ОН ЖЫЛ ЕҢБЕК ЕТПЕЙ ЖАҚСЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖОҚ
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында жоғарғы палата депутаттары Мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарастырып, қабылдады. BNews.kz-тің хабарлауынша, Заң жобасында зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы тағайындау тәртібі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап өзгеретін болады.
«Базалық зейнетақы азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан аз және еңбек өтілі болмаған жағдайда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 50%-ына тең болады. 10 жылдан артық еңбек өтілінде әрбір жыл үшін 2%-ға артып отырады. Бірақ, еңбек өтілі 35 және одан да көп жыл болған жағдайда зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-нан аспауы тиіс»,-деді баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Бұдан басқа, базалық зейнетақыны тағайындау саясатының өзгеруіне байланысты жасы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар алынып тасталды.
Сонымен қатар, әскери қызметкерлерді, яғни, әлеуетті құрылымдардағы қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Абай-ақпарат