Қазақ баспасөзінің қарлығаштары
10 мамыр күні «Түркістан уалаятының газеті» шыға бастағанына 140 жыл
10 мамыр күні «Түркістан уалаятының газеті» шыға бастағанына 140 жыл
Осыдан дәл 140 жыл бұрын, 1870 жылдың 10-мамыры күні Түркістан генерал-губернаторы кеңессінде орыс, қазақ және өзбек тілдерінде «Түркістан уалаятының газеті» деген атпен бүкіл Орталық Азиядағы тұңғыш газет жарық көрді. Тәшкенде шыққан осы басылым қазақ баспасөзінің алғашқы үлгісі еді. Ол газет біздің қазіргі газеттеріміздің деңгейіне жетпегенімен, ұлт тілінде басылғандықтан қазақтың ой-пікірінің жаңаша қалыптасуына белгілі дәрежеде әсер етті. Өз заманының озық азаматтарының бірі, оқымысты, публицист Н.П. Остроумовтың айтқанындай: «Түркістан уалаятының газеті» ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда орыстарға Ұлы Петрдің «Ведомостары» қандай қымбат болса, ХІХ ғасырда қазақтарға да дәл сондай маңызды еді. Газетті шығарғандағы отаршыл үкіметтің мақсаты жергілікті ел азаматтарына патшаның бұйрық-жарлықтарын, үкіметтің түрлі нұсқаларын өз тілінде тарату еді. Оған қоса «ғылым-білім, өнер татару, халықты әлеуметтік-экономикалық жағынан зерттеу» мақсаты алға қойылды. «Түркістан уалаятының» тігінділерін қарап отырсаңыз сол кездегі қазақ қоғамы тұрмысында оның қандай маңызды рөл атқарғанын байқаймыз. Ресми жолмен, әр болысқа міндетті түрде таратылып отырған газет беттерінде бұйрық-жарлықтардан басқа хабар-ошарлар, елдің жағдайы туралы материалдар, халық ауыз әдебиетінің үлгілері кең орын алды. Сөйтіп, хат танитын қазақтар ұлан-байтақ мекенінің түкпір-түкпірінде болып жатқан оқиғалардан хабар алатын мүмкіндікке ие болды. Газетте әлемдегі және Ресей мемлекетіндегі жаңалықтарға, түрлі хабарларға елеулі орын берілді. Мысалы: «Біздің орыс жұртының өнерменді адамдары» деген мақала 1870-1874 жылдағы «орыстың су кемесінің жер шарын айналып шыққаны» айтылған. /1877, №3/
«Түркістан уалаятының газеті» қазақ даласына бойлап еніп келіп жатқан капиталистік өндірістік қатынастардың мәнін оқырмандарына қарапайым да түсінікті етіп ұғындырып отырды. Бұл тұрғыдағы экономикалық насихаттың мәні зор еді. Өйткені отарлау саясатына қарай жаңа тұрмысқа бейімделе алмаған қазақ халқы құрып кетудің алдында болатын. Демек, товар-ақша қатынастарын білу, қолдағы шикізатты ұқсатып, қаражатқа айналдыру-халықтың жаңаша дамуының басты шарты елі ғой.
Газет қызметкерлері көшпелі тұрмысты жақсы білетін, қазақ қоғамының алдағы күрделі мәселелердің шешуін таба алатын зерделі азаматтар болатын. Олардың ішінде шаһмардан Ибрагимов - Шоқанның досы, Омбы кадет корпусын бітірген, әрі генерал-губернатордың тілмашы, әрі қазақша, өзбекше газеттің редаеторы міндетін атқарған. Сондай-ақ Хасен Жақышев, заманбек Шәйхәлібеков, Жүсіп Қазыбеков сияқты білімді азаматтар болған.
«Түркістан уалаятының» Арқа аймағына, Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы, Омбы, Семей ояздарына да таратылғаны туралы мәлімет бар. Мысалы, 1877 жылғы 3-санда басылған хатта «Семей жақтың қазақтары қазақ тілінде шыққан бұл газетті қызығып оқитындығы» айтылған. Қарқаралы мен Ақмоладан хабарлар басылып тұрған. Сол 1877 жылдың өзінде-ақ газет бетінде «Егер Арыс өзенінен Түркістанға дейін канал қазылса-қазақтардың егініне су болатыны» маңызды мәселе ретінде көтерілген. Ақмоладан келген бір хат былай делінген: «Жатақ дегеніміз - елдің қазағынан көп ілгері Өйткені көбі орысша біледі, үй-іші болса таза: самауыр, стол, қасық-аяқ, киім-кешегі бәрі түзу. Көшеде екі кісі кетіп бара жатса қайсы бірі жатақ, қайсы бірі елдің қазағы екенін өзіңіз айтпай-ақ танып аласыз» /1875,№27/. Осылайша халықты заман көшінен қалып қоймауға үндейді. Сонымен қатар газет бетінде капиталистік өндіріс қатынастарының сәби мінезді, аңқау қазаққа қатты бататыны да жазылған «Саудагерлер товарларын несиеге сатады да өсім алады, өсімқорлар үлкен олжаға батады, момын қазақ зарарда қалады», - дейді бірде газет тілшісі /1877,№12/.
Қазақ даласында басылып тұрған екінші газет «Дала уалаятының газеті» /1888-1902 деп аталды. Бұл да өкімет орындарының ынтасымен, мемлекет қаржысына шығарылып тұрған. «Түркістан уалаятыа» қарағанда бұл газет едәуір ілгері. Уақытында апта сайын, «ресми» және «бейресми» деген екі бөліммен басылған. Газет сол кездегі өмірдің айнасы десе болғандай. Қатаң бақылау, цензура жағдайында шықса да газет журналистері отарлау саясатына наразылықты тұспалдап айта білген. Мына үзіндіге көз салып көрейікші: «Ақмола облыстық ведомостары» деп алататын орысша басылымға қосымша ретінде «Дала уалаяты» деген атпен шығып тұрған бұл газеттің төңірегінде бірқатар әңгіме айтуға болады. Тіпті, 1894 жылдан бастап «Дала уалаяты» кеңейіп, түрленіп жеке бапасөз органы болды. Әуелде «Дала уалаяты» патша үкіметі мен жергілікті өкімет әкімдернің бұйрық-жарлықтарын қазақ жұртының арасына өз тілінде жеткізіп тұруға арналған еді. Осыған сай газеттің ресми және ресми емес бөлімдері болды. Ресми емес бөлім біздің қазіргі түсінігімізбен қарағанда бұқаралық ақпарат құралының міндетін атқарды. Газет редакциясы төңірегіне генерал-губернатор кеңсесінде жұмыс істейтін оқыған қазақ зиялылары жиналды. «Дала уалааяты» қазақтың алғашқы қаламгерлерін, журналистерін қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Газет редакциясында тікелей қызмет атқарған және жер-жерден үзбей жазып тұрған азаматтардың арасында Дінмұхамед Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсембаев, Қорабай Жапанов, Асылқожа Құрманбаев, Отыншы Әлжанов, Жұбандық Болғамбаев, Ешмұхамед Абылайқанов, Мәшһүр Жүсіп тағы басқаларының еңбегі ерекше. Қатаң цензура, ресми шек қою жағдайының өзінде газет журналистері қазақ қауымының экономикалық және әлеуметтік мәселелерін өз әлінше жап-жақсы көтерді. Бұл кез қазақ жерлерінің Ресей империясына толық қосылып болған шағы еді гой. Әрине, отаршыл саясат ұстанған Ресей патшалығының қазақстанды өзіне қосып алуының прогрестік жақтарын жоққа шығаруға болмайды. Өлкеде өнеркәсіп кәсіп орындары пайда бола бастады, егіншілік, отаршылық негіздері қаланды. Алғашқы орыс-қазақ мектептері қазақ халқын орыс мәдениетіне, сол арқылы Европа мәдениетіне жақындатуда айтулы рөл атқарды. Қазақстан бұрынғы томаға-тұйық жағдайдан сілкініп, қоғамдық еңбек бөлісіне араласты, Ресей және әлем шаруашылығына да ене бастады.
Осынау кең көлемді., түбірлі өзгерістердің әрбір көрінісі «Дала уалаяты» бетінде сөз болып отырған. Тіпті, қазақтың сол кездегі алғашқы журналистерін толғандырмаған бір де бір әлеуметтік-саяси, ғылыми-мәдени мәселе болған жоқ десек артық емес. Қазақ қаламгерлері капиталистік өндірістік қатынастарға көндіге алмаған қазақ халқын құрып кетуден сақтайтын жолдарды іздестірді. Жаңа әлеуметтік және саяси жағдайды түсіндіріп, шаруашылықты жетілдіру негізінде басқа елдер қатарына қосуды үндеді. Газет тігінділерін ақтарып отырғанда айыз қандыратын, ауыз тұшынтатын талай-талай материалдарды көрдік. Қаламгер аталарымыз цензураның қамалын шебер орағытып кетіп, қазақ халқының отарлаушы ұлтпен тең болуы, ұлттық дәстүр мен мәдениетті, тілді сақтау жөнінде сан мәртебе мәселе көтерді. Әрине, газет журналистернің мұндай еркіндігі, «еркелігі» отаршыл әкімдерге ұнай қойған жоқ. Олар әр жолы тобықтан қағып, тұсау салуға тырысты. Осының айғағы ретінде «Дала уалаяты» газетінің бағдары туралы» деп аталған құпия қағаздан біз мынадай сөздерді оқыдық: «Қазақтар сияқты қараңғы халыққа жергілікті бастықтардың бұйрықтары мен жарлықтарынан басқа, шаруашылық жүргізу жөнінде, қазақтардығ өз міндетін дұрыс түсіне білуі жөнінде /байқайсыз ба, құқы емес, міндеттер туралы ғана айтады. З.Т./ мағлұматтар беріліп, бұл шеңберден шықпауын қадағалап отырған жөн болар еді. Ал, Вамберидің «Түрік тарихы» сияқты кітапты қазақшаға аударып басудың қандай қажеті бар еді...»
«Дала уалаяты» 1894 жылғы бірінші санында мынадай құлақтандыру басылды: «Газеттің ресми емес бөлімінде:
І. Ресей империясындағы және оған қарайтын халықтардың арасындағы оқиғалар, әртүрлі жерлердегі шаруашылық бастамалары, сауда-өнеркәсіп орталықтары мен жәрмеңкелердегі жағдайлар, қазақ даласынан шығарылатын өнімдердің қалай сатылатыны туралы мағлұматтар;
ІІ. Өлкенің жағрапиясы, тарихы, этнографиясы бұратана халықтың тайпалық және тілдік құрамы, көшпенділердің қоғамдық-рулық тірлігі, салт-дәстүрлер, аңыздар, ертегілер сияқты мақалаларды;
ІІІ. Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығына арналған мақалаларды;
ІҮ. Халақ мейрамдарының сипаты, халық арасында белгілі адамдардың өліміне арналған минахибтер /некроло/ мен билер сотының, болыс сиаздарының үкімдері, табиғи құбылыстары мен апаттар туралы материалдар жарық көреді».
Әлбетте, қазақтың алғашқы баспасөз қайраткерлернің ағартушы, ғылым мен білім насихатшысы ретінде басымырақ көрінуінің жөні де бар еді. Бұл тұрғыда олар Шоқан Уалихановтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің идеялары мен ізденістерін жалғастырды. Қазақ журналистері әлемдегі болып жатқан өзгерістерден қазақ халқына лайық орын іздеді, ұлттың құрып кетпеу жолына талпынды. Сөйтті де алдымен қазақтың көзін ашу, көңілін ояту, тірлікке кәсіпке шақыру тұрғысында қажымай еңбек етті. Қыр төсінде ашылған әрбір мектеп, сол мектепке қосылған әрбір ұл мен қыз газет тілшілерін қуантты. Мысалы, «дала уалаятының» белсенді тілшілернің бірі Павлодар оязындағы мектептер жағдайының қиын екендігіне қынжылып: «Туған жерімізде ғылым-білімнің қуанышты сәулесі қашан түсер екен? Біздің қазақ ғылым-білімнің пайдасын қашан түсініп, игілігін көрер екен? Қыр мектептерінде де лайықты мұғалімдер қашан көбейер екен? Елдегі болыстар партия болып билікке таласқанша осынау маңызды іске ден қойса болмай ма? /1895, 5-наурыз/, - деп жазды. Екінші бір тілші Асылқожа Құрманбаев қазақ даласындағы ауыл шаруашылығы кәсібіеің мектептері туралы жазды. «Сол мектептердің бірінде төрт жарым жыл, бірінде біржарым жыл істегенім де байқағам - оларға кедейлер ғана балаларын береді. Ал ауқаттылар бұл мектептердің керекктігін түсінгісі келмейді, мәңгі бай болып тұра беремін деп ойлайды». /1894,20-наурыз/.
«Дала уалаятының» жетекші авторларының бірі, едәуір сол газеттің редакторы біздің жерлесіміз Рақымжан Дүйсембаев болды. /Ол Қарқаралы өңірінде туып өскен/. Рақымжанның журналист ретінде қалыптасуының өзі қызық. Әуелі қатардағы аудармашыдан бастаған Р. Дүйсембаев қалымды қаламгерлік қасиетін тез-ақ көрсетті. Ел өмірін жақсы білетін, сауатты, азаматтық қаламынан шыққан мақалалар батыл әрі мазмұнды, тілі орамды келеді. Мысалы, біз оның 1895-1896 жылдары жазған проблемалық материалдарына қарап отырып, қыр экономикасын жете білетіндігін, капитализм заңдылықтарын түбегейлі түсінгенін аңғардық. «біздің қазақ күннен-күнге кедейлеп барады. Жерін-суын ықшамдап, үкімет алып қойғаннан кейін бұрынғы кең жайлау, құтты-қыстау көзден бір-бір ұшты. Патшаның қоныстандыру саясатына қарсы тұратын күш жоқ. Ендігі жол - біреу ғана, ол - әркім өз шаруасын түзеуі, малын, оның еті мен сүтін, терісі мен жүнін ұқсатуы. Бірақ мұны түсінетін қазақ жоқ. Әлі көкке қарап, тәңірінің мейіріміне қол созып отыр. Жұт болып, малы қырылса - алланың әмірі, құрғақшылық болып егін-шөп шықпай қалса - алланың әмірі деп жансыз-күйсіз ұйқыда жатыр. Оу, қазақ, не ойлағаның бар?!» Дәл осы сөздерді қазіргі нарық экономикасы жағдайындағы халқымыздың атына айтылған демеске шара жоқ. «Мен қазақпын, текке аштан өліп, көштен қалғым келмейді. Қазақ өз өмірі, тұрмысы үшін өзі талпынуы қажет.
Ресей патшасының отаршылық саясаты асқынып, жергілікті халықтың басты байлығы - жерін тартып алуы қазаққа өте қиын тиді. Әсіресе, казак әскерлеріне ең құнарлы, тәуір жерлер берілді. Ал, қазақ болса, сол жерлерге түскен малы үшін айып төлеуге тиіс еді. Зайсаннан Егінші Бишарин деген лақап атпен хат жазған тілші газет арқылы өкімет әкімдеріне былайша сұрақ қояды: «Қазақ-орыстар қазақтарға Кендірлік өзенінің суын бермей қоюға хақысы бар ма? Қазақ-орыстардың бейітін шәйіп кетеді деп өзенді байлап, суын бұруға хақысы бар ма? Онда да бейітті бсқа жерге неге көшірмейді?» Міне, жер дауына арналған мұндай хаттар газетте жиі басылды. «Қазақ-орыс» линиясы деп аталатын болғаны да өкіметтің бассыздығы екені көрсетілді. Қоныс аударғандар, қазақ-орыстар әскері көбійген сайын жергілікті халықтың тұрмысы құлдырай берді. Жерінен, суынан айырылған қазақ шаруалары орыс поселкелеріндегі бай-құлақтарға құл болып жалданды. Мұндай жағдайлардың Зайсанда, Қапалда, Ақмолада және Қарқаралыда өршіп бара жатқанын газет күйіне жазды. Не істеу керек, амал қайсы? Қазақ өз шаруасын түзеп, кәсіппен айналыспаса құриды. Жоғарыда аталған Рақымжан Дүйсембаев Қазақстанның Солтүстік ауылдарына шығып жүрген кезінде өзі бас болып май шайқайтын кәсіпорын құрмақ болған. Маңайдағы шаруалардың сиырларын бір жерге жинаттырып, саудырады, майын жәрмеңкеге шығарып саттырады. «Шикізат күйінде мал өнімдері қазақты байытпайды, деп жазды Рақаң. - Сойылған малдың терісін, қырқылған жүнін ең болмаса тұздап, жуып құндырақ етіп неге сатпасқа? Малдың тұқымын да асылдандыру керек». «Дала уалаяты» өлкені басқарудың құрылымы, сот-тергеу тәртібі, сайлау жүйесі сияқты саяси мәселелерден де тартынбады. «Демократия» деген желеумен қазақ ауылдарында өтетін болыс сайлаулары халықтың берекесін кетіріп отыр, - деп жазды Керекуден Қорабай Жапанов. - Алдау, арбау, парақорлық, арызқойлық сияқты кесел осы сайлаулардың әсерінен болып отыр. Сайлауы құрсын, өкімет өзіне жаққан адамды тікелей неге тағайындайды?». Ағартушылық бағыт ұстанған газет бетінде ғылым-білім насихаты ерекше орын алады. Мына бір қызық жайды айта кетейік. 1897 жылдың ІІ мамырында газетте оқырманның мынадай бір хаты жарияланды:
«Оразаның 24-і күні, яғни наурыздың 7-сі күні екінді шамасында Зайсан оязының халқы оңтүстіктен аса зор жарық жұлдыз көрді. Жарық жұлдыз доға жасап батысқа қарай жылжып өтті. Аспанда әппақ орасан ұзын із қалды. «Жұлдыз» көзден ғайып болғаннан кейін кемінде 150 шақырым жерден күркіреген күшті дыбыс естілді. Біздің ойымызша жұлдыз тарбағатайға құлаған болуы керек. Ойлаймыз, бір ғажап болатын шығар деп. Халық қорқып отыр, мұндайды көрмеген едік/. Редакция хаттың соңына шағын ескіртпе беріп басыпты. Онда «қорқатын ештеңе жоқ, табиғаттың бір құбылысы шығар. Келер жолы оқымысты адам мән-жайды түсіндіріп барді». Айытқандай-ақ, маусымның басында «дала уалаяты» бұл мәселеге қайта айналып соғып, «Құйрықты жұлдыздар» /№22, 1897/ деген көлемді мақала жариялады. Онда астрономия деген ғылым бар екенін, оның зерттейтін мәселелерін түсіндірді. «Құйрықты жұлдыздар» дегеніміз тұманды жарық немесе тұманды қабыршық, ал үлкен домалақ - оның басы жарқырап тұрады. Шашы жан-жаққа сәуле шашады. 1811 жылы Гершель деген астроном осындай бір құйрығы 30 миллион шақырым кометаны ашқан еді. 1758 жылы Галлилей тағы бір комете ашты, ол 75 жылдан кейін адамдарға көрінуге тиіс еді. Расында 1835 жылы жер бетіндегі адамдар Галлилейдің кометасын көрді». Осыны жаза отырып, газет танытады, деп оқырмандарына кеңес береді.
1889 жылы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсаринның дүниеден қайтуына байланысты «Дала уалаятында» минақип /некролог/ басылды. Онда Ыбырайдың қазақ жұртына Европа мәдениетінің танытқан ұлы ағартушы екендігі, халық үшін атқарған өлшеусіз ісі айтылған. Шоқан Уалихановтың 60 жылдығына байланысты, Ғабдолла Тоқай және Доржи Банзаров құрметіне мақалалар басылды. Сонда олардың бәрі өз халқының бақыты үшін өмірін сарт еткен, халқының ары мен абыройы деуге тұрарлық азаматтар ретінде мадақталады. Жастарды сондай ұлы ғалымдардан өнеге алуға үндейді. Г.Н. Потаниннің «қазақ зиялыларының міндеттері» /1894ж. 8 мамыр/ деген мақаласын аударып басудың да насихаттық мәні бар. Қазақ оқырмандары «Дала уалаяты» бетінде тұңғыш рет В.А. Жуковскийдің, А.С. Пушкиннің, И.А. Крыловтың, Н.Н. Тольстойдың, Г.Н. Успенскийдің, Мамин Сибиряктың шығармаларын өз тілінде оқып, танысты. Газеттің мазмұнды, ғылыми жағынан салиқалы шығуына А. Алекторов, В.Радлов, Г. Потанин, А. Ивановский, Вельяминов-Зернов сияқты әйгілі оқымыстылардың жазғандарын аударып беру де әсер етті. Бұл арада қазақ аудармасының ғажайып дәуірлеу кезеңі дәл сол тұс екенін баса көрсеткіміз келеді. Осы күні қолданылып жүрген көптеген ғылыми, саяси, экономикалық терминдер сол кездің өзінде-ақ қазақшаланған. Газет бетінде украин, грузин, армян, татар, жапон, қытай, литва әдебиеттерінің үлгілері қазақшаға аударылып басылды. Әйгілі «мың бір түн» осы газетте үзінділерімен көрінді. Демек, ұлттық сана оянуына «дала уалаятының» қосқан тағы бір үлесі осындай.
«Дала уалаяты» ұлы Абайдың шығармаларын тұғыш рет өз бетінде тасқа басып шығарды. Осы орайда зерттеуші Үшкілтай Сұбханбердинаның 1964 жылы Абайдың «Ескендір» дастанын жазуына «Дала уалаятының» әсері болуы мүмкін деген жорамалында негіз бар екенін көреміз. 1895 жылы газетте «тәкаппар әскер басы турасынан» деген тақырыппен Александр Македонскийдің сәтсіз жорығы жайында әңгіме басылды. Сұбханбердина осы материалдың авторы Абай емес пе екен? Деген болжам жасайды. Өз мүмкіндігінің қанша шектеулі, құрсаулы болғанына қарамастан «Дала уалаяты» 14 жыл бойына қазақ қоғамының, қазақ жерінің шын мәніндегі айнасы бола білді. Газеттің сандарын ақтарып отырсаңыз халықтың өмірі, қоғамдық сананың дамуы жөнінде шежіреге бергісіз мәліметтер табасыз.
«Дала уалаяты» әлі де болса тұтас қамтылып, зерттелген жоқ. Рас, жекелеген тарихшылар, тілшілер, экономистер қарады, қажет мағлұматтарын сүзіп, оның өзінде маркстік идеология тұрғысында іріктеледі. Оның өзінде зерттеушілер барлық санын түгел қарап шықпады дей аламын. Ал енді мен қайдан көрдім? «Дала уалаятының» алғашқы санынан соңғысына дейін түп-түгел С. Петербургтегі Салтыков-Шедрин атындағы кітапхананың баспасөз қорында сақтаулы. Былғарымен қапталып, түптелген, сыртына «Киргизская Степная газета» деп басылып жазылды. Оны әркімге бермейді. Танысамын дегендерге микрофильмін немесе фотокөшірмесін ғана ұстатады. С-Петербургке үш мәрте барғанымда кітапханадағы шығыс әдебиеті бөлімінің қызметкерлері - татар азаматтары арқылы газетке қолым жетті. Алғашқы көруім 1972 жылы. Шіркін, Қазақстанның баға жетпес ұлттық байлығы ретінде «Дала уалаятының» тігінділерін Алматыға алдыратын күн болса. Иә, жоғарыда «Дала уалаяты» қазақ өмірінің айнасы болды деуім жеткіліксіз. Ол - ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі Қазақстанның толық мәнді энциклопедиясы. Ал 1880, 1900 жылдардың қазақ қоғамы үшін қандай қиямет-қайым, шым-шытырық оқиғаларға толы екендігін әркім біледі.
Кейінгі «Серке» /1907/, «Қазақ газеті» /1911/, «Қазақ» /1913/, «Қазақстан» /1911-1913/ газеттері, «айқап» журналы /1911/ - бәрі осы «Дала уалаятының» үлгісімен шыққан, соның ізін басқан баспасөз оргондары деп сеніммен айтамыз. Оның осы уақытқа дейін өзіне лайық бағасын ала алмай келе жатуының себебі неде? Себебі - біздің идеологиямыздың шамшылдығы, «Қорыққанға қос көрінедінің» керімен ұлтқа, оның тарихы мен мәдениетіне байналысты оқшау түсінік, оқыс пікірден үріккендігіміз. Қазақша-өзбекше шаққан «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» газеттернің шығып тұрған кезінде көрген қоқайы аз болмаса, кейінгі тарих-тағдыры осындай. Тіпті, қазақ баспасөзі тарихының үздік білгірі, ғұлама профессор Хайыржан Бекқожинның өзі сонау 1949 жылы: «дала уалаяты» буржуазиялық құрылыстың идеясын насихаттады» деп жазуға мәжбүр болды ғой. «Дала уалаятының» біз айтқан және айтпаған қаламгерлері оқымыстылығы, білгерлігі, кезінде белсенділік танытқаны үшін буржуазияшыл-ұлтшыл оқығандар деп танылып келді. Патша заманында оңынан ай, солынан күн тумаған сол ардагерлер совет заманында да екі ет, бір май жеген жоқ. Әйтпесе, қарап отырсаңыз газет авторларының кім екендігін мына бірнеше есім-ақ білдірер еді. Олар: Томуниверситетінің түлегі, дәрігер Әміре Айтбақин. Оның бір ұлы Мәскеудегі артиллерия училищесін, екінші ұлы - Мәскеудің мұғалімдер семинариясын, үшінші ұлы - сібір кадет корпусын бітірген. Әуелде газет баспаханасында әріп теруші болып істеген Әбдірахман Қылышбаев С-Петербург университетін бітірді. Әбілфайыз Аппасов пен Жақып Ақпаев біреуі Мәскеудің, екіншісі - С-Петербургтың университеттерінде Заң ғылымы қанықты. Сатылған Сабатаев Мәскеудегі Лазарев атындағы шығыс тілдері институтын тәмәмдады. Отыншы Әлжанов, Асылқожа Құрманбаев Омбыдағы мұғалімдер семинариясында білім алды. Әрине, шағын газет мақаласында «Дала уалаяты» қамтыған мәселелерді саралап шығу мүмкін емес. Дегенмен, осыдан 120 жыл бұрын көтерілсе де, дәл қазір көкейкесті болып отырған мына бір жағдайды айтпауға болмас еді: ол - тіл мәселесі, тілдің тазалығы, тілдің байытылуы, әліп таңдау мәселесі. Қай дәуірде де ғылыми-техникалық революция өзінің игі жемістерімен бірге зиянды зардаптар туғызған. Әсіресе тіл аясын тарылтып, халық тілінің жұтандауына тікелей әсер ететін де осы ғылыми-техникалық революция. Жалғыз қазақ тілі емес, бұл кеселді әлемнің барлық тілдері, оның ішінде орыс тілі де көріп отыр. Әрине, бұл айтқанымыз сөз арасындағы ескірпе ғана.
Иә, сонымен қазақ тіліндегі «Дала уалаяты» газетін шығарушылар ана тіліміздің дағдыры үшін сол кезде-ақ бел шешіп күрескен екен. «Білікті журналистердің бірі Асылқожа Құрманбаев «Қазақ тілі турасында /1894ж. 10-шілде/ былай деп жазды: «Қазақ тілі туралы өз тілін ғана емес, өзге де көптеген шығыс тілдеріне жетік, сондықтан оларды салыстыруға мүмкіндігі болған белгілі Алтынсарин: «Қазақ тілінің байлығы соншалық, онымен кез-келген тақырыпқа кітап жазуға болады» деуші еді... Қазақ тілінің байлығын Алтынсарин сөз жүзінде ғана дәлелдеп қойған жоқ, таза қазақ тілінде орыс әріпімен «Қырғыз хрестоматиясы» деген кітапты жазу арқылы іспет көрсетті. Бірнеше жүздеген беттен тұратын бұл кітапта бір де бір қазақтікі емес сөз жоқ. Ал, «Сөз басы», «Түлкі мен қарға», «Жаз» тағы басқа өлеңдері бөтен тілдерден тазалығымен тамаша екені былай тұрсын оның үстіне қазақ тілінің қазақ өлеңі мен сөз саптауының тамаша үлгісі болып табылады... қазақ халқы мен оның тілін құрметтеушілерге марқұм Алтынсаринның салған жолымен жүрсе жарайды. Оның тілін жөндеп, ережесін бір ізге келтірудегі бастаған ізін әрі қарай дамытса жарайды».
Ал, Рақымжан Дүйсембаев «Қазақша жазу турасында» деген мақаласында тағы бір маңызды мәселе көтерген. «Араб әлібінің басты көмекшісі - ондағы дауысты әріптердің аздығы және сол әріптердің кейде дәстүр бойынша жазыла бермейтіндігі. Сонда ылғи дауыссыз дыбыстар арқылы таңбаланған біріне-бірі ұқсас сөздерді оқу қиындық келтіреді», - дейді де қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алатын алфавит жасау қажеттігін, осы іске тез кірісу қажеттігін айтады. Осы тұрғыда ойымызға мынадай бір маңызды жағдай оралады:
Көпке мәлім, араб жазуында бергі кезге дейін белгілі бір тыныс белгісі болған емес. Сондықтан жалғыз қазақ қана ма, араб жазуын пайдаланған шығыс тілдерінің қай-қайсысында да көпке дейін тыныс белгілері болмады. Алғашқы газетіміз «Түркістан уалаятында» алғашқы сандарында да тыныс белгілері жоқ. Тыныс белгілері қойылмаған соң, бас әріптері болмаған соң сөйлем жігін ажырату оңайға түспегені мәлім. Оны мына мен де өз басымнан кешірдім. Осыны сезген және қазақ жазбасын жетілдіруге іждаһат қылған газет қызметкерлері 1894 жылдан бастап сөйлемдерді бөлуге, сирек те болса сызықша, әртүрлі жұлдызшалар қоюға талпынды. Ал 1896 жылғы тамыздың 4-інен бастап /№31/ тыныс белгілернің жаңа жүйесі туралы арнайы хабар басып, оны газет бетінде қолдана бастады. Бұл хабарда осы күні қолданылып жүрген тыныс белгілерінің сызықшадан басқасының барлығы да көрсетіліп, олардың қолданылатын орындары туралы түсінік берілген. Алайда, бұл тыныс белгілері жүйесін «Дала уалаятынан» басқа сол кездегі баспа нұсқаларының ешқайсысы да қолданбаған. Тіпті бертінге, ХХ ғасырдың басына дейін жарық көрген әдебиеттерде де тыныс белгілері дұрыс сақталмаған. Осы арада басын ашып алатын тағы бір мәселе бой көтереді. Соңғы 2-3 жылдың мұғдарында араб әлібін қазақшаға бейімдеген, тыныс белгілерін қойған Ахмет Байтұрсынов деген тұжырымды жиі естиміз, оқимыз. Ақаңның ғалымдығына, жаңашылдығына пәк келтірмейміз. Бірақ одан бұрын қазақ жазбасын ешкім жетілдірген жоқ деу - жаңсақ пікір. Жоқтан бар пайда болмайды. Бұл арада «Дала уалаятының» еңбегін көрмеу, білімсіздік болар еді. Тілді тазарту, байыту жолдары, оның бірегей грамматикасын жасау туралы мәселе Ақаңнан әлдеқайда бұрын көтерілген. Осы күнгі беделді ғалымдардың өзі мұны байқағысы келмеуі - ақиқатқа қиянат қой. Дәл басқа емес, «Дала уалаяты» бетінде араб әлібін түрлендіру, қазақтың бар дыбысын беретіндей ету және арабтың асты-үсті белгілерін шағындау жөнінде әлденеше рет айтылған. Бұл талпыныстардың нақты авторлары, олардың істерінің нәтижелері баршылық.
Тіл дамуының табиғи процесс екендігін, үзілмейтіндігін Дінмұхамед Сұлтанғазин 1896 жылы былай деп тұжырымдайды: «Әлбетте, қазақ тіліне қай жұрттың тілінен болса да сөз қосуға қарсы келгеніміздің орны жоқ және мүмкін емес..., себебі халықтың тілі, сөзі халықтың өзі тәрізді өсіп-өнеді, өзгереді, түрленеді». Сол Дінмұхамед 1890 жылы терминдер жөнінде мынадай тамаша ойлар айтқан: «Қазақ тіліне кірген орыс сөздері туралы айтатынымыз, бұларды жазғанда сөздердің оңайлығына һәм қазақша қанша ұғымдылығына қарау керек. Қазаққа ұғымды болса орыстардың өз сөйлегендеріне ұқсастырып жазуға тырысу керек. Мысалы, қазақтар «жандарал», «жанарал» дейді, һәм «генерал» дегенді де жақсы пайымдайды. Сол себептен «генерал» деп жазу керек. Орыстың көп сөздері қазақ тілінде ешбір өзгерген жоқ. Мысалы, князң, судья, писар деген сөздер» Бұл айтылғандар дәл қазір, қазақ тілін дамтудың аса бір елеулі кезеңі болып отырған тұста еске алуға тұрады ғой.
Бертін келе «Дала уалаяты» бетінде мемлекеттік саясаттың түбегейлі мәселелерін қозғайтын, отаршылдыққа қарсы бағытталған мақалалар мен хаттар көбейе берді. Цензура мұны байқап қалды, тосқауыл қойып отырды. Тіпті кейбір материалдар қысқарып, «ақ жолдар» да кездесті. Демек, цензураның қиып тастағаны екені көрініп тұр. Оның үстіне редақцияның өзі «цензураның қысқартқаны» деп сілтеме беруден тайынбады. Журналистер еркін ойы үшін қуғындалды. Отар елдің ұлттық санасы оянуынан сескенген патша әкімдері газеттің өресін тарылта түсті. «Дала уалаяты» бірте-бірте солып, көркінен айырыла бастайды. Көбіне шаруашылық, жарнама басылымға ұқсай береді. Сөйтіп келіп, 1902 жылдың сәуірінде «Дала уалаяты», «Ауыл шаруашылығы газетіне айналатыны және онда «Көбінесе шаруашылық және кәсіпкерлік жайы хабарланатыны әйгіленді. Мұны шын мәніндегі «Дала уалаятының» тынысы тоқтағаны деп білеміз. Ал енді таратылған редакцияның журналистері не болды? Мысалы, Рақымжан Дүйсембаев, Отыншы Әлжанов, Жұбандық Болғамбаев соңынан «құпия бақылау» қойылды. Олар саяси сенімнен айырылды. Дінмұхамед Сұлтанғазин тілмәштыққа кетті, Асылқожа Құрманбаев мұғалімдікке жіберілді. 1905-1907 жылдардағы алғашқы орыс төңкерілісі кезінде қазақтың журналистері де елдің еркіндігі үшін тайсалмай күресті. Р. Дүйсембаев Көкшетау түрмесіне қамалып, саяси тұтқын ретінде Архангель губерниясының Котлас деген қаласына жер аударылды. Отыншы Әлжанов пен Жұбандық Болғамбаев қызметінен алынып, жауапқа тартылды. Сатылған Сабатаев шенінен айырылды. Қорабай Жапанов Павлодар оязы Ақсу болысына мұғалім болып кетті.
«Мен бұл журналды ұйымдастырғанда жақсы атымды шығарайын деп, немесе пайда табайын деген ниетте болғаным жоқ», деп жазды 1911 жылы Мұхаметжан Сералин.-«Журналымыз қазақты ілгеріге бастасын, ұйқыдан оятып, санасына сәуле түсірсін». Осылайша 1911 жылы қазақ тіліндегі тұңғыш журнал «Айқап» жарық көрді. «Айқап» алдындағыларға қарағанда «Ересек, есті, тентек» болғанын байқаймыз. Отаршыл үкімет саясатын, әкімшіліктің жергілікті халыққа салқын қабақ танытуын ашық сынады. Сол үшін оның бас жазушысы М. Сералин бірнеше рет айыпты да болды. Патша үкіметінің рұқсат қағазы бойынша тек «әдеби-мәдени тақырыптарға ғана жазып, кәсіпкерлік пен қолөнерді насихаттауға» тиіс журналды қазақ зиялылары басқаша пайдаланды. «айқап» бетіндегі саяси пікірталас, түбегейлі мәселелердің айқын қойылысы дәл қәзіргі оқырманның айызын қандырады.
1905 жылдың маусым айында 14500 қазақтың атынан Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейханов, жақып Ақпаев, Ахмет Байтұрсынов қаламынан тарихқа әйгілі «Қарқаралы петициясы» туғаны мәлім. Онда қазақ халқының мүшкіл жайы баяндалып, патша алдына нақты талаптар қойылған. Міне, осы петицияның үшінші тармағында былай деп жазылған. / Орысшадан аудардық/: «Қазақ халқының күнделікті қажеттіліктерін айқындап отыру үшін қазақ тілінде газет шығару керек, ол үшін цензурасыз газет шығаруды және баспахана ашуды ешкімнің келісімісіз шешетін тәртіп орнату керек». Қандай батылдық, қандай көрегендік. Билеушінің аузына қарап, аңшының тазысындай жалтақтағанбаспасөзде күн бар ма? Әттең, әлі солай ғой. Бірақ бұл талап орындалған жоқ. Рақымжан Дүйсембаевтың газет шығармақ болған ниетіне қойылған тосқауылды білеміз. Оның өтінішіне баспасөз департаменті «Нет никакой необходимости» деп жауап беріпті. 1907 жылғы наурыздың 28-і күні Мемлекеттік думаның депутаты, мұсылмандар партиясының жетекшілері Шаһмардан Қосшығұловтың, Әбдірәшит Ибрагимовтың ынтасымен Петербургте «Серке» атты қазақ газеті шықты. Газеттің алғашқы санында Міржақып Дулатовтың «Жастарға» деген өлеңі және «Біздің мақсатымыз» деген саяси мақаласы басылды. Міржақыптың «Мақсаты» мемлекет саясатына қайшы келіп, «Серкенің» екінші санына тиым салынды.
Бұл кезде татар, башқұрт тілінде бірнеше газет пен журнал шығып тұрды. Қазақ зиялылары өз ойларын, саяси тұжырымдарын сол басылымдарының бетінен білдірді. 1907 жылы Тройцкіде «Қазақ газетінің» бір саны шығып Томда оқитын қазақ жастары «Дала» газетін шығармақ болып еді, ол да іске аспады. 1911 жылы әуелі Бөкей ордасында, кейін Оралда «Қазақстан» газетін Шәңгерей Бөкеев пен Елеусін Бұйрин шығарды. 18-ші санынан кейін ол да жабылды. Революцияға дейінгі қазақ баспасөзінің шежіресін шолғанда газеттер мен журналдардың аталуының өзі қазіргі бізге ой салғандай.
Қазақ қоғамы санасының оянуына өте-мөте себепші болған «Қазақ» газетіне тоқталмасқа болмайды. «Қазақ» 1913 жылғы 2-ақпаннан 1918 жылғы 16-қыркүйекке дейін шығыптұрды. Жаңа дәуірдің шежіресіндей мәні бар газеттің редакторы Ахмет Байтұрсынов еді. Өз тұсында ең көп таралған, оқырманына жақын болған «Қазақ» замана ағымын, саясат аңғарын айнытпай таныды. Кейінде бұл туралы М. Дулатов: «публицист ретінде Ахмет Байтұрсынов ешқандай қаражат болмаса да, 1913 жылдың басында, Орынборда шын мәніндегі тұңғыш қазақ газеті «Қазақтың» негізін қалап, оның бетіндегі қазақ халқының мұң-мұқтажын батыл сөз етіп отырды» деп жазды. «Қазақтың» бітімі мен бағыты қандай болғанын авторлардың атынан-ақ білуге болады. Газетке үнемі қатысып, қалам тербегендер: М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев, А. Боштаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Тұрағұл Құнанбаев, Ғабдікен Құнанбаев, тағы басқалары. Шала сауатты «жазғыштар» емес, өңшең білімді, саясаткер, ойшыл, жігерлі азаматтар. Біздің ойымызша «Қазақ» тек ақпарат, үгіт-насихат құралы ғана емес, қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткерлердің ордасы, гибадатханасы болғанға ұқсайды. Міне, қысқа қайырғанға қазақтың ұлттық баспасөзінің осындай-осындай шоқтықты тұстары, елеулі кезеңдері болған. Баспасөз-шежіре, әдеби тарихи. Ал А. Байтұрсынов айтпақшы: «Тарихи әдебиетті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны әдебиет. Жансыз тән жасамақ емес».
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры
e-mail: zarkyn-42@mail.ru