Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 12974 0 пікір 22 Шілде, 2015 сағат 18:38

АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНІҢ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ

Ресейде патша билігінің құлауы нəтижесінде қазақтың ұлтжанды қайраткерлерінің ұйымдастырумен Қазақ жерінде «Алашорда» деп аталатын қазақтың ұлттық үкіметі (1917 жылы 13 желтоқсанда) құрылып 1917–1920 жылдары өмір сүргені тарихтан белгілі. Алаш автономиясының құрамына сол кездегі Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарындағы, Каспий сырты облысындағы, Алтай губерниясындағы қазақтар мекендейтін аудандар енгізілді. Ал Түркістан аумағындағы қазақтарды қосып, автономия жариялауға 1 ай мерзім белгіленді [1, 125].

Қазақ хандығы мен мемлекеттік билік жүйесі бірнеше ғасыр бойы қалыптасып, ұлттық мүддені қорғау мен жүзеге асырудың мол тəжірибесінің жинақталуы, Алаш зиялыларына XX ғасыр басында Ресей құрамында автономия түрінде өз мемлекетін құрып сыртқы байланыстарды қалыптастыруына мүмкіндік берді. Алаш үкіметін жариялаған 1917 жылғы желтоқсандағы Екінші жалпы қазақ съезінің шешімдерінде сыртқы байланыстар орнату маңызды мəселе ретінде көтерілді. Съезд Алашордаға: а) қарыздар алуға; б) басқа автономиялық көршілермен бірлесіп келіссөздер жүргізуге уəкілдік берген. Бұл жағдайда келісім жасау құқығы: «Алаш» Құрылтай жиналысына жүктеледі — деп көрсетті [2, 87].

Ресейдің Азиялық бөлігінде 1917 жылғы революциялар нəтижесінде 1917–1918 жылдары Кеңес өкіметінің саясатына қарсы бағытталған бірнеше үкіметтер құрылып, алды бірнеше ай, ал кейбірі бірнеше жыл өмір сүрді. Қазіргі ресейлік зерттеушілердің пікірінше большевиктерден азат етілген Ресейдің шығыс аймақтарында құрылған демократиялық «үкіметтер» ішінде екеуі жетекші рөл атқ. Бірі — Самара қаласында құрыл ған Комуч (1918 ж. — қыркүйек — қараша), екіншісі — орталығы Омбыда орналасқан Сібір уақытша үкіметі (1918 ж. қыркүйек — қараша). Бұл екі үкіметтің де өздерін қорғайтын қарулы күштері (Халық армиясы, Сібір армиясы) болды. Екі үкімет 1918 жылы қыркүйекте Уфа қаласында өткен біріккен кеңесте бірігу туралы шешім қабылдап, 5 адамнан тұратын Директория құрып, бұрынғы Уақытша үкімет тұсында министр болған эсерлер партиясының мүшесі Н. Д. Авксентьевті төраға етіп сайлайды. Бірақ сол жылы 18 қарашада Омбыда казак əскерлері төңкеріс жасап Директорияны құлатып, билік тізгіні П. В. Вологодскийге көшеді. Бұл үкімет көп ұзатпай демократиялық жолмен барлық билікті адмирал А. В. Колчакқа тапсырады. Ал адмирал Колчак Сібірдегі билікті 1920 жылдың 4 қаңтарына дейін қолында ұстады [2, 209–217]. Орталық Азияда орталығы Қоқан қаласында орналасқан Түркістан (Қоқан) автономиясы құрылып 1917 жылдың қарашасынан 1918 жылдың 11, ақпанына дейін, яғни 72 күн өмір сүрді. Ресейдің ішкі аумағында 1917 жылы 29 қарашада Башқортстан автономиясы жарияланып 1919 жылдың 18, ақпанына дейін өмір сүрді. Бұл үкіметке З.Уəлиди басшылық жасады. Алашорда басшылары осы үкіметтермен келіссөздер жүргізе отырып, қазақ мемлекеттігін мойындатуға барлық əдіс амалдармен күш салды. Алашорда басшылығы əр кезеңде осы үкіметтермен байланыс орнатып, олардан қолдау табуға ұмтылады. Бұл үкіметтер Алаш автономиясын біртұтас ұлттық мемлекет ретінде мойындайды деп үміттенеді. Сондықтан Алашорда үкіметінің мүшелері осы үкіметтермен тікелей байланысқа шығуға тырысты. Қазақ қайраткерлері Алаш автономиясын сақтап қалу жолында көршілес əскери жəне саяси күштермен, мемлекеттік құрылымдармен дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізді [4, 124].

Алашорда үкіметіне өте күрделі жағдайда қызмет атқаруына тура келді. 1918 жылдың көктеміне қарай Ресейде Азамат соғысы мен шетел интервенциясы басталды. Қазақ даласын да қамтыған Азамат соғысы салдарынан 1918 жылы Алашорда үкіметінің Батыс жəне Шығыс бөлімдері құрылады. Батыс Алашорданың орталығы Жымпиты ауылында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының орталығы — С.Д.) орналасып, оған Жаһанша Досмұхамедов жетекшілік жасады. Алаш ор да ның Шығыс бөлімі Семей қаласында орналасып оны Əлихан Бөкейханов басқарды. Тарихшы ғалымдардың пікірі бойынша Семейдегі билік орталық үкіметтің рөлін атқарды. Зерттеушілердің пікірінше Алашорданың Батыс бөлімі барынша табанды күрес жүргі зіп азаттық жолындағы күресін азамат соғысы аяқталғанға дейін тоқтатпады [5, 83].

Алаш басшылары Ресей жеріндегі уақытша əскери үкіметтерден болашақ қазақ əскерін құру үшін қару-жарақ пен қазақ сарбаздарын əскери өнерге үйрететін мамандар алуды мақсат етті жəне бұл істе едəуір нəтижеге қол жеткізеді. Алғашқы келіссөздерді Жаһанша жəне Халел Досмұхамедовтар «Комучпен» (Комитет членов Учредительного собрания) жүргізеді жəне олардан едəуір көлемдегі қару-жарақтар алады. 1918 жылы 3 маусымда Самарада құрылған Комуч құрамына 10-ға жуық Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері кірді жəне бұл құрылым федерализм принципін ұстанды [6, 250]. Комуч Алашорданы негізінде мойындады жəне 1918 жылы 25 қыркүйекте Алашорда туралы Декларация қабылдап, қазақ үкіметімен байланыс жүргізетін арнайы уəкіл тағайындады. Алашорда Башқұрт автономиясымен-де одақтық қарым-қатынас жасауға əрекеттенді [7, 174].

Ал Уфа Директориясы болса 1918 жылы 4 қарашада Алашорда үкіметін тарату туралы шешім қабылдап, бұл автономияны басқаратын Бас уəкіл қызметін енгізеді [7, 172]. Алаш басшылығы Орынборда атаман Дутовпен байланыс жасады. Омбыда орналасқан Уақытша Сібір үкіметі Ресей империясы құрамында болған отар халықтарға бүйрегі бұра қоймады. Ол үкіметтің құрамындағы М. Б. Шатилов басқарған Бұратаналар ісі жөнінде министрлік Алаш автономиясымен түрлі мəселелер бойынша (земство, салық мəселесі, əскер жасақтау, сот билігі.т.б.) бойынша жұмыстар жасады. Алашорда басшысы Ə.Бөкейханов Сібір Үкіметіне «Алашорда мен Сібір үкіметі арасындағы уақытша қатынастар орнату туралы» төмендегідей ұсыныс жасайды: «1) Сібір үкіметі мен Алаш автономиясы бірін-бірі таниды… 3) Алаш территориясын мекендейтін барлық халықтар мойындайтын өкімет құрылғанша Алашорда қазақ-қырғыз халқының өкімет органы болып табылады… 4)…Армия территориялық жəне ұлттық негізде құрылады… ол соғыс кезінде Уақытша Сібір үкіметінің əскерилерімен ортақ командованиеге бағынады. Сібір үкіметі армияны қару-жарақпен… азық-түлікпен жəне əскери нұсқаушылармен қамтамасыз етуге міндетті. …Алашорда Алаш территориясын большевиктік бандалардан тазартуды, Түркістан мен Жетісуға көмек көрсетуді өзінің бірінші міндеті деп санайды. 5)…банктер мен басқа да қаржы мекемелері əзірге Уақытша Сібір үкіметіне бағынады… 6)Таяу уақытта большевиктерден азат етілген автономиялық халықтармен шет аймақтардың депутаттар конгресін федералдық өкімет құру мақсатымен шақыру қажет… Сібір, Алаш, Башкирия жəне Түркістан федерациясын құру мүмкін. Уақытша Сібір үкіметі Алашорданың ұсынысын төрт күн бойы талқылап төмендегідей шешімге келеді: Алашорда қазақ халқын басқаратын өкімет органы болып мойындалсын, оған үй бас сайын салық жинауға рұқсат етілсін, Алашорда ұлттық сот құруға құқылы болсын, Ұлттық армия Сібірдің əскери мекемесі белгілеген тəртіп бойынша құрылады. Оның қолбасшысы мен əскери бөлімдердің командирлерін Алашорданың келісімімен Сібірдің əскери министрлігі тағайындайды [7, 181].

 Алаштанушы ғалым К.Нүрпейісов Сібір үкіметімен Алашорданың бұл келісімін Алаш автономиясын жартылай мойындау болды деп бағалайды. Алашорданың əскери бөлімінің бастығы, капитан Х.Тоқтамышев Уақытша Сібір үкіметімен Алашорда əскерін құруға көмектесу жөнінде келіссөздер жүргізеді. Соның нəтижесінде Алаштың əскери құрамалары, ақ гвардияшылармен күш біріктіріп Кеңес өкіметіне қарсы соғыс қимылдарын жүргізуге қатысады. Колчак пен Анненков əскерлері бейбіт қазақ ауылдарына зорлық-зомбылық жасағандықтан алаш қайраткерлері олардан бас тартып Кеңес өкіметімен жақындасуға бет бұрады. Колчак Сібір үкіметінен билікті тартып алып Алашордаға бағынуды талап еткенде оның Батыс бөлімі бұйрыққа бағынбайтынын өз қарауындағы территорияда басқаруды бұрынғыша жүргізе беретінін мəлімдеді. Алашорданың Батыс бөлімінің орталығы орналасқан Жымпитыға 80 əскері мен Колчактың өкілі генерал Лебедев келгенде Ж.Досмұхамедов билікті бермейді [4, 114–115].

Алашорда мен Түркістан (Қоқан) автономиясы жетекшілері қазақ мемлекетін құруда бір бағыт ұстанады. Түркістандық үкімет басшылары М.Шоқай мен М.Тынышбаев Алаш съездеріне қатысса, Алаш орда атынан М.Дулатов, Б.Құлманов жəне Т.Құнанбаев сияқты алаш өкілдері 1918 жылы 6–9 қаңтарда өткен Сырдария қазақтарының съезіне қатысады. Алашорда мен Түркістан (Қоқан) автономиясы жетекшілері Кеңес өкіметіне қарсы позицияда болып, соған сай əрекет жасады. Бірақ алғашқы кезде олардың арасында ұлттық мемлекет құру мəселесінде пікір алшақтығы да кездесті. Əлихан Бөкейханов Қазақстанның (Қазақ автономиясының) Түркістанмен (Қоқан автономиясымен) бірігуіне қарсы болды. М.Дулатовтың айтуынша Ə.Бөкейханов бұл мəселе туралы көзқарасын мына тұрғыда дəлелдеді: «Орта Азияның халықтары, солардың қатарында өзбектермен бірігуге болмайды. Оларда діни фанатизм мен кертартпалық ғұрыптар көп сақталынған. Орта Азия халықтары шариғат заңымен өмір сүреді. Олар мəдени тұрғыдан бізден бір саты төмен тұр. Сондықтан олармен бірігуден ешбір нəтиже шықпақ емес». Түркістан (Қоқан) автономиясының құрамындағы өзбек өкілдері де Алашорда басшысы Ə.Бөкейханов туралы дұрыс көзқараста болмады. Қазақтардың Сырдария облыстық съезіне қатысуға Қоқанға келген Б. Құлманов, Т. Ибрагимов, М. Дулатовтарға олар былай деген: «Сіздердің көсемдеріңіз кадет Ə.Бөкейханов барып тұрған орысшыл адам». Түркістан (Қоқан) автономиясының өкілдеріне Сырдария облысын Қазақ автономиясына қосу туралы пікір ұнамады. Ал Сырдария облысынан Екінші бүкіл қазақ съезіне қатысқан М.Шоқай бүкіл қазақ жері Түркістан автономиясына біріктірілсін деген алғашқы өз ұсынысынан бас тартып, екі жақтың көзқарасын жақындастыруда жағымды рөл атқарды [1, 126]. Алаш автономиясының басшылары Кеңес билігімен де саяси ымыраға келу жолдарын қарастырады. Батыс Алашорданың 1918 жылы қаңтарда Қаратөбеде өткен съезінде Кеңес өкіметімен келіссөз жүргізу үшін Мəскеуге Жаһанша Досмұхамедов бастаған делегация жіберуге шешім қабылдайды. Оның бір себебі Кеңес өкіметін басшысы В. И. Ленин Жаһанша Досмұхамедов пен оның орыс əйелі Ольганы (Янга) жақсы тануы да себеп болды [8, 73].

 Алаш үкіметінің тапсырмасы бойынша 1918 жылы наурыз айында Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов Мəскеуге барып Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В. И. Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. В. Сталинмен кездесіп Екінші жалпы қазақ съезінің қаулысын табыс етеді. Келіссөздердің барысында Алашорда жетекшілері Кеңес өкіметі басшыларының талап етуі бойынша Кеңес өкіметін «Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік үкіметі» деп тануға мəжбүр болады. Зерттеушілер деректеріне қарағанда келіссөздер нəтижелі өткен. Алаштықтар Кеңес билігінен Алаш автономиясын мойындауды талап етті. Алаш үкіметі Кеңес үкіметі жанынан Қазақ комиссариатын құруды сұрады. И. В. Сталин Семейдегі Алашорда басшысы Ə.Бөкейханов пен Х.Ғаббасовты телеграфқа шақырып: «…қазақ-қырғыз өкілдері жергілікті советтермен бірігіп, ұлт ниеттерін жарысқа шығаруға сиез шақыратын комиссия құру керек» — деп алашордашылардан осы мəселеге байланысты жауап қайтаруын өтінеді. Алаш делегациясы да өз тəуелсіздігін белгілі дəрежеде қамтамасыз етуге тиісті біраз талаптарды Кеңес өкіметіне қояды. Халел жəне Жаһанша Досмұхамедовтар келіссөдердің аяқталғанын хабарлай келе Семейге жолдаған жеделхатында Кеңес өкіметі Қазақстанның əрбір облыстық кеңесінде тұтқындалған қазақ қайраткерлерін босату жөнінде нұсқау бергендігін, Алашорда ұсынған өзге шарттарға таяу күндері жауап беретіндігін жəне РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімін құруға қол жеткізгендіктерін хабарлайды. Келіссөздер нəтижесінде Мəскеу алаштықтар сұраған 40 млн. рубльдің 12 миллионын береді. Бірақ орта жолда, Саратов қаласында Орал облыстық депутаттар Кеңесінің мүшесі большевик Д.И.Яковлев күтіп отырып, ақшаны тартып алады. Бұл оқиға алаштықтардың Кеңес билігіне деген наразылығы мен сенімсіздігін одан əрі өршітті. Алаштанушы ғалымдардың пікірінше сол кезде Ресейдің Азиялық бөлігінде құрылған үкіметтер де Алашорданы саяси күш ретінде танып өз жағына тартуға əрекет жасаған [9]. Кеңес өкіметі Азамат соғысының алғашқы жылының қорытындыларын шығара келіп, кеңес өкіметін ұлт аймақтарында нығайтудың тиімді жолдарының бірі — ұлттық-мемлекеттік құрылысты тереңдету қажет деп санады. Бұл бағытта кеңестік негіздегі Татарстанның, Башқұртстанның жəне Қазақстанның автономиялық мемлекеттігін тез арада құру большевиктердің ұлт саясаты саласындағы маңызды міндеттерінің бірі деп анықталды. Бұл бағыт большевиктер партиясының VIII съезінде (наурыз 1919 жыл) бекітілді. Кеңес өкіметі, ақгвардияшылар жағындағы уақытша үкіметтерден түңілген Алашорда үкіметімен байланысқа барып, өз жағына тартты. Ең алдымен мұндай байланысқа Алаш орданың белгілі қайраткері А.Байтұрсынов басқарған тобы барды [7, 190–191].

1919 жылы қазақ даласында большевиктердің нұсқауымен Қазақ АКСР-ін құруды ұйымдастыру мəселесімен айналысатын Қазақ революциялық комитетін (Қазревком) құрылады. Ахмет Байтұрсыновтың ұсынысымен 1919 жылдың екінші жартысында Батыс Алашорда мен Казревком арасында келіссөздер жүргізу мəселесі қаралды. Сол жылдың желтоқсан айында Қазревком өкілдері Жаһанша жəне Халел Досмұхамедовтармен келіссөздер жүргізуге келеді. Бірақ бұл келіссөздер барысында Алашорда үкіметі Қазревком тарапынан қойылған ұсыныстарға келіспегендіктен нақты жауап қайтармаған [10, 235]. Дегенмен Азамат соғысы кезінде өздерінің басты саяси қарсыласы санағанымен Алашорда басшылығы Ресейдегі жəне Қазақстандағы саяси жағдайды ескере келе Кеңес өкіметімен ымыраға баруға мəжбүр болды. Алаш автономиясы басшылары əрқашан екі лагерге бөлініп соғысып жатқан Ресейдің азамат соғысына қазақ азаматтарын қосып құрбан етуден барынша сақтанып, ұлт мүддесін қорғап əрекет жасады. Мəселен, 1918 жылы қарашада Қызыл Армиямен соғыстарда жеңіліске ұшыраған, ақгвардияшыл күштердің қатарындағы Орал казактары Алашордадан əскерге қазақ жігіттерін беруді талап еткенде, Алаш жігіттері тек өз жерін қорғауға ғана ант бергендігін алға тартып Алаш басшылары одан бас тартады. Алашорда басшылары сыртқы күштермен қатынастарында қазақ өлкесін автономиялы басқаруға күш қолданбай, қан төгіссіз, конституциялық жолмен, саяси күрес əдісі арқылы жетуді мақсат етті. Сонымен қатар большевиктік күштермен, ақгвардияшылармен жəне Ресейдің Қазақ елімен шекаралас аймақтарындағы сол кездерде құрылып шамалы уақыт өмір сүрген үкіметтермен уақытша ымыраға келгенде ұлттың мүддесін қорғай отырып, тəуелсіз саясат жүргізуге ұмтылды. Алаш көсемдері Ресейдегі алапат азамат соғысы жағдайында сан түрлі əдіс тəсілдер қолданып кейінгі толқын қайраткерлерге мемлекет басқару ісінде, соның ішінде сыртқы қатынастар саласында ұлт кадрларына ұлт мүддесін қорғаудың үлгі өнегесін, алғашқы тəжірибесін көрсетіп кетті. Сол заманға сай толыққанды мемлекеттік басқару жүйесі бар Алашорда үкіметінің 1917–1919 жылдарда бұрынғы Ресей империясы аумағында қысқа мерзімді өмір сүрген 5–6 үкіметтермен келіссөздер жүргізуі, соларға қатысты қаулы-қарарлар қабылдауы, бұл қазақ үкіметі мүшелерінің саяси сауатты болғандығын жəне бұл үкіметтің сыртқы байланыстар қалыптастыруға қабілетті екендігін айғақтайды.

Сейітқали ДҮЙСЕН,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының 

жетекші ғылыми қызметкері, п.ғ.к., Астана қ.

 

e-history.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373