ӘЙЕЛГЕ КҮЙЕУІНІҢ СМС ЖАЗБАСЫН РҰҚСАТСЫЗ ОҚУ КҮНӘ
Мысырдың бұрынғы мүфтиі әрі шейх Әлі Жұманың айтуынша, асыл дінімізде тек бөгде әйелдің немесе ер адамның денесіне сұқтанып қарауға (көз зинасын айтып отыр – ред.) ғана тыйым салынбаған, сонымен қатар, адамның басқа біреудің өзгелерден жасыратын құпиясына үңілуі де құпталмайды. Бұл туралы Islam.kz жазды.
«Ислам бөгде біреудің құпиясына қызығушылық танытуға тыйым салады. Адамдар тек Алламен ғана оңаша қалсын. Ер мен әйел бір-бірінің телефонынан тың тыңдап, тексеруге әуес болмауы керек», - деп мәлімдеген Әлі Жұма.
Ол ерінің немесе әйелінің телефонын тексерудің арты жақсылыққа апармайтынын алға тартты. Дәлірегі, мұндай әрекеттер ерлі-зайыптылардың арасына от тастап, түбінде шаңырақтың шайқалуына апарып соғуы мүмкін екенін айтты.
«Ол құпия еткенді Жаратқанның өзіне қалдырыңдар. Әйелім 42 жыл бойы мені бірде-бір рет аңдыған емес. Мен де оның қалта телефонына үңілген емеспін», - дейді ол артынша.
Адамның жеке бас өмірін қастерлеу Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) сүннеті екенін еске салып өтті шейх сөз арасында.
Абай-ақпарат