«АЛТЫН БЕЛГI» ИЕГЕРЛЕРIНIҢ 30%-Ы ОҢТҮСТIКТIҢ ОҚУШЫЛАРЫ
Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұловтың төрағалығымен өткен мәжiлiсте өңiрдегi бiлiм мекемелерiнiң жаңа оқу жылына дайындығы және мектеп оқушыларын оқулықтармен қамту жайы қаралды. Жиынға басқарма басшылары мен аудан, қала әкiмдерi қатысып, күн тәртiбiне қойылған мәселе бойынша облыс әкiмiнiң орынбасары Ерлан Айтаханов баяндама жасады.
Бiлiм саласында атқарылған жұмыстар жөнiнде хабарлама жасаған Е.Айтаханов бүгiнгi таңда өңiрiмiзде мектепке дейiнгi ұйымдардың саны 1454-ке жетiп, оларға 157780 бала қамтылғандығын атап өттi. Облысымыз республика көлемiнде бiрiншi болып балабақша жүйесiн мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк шеңберiнде кеңейтудi қолға алғандығын мәлiмдеген облыс әкiмiнiң орынбасары қазiрдiң өзiнде мемлекеттiк-жекеменшiк әрiптестiк негiзiнде 647 балабақша iске қосылып, ол өңiрiмiздегi жалпы мектепке дейiнгi ұйымдар үлесiнiң 44,4 пайызын құрап отырғандығын жеткiздi.
– Жалпы мектепке дейiнгi ұйымдарға 3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткiшi 78,3 пайызға жетiп, мемлекеттiк бағдарламаның жылдық жоспары артығымен орындалды, – дедi Ерлан Қуанышұлы.
Былтырғы оқу жылында 1022 мектепте 562621 оқушы бiлiм алып, ҰБТ-ға мектеп бiтiрушiлердiң 69,8 пайызы қатысқан. Облыстың орта балы өткен жылдан 4,2 балға көтерiлiп, 78,7 балды құраған. Ал, «Алтын белгiге» 608 түлек ие болып, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 172 түлекке артқан.
– Бұл республикадағы «Алтын белгi» иегерлерiнiң 30%-ын құрайды, – деп атап өттi облыс әкiмiнiң орынбасары.
Мұнан кейiн бiлiм беру ұйымдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары баяндалды. Биыл облыста республикалық және облыстық бюджет есебiнен 104 бiлiм нысанының құрылысы қолға алынған. Оның iшiнде жыл аяғына дейiн 67 жаңа бiлiм нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып, қазiрге дейiн 37-сi пайдалануға берiлген. Сонымен қатар, жыл басынан берi ғимараты апатты деп танылған мектептерге жаңа 19 мектеп ғимараты салынған. Жыл соңына дейiн осы санаттағы тағы 10 мектептiң құрылысын аяқтау жоспарда бар. Қалған 17 мектептiң құрылысын алдағы екi жылда аяқтау көзделген. Сондай-ақ, 100 бiлiм нысанында жүрiп жатқан күрделi, 697 бiлiм мекемесiндегi ағымдағы жөндеу жұмыстары таяу арада аяқталады.
Бiлiм мекемелерiнiң қысқы жылыту маусымына дайындығы жөнiнде ақпар берген облыс әкiмiнiң орынбасары 1479 бiлiм беретiн мекемелердiң жылу жүйелерiне қысымдау-сығымдау жұмыстары 94 пайызға атқарылғандығын, қажеттi қатты отынның 72 пайызы, сұйық отынның 80 пайызы тасымалданғандығын, табиғи газбен жылытылатын 355 бiлiм мекемелерi газ тасымалдаушы мекемелермен келiсiмшарттар түзгендiгiн тiлге тиек еттi.
ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi әзiрлеген кестеге сәйкес облыстағы мектептер 2015 жылы 4, 5, 6, 11-сыныптарға арналған оқулықтармен, оқу-әдiстемелiк кешендерiмен және 3-сыныптың ағылшын тiлi мен 7-сыныптың информатика пәнi оқулықтарымен қамтылуы тиiс. Осы орайда аудан, қала әкiмдiктерi 12 баспамен жасаған келiсiмшарттар негiзiнде келiп түскен оқулықтарды мектептерге тарату жұмыстарын жүргiзуде. Бұл бағыттағы межеленген жұмыстар жаңа оқу жылы басталғанға дейiн жалғасып, бiлiм мекемелерi қажеттi оқулықтармен толық қамтылмақ.
Мәжiлiстi қорытындылаған облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов жаңа оқу жылына дайындық күн тәртiбiндегi ең өзектi мәселе екендiгiне ерекше тоқталып, аудан, қала әкiмдерi мен басқарма басшыларына бiлiм беру ұйымдарындағы құрылыс, жөндеу жұмыстарының өз мерзiмiнде атқарылуын бақылап, сапасын қадағалауды және құрылысы жоспарланған нысандарға жер бөлудi тездету, бiлiм беру ұйымдары алдында оқушылар қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн арнайы жол белгiлерiн орнату жайында бiрқатар нақтылы мiндеттер жүктедi.
ОҚО әкiмi аппаратының баспасөз қызметi.
Абай-ақпарат