ДАУАСЫ БОЛМАСА ДӘРІГЕРДЕН НЕ ПАЙДА?
Бүгінде медициналық қызмет көрсетуге көңілі толмайтын адамдар күн санап көбейіп келеді. «Дәрігерлердің немқұрайлылығынан жарқынымнан, баламнан айырылдым» деп жылап-еңіреп жүргендерді бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі көретін болдық. Ауруханаға бара қалсақ, ұшы-қиыры жоқ кезекте тұрамыз. Ұзын-сонар кезекте тұрып жүйкесі жұқарған, ауруына ауру жамап, ауруханадан ауруханаға сабылған жұрттың гөй-гөйін ұдайы естиміз. Құлағымыз да үйреніп кеткен. «Ие, сол ғой барлық жерде, Құдай аурудан аман қылсын, дәрігерлерге күніңді қаратпасын» деп тілеп отырамыз. Медициналық қызметке халықтың сенімі азайып кетті. Оның себебі неде?
Өзге емес, өзімізден бастайық. Соңғы үш-төрт ай бойы көзім жасаурай беретін болды. Жасаурағаны ештеңе емес, оң көзім мен мұрынның екі арасына дүмпиіп әлдене шығатынды шығарды. Ауруханаға бардым, «суық тиген» деп, ем жазып берді. Жазғанының бәрін іштім, айтқанының бәрін істедім. Бір апта жақсы болып кетті де, қайта бастады. Қайта бардым, тағы да сол ем-домды жаса деді. Жасадым. Бір апта жасаурауды қояды да, қайта жасаурап, қайта дүмпиіп бірдеңе шығады. Сол дүмпиген жерді басып қалсам, қоймалжың сұйық зат көзімнен ытқып шығады. Тағы да әлгі окулистке барамын. Сонда, әлгі дәрігерім «Бұл енді хронический, бұған тек операция жасату керек. Көзіңнің жасты жіберетін тесіктері бітеліп қалған» деді. Мұны айтқан Талдықорған қаласындағы қалалық емхананың окулисті болатын. «Маған отаны тек облыстық аурухана жасайды» деді. Облыстық ауруханаға бардым, ұзын-сонар кезектің артын күте отырып, кірдім. Окулист жас жігіт екен. «Не болды? Не мазалайды?» деді. Көзімнің «тарихын» айна-қатесіз баяндап бердім. Ол: «Бізде жасамайды отаны. Алматыға жасатасыз» деді де, дәптерге әлденені жаза бастады. Мен: «Қалай сонда? Сіздер операция жасамайсыздар ма?» деймін қайталап сұрап. «Жоқ» деді. «Жазып беремін, қалалық емхана түсіндіреді» деді. Жазған-сызғанын алып қалалық емханадағы окулистіме бардым. Оған енді алдын-ала жазылып кіруге уақытым да жоқ еді. Жазылуға талон да жоқ болып шықты. Талон кемінде бір аптадан кейін болады деді. Содан, «баса-көктеп» дәрігерге бір-ақ кірдім. Кезегін күтіп отырған жұрт азан-қазан болды да қалды. Сөйтіп, окулист дәрігер маған, қазір Алматыдағы көз дәрігерлері еңбек демалысында болғандықтан, мен бір айдан кейін ғана Алматыға барып, көзімді көрсетіп, шынымен ота жасату керек болса, жасайтын күнді белгілеткізіп, қайтып келуім керек екен. Келген соң тағы да қалалық емханаға келеді екенмін, олар мені ота жасайтын күнге дайындайтын көрінеді. Айтуларынша, 16 түрлі анализ тапсырып, қайта Алматыға барамын. Сөйтіп барып ота жасатуым керек. Осының бәрін баяндай салуға жарты бет қана жеткілікті болғанмен, көздің жырын жырлап жүргеніме төрт ай болып қалыпты. Енді тағы бір ай күтіп жүрмін. Бұл асқынып кетсе, кім жауап береді. Соны түсінбедім. Мен осы төрт ай аралығында жеке меншік ауруханаларға да барғанмын. Олар мемлекеттік ауруханаларға барыңыз деген соң ғана, қалалық емханаға келгенмін. Бір білгенім, Талдықорғандағы жеке меншік және мемлекеттік ауруханаларда көз дәрігерлерінің кәсібилігі төмен екен. Қарапайым операцияны осында жасатуға мүмкіндік болмауы да соны көрсетеді. Қош.
Енді өзгенің уәжіне назар аударайық.
Қиналып бүйрегім де дем алмады...
Жуырда фейсбук әлеуметтік желісінде пайда болған бейнетүсірілімде Ержан Шакеров бүйрегінің ұстамасы ұстап қалған соң, жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға түскенін, ондағы дәрігерлер оған үш күнге дейін қарамағанын, тексермегенін, тек ауруды басатын екпе салып отырғанын өлең жолдарымен ашына айтқан еді.
«Қиналып бүйрегім де дем алмады,
Болар еді дәрігерден ем алғаны,
Қуығымда тұрған тасты көріп тұрып,
Бүйрегіңде тұрды деп неге алдады», - деді жаны қиналғанда шығарған өлеңінде.
Ержанға телефон арқылы хабарласып, қал-жағдайын сұрадық. Оның айтуынша, қазіргі уақытта денсаулығы қалыпты. Ол шілде айының 5-і күні Алматы облыстық ауруханасына түскен ол 8-і күнге дейін ауруды басатын дәрі қабылдап қана жатқан. «Өзімнің жалғыз бүйрегім бар еді. Бұған дейін бір бүйрегіме ота жасап, алып тастаған. Енді, ауырып ауруханаға түскенде дәрігерлер немқұрайлылық танытты. Шілденің сегізіне дейін ешбір дәрігер келіп қарамады. Тек медбикелер укол салды. 8-і күні шу шығардым. Енді қарамайтын болсаңдар, телеарна шақыртам дедім. Содан кейін барлығы қимылдай бастады. Тамографияға түсірді, дәрігер келіп қарады. Сөйтіп, бүйрегіңде тас бар екен деді. Ота жасату керек дейді. Мен қалай ота жасатамын, өзі жалғыз бүйрек? Сол күні өзім тамографияның суретін алып «Жансая» медициналық орталығына бардым. Ондағы уролог дәрігер тас бүйректе емес, қуықта тұрғанын, бірақ ол сондай үлкен тас емес екенін, оның отасыз-ақ, дәрі-дәрмекпен түсіп кететінін айтты. Сөйтіп, сол күні үш литр су іштім, дәрі-дәрмегін ішіп, жақсы болып кеттім» деп болған жәйді баян етті Ержан.
Құлағыма бұл «шуыл» қайдан кірді?
Алматы облыстық ауруханасы қызметкерлерінің қызметіне көңілі толмайтындардың бұл бірі ғана. Екіншісі – тағы да жедел жәрдеммен осы ауруханаға түскен Талдықорған қаласының тұрғыны Данияр Ысқақ. Ол шілде айының 9-ы күні таңғы сағат 4-те жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға түскен. Азаматтың айтуынша, ол сол түні сәресіні ішуге тұрғанда құлағының ішінде әлдене жүргендей гүбір-гүбір еткен. Ол бірден құлағыма жәндік кіріп кетті деп ойлаған, өйткені сол күні жерге ұйықтаған екен. Келіншегі жедел жәрдем шақырған. Сөйтіп, облыстық ауруханадағы лор бөліміне түскен. Ондағы кезекші медбике қарап, құлағына әлдебір сұйықтықтарды ары құяды, бері құяды. Ештеңе шықпайды. Соңында ледокаин құяды. Шықпайды. Сөйтіп, бір сағат өтеді, науқастың құлағы гүмбірлеуін тоқтатпайды. «Лор дәрігердің өзін шақыртыңызшы» десе «Шақырмайды бізде» дейді медбике. Не істеу керек? Таңның атып, жұмыс уақытының басталуын күту керек, сонда лор да келеді екен. «Жақсы. Оған да көндік» деп сонда қонып, таңертең сағат 8-ден бастап лор дәрігерін күтеді. Сағат 9 болады, әлі жоқ. Медбикеге: «дәрігерге хабарлап осында түнде жедел жәрдеммен түскен науқас күтіп отырғанын айтшы» дейді Данияр. Медбике дәрігерге қоңырау соқса, «жарты сағаттан кейін келемін» дейді. Бірақ, 9:30-да емес, 10-ға таяғанда бір-ақ келеді. Оның арасында Даниярдың келіншегі аурухана басшылығына кіріп, шағым айтып үлгерген. Алматы облыстық ауруханасының директоры Мұрат Көмекұлы Рахметов қызметкеріне хабарласып, ұрсады, тез келуін талап етеді, ал Даниярдың келіншегіне: «Лор дәрігеріне зәру болғандықтан, ол баланы (лор дәрігерін) біз квартплатасын төлеп отырып, ұстап отырмыз» деп айтқан.
«Лор дәрігер жап-жас жігіт екен. Құлағымды көрді де, ештеңе жоқ» дей салды. Ешқандай дәрі жазып берген жоқ, неге гүмбірлейтінін анықтауға да тырыспады. Денсаулық адамның өзі үшін қажет қой. Сондықтан, құлағымда не болып жатқанын қалай да білуім керек болды. Облыстық ауруханадан шықтым да, соған қарама-қарсы орналасқан «Нуравиценум» медициналық орталығына бардым. Ақшамды төлеп, лор дәрігеріне көрініп едім, ол: «Құлақта ештеңе жоқ. Тұмауыңыз асқынып, құлаққа бір-ақ шапқан» деді. Ауруханаға түскенге дейін аз-маз тамағым ауырып, мұрным бітеліп жүрген. Сөйтсе, сол асқынған екен. Сонда, облыстық ауруханадағы лор дәрігері осыны анықтауға сауаты жетпеді ме деген ойға қалдым», - деп өз пікірін алға тартты Данияр Ысқақ.
Қарақұртқа төтеп бере алмадық
Ақшаң болса жақсы, болмаса аурухана жағалап, сабылып жүргенің жүрген. Алматы облыстық ауруханасының директоры Мұрат Рахметовтің айтуынша, биыл облыстың әр тұрғыны үшін медициналық көмекке 301 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Егер, сіз осы жылы еш жеріңіз ауырмай, ауруханаға бармасаңыз ол қаржы ауырып ем іздеп жүргендерге беріледі. Яғни, кез келген қымбат ем-домның өзіне қаржы жеткілікті. Біз ұсынған осы фактілерден өзге күрделі дерек бар. Алматы облысына қарасты Ақсу ауданының тұрғыны Гүлжаһан Асанова ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлайды.
Гүлжаһан апайдың айтуынша, оның марқұм баласын маусымның 28-і күні қарақұрт шағып алған. «Балам 28-і күні ойнап кеткен. Жанында Елдос деген бала болған. Содан, бір уақытта Елдос келді: «Тәте, Елдос құлап қалды» деп. Мен жүгіріп барсам, балам жерде жатыр екен. «Балам, не болды?» деп едім «ішім ауырып тұр» деді. Дереу жедел жәрдем шақырттым. 20 минутта жедел жәрдем келмеді, шыдамай жолдан көлік тоқтатып, баланы салып алып бара жатыр едім. Жолда жедел жәрдем көлігі тоқтады, сөйтіп олар аудандық ауруханаға алып барды. Дәрігерлер қарап, баланың өзімен сөйлесіп: «Сені бірдеңе шағып алған жоқ па?» деп сұрап еді: «Мені ойнап жүргенде өрмекші шағып алды» деді балам. Содан, дәрігерлер укол, системаларын салып жатты. Бірақ, қарақұрттың уын қайтаратын іріткі болмаған екен. Сөйтіп, балам 30-ы күні қайтыс болды. Ал дәрігерлер маған ол туралы айтқан жоқ. Не Талдықорғанға апаруға талпынбаған», - деді бізге жіберген видеосында Гүлжаһан Асанова. Қазір шағымданушы Ақсу аудандық ауруханасының бас дәрігерін сотқа берді. Ал, бас дәрігер Әшімғали Жұмагелдин бұл мәселеде өзін кінәлі санамайды. Оның айтуынша, дәрігерлер қолдан келген көмегін жасаған.
- Қазір қарақұрттың өте улы кезі. Ауруханаға қарақұрт шаққан адамдар көптеп түсіп жатыр. Бірақ, олардың барлығы қайтыс болып жатқан жоқ. Егер, осынау улы жәндік шаққан кезде дер кезінде медициналық көмек ала алса, адам жазылып кетеді. Ал, Айтбек Асанов қарақұрттың уын қайтаратын ем қабылдамағаннан қайтыс болған жоқ. Оның жағдайы күрделі еді. Оны ауруханаға Ермек есімді жігіт алып келген. Уақыт өткізіп алып келді. Бізге кешкісін түсті. Және ол бала туралы оқыған мектебінен оқуға қабілеті жоқ, әлсіз деп шығарған анықтамасы да бар. Қарақұрттың уын қайтаратын іріткі салмады дейді. Ол қарақұрт шаққанның бәріне бірдей салына бермейді. Іріткі – уытты препарат, оны баланың организмі көтере ме жоқ па, ол да белгісіз. Сондықтан, ол да бала өміріне қауіпті еді. Оның үстіне, баланы қарақұрт екі жерінен шаққан. Жағдайы ауыр еді, - дейді дәрігер.
Ауру көбейсе де, дәрігер саны өзгермейді...
Дәрігердің айтқаны рас па, ананың айтқаны рас па оны өзіңіз саралап аласыз. Бізге бұл фактілердің барлығы бір нәрсені анық айтады. Ол – Алматы облысындағы медициналық мекемелердің жұмыс істеу сапасы мен дәрігерлердің кәсібилігінің төмендігі. Олай болуға, дәрігерлердің тапшылығы себеп болып отыр. Оны ресми органның деректері де көрсетіп отыр. Қазіргі күні Алматы облысына 209 дәрігер жетіспейді, оның 122-сі ауылдарға қажет. Бұл ақпарат біздің редакцияның сұрауымен осыдан тура тоғыз ай бұрын бізге жалпақ жұртқа жария болған. Бірақ, мәлімет әлі өзгермепті. Себебі, шілде айының 17-сі күні облыс әкімдігі 2015 жылғы жарты жылдық жұмысы туралы есеп бергенде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Бигелдиев облыста әлі 205 дәрігер жетіспейтінін тілге тиек еткен еді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, облыста 11 763 орта буын мамандары, 4243 дәрігер жұмыс істейді. 2 миллион халық тұратын өңір үшін бұл өте аз цифр. Ауруханалардағы ұзын-сонар кезек тек дәрігердің саны көбейгенде ғана шешіледі. Десек те, облыстағы дәрігерлер мен осы саланың жауаптыларының халыққа көрсетіп жатқан еңбегін жоққа шығармаймыз. Талдықорғандағы медицина туралы мақтанатын болсақ, ауызымызға бірден облыстық кардиологиялық аурухана түседі. Өйткені, онда заманның озық технологиясымен жабдықталған және мұнда кәсібилігін шетелде шыңдаған дәрігерлер жұмыс істейді. Бұл туралы біз алдағы уақытта кеңірек жазамыз.
Шынаргүл ОҢАШБАЙ.
Abai.kz