ҚҰРАНДА ЖЫНЫСТЫҚ БӨЛЕКТЕУШІЛІК АТЫМЕН ЖОҚ
“Теккесінде әйел мен еркек бірге рақс (ритуалдық би түрі) ететін. Бірде араб өлкелерінен, қасында қырық шамасында дәруіштері бар елшілер төтеннен келіп, Халифа Ахметке “…әйел мен еркек бірге зікір, сама салып жатыр, бұл қалай болар екен? (яғни, шариғатқа, дін исламға сай болар ма екен)” – деп сұрайды. Қожа Ахмет Иасауи жауап ретінде “бір шоқты мақтаға орап, құтының ішіне қойып, аузын жауып, қолдарына ұстатады.
Арабтар елдеріне оралған соң, Мысырдың бір қаласында көпшілік жұрттың алдында әлгі құтыны ашады. Қараса шоқ сол күйінде әлі сөнбеген, мақта да жанбаған. Олар: “Қожа Ахмет бізге сабақ берді хақиқат жолындағы сұхбатта да, зікірде де әйел еркек мақта мен шоқтай бірге бола алады, одан олардың көңілдерінде Хақтан басқа ешқандай бөтен ой болмайды. Демек, Халифа Ахмет – біздің де піріміз” – деп мойындайды. Бұл жерде тамыры терең, мұсылман қауымының әлеуметтік шындығы кескінделген десек қателеспейміз. Өйткені әлі күнге дейін кейбір мұсылмен елдерінде әйел мен еркек бірге ғибадат жасауы былай тұрсын, күнделікті тіршілікте де бірге отыруы мүмкін емес. Ислам дінінің негізгі қайнар көзі Қасиетті Құранда да жыныстық бөлектеушілік атымен жоқ. Мұндай жіктеушіліктің тарих ішінде қалыптасқан дәстүрлі діни түсінік негізінде көрініс берген араб мұсылмандығының кескіні екендігін көптеген социолог-ғалымдар, дін тарихшылары жазып жүр.
Иасауи ілімі, мәдениетіндегі мұндай ерекшелік дәстүрлі түркілік дүниетаным негізінде қалыптасқан болуы керек. Өйткені түркілердің ойлау жүйесінде, тілінде, дүниетанымында да жыныстық жіктеме, бөлектеушілік құбылыстар кездеспейді. Бұл біріншіден, Құран рухымен сомдалған Иасауи ілімінің феноменологиялық әрі формалық ерекшелігі болса, екіншіден, оның ілімінің түпкілікті мәні тұтастық, “вахдати вужуд” болғандықтан да әйел мен еркек былай тұрсын жалпы адамзат біртұтас, Хақтың жаратқан халықтары ретінде Алланың Бір және Бар, Жамал, Ғылым сипатын көрсететін ең негізгі объектілері ретінде қарастырылады.
Досай Кенжетай
Abai.kz