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаев келгенде Қазақстанның ғарыш саласын игерудегі жоба-жоспарында ілгерілеу орын алатын шығар деп үміттендік. Онымыз бекер болды. Тәкең келген бетте еліміздің ҚазСат жер серігінен айырылып, абыройымыз айрандай төгілгені белгілі. Төбемізден Протонның құлауы да үдей түскені жасырын емес. Әрине, Талғат Мұсабаевты білікті ғарышкер екеніне иненің жасауындай күдік келтірмейміз. Ал оның Аэроғарыш комитетін басқарудағы менеджерлік біліктілігіне қатысты біраз сын айтуға болады. Қазіргі таңда жұрт қарапайым көлікті сақтандырып, оқыс жағдайға душар болып жатса, шығынын өндіріп алу үшін өтемақы алып жатады. Осы ретте Т.Мұсабаевтың «Роскосмостан» қиралаңдап көкке көтеріліп, соңын ала құлап жатқан Протондарын халықаралық сақтандыру компанияларында сақтандыруды неге талап етпейді. Егер Протон апатқа ұшырағанда сақтандыру компанияларынан өтемақы алып, экологиялық ахуалды реттер едік. Әдетте, Аэроғарыш комитетінің төрағасы ғарышты игеруге қатысты Алатаудай амбициясын ірі жиындарда ұдайы айтып жүретінін білеміз.

Біздіңше, Тәкең бірінші кезекте ғарыш саласына қызыққан қазақ жастарын шетелде көптеп оқытып, білікті мамандар шоғырын қалыптастыруға күш салуы керек еді. Бұл бағытта да мардымды жұмыстар атқарылмағаны белгілі. Маман болмаған соң, Байқоңырдың бізге қажеті қанша? Айта берсең әңгіме көп.

Осы жолы Тоқтар мен Талғат соңынан ерген інілері Айдынға «Қыруар ақша жұмсап, бұл жолы ғарышқа ұшпай-ақ қой. Сол қаражатты ғарыш саласын игеретін мамандар даярлауға жұмсайық» деп ақыл айтуға жарамады. Бұл сөзді Әубәкіров айтса күншілдер «байдың асын байқұс қызғаныпты» деп пыш-пыш әңгіме таратар еді. Біздіңше, бұл сөз бүкіл саланың жауапкершілігін мойнына алған Мұсабаевтың аузынан шығуы керек еді. Амал не, Талғат мырза Айдынның аптығын басып, экономикалық мүддемізді қорғай алмады. Тағы да «Роскосмосқа» майшелпек болғанымыз жанға батады.

Жарбол КЕНТҰЛЫ

Қала мен Дала газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1501
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3272
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5686