Қараталдықтар Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтіп жатыр
Биыл Қазақ хандығына 550 жыл екені жыл басынан бері айтылып келе жатыр. Міне, cол айтулы мерекені қараталдықтар (Алматы облысы) жоғары деңгейде атап өтіп келеді. Ауданға Қайрат Бейсембаев басшылыққа келгеннен кейін мәдениет саласының тамырына қан жүгіріп, халықтың рухани көңілі көтеріліп, өнеріміз кең өріс алып келеді. Осының нақты дәлелі ретінде ауданның барлық ауылдық округтерінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мәдениет күндері аталып өтуде. Өткен сенбі, жексенбі күндері Қаңбақты ауылдық округі мен Қызылбалық ауылдық округінде жалғасын тапқан мәдениет күні құндылығымен халықтың жүрегіне ыстық сезім ұялатты. Таң сәрімен басталған мәдени шара кеш қарайғанға дейін жалғасты.
Ауылдық қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалаған қонақтар артынша үлкен жиынның куәсі болды. Алқалы жиынды жүргізіп отырған ауыл әкімі Жандос Кеңелбаев келген қонақтарды таныстырып, бірінші сөзді аудан әкімінің бірінші орынбасары Жәнібек Тасыбаевқа берді. Аудан әкімінің орынбасары ауданда жасалып жатқан жағымды істерге тоқтала келіп, биыл елімізде көптеген мәдени шаралар атқарылғанын тілге тиек етті. Бұған дейін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Ассамблеяның 20 жылдығын атап өтті. Енді, міне, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлап отырмыз. Бұл, Қазақ елі үшін тарихи маңызы зор мереке екенін бір сөзбен түйіндей кетті. Осы тұрғыда аудан көлемінде мәдени күн аясында атап өтіп, жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие беруде үлкен жұмыс істеліп жатқанынан хабардар етті. Сондай-ақ, аудан әкімінің ыстық ықыласын жеткізіп, ауыл тұрғындарын мәдениет күні мерекесімен құттықтады. Бұдан кейін сөз алған «Сарыесік» қоғамдық қорының директоры Айтжан Тыналиев, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Келелі жиынның соңы ән мен жырға ұласты. Ауылдық көркемөнерпаздар тарихтан сыр шертіп, Жәңгір ханның өмірінен аздаған қойылым сахналады. Өнерлі жандардың қойылымы кәсіби деңгейден бір кемшін емес. Көрермендерін баурап алған әртістер қойылымды тамашалаған жұрттың ықыласына бөленді. Артынша ауылдың жастары тамаша әннен шашу шашса, сыртта спорттық ойындар өз деңгейінде өрбіді. Қазақ күресінен қарсылас шақ келтірмеген Азамат Досаев бірінші орынды жеңіп алса, гір тасын көтеруде Сәкен Тоқсанбаев алдына жан салмады. Аламан бәйгеде шашасына шаң жұқпаған Жақсыберген Қасымжановтың сәйгүлігі бірінші келіп, қанжығасына бас бәйгеге тігілген мотоциклді байлады. Кеш соңы жастардың би кешімен жалғасты.
Көңілді шалқытқан мереке мен Рамазан айының құрметіне балап Байшегір ауылынан шыққан азаматтар ауыл ортасынан имандылық үйі мешіттің ірге тасын құю жұмысы басталды. Бұл да ауыл тойының ажарын асқақтатып жіберді.
Осындай дүбірлі той Қызылбалық ауылдық округінде де жалғасын тапты. Ауыл әкімі Мақсат Көшкімбайұлының жетекшілігімен өткен мәдениет күні көптің көңілінен ұзаққа дейін кетпесі анық. Ауыл әншілері әннен шашу шашса, Тоғым ханды сомдаған әуесқой әртістердің еңбегін жоғары бағалаған жөн. Спорттық ойындардан оза шапқандар көп болды. Қазақ күресінен қарсыластарын қоғадай жапырған Нұршат Төлеуқасымов бірінші орынды жеңіп алды. Волейбол жарысында Алмалы ауылының командасына ешкім қарсылас бола алмады. Гір тасын көтеруде ешкімге дес бермеген Асхат Ынтыбеков бірінші орынға тұрақтады. Балқаш көлінің сағасына орналасқан екі ауылдың мәдени күні бірде Қаратал өзеніндей сарқырап, көл толқынындай жағаны шарпып, бір сәт тынған теңіздей жайма-шуақ тербеліп, көл жағасын әдемі бір күйге бөледі. Рухани азықты мол жинаған ауыл тұрғындары тойдан кейін, әсем ән мен тәтті күйдің қуатымен күндегі тіршілігі көл түбінен маржан сүзуге қайта кірісіп кетті.
Өз тілшіміз
Abai.kz