Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3634 0 пікір 16 Тамыз, 2015 сағат 02:00

АТЫРАУ - ЖЕЛ МЕН КҮННЕН ҚУАТ ЖИНАЙТЫН ӨҢІР

Атырауда баламалы электр энергиясының жаңа түрін өндіретін станса салынады.

Таулары мен қыраттары жоққа тән жазық далада орналасқан Атырау облысы жел мен күннен қуат жинауға таптырмайтын өңір. Қазірдің өзінде Атырау облысында желден энергия өндіретін қондырғыларды пайдаланып отырғандар бар. Енді Жылыой ауданының аумағынан күн сәулесінен қуат өндіретін арнайы станса салу ісі қолға алынып отыр. Қазірдің өзінде бұл жобаны іске асыру үшін арнайы жер телімі берілді. Елімізде алғаш рет іске асырылатын жоба бойынша 10 МВт электр энергиясын өндіру жоспарланған. Жобаға шетел инвестициясы салынбақ. Оны іске асыратын мердігерлікке «Экопроект-Құлсары» серіктестігі таңдалып отыр. Құлсары қаласында тұратын кәсіпкер Асқар Секербаевтың баламалы энергия өндіретін стансасының инновациялық жобасы тиісті мемлекет тарапынан қолдау тауыпты. Оның айтуынша, күн сәулесінен жиналатын электр қуатын өткізу мәселесі шешіліп тұр. Атырау даласында өндірілген баламалы электр энергиясын «KEGOC» АҚ сатып алып, 15 жыл бойы ортақ желіге қосады. Бір КВт энергия құны –37 теңге. Стансада жинақталған энергиямен 1000 тұрғын үйді қамтуға болады. – Күн сәулесінен энергия өндірудің еш қиындығы жоқ. Өте қарапайым тәсілмен, яғни, фотоэлектрлік модульдар арқылы күн сәулесі электр қуатына айналдырылады. Энер­гия аккумуляторларға жиналып, кабельмен ортақ желіге қосылады, – дейді жоба идеясының иесі Асқар Секербаев. Дегенмен, оның пікірінше, бұл салада мамандар өте тапшы, сонымен бірге, басқарушылар да жетіспейді екен. Бұл тығырықтан шығу жолы бар ма? Үкімет аталған салада мамандар даярлаудың жоспарын Германияның Эко­номика және энергетика федералды министрлігімен, сондай-ақ, «Тұран-Профи» академиясымен бірігіп жасақтапты. Осындай мәміле аясында баламалы энергия өндіруші кәсіпорындардың жетекшілерін Германияда тағы­лымдамадан өтуге жіберіпті. Енді жақында олар Германиядағы Киль қаласында тағы бір рет тағылымдамадан өтеді. Шындығында, бұл ерекше жоба болғалы тұр. Оны ұсынған Асқар Секербаев құрылыс жұмысын әне-міне бастамақ. Құрылыс жұмыстарына 150 адам тартуды көздепті. Күн сәулесін электр энергиясына айналдыратын стансаны іске қосу алдағы жылдың мамыр айына жоспарланып отыр.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5439