ДІНИ ІЛІМДІ ДҰРЫС ЖОЛДАН ІЗДЕЙІК
Құрметті еліміздің азаматтары, қазақ жастары!
Қазіргі қоғамымызда ақпараттық технологиялардың жетістіктері саналатын әлеуметтік желілер арқылы көптеген мүмкіндіктер ашылуда. Соған байланысты қазіргі ел азаматтары, әсіресе жастар мен жасөспірімдер бұл қызметті тұрақты пайдаланады. Ақпараттардың тез тарауына мұрындық болып отырған осы желілер арқылы әртүрлі мазмұндағы бейнероликтер немесе үндеулер, хабарламалар да таралып жатады. Кейбір азаматтар діни мазмұндағы ақпараттарды кездейсоқ жіберсе, кейбір ақпараттар жоспарлы түрде таратылады. Сол арқылы адамдар бір-бірлерімен танысып, көзқарастарын бөлісіп, біртекті ұстанымдағы адамдар бірігіп топ құрып жатады.
Алайда, көптеген белгісіз ақпараттар мен хабарламалар азаматтарымыздың діни көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Олардың ішінде ең белсенді таралып отырғаны еліміз үшін дәстүрлі емес болып саналатын діни ұйымдар мен топтардың, тіпті экстремистік, теріс сенімдік мәліметтер деуге болады. Сондықтан қазіргі діни жаңғыру, дінге оралу кезеңінде кейбір азаматтарымыздың бұрыс бағыттағы діни көзқарасқа байқамай бет бұрып, діндарлар арасында көптеген түсініспеушіліктерге, қайшылықтарға, кейде әсіредіншілдік (радикалдық) формадағы қимылдарға себеп болып отыр. Осы себепті, дін жолына, имандылық жолына бет бұрғысы келетін, не болмаса діни сауатын жетілдіргісі келетін азаматтар, жастар діни білім мен мәліметтерді еліміз үшін дәстүрлі болып саналатын ақпарат көздерінен алуы барынша маңызды. Ал діни тақырыпта сенімді әрі білікті мәліметтерді таратып отырған ақпарат көздері, олар Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына тиесілі сайттар мен мерзімдік басылымдар болып табылады. Олардың қатарында «e-islam.kz», «muftiyat.kz», «muslim.kz», «azan.kz», «islam.kz, сияқты белді интернет сайттары бар.
Әсіресе «e-islam.kz» сайтында дін саласының білікті сарапшылары оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға лайықты деңгейде жауаптар беріп отырады. Діни көзқарастарымыз бен бағытымыздың сенімді ақпараттардан мәлімет алуы, діни біртұтас пікіріміздің қалыптасуы еліміздің рухани тұрақтылығы мен бірлігі үшін, әрі рухани қарыштап дамуымыз үшін аса маңызды болып табылады. Сондықтан әрбіріміз өзімізге, сенімімізге, отбасымызға, жақынымызға жауапкершілікпен қарайық!!!
Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы
Abai.kz