Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 6289 0 пікір 4 Тамыз, 2015 сағат 11:36

МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Алматы облысы, Райымбек ауданында мал азығын дайындау науқаны шілде айының басынан басталды. Биыл аудан бойынша 274400 тонна мал азығын дайындау жоспар­ланса, қазіргі күнде 57736 тонна шөп дайындалды. Мал азы­ғын дайын­дау ісі ауданның Қарқара, Нарынқол, Жалаңаш өңірінде қарқын алып отыр.

Қарқара ауылдық округіне қарасты Амантай Әкебаев басқаратын «Көлсай құрылыс» ЖШС-нің шабындық алқа­бында болғанымызда серіктестіктің еңбек­керлері бітік шыққан 90 гектар көпжылдық шөп алқабын шауып, тайлап, тасы­малдап үлгергенін көрдік. Осының өзінен 240 тонна шөп дайындалды. Енді 80 гек­тар табиғи шөп алқабында еңбек көрігі қыза түскен. Шөп шабумен герма­ниялық алымды бір комбайн айна­лысуда. 2 шөп тайлағыш, 1 тырма, 1 басқыш, тағы да басқа техни­калар тоқтаусыз жұмыс атқаруда.

– Біздің «Көлсай құрылыс» ЖШС-і негізінен асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысады. Қазір серіктестігімізде қазақи 1500 қой, 170 жылқы, 535 бас «Әулиекөл» асыл тұқымды ірі қарасы өсірілуде. Соңғы 3 жыл көлемінде аудан аумағындағы шаруа қожалықтарына асыл тұқымды «Әулие­көл» ірі қарасының 80 бас бұқасы сатылып, таратылып берілді. Біз жаз маусымын тиімді пайдаланып, 700 тонна мал азығын дайындайтын боламыз, – дейді серіктестік жетекшісі.

Бір сөзбен айтқанда, ашық күнді қолайлы шақты тиімді пайдаланып отырған серіктестік еңбеккерлерінің ісі өнімді. Алдаберген Жүнісов, Бақдәулет Нұрғанат секілді механиза­торлардың атына жылы лебіз білдірген артық емес.


Егінжайда ерен еңбек

Биыл Жаркент өңірінің диқандары 493 гектар суармалы алқапқа жаздық бидай, 567 гектарға арпа өсірген болатын. Жайқалып жетілген астыққа шілде айының орта шенінде орақ салған егіншілер бидай жинау науқанын аяқтауға жақын.

Қазірге дейін жиналған бидайдың әр гектары 22 центнер­ден айналыпты. Әсіресе, Басқұншы, Талды, Сарбел ауылдық округтерінің егіншілері гектар берекелілігін арттыратынына сенімді. Өңір тұрғын­дарының төл дақылына айналған жүгерінің егіс көлемі биыл 400 гектарға ұлғайып, жалпы 25412 гектар жерге өсірілді. Қазір жүгері егістігі үшінші рет суарылуда. Бұл жұмыс Үшарал, Үлкеншыған, Бірлік, Басқұншы және Пенжім ауылдық округтерінде қарқынды жүргізілуде. Өңір тұрғындары бау-бақшасында көкөністі көп өсіреді.

Үстіміздегі жылы аудан бойынша 467 гектар алқапқа көкөніс өсірілді. Алда егіс көлемі 90 гектарды қамтыған үшаралдық шаруалар тұр. Көкөністерді қыс маусымында сақтау шаралары да жасалып, сыйымдылығы 3060 тонна қойма әзірленді. Айта кетейік, көкөніс, бақша өсіретін шаруаларға Үкімет қаржылай қолдау көрсетуде. Мемлекет қолдауының нәтижесінде бұрын тек жүгері өсіруге бейім Жаркент өңірінің диқандары енді бақша өнімдерінің егіс көлемін көбейтуге ден қойып отыр. Биыл Үшарал ауылдық округінде 35, Талдыда 34, Үлкеншыған округінде 30 бақша салып жерлестерін жергілікті қауын-қарбызбен молынан қамтамасыз етуде.


 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377