ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНҒА ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАН ДЕЛЕГАЦИЯ КЕЛДІ
Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына Оңтүстiк Кореядан делегация келдi. Пуе аймағының басшысы Ли Янг Ву бастаған қонақтар әуелi «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-нiң тәлiмбағында болып, жеке кәсiпкер Танабай Шынтасовтың шаруашылығымен танысты.
Бүгiнгi таңда серiктестiк бау-бақша, жүзiм, тропикалық көшеттер өндiредi. Қонақтар серiктестiктiң 25 тонналық қоймасын көрiп шықты. Айта кету керек, жеке кәсiпкер Танабай Шынтасов Оңтүстiк Кореяға барған сапарында құны 50 мың долларлық заманауи құрылғы әкелген болатын. Бүгiнде пластик ұяшыққа дән себу осы құрылғымен атқарылады. Сағатына 5 мың дән салатын техниканың жылыжай мамандары мен диқандар үшiн пайдасы мол. Жеке кәсiпкердiң айтуынша, бұрындары әрбiр дәндi пластик ұяшықтарға (стакандарға) қолмен сеуiп, көп уақытты және еңбек күшiн сарп ететiн. Ендi заманауи техниканың уақытты үнемдеп, сапалы жұмыс iстейтiндiгiне көз жеткiзiптi.
Инвестор болуды мақсат етiп келген кореялықтар мұнан соң «Жабай ата» ӨК-iнде болды. Кооператив төрағасы Ергеш Төребеков – бүгiнгi таңда жылына әр гектардан 50 тоннаға дейiн өнiм алатын шаруа иесi. Ол келген қонақтарға серiктестiктiң экономикалық көрсеткiштерi туралы әңгiмелеп, ой бөлiстi.
– Бұл сапарымыз тиiмдi саналып жатса, бiздiң аймақтағы өндiрiстiк шаруашылықтармен ынтымақтастық бұдан әрi жалғаса бередi, – дедi Пуе губернаторы Ли Янг Ву.
Шетелдiк делегация кәсiпкерлiк мектебiнде де болды. Онда жастарды оқыту барысымен танысты. Сапар қорытындысында аудан әкiмi Бұхарбай Парманов қонақтарға алғысын бiлдiрiп, алдағы уақытта бiрлесе жұмыс iстеуге сенiмдi екенiн жеткiздi.
Абай-ақпарат