ЕЛІМІЗДЕ ИСЛАМ МУФТИЯТЫ ҚАШАН ҚҰРЫЛАДЫ?
«Құрметті муфти» Рәтбек Нысанбайұлына бес сұрақ.
Мейірімі шексіз, рахымы мол Алланың атымен бастаймын.
Құрметті Рәтбек хазірет!
Мен бұл сауалды қазіргі Республика мұсылмандары діни басқармасы Төрағасына қоймай, «Құрметті муфти» атағы бар Сізге қойып отырғаным, аталынған ұжымды осыдан 25 жыл бұрын Өзбекстаннан өз алдына жеке шаңырақ етіп бөліп алудағы ерен еңбегіңізді, Сіздің діни біліміңіз бен тәжірибеңізге әлі де болса елімізде ешбір дін басшыларының қолы жете қоймағандығын ескеріп, сонымен қатар сол кезде сіз құрған осы діни құрылымдағы кеткен жүйесіздік пен кемшілік зардабы әлі күнге өз жалғасын тауып келе жатқандығын алға тартып, өзіңізден жамағатқа қажетті сұрақтарға нақтылы имани жауап алғанды мақұл көріп отырмын. Қазақта: «Ақылды тақта отырған патшадан сұрама, тағынан тсүкен патшадан сұра. Тақтан түскен патша сабасына да түседі»- деген тәмсіл бар. Шынында да өзіңіз дін басшысы болып отырған кезде сіздің кейбір шапшаң мінездеріңізге орай, «шапшаң ашудан - аяншыл ақыл озады»- деп өзімізді тоқтатқан жайлар болған еді. Сонымен саул;
1.Сіз "Пайғамбарлар тарихы" атты 2011 жылы жарық көрген кітабыңызда Әл -Мисақ сөзіне түсінік бергенсіз. Онда араб сөзі әл- Мисақтың қазақша мағанасы «шарт, өзара келісім»- дегенді білдіретінін, одан әрі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадисімен "Ақиқатында, Алла Арафа күні әр адамды Адам Атаның белінен тозаңдай етіп қаннан ажыратып шығарып, алдына қойып, олардан "сендердің Тәңірің мен емеспін бе?"- деп сұрағанда олар мойындап, жауап берді"-дейсіз де одан әрі "Әрбір туылған бала Исламда болып туылады" -деп ойыңызды қорытасыз. Осындай пікірді кезінде Шәкәрім де айтқан. " Анық - әл мисақтан бері мұсылманмын". Бұл - Әл Мисақ дегенді біздің қазақтың көбі білмейді. Мұны анықтап ұғыну керек" - дейді де, мұсылманның жаратылыс, Исламның дін екенін түсіндіреді. Мұны айтып отырғандағы мәселе - біздегі діни құрылым неге Ислам атауымен аталмай Мұсылмандар діни басқармасы деп аталады? Басқарма деген көпшіліктің түсінігінде бір мекеменің ішкі құрылымының ары кеткенде үлкен саласының ғана атауы. Неге біздегі Республикалық мұсылмандар діни басқармасы нақты өзінің діни Ислами атауымен аталмайды? Әлде, Ислам дінін басқарып, соның нанын жеп отырған басшылар, Ислам атауынан қарадай шошып жүрген Батыстың бәлеқорлары сияқты, осы атаудан бүйе тиетіндей өздері қорқып отыр ма? Қазір жер әлемде қаншама дін, діни құрылымдар жұмыс жасап жатыр. Осы дінді ұстанып отырғандардың бәрі жаратылысында Құран тілімен айтсақ та, сіздердің жоғарыдағы түсіндірмелеріңзбен айтсақ та, мұсылман жаратылысынан емес пе? Бертін келе ғана әр адам, әр мемлекет өздеріне жарасымды діндерін ұстап, әр түрлі дінге ажыраған жоқ па?
Қазақ халқы - қазақ елі болып аталғалы бері Жартушы Иеміздің соңғы діні Исламды ұстанды. Олай болса біздің елдегі бұл құрылым – Ислам муфтияты болып өз атауымен неге аталмай отыр? Сіз өзің басшылық еткен кезде осы атау мен құрылымның осындай мәнді жағына неге мән бермедіңіз? Әлде, Ислам діні әділдік жолынан шықпайтын, бар мәселені дін ғұламалары ақылдаса отырып басқаратын жүйе екенін біле тұра, ешкімді араластырмай жеке басшылық еткенді, қара басыңыз үшін мақұл көрдіңіз бе?
2. Сіз өз кезіңізде муфтият құруға мүмкіндігіңіз бола тұра, ол құрылым құрылмаса да, өзіңіздің лауазымыңызды – діни басқарма төрағасы – Бас муфти атадыңыз. Муфти – негізінде діннен фәтуа шығара алатын дін ғұламалары, ілім иелері, діни хазіреттер арасынан сайланады. Бас муфти лауазымына иелік ету үшін алдымен дін ғұламаларынан құралаған (7,9 не 11), муфтиятта ерекшеленген, өз араларынан білімі асық, ұйымдастыру қабілеті басымын өздеріне Бас муфти етіп бекітуі керек. Сол кезде елімізде ондай дін ғұламалары болмаған да шығар, бірақ сол бекіп кеткен құрылымның зардабын қазір ел сезіп отыр. Муфтиятты – Бас муфти басқарған құрылым, яғни діни алқа басқарудың орнына, қазір сізден қалған сырқат жеке төраға билеп, басшылыққа дін ғұламалары мен ілім иелері жақындай алмай отыр . Жасырмай айтуымыз керек, қолтығына Құран қыстырып, оншақты сүрені жаттап алғандар, сол жаттап алған әңгімелерін айтқанымен, діңгегінде діні жоқ болған соң, олар дін жанашыры болып жарытпауда. "Расында, Алла Тағалаға ықылас ынтамен берілгендерден басқаларға, намаз оқу ауыр келеді" ("Бақара", 45 аят) -деп Құранда ондайларға дінге жанашырлық түгілі, олардың өздеріне намаз оқудың өзі ауыр екені ескерткен емес пе? Тіпті, осы сүреде "Олардың ішінде кітапты білмейтін надандары да бар. Олар тек қана басшылардың айтқанын істеп, бос қиялмен күпірлікте ғана жүреді"(78-ші аят)- деп ескерткен.
Дінді - ақыл иелері мен Құранда көрсетілгендей Алла Тағаланың рахымы түскен пенде ғана басқарғаны мақұл. Бұл жөнінде өз тарихымызда болған Тәуке ханның тұсында пірлік басшылықты жария түрде жеңіп алған Пір Мүсірәлінің ерекше ілімдарлық қасиеті қашанда бізге үлгі өнеге болуы тиіс. Қазіргі басқарма жанындағы Діни кеңестер мен Ақсақалдар алқасында соңғы кезде дінсіз ғалымдар мен атейіс ақсақалдар жиылып ақыл айтатын болды. Осы құрылымдар дұрыс жұмыс жасаса, көрші елдердегідей басқарма жанында осы күнге дейін Ислам ғылыми зерттеу орталығы мен Ислам академиясы ашылып, тәп-тәуір жұмыс жасаған болар еді. Ол – жоқ. Ауыз толтырып айтарлық жөнді ұлттық діни жоғары оқу орынымыз да жоқ. Египет мемлекеті салып, әлі де солар өз қаржысымен демеушілік етіп отырған университеттің қолтығының астында күн көріп отырмыз. Базалық оқу орынымыз болмаған соң, бір елдің қаржысымен жұмыс жасаған мұндай жоғары оқу орыны еш уақытта ел абройын көтере қоятын сапалы кадрлар даярлай алмайтынына ешкім дауласа қоймас. Ұжымдағы атағы дардай мұғалімдер таза діннің ғұламалары емес. Қарапайым теологтар. Осыны жөндеуге қазіргі басқарма тарапынан талпыныс та, ниет те байқалмайды. Мұндай игі шараны көтеретін, оны жан-жақты ойлайтын ілім иелері мен дін ғұламалырын тағы да көріп отырғанымыз жоқ. Бұл орайда ел болып не істеуге болады?
3. Қазіргі имамдарымыз діни насихатпен айналысудың орнына соңғы жылдары артистер секілді сәнді шапан жарысына түсіп кетті. Өздерінің дағуаларында суретке қарсы әңгіме айтатын діндарларымыз кеуделеріне ай суретін қадап сол шапанды кигендеріне мәз. Жалпы діндар адамдар, қызметтік халатын жұмыс орындарында ғана пайдаланатын дәрігерлер сияқты, сүйікті шапандарын мешітте, басқа да жұмыс орнында ғана киіп, қалған уақытта елмен етене араласып, қарпайым ғана болып жүрсе жарасымды емес пе? Елден бөлектенген діндар адам еш уақытта дінді қарық қылмаған. Құранда да; "Негізінде тақуалық киім кисеңдер дұрыс болады" ("Ағраф"-26) -деп сыпайы ғана елден ерекшеленбеуді ескерткен. Қазір сәлдесін шоқпардай етіп оңды-солды байлаған, шапанының етегі жер сыпырған молдаларды көргенде: "Қай жаназадан шығып келе жатыр, немесе бара жатыр екен?"- деп жай кетіп бара жатқан молдаға жақындаудан гөрі, оларға шошынып қарайтын жағдайға жеттік.
4. Діни басқарма дінді бетімен жіберді десек артық болар, бірақ солардың дәрмесіздігінен діни басшылықты дінсіздер қолына алып, дінді бұзып жарудың сойқан көріністерін Құдайдан қорықпастан көз алдымызда өткізіп жатыр. Мұның алғашқы қадамы кезінде рушылдардың ру-руға бөліп мешіт салуымен көрініс тапқан болса, соңғы уақытта атын атамай-ақ қоялық, кезінде коммунистік партияға жетекшілік еткен партия және мемлекет қайраткерлерінің атымен мешіт салушылар саны артты. Ондай қайраткерлерге көшенің, мектептің, ауылдың, қаланың аттары беріліп жатса құба құп делік, ешкім ештеңе деп айта да қоймас. Оларды дінге неге араластырады, көздеген мақсаттары не? Кезінде солар жетекшілік еткен қоғамның негізгі мақсаттарының бірі - дінді құрту болды емес пе? Елдегі дін ғұламалары мен діншілдерді итжеккенге айдатып, қырып жойған да солар, солар солақай басшылық еткен қоғам емес пе?.. Сондай қып-қызыл атеистердің есімін Құдайдан қорықпай мешіттерге қою, осы елдегі Исламды жоюға күш біріктірген қараниеттілердің ашық тірлігі демеске уәж бар ма? Осыған «ай дейтін ажа, қой дейтін қожа» - кім?
5. Биыл еліміз қыруар қаржы шығарып көптеген юбилейлерді ұйымдастырып отыр. «Ұлы Отан» соғысы жеңісінің 70 жылдығы, Халықтыр достығы ассамблеясың 20 жылдығы ... тізе берсең тізбектеліп кете береді. Өтсін, өте берсін, бірақ осы тізімнің бел ортасында тұруы тиіс Республика мұсылмандары діни бсқармасының 25 жылдығы неге атаусыз қалып отыр? Мен кезінде осы діни басқарманы Өзбекстаннан бөліп алған, өзіңіз басқарған бірінші құрылтайға қатысып, «Қазақстан» телеарнасынан алғашқы хабарды жүргізген тележурналист едім. Таяуда журналистік мұрағатымды ақтарып отырып сол бейнетаспаны көріп отырып, терең ойға қалдым...
Біз, ел болып қолға алып едік, әлемде жоқ Халықтар достығы Ассамблеясын құрып, абыройын асқақтатқанымыз соншалық, қазір оны еліміздегі күрделі басқару құрылымы дәрежесіне дейін көтердік. Тіпті соның әр мәжілісінің бас қосуындағы ақ қалатты имамдарды көргенде муфтиятымыз соның ішіне кіріп кеткен бе деп ойланып та қалатын болдық.
Тарих – дінсіз мемлекет өмірінің ұзақ болмайтындығын көрсетіп келеді. Дін – ел боламын деген халық үшін ауадай қажет. Сол дін қажет болғандықтан да Елбасының қолдауымен таяуда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтті. Осы съезді өткізу үшін соңғы жылдары Парламент Сенаты жанында арнайы хатшылық жұмыс жасап, оған Сенат төрағасының өзі жетекшілік етуде. Әлем елдері діндарлары басшыларының басын қосқан Өкіметіміз, өз еліміздің ішкі діни ақуалына неге мән бермейді? Әупірім тәңіріммен, Президенттің қайта-қайта айтуымен әзер ашылған, ел үшін ауадай қажет Діни Агенттік көзін енді тырнап ашып келе жатқанда қайта жабылып, бір министірліктің қолтығының астында комитет болып қалғанын кім қалай ұғындырады? Бұдан гөрі бұрынғы Үкімет жанындағы еліміздегі діни ұйымдармен жұмыс жасайтын Хатшылығы салмақты еді ғой. Болмаған жағдайда, қазіргі Парламент Сенаты жанындағы Хатшылық қарамағына берсе, әлде қайда шүкіршілік болмас па еді? Қазіргідей әлемде діни өріскел қимылдар өріс алып тұрған кезде бұл құрылым атқарар жұмыс шаш етектен болып отыр. Еліміздегі жастар тағы да саны көп, сапасы жоқ діни ағымдардың соңында кетіп жатыр. Ол жағдайдың артының салмағы қаншалықты ауыр болғанын күні кеше ғана ел болып көрдік қой?...
Биылға жылы 75 жасқа келіп жатқан Сізге осы хатты жазып отырғанда, кешегі отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін кезінде, шалғайдағы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық елді мекеніндегі бастауыш мектепке қатардағы жай мұғалым ретінде қуылған ғалым-профессор Әуелбек Қоңыратпаевтай Сіздің де, Есік елді мекенінде дәрменсіз жағдайда жүргеніңізді іштей сезіп, өз қолыңызда билік тұрған кезде жіберген кемшіліктеріңізді алдыңызға тарта келіп, 30 күн ораза кезінде өз ойымды осы Abai.kz ақпараттық порталы арқылы алдыңызға жайып салғанды мақұл көрдім. Жазып отырғанда, несін жасырайын, осы хатты неге бірден Елбасы атына жазбадым екен деген ойға да келдім. Өйткені біздің елде дәл қазір ол кісінің араласуынсыз ешбір мәселе өз шешімін таппайтынын бәріміз жақсы білеміз, сол кісіге бәріміз сенім артып алғанбыз. Бірақ, мен үшін еліміздегі Ислам шаңырағын көтерудегі Сіздің орыныңыз, тұңғыш діни қайраткерлік орныныңыз ерекше бөлек. Әділдігі де сол. Елбасына хат жазу керек болса, сіздің жауабыңыздан кейін бірлесіп, ел болып ойластыра жатармыз.
Алла дәстүрлі Ислам дінімізге қуат берсін. Рамазан ораза айында Алладан осыны тілейік. Мәңгілік ел боламын деген ел – сол елге діңгек болар ең алдымен өзінің дәстүрлі дінін күшейтіп, ұстанады. Дін – сенім. Болашағына сенімді ел – әр қашанда дінімен ғана қуатты. Дін қайраткері қашан да өз дінінің жанашыры емес пе? Бір сілкініп, ой бөлісіңіз.
Сәлеммен, Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
«Қазақстан қажылары» қауымдастығының төрағасы.
Abai.kz