Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 10080 2 пікір 28 Шілде, 2015 сағат 19:04

Берке хан Константинопольді неге қоршауға алған?

 
Омаядтар мен Аббаситтер дәуіріндегі Ислам билеушілерінің желкілдеген ту ұстап, жер қайысқан қол бастап дүркін-дүркін  Византия империясына қарсы фатх жорықтарын ұйымдастыруының тарихи өзіндік себебі жоқ емес. Шығыс Рим империясының орталығы Константинополь қаласы өзінің жағрафиялық орналасу ерекшелігімен Кіші Азия мен Еуропаны һәм Оңтүстік Русь пен Қырым және Кавказды  Босфор бұғазы арқылы ашық теңізге жалғап жатқан аса маңызды нысан-тын. Яғни, Константинополь - қос құрлыққа саяси-экономикалық және мәдени тұрғыдан ықпал ете алатын стратегиялық шаһар болатын.

Әсілі, мұсылман билеушілерінің Константинопольді иеленуге құмбыл болуына діни фактор әсер етті. Өйткені, Хақ Елшісі (с.а.у) өзінің хадис-шарифтерінің бірінде: «Константинополь алынады. Оны алған қолбасшы қандай керемет қолбасшы. Ал оны алған әскер қандай керемет әскер», - деп мұсылман қауымына аталмыш шаһарды бағындыратын сайыпқыран сардар мен оның жаужүрек әскерінің хусни-зат екенін сүйіншілеген болатын. Осы себепті де Константинопольді бағындыру мұсылман билеушілерінің асқақ арманына айналған еді.

Алайда, мұсылмандар үшін Константинополь жеті ғасырға жуық уақыт бағынбас бел, алынбас қамал болды. Қаншама қолбасының қамалды алуға айла-шарғысы жетпей, дымы құрыды. Қаншама боздақ Алла Елшісі (с.а.у.) сүйіншілеген әскерге лайықты боламын деп Константинопольге қол созым жерде жан тәсілім етті. Мұсылмандар үшін Константинополь бағындырылғанға дейін бейне мұқалмас тас қамал еді.

Тарихқа зер салсақ Константинопольге қарсы көбіне Ислам халифаты әскерінің жорық жасағандығы белгілі. Бірақ, халифаттан өзге де саяси күштердің ислами мүдде тұрғысынан Констанинополді қоршауға алғандығы айтыла бермейді. Тарих қалтарысында қалып, айтылмай жүрген сондай ақтаңдақтың бірі – Берке ханның 1265 жылы Ноғайды қолбасшы етіп Алтын Орда әскерін Константинопольге аттандыруы болатын. Ал, Ноғай қолбасшылық жасаған Дешті-Қыпшақ қолы Константинопольді не үшін қоршауға алған еді?

Мәмлүк әскері 1260 жылы Кет-Бұға қолын Айн-Джалутта тас-талқан етіп жеңгенімен, Шам жерін бауырына басқысы келген Құлағудың мысы әлі қайтқан жоқ-тын. Осыдан сескенген Бибарыс сұлтан Шыңғыс ұрпақтарының ішінде алғаш болып Хақ дінді қабылдаған Алтын Орда билеушісі Берке ханды Құлағуға бағынышты мұсылмандардың зорлық-зомбылық көріп жатқанын алға тартып, оған қарсы бірлесіп күресуге шақырды. Дәл осы шақта Жошы ұлысының иелігі саналған Оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжан жерлерін Құлағу иемденіп алған болатын. Сондай-ақ, Иран мен Иракты жаулап алуға Құлағуға көмекке Алтын Ордадан жіберілген Құли, Балақан, Тұтар қолбасшылардың өлімі және Жошы ұлысына тиесілі олжаның дұрыс бөлінбеуі Берке ханның Құлағуға деген ызасын оятқан еді. Осы себептердің негізінде һәм жалпы мұсылмандық мүддені ескере келе Алтын Орда билеушісі Бибарыс сұлтанның ұсынысын қабыл алады. Нәтижеде Мысыр сұлтаны Рукни-дин Бибарыс пен Алтын Орда билеушісі Берке хан 1261 жылы Құлағуға қарсы діни-саяси одақ құрды.

Одақтастардың кезекті елшілік алмасуы барысында 1264 жылы Византия императоры Михаил Палеолог Босфор бұғазы арқылы Қырымға өтпек болған Мысыр елшісі Фарис ад-дин Акуш әл-Масудиді тұтқынға алады. VIII Михаилдің Мысыр елімен өзара келісімі бола-тұра елшілерді тұтқынға алуына сол кездегі Византия мен Құлағу Елхандығы арасындағы одақтастық әсер еткен еді. Бұл жағдайдан хабардар болған Рукни-дин Бибарыс Византия императорына өз нотасын жібереді. Ал, Берке хан болса терісіне симай ашуланып, Константинопольді шабуға Ноғай бастаған Дешті-Қыпшақ әскерін аттандырады. 

Еуропаның төсінде талай ат ойнатқан һәм қан майданда жеңілудің не екенін білмейтін Алтын Орда қолы Константинопольге таяғанда қатты шошынған император Михаил қаладан қашып кетеді. Дешті-Қыпшақ әскері қаланы қоршауға алғанда, жанұшырған Михаил патша Мысыр елшісі Фарис ад-дин Акуш әл-Масудиді тұтқыннан босатып, оны бітім сұрауға Ноғайға жібереді. Әл-Масуди императордың өтінішімен Константинопольде өз ықтиярымен кідіргенін айтуы тиіс болды. Ал, Ноғай қолбасы әл-Масудиге мәлімдемесін жазбаша беруді талап етті. Мысыр елшісі талапты орындағаннан кейін, Ноғай қолбасы император Михаилдың Алтын Ордаға жыл сайын алым-салық төлеуге келісім беруіне байланысты Константинопольді қоршаудан босатты. Византия императоры қызы Ефросинияны Ноғайға қалыңдыққа берді. Сондай-ақ, Ноғай Византияның тұтқынындағы бұрынғы селжұқ сұлтаны Изз ад-Дин Кей-Кавусты да босатып алып, Алтын Ордаға зор жеңіспен оралды. 

Сарайға келгеннен кейін Мысыр елшісі әл-Масудидің Константинопольді Алтын Орда әскері қоршауға алғанда Ноғайға өтірік мәлімдеме бергендігі әшкере болады. Берке хан Мысыр елшісінің өз дипломатиялық миссиясын дұрыс атқармағанына қанша ашуланса да, оны жазалауды сұлтан Рукни-дин Бибарысқа қалдырады. Ал, Фарис ад-Дин Акуш әл-Масуди 1267 жылы Мысырға оралғанда сұлтан Бибарыс дипломатиялық міндетін дұрыс орындамағаны үшін оның мүлкін тәркілеп, өзін түрмеге қамап, қатаң түрде жазаға тартты.

Түйін: Жошы ұлысы Берке ханның тұсында жаһандағы теңдессіз мемлекет еді. Төңірегіндегі елдердің көбін вассал етіп мойындатып, өзіне алым-салық төлеуге мәжбүр етті. Төрткүл дүниеге ықпалын жүргізген Алтын Орда империясы сол кезде Византияны өзімен соғысуға лайық деп таппады. Михаил Палеолог өз айыбын алым-салық төлеу шартымен жуып-шайған соң, Ноғай қолбасы Византияны да өзіне бағынышты ел деп санады. Яғни, Алтын Орданың құзырына бас игендіктен Константинополь шапқыншылыққа ұшыраудан аман қалды.  

Мұхан Исахан

Дереккөзі: http://islam.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290